Бүгінде заман талабынан үштілділік мәселесі туындап отыр. Әлем елдері арасындағы экономикалық, мәдени, әдеби, ақпараттық қарым-қатынастарды ел пайдасына дамыту қажет болып отырғаны рас. Кезінде елімізде орыс тілінде ашылған мектептердің үлесінің көптігі бүгінгі қазақтың өз тілін ғылыми деңгейде білмеуіне, қайсыбірінің қазақ-орыс сөздерін араластыра сөйлеу «әдетін» қалыптастырды. Бүгінгі күні байқасаңыз, егде адамдардың өзі баласы, немересімен ана тілінде емес, орыс тілінде сөйлесетін болды. Бұл тіл тазалығы үшін жақсы белгі емес.
Қазіргі қазақ үшін тіл тазалығы күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі. Ол үшін дүниеге келген нәрестеден бастап, әр ата-ана ұл-қыздарының ана тілін біліп, еркін сөйлеп шығуына ерекше көңіл бөліп, тілді шеберлік деңгейінде меңгеруі үшін қажетті жағдайдың бәрін жасап, жетекшілік етуі керек. Тіл шеберлігін арттыруға қажетті көрнекілік, қазақ халық ауыз әдебиетінің жинағы, халық ертегілері, оның негізінде шығарылған мультфильмдер жинағын топтастыру керек. Өкініштісі, кітап дүкендерінен қазақ халық ертегілерін табу қиын. Халық әндерінің топтамасы сөзімен және әнімен аудио-жазба шығарылса, игілікті іс болар еді. Қазақстандық баспагерлер мақал-мәтелдер жинағын, балаларға арналған көркем шығармаларды көптеп шығарса, жақсы болар еді. Кітаптың ішкі мазмұнына сәйкес көз тартарлық безендірілуіне ерекше көңіл бөлінуі керек-ақ.
«Баланы – жастан…» деп халқымыз бекер айтпаған. Ата-ана, қоршаған орта, бүкіл қоғам өз ана тілінде таза сөйлесе – ана тіліміз ғұмырлы болмақ.
Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Басқа тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте, – деген ақынымыз Қадір Мырзалиевтің өлең жолдары әр жас қазақ баласының жүрегінен орын алса екен.
Айдана ҚЫПШАҚБАЙ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<