Бүгінгі «Сыр бойы» біздің жастық шағымызды елестетеді. Басылымды ауылдағы жұрт құмарта оқитын. Біз тыңдаймыз. Ауылдағы хат тасушы майдангер Рүстем ата қырық шақырым қашықтағы қалаға қара есегімен қатынап, кештете оралатын. Келген бойда үйді-үйге ұлы Камар екеуі хат пен газетті таратады. Біз таңырқаймыз, қалай шаршамайды дейміз. Сол ата отыз жылға жуық дүниеден өткенше газет, хат-хабар таратушы болды.
Елу жылдан астам бауыр басқан «Сыр бойының» әрбір саны көкірегімде сайрап тұр. Осы уақытқа дейін күнделік жүргіземін. Ұшқыр ой, ұтымды сөз кездессе, жерден жеті қоян тапқандай қуанамын. Сол сүрленген қойын дәптерімді парақтап оқып, қуат аламын. Басылымның тәуір дүниелерін насихаттаймын.
Ақын Әбділда Тәжібаев баспасөз құдіретін былайша суреттейді.
Ұлым менің, ұрпағым мақтанатын,
Сен туғансың еліңді сақтау үшін.
Сен туғансың еліңді жоқтау үшін
Намысыңды, арыңды сақтау үшін!
Қандай керемет теңеу! Бүгінгі тоқсан жылдық белесіне шыққан «Сыр бойы» талай тұлғаларды одан әрі асқақтатты. Атақты дала академигі Ыбырай Жақаевтың бірден-бір насихаттаушысы болды. Зейнулла Шүкіровті Ұзақ Бағаевтың «Құрыш қазақ» очеркі оқырманға паш етті. Атақты механизатор Қасымтай, диқандар командирі Алдаберген Бисенов, Ұзақ Еспанов сынды Еңбек Ерлерін жарқырата көрсетті. Қазақтың руханияты мен мәдениетінің, салт-дәстүрінің сақталуына бұл газет айрықша үлес қосып келеді.
Шындығын айтайын, бір кездесуге, жиынға баратын болсақ, «Сыр бойына» бір сәт көз жүгіртіп, содан ұтымды пікірлерді ойға түйетін болдық. Қазіргі басылым формасы мүлдем бөлек, ой саларлық, танымдық дүниелері өмірге деген құштарлықтың жаршысы секілді қуат ұялатады. Бұл күндері Сыр өңірінде баспасөзге жазылу жүріп жатыр. Осынау сәттерде аға буын өкілдері ықыласының тағы да бөлектігі байқалады.
Қапы қалма, «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты басылымдарға жазыл, үлесіңді қос, оқырман!
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<