Ақпанның қары

1208

1

Ақпанның қары, ақпанның қары,

Шағылысып күнге шатқалдың бәрі.

Шаттанатынбыз таңдайға тиіп,

Қазанға түскен қақпанның дәмі.

Жауып тастаса бір күнде түнде,

Қара қалмайтын қырдың бетінде.

Шығатын атам шағырын ерттеп,

Тазысын ертіп түлкі індетуге.

Күнұзақ ал, біз далада жүріп,

Зырлайтын едік шанаға мініп.

Шымшылап аяз күреңіткен бет,

Піскен нан сынды табада тұрып.

Құшақтап сол бір күйімде мені,

Әжемнің есте сүйінген өңі.

«Қыр асып наурыз келеді» дейтін,

Қыр асып күнде сиыр келеді.

Сол өмір түсім секілді болды,

Әжем айтатын екінді келді.

Наурыз дегені көктем екен ғой,

Қыр жаққа қарап отырмын енді…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<