Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, от ауызды, орақ тілді ақын, қарымды қалам иесі Асқар Тоқмағамбетовтің туғанына биыл 120 жыл толып отыр. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген, арада ғасырдан астам уақыт өтсе де, ақынның артында қалған қазынасы халықтың игілігіне қызмет етіп келеді.
Ол бұрынғы Тереңөзек, қазіргі Сырдария ауданы, бұрынғы ХVІІІ партия съезі атындағы кеңшарда дүниеге келген. Қазір бұл ауыл А.Тоқмағамбетов есімімен аталады.
Әкесі Тоқмағамбет сөз қадірін білетін адам болыпты. Сол қасиетінен болар, халық ауыз әдебиетінің ескіден келе жатқан інжу-маржанын жиып-теріп жүреді екен. Өзінен өрбіген жеті қыздан кейінгі ұлы Асқарды ес білген кезінде молдаға оқытты. Содан әлгі жиған-терген қисса-жыр, дастандарын оған оқытып, әбден үйренген уақытында көпшілік жиылған ортаға ертіп апарып, айтқызатын көрінеді. Осылайша ол атадан қалған асыл сөзді зердесіне түйіп өсті. Ұзақ-ұзақ қиссаларды бірнеше сағат тоқтамай айта береді екен. Ол заманда ел ішінде сауаты бар адам некен-саяқ, сондықтан оның жыр-дастандарын халық құмарта тыңдайтыны белгілі.
Өзінің айтуынша, Асқар ақынның балалық шағы «жеті апасының желкесінде» өтіпті. Олай дейтіні, бірге туған апаларының мейірімі мен қамқорлығына бөленіп, тым ерке болып өседі. Айта кетейік, ақынның Парманқұл, Пірназар, Әлішер есімді бауырлары болды. Үшеуі де соғысқа қатысқан. Парманқұл, Пірназар соғыстан оралмады. Ал Әлішер соғыстан оралған соң білікті педагог, белгілі сыншы ретінде журналистік салада жемісті қызмет етті.
Тағы бір дерек, Тоқмағамбет шаңырағында Асқар дүниеге келген жылы Бәймен деген жолдасы қызды болып, екеуі құдаласуға ниет қылады. Балалар ержеткенде ата-ананың ақ батасымен шаңырақ көтереді. Бір шаңырақ астында алпыс жыл бірге ғұмыр кешіп, ізін жалғайтын ұрпақ қалдырды. Өмірге әкелген он бір баланың алғашқы бесеуі тұрақтамай, шетінеп кетеді. Алты бала аман-есен ержетеді. Баланың үлкені Төребек атасының қолында өскен еді. Шығармашылыққа жақын, өлең жазатын. Алайда оның да ғұмыры қысқы болды. Жасы 18-ге толғанда өз еркімен соғысқа аттанып, ерлікпен қаза тапты. Одан кейінгі екі ұлы ғылым жолына түсіп, абыройлы еңбек етті. Алматы қаласында тұрады. Ал үш қызы осы қалада. Кенже қызы Аягөз ұзақ жыл ұстаздық қызмет еткен. Ақынның өсіп-өнген ұрпақтары, көзін көрмесе де, сөзін тыңдап өскен халқы бар, сондықтан оның әдеби мұрасы әлі күнге сұраныста.
Біз бала күнімізде мектеп оқулығынан Асқар Тоқмағамбетовтің «Бидай мен қаңбақ» атты мысал өлеңін жаттап өстік. Сабақ үстінде өлеңді рөлдерге бөліп оқитынбыз.
– Ей, қаңбақ! – деді бидай,
Қанасына сыймай:
Ашып айтсақ, дұрысын,
Осы қай жүрісің?
Белгілі тұрағың жоқ,
Бас түгілі, құлағың жоқ,
«Үф» десе ұшасың,
«Сүф» десе қонасың,
Қаңғырған қаңбақсың,
Кімге тұлға болмақсың?!
Міне, ақынның шеберлігі! Күнделікті көз алдымыздағы көріністі керемет өлеңге айналдырып, тәлім-тәрбие тініне ұштастырған. Шынында, біз осы мысал арқылы адал еңбектің қадір-қасиетін біліп өстік.
Иә, өз заманының шындығын арқау еткен өткір де өзекті туындылар оқырманды бір күлдіріп, бір ойландырып, астарлай отырып, ақиқатқа жүгіндіреді. Сондай-ақ ақын шабытты шақтарында табиғаттың сұлулығына тамсанып, тау өңірін, шың жартасын, тентек бұлағын, теңіз толқынын, жаз жайлауын жырға қосады.
Бұлақты көріп пе еңдер, таудан аққан,
Мың толқып, жүз бұралып,
жолын тапқан.
Құздардың құдыретті кеудесіне,
Бұрқанып, бұлаң-талаң сыймай жатқан.
Шыңдардан шырқау биік төмен зырғып,
Күнге ойнап, сылқ-сылқ күліп,
тастан ырғып.
Мөлдірдей денесіне кіршік ілмей,
Өзімен баратқандай бар сұлулық, – деп бұлақтың кіршіксіз әдемілігін жыр шумақтарымен кестелей келіп, «Бұлақтай таза болса шіркін жүрек, Қызық та болар еді-ау, өмір сүру» деп түйіндейді ақын. Автордың «Өмір өлмейді» атты шағын кітабын парақтап отырғанда, мынадай жыр жолдары еріксіз елең еткізді:
Уылжыған,
Тамылжыған үн келеді құлаққа,
Әлде таудан,
Сылдыр қаққан, ағып жатқан бұлақ па?
Әлде сұлу,
Сандуғаштың өзі ме екен, сайраған,
Қандай тәтті,
Құбылған бір сусымалы сынап па?
Таң алды еді,
Мен жатырмын ұйқымды
әлі аша алмай,
Мен жатырмын,
Құмарымды ән тыңдаудан баса алмай.
Құлағымда,
Жүрегімде ойнайды бір әсем ән,
Түрегелдім,
Ұйқымды аштым, төсегімде
жата алмай!
Бұл тамаша өлең бұлбұл үнді әнші, КСРО Халық артисі Бибігүл Төлегеноваға арналыпты.
Әкесінен қалған рухани мұраны көзінің қарашығындай сақтап, ол туралы естеліктерді жастайынан жадына түйіп өскен кенже қызы Аягөз Асқарқызының айтары көп, жыр шумақтарын да жатқа біледі.
Жуырда ол кісімен әңгімелесудің сәті түсті. Айтуынша, Алматыдан осында сапарлап келген ақын-жазушылар Асқар ақынның үйіне түседі екен.
– Анам дастарқанын жайып, қарсы алатын. Бала болсам да әлі есімде, Ілияс, Бейімбет, Ғабит ағалар сияқты жасы үлкендерінің есімдерін атамай, қайнаға дейтін. Хамза Есенжанов, Ғафу Қайырбеков, Әбілда Тәжібаев, Сәбит Мұқанов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Нартай Бекежанов, одан беріректе Тұманбай, Қадыр ақындар үйде болды. Өзім олардың өлеңдерін жаттап, үйге келгенінде айтып беруге тырысатынмын. Сонда ол кісілер ерекше қуанатын. Сондай бір күні Мұқағали Мақатаев келді. Менің анамды анасына қатты ұқсатып, көп әңгімесін айтқаны есімде. Шара Жиенқұлова, Гүлжиһан Ғаниева («Гүлдер» ансамблінің негізін қалаған) келіп тұратын.
Әкем Сұлтанахмет Қожықов, Тәкен Әлімқұловпен жақсы сыйласты. Ақын Зейнолла Шүкіровпен үнемі хат алысып, қолдау көрсетіп тұрды. Тағдырлы ақынға арнап пьеса, поэма жазды, – дейді.
Иә, жиырмадан асқан шағында-ақ Асқар Тоқмағамбетовтің ақындық даңқы алысқа жетіп, әдеби орта оның талантын сөзсіз мойындады.
Ақын ба, шындықты айтпай,
жалтақтаса,
Жағынып көрінгенге жан сақтаса.
Ақын деп заман оны дәріптемес,
Жанына шипа болар нәр таппаса, – деп жырлаған ол, ақындық жүгінің ауыр екенін айта келіп, сөз иесінің ел алдындағы жауапкершілігін ескертеді. Тағы бір өлеңінде:
Ақын – алмас шындықтың ақ семсері,
Ақын – тұлпар, заманның құлагері.
Алыстағы арманды жырмен қуған,
Ақын – жомарт, ақын – мәрт, ақын – сері, – деп жырлаған екен. Осы шумақ кейін құлпытасына жазылыпты.
Алғашқы өлеңдер жинағы 1928 жылы «Еңбек жыры» деген атпен жарық көрді. Ондағы өлеңдер негізінен, туған жер, Отан тақырыбына, екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарын, еңбек адамдарын дәріптеуге арналған. Бір жылдан соң 1929 жылы «Күлкі-сықақ» жыр жинағы баспадан шықты. Айта кетейік, ақынның сатира жанрында жазған шумақтары көздеген нысанасына дөп тиіп, кемшілік пен келеңсіздікті аямай түйреп өтеді. Соның бірін ғана мысалға келтірсек:
Өзі істемей, басқаның,
Атағына семірген.
Аз ба, ойлаушы бас қамын,
Тамақ тапқыш тегіннен, – дейді. Жасыратыны жоқ, мұндай кейіпкерлер қоғамда әлі де бар.
А.Тоқмағамбетов проза жанрында атақты диқан Ы.Жақаев өмірін бейнелейтін «Қыран тұғырдан ұшады», Қазан төңкерісі қарсаңындағы ауыл өмірін суреттейтін «Ақмоншақ» (О.Бодықовпен бірге) повестерін жазды. Кеңес өкіметінің енді орныға бастаған кезеңіндегі ел тұрмысынан жазылған «Әке мен бала» романын кейін қайта толықтырып, «Қарбаласта» деген атпен жарық көрді. Онда қазақ кедейлерінің сауат ашуы, жаңа қоғамға бейімделуі жайлы баян етілген. ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақ ақындары туралы «Жыр күмбезі» атты тарихи романында Базар жыраудың тағдырын арқау етіп, сол заман ақын-жырауларының басынан кешкен қилы-қилы оқиғаларын көркем тілмен, көңіл толқынысымен шебер баяндайды. Оқиға желісі оқырманын бей-жай қалдырмайды. Ал драма жанрында «Әзірет Сұлтан», «Семафор ашық», «Екі заң» атты шығармаларын, тәжік классигі С.Айнидің «Құлдар» романын қазақшаға аударды.
Жоғарыда айтып өттік, Асқар ақынды ә дегеннен әдеби орта өз иіріміне тартып әкетті. Қазіргі «Жас Алаш», («Лениншіл жас»), «Сыр бойы», («Ленин жолы»), «Егемен Қазақстан», («Социалистік Қазақстан»), «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Ара» журналында қызмет істеді. Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент, Қызылорда облысаралық бөлімшелерінің жауапты хатшысы болды. Ел алдындағы еңбегі өз деңгейінде бағаланып, І дәрежелі «Отан соғысы», 3 мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордені және бірнеше медаль иеленді.
Қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезов «Қырғи тілді Асқар» десе, ақиық ақын Ә.Тәжібаев «Асқардың өмірбаяны – республиканың өмірбаяны» деп баға берген.
Бүгінде қалада Асқар Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйі бар. Ақынның 80 жылдығында сол кездегі өңір басшысы Е.Әуелбековтің ықпалымен берілген екен. Онда күн сайын мәдени-көпшілік іс-шаралар өтіп жатады. Осыған қарап та ақын рухы әлі күнге жас ұрпақтың жолына сәулесін түсіріп тұрғандай сезінеміз.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»





