Қазақта «ана тілім» дейді. Өйткені баланың тілі анасының сүтімен қалыптасады, ґкеден мінез келеді. Ананың ґлдиі баланың – алғашқы ґліппесі. «Жаным», «күнім» деген жылы сөздерді ана айтады. Бесік таянған ана баласын емірене жақсы көріп отырып:
Көзі жаманның
көзінен алас,
Тілі жаманның тілінен алас.
Қырық қабырғасынан алас,
Отыз омыртқасынан алас, – деп отырушы еді. Демек, бала санасына тыйымды да, ырымды да, жұмсақ сөйлеуді де ана сіңіреді.
Поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал, 5-6 жастағы балалары шешен әрі тауып сөйлейді, ойын еркін жеткізе біледі» деген екен. Оның айтып отырғаны, әрине, ХІХ ғасырдың қазағы. Бұл сөз бүгінгі қазаққа неге баға бола алмайды?
Ататек тамырымыздан алаңсыз ажырап қалдық па, сонда?
Мұның негізгі себебі қазақ келіндері бесіктегі сәбиін басқа тілде жақсы көреді, «золотой», «зай», «малышок» деген сияқты бірдеңелерді айтады. Шын мәнінде біздің келіндер қазір әйел тілі деген қасиетті тілден айырылған. Дабыралап, дауыстап, былапыттап, дүңк-дүңк сөйлеудің зардабы ұрпаққа кетеді білем. «Тамағымнан өтсе де, жүрегіме жетпесін, жүрегіме жетсе де, ұрпағыма кетпесін» деген ақынның жанайқайы-ай!
Басқаны былай қойғанда қолынан бірдеңе түсіп кетсе, «Бісміллә» демейді, «блин» дейді бүгінгілер. Оның не сөз екенін өзі де білмейді.
Міне, рухани жаңғыру бағдарламасының қажеттігі осы жағдайларымызды көріп-білуден туды. Ана тіл, ата тек, ұлы санаға оралуымыз қажет. Онсыз қабырғалы ел болуымыздың өзі күмәнді.
М.Әуезов «… әйелдің басындағы сасық тұман айықпай халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе!» депті, жарықтық. Бүгінгі күннің бет-бейнесін тап басып айтқан осы сөзді оқығанда Әуезовті неге дана дейтініміздің себебін қайта аңғардым.
Алла Һауа Ананы жаратқанда оның бейнесін сұлулап, даусын құлаққа жағымды етіп, тіліне сұлу сөздерді салған. Оған ерекше күрескерлік, аса сезімталдық және жұмбақ сыр берген. Осыларға бір-бір мысал: бірінші, баласы өрттің ішінде қалса не суға батса, анасы сол өртке де, суға да қойып кете береді, сол сәтте қорқыныш сезімі туралы миға хабар беретін жүйке талшықтары жұмыс істемейді екен; екінші, бесікте жылап жатқан балаға не нәрсе керек екенін анасынан басқа ешкім де таба алмайды, ғалым да, көріпкел де; үшінші, әйел бақытты кезінде жылайды, қорыққан кезінде күледі дейді, неге, ал, жұмбағын шешіп көріңіз.
Тіліне сұлу сөздерді салған! Бұған да мысал ма?
Ананың бір ауыз сөзінде қандай құдірет жатқанын білсек қой, шіркін немесе сүйген жардың бір ауыз лебізінде дүниенің бар асылы тұрған жоқ па?
Айтпағым осы, қазіргі қазақ келіндері әйел тілімен сөйлеуі керек.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<