Аққуды аспандағы қондырған күй

2240

0

Сыр өңіріндегі күйшілік мектептің қалыптасуына үлес қосқан, орындаушылық шеберлігі өзгеше қалыптасқан дарындылардың бірі– Тасболат Сқақов. Ол артына өшпес асыл мұра қалдырып, күйшілік өнерді дәріптеп-насихаттауда үлкен еңбек сіңірді. Бірнеше күйдің авторы атанды.

Ақтөбе мәдениет ағарту училище­сінен оркестр дирижері мамандығын игеріп шыққан соң еңбек жолын Сырдария аудандық мәдениет бөлімінде көркемдік жетекші қызметінен бастады. Білімін  жетілдіру үшін 1984 жылы Ленинградта дирижер мамандығын қайта оқыды.

Туған жерінде «Сыр толқыны» халық аспаптар оркестрін құрды. Өмірінің басым бөлігін әуез мектебінде балаларға домбырадан дәріс беруге арнады. Балалар оркестрін жасақтап, республикаға танытты. Тасболат Сқақов күйші­лік, ұс­таздықпен қатар  кәсіби композитор еді. Күйлерінің өзіне тән табиғи бояуы, иірімі  бар. Ырғақ қағыстары да өзгеше. Сондықтан өнерсүйер қауым, белгілі музыканттар оның туындыларын жоғары бағалады. Күйші ел аузында сақталған аңыз-әңгімелерді жинап, жазумен де шұғылданды.  «Күйлердің қысқаша тарихы» атты күнделігі бар. Ең алғаш Қызылордада домбыра сыныбын ашты. Оның орындауында 300 күй болған. Ал, өзі шығарған 20 шақты күйі кеңінен таралды. Мәселен, «Той толғауы» және «Бейбітшілік» күйлері тәуелсіздікке арналды. Ал, «Күрішшілер» күйі күріштің атасы атанған Ы.Жақаевтың еңбегін дәріптеді.  Осылай, күй өнері тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. 

Талантты өнерпаз­дың шә­кірт­тері елі­міздің бел­гілі өнер май­­талман­дарына айналды. Сол шәкірттер қа­тарында Тө­лепберген Тоғ­жа­нов, Ерболат Мұс­­тафаев, Әлім­жан Әб­са­дықов, Алдияр Ша­ға­датов және Нұ­рад­дин Ахметов те бар.  Нұ­раддин – қазір қалалық мәдениет бөлімінің «Сырлы саз» халықтық ансамблінің жетекшісі.

– 1975 жылы өнер мектебіне бардым. Ол кезде 4-сынып оқитынмын. Домбырадан Тасболат Сқақов берді. Өте қатал кісі болатын. Талап қойылмаса, нәтиже шықпайтыны анық. Ол кісінің тәлімін алған шәкірттері биіктен көрінді. Ұстаздың ұлағатты жолын қуды. Белгілі күйші, домбырашылар болып елге танылды.

Тасболат күйші  зейнетке шықса да, оқушы­ларға күйшілік өнерді насихаттауды жалғастырды. Облыста өте­тін барлық мәдени іс-шаралардан шәкірттері қалмайтын. Өзі өнерге берілген жан еді. Осындай ұстаздан тәлім алғанымды мақтан етемін, – дейді ол.

Күйшінің шығарма­шылығы халық­тан  лайықты баға­сын алды. 1984 жылы Мәскеуде бүкіл­одақтық халық шығар­машы­лығы фестивалінің лауреаты атанып, марапатталды. Республи­калық бай­қауларда бірнеше дүркін же­ңімпаз бол­ды. Ерен еңбегі үшін кеу­десіне медаль тақты.

Тасболат Сқақов Әлия Құлымбае­вамен өнегелі отбасында  екі қыз, бір ұл тәрбиеледі. Үлкен қызы Элеонора жоғары білімді, білікті ұстаз. Екінші қызы Құралайсұлу Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, өнер саласын таңдады. Ұлы Алматы Мемлекеттік консерваториясына түсіп, белгілі домбырашы Біләл Ысқақовтан дәріс алды. Әке жолын жалғаған Абылай Сыр өңірінің күйшілік дәстүрін дәріптеп келеді.

Мақаланы дайындау барысында біз Тасболат Сқақовтың ұлы Абылаймен хабарласып, әңгімеге тартқан болатынбыз. Әке арманының орындалмай қалған тұстарын жетілдіріп, іске асырған Абылай ізденісі жайында айтып берді.

– Менің домырашы болмауым мүмкін емес еді. Өмірге келген сәттен бас­тап құлағыма әкем тартқан күй күмбірі сіңді. Шәкірттерін дайындап,  түрлі сайыстарға қатыстырды. Күйшілердің домбыраны сермеп ойнағаны ерекше әсер қалдырды. Сол сәттен бастап қызы­ғушылығым оянып, әкеме үйретші деп қолқа салдым. Сөйтіп, 12 жасымнан бас­тап  домбыра тарттым. Ең алғаш Дина Нұрпейісованың «Науысқы», Нұрғиса Тілен­диевтің «Аққу», Әлшекейдің «Егес», Әшімтайдың «Қоңырқаз» күй­лерін меңгердім, – дейді ол.

Абылай әкесінің «Бозтайлақ» күйін дамытып, өңдеп, ансамбльге түсірген. Қазір бұл туындыны «Сазген сазы», «Ақмешіт» және «Дидар» ансамблі орындап жүр. Әкесінің өз қолымен жазылған жинақтарын тауып, кітап шығаруды жоспарлап қойыпты.

– Әкем 5 жасында пластинкадан тыңдаған күйлерін домбырамен тартатын болған екен. Оны өзі айтып отыратын. 22 жасында күйші Динаның шәкірті ақтөбелік Әлмұрат Өтеғұловпен кездесіп, күйлерін орындап үйренген. Осылай ол кісі әкемнің ұстазы атанған.  Уақыт өте келе, өзі де күй шығарды. Алғашқы күйлерінің бірі – «Салтанат». Оны туған әпкесіне арнап шығарған. «Құралайсұлу» күйін екінші қызына арнады. Осы күйді тыңдаған Қ.Ахмедияров «оригинально» деп баға беріпті. Сонымен бірге «Күрішшілер», «Жастар» деген күйлерін жарыққа шығарды, – дейді Абылай.

Тасболат Сқақов ұлының жинаған тәжірибесіне сеніммен қарады. Үкіле­ген үміті кеудеде сайраған арма­нының орындалуына себепші болды. 2009 жылы Абылай Сқақов облыс­тық филармония жанынан «Ақмешіт» фольклорлық ансамблін ашты.

Үздік домбырашы, тума талант, күйші Тасболат Сқақовтың есімі ел жадында. Ол – күй өнерінің бағын ашып, байлығын еселей алған, өрісін ұзартып, өресін биіктете түскен санаулы саңлақтың бірі.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<