Ақын ескерткішіндегі кесек келбет пен кең тыныс (М.Мақатаевқа 90 жыл)

1788

1

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың толық есімі Мұхаммедқали екенін бірі білсе, бірі білмес. Пайғамбардың есімін алып жүру оңай болмайтындықтан, отбасы оны бала кезінен еркелетіп «Мұқағали» атап кеткен. Қазақтың лирик ақыны өз заманында лайық бағасын ала алмаса да, өзінен кейінгілер жадында мәртебесі биік ақиық ақын ретінде қалды. Мұқағалиды неге «ақиық» немесе «мұзбалақ» ақын дейміз? Жалпы, «мұзбалақ» деп бес жастағы бүркітті айтады. Қазақ құсбегілері бүркітті сынына қарай бес түрге бөлген. Соның бесінші сыны – бітімі зор, көзі шүңгіл, балапан кезінде жүні қара, балақ жүні шудалы, ақ білек, жүнінің ұшында ақ бұршағы бар құсты «ақиық» деп атаған. Бұл қарлы биік тауларда, әсіресе, Алтай тауында көбірек кездеседі. Мұндай құстар, көбіне қоңыр аңдарға құмар келеді. Тау ешкі, қара құйрық, елік сынды аңдарды қорек етеді. Бұл – нағыз мұзбалақ қыран. Яғни, «мұзбалақ» сөзі бүркіт пен қыран құсқа байланысты қолданылады. Ал, «мұзбалақ» сөзінің тағы бір дәл түсінігі – ертеден кешке дейін алысса да жалықпайтын, аңды көргенде өлерменденіп жанып түсетін, өжеттігі мен қайраты бойына, талабы мен бақыты маңдайына қатар біткен, қырып салар қыран. 

Биыл мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толып отыр.2002 жылы, яғни Мұқағали Мақатаевтың 40 жылдық мерейтойы аясында Алматы қаласындағы Мақатаев және Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы гүлзарға ақынның қола ескерткіші орнатылды. Еңселi ескерткiш бейнелеу өнерiнiң сәтті шыққан туындысы десек, артық айтқанымыз емес. Қазақтың маңдайына бiткен тума талант иесiнiң бітім-болмысын қоладан сомдаған қазақтың танымал мүсiншiсi, Қазақстан Суретшiлер одағының мүшесi Нұрлан Далбай. Тұғырына қонған ақиық ақын дала үніне құлақ түріп, мұқият тыңдап отырғандай көрiнедi.

Бұрынғы Луи Пастер көшесін «Мұқағали Мақатаев атындағы көше» деп атау жөніндегі пәрменді 1991 жылы Алматы қаласының бұрынғы әкімі Заманбек Нұрқаділов берген еді.

Мұқағали – ойшыл. Оның көзіндегі өзі өмір сүрген уақытқа деген көңіл толмаушылықты, мұңды, тұңғиық ойды ескерткішке жақын барып, көре аласыз. Өйткені, ескерткіш биік тұғырға емес, ақынмен тілдесуге, мұңдасуға келген оқырманымен көзбе-көз сөйлесе алатын биіктікке орнатылған. Ескерткіш ақынның жан дүниесіне тереңірек үңілуге мүмкіндік беріп тұрғандай әсер қалдырады. Керемет емес пе?!

Мұқағали ақынды Алматыдан бөліп-жарып қарау мүмкін емес. Ескерткішінің де Алматының орталық көшелерінің бірінде орналасуы бекер емес. Мұқағали ауылда туғанымен, Алматы қаласында ақындық жолы қалыптасты. Алматының көшелерiнде алшаңбасып, арқаланып жүрiп, шабыттанып жыр жазды. Ескерткіш бейнеде ақын өмір сүрген уақыттың атмосферасы киген киімінен, көз жанарындағы ой еркіндігінен сезiлiп тұрғандай.

Оның өлеңдерін оқыған Сыр елінің тумасы, белгілі ақын Әбділда Тәжібаев: «Мұқағалидан үлкен ақын шығады» деп, Алматыға өзі шақырған екен. Ақын 1962 жылы отбасымен Алматыға көшіп келеді. Сол уақыттан бері Алматы қаласы Мұқағали Мақатаев үшін алтын бесiк болды. Қалаға көшіп келген ақынның кәсіби қызметі әдебиетпен тығыз байланысты болады. Ол қазақ радиосында диктор, «Социалистік Қазақстан» газетінің журналисі, «Жұлдыз» журналының қызметкері, Жазушылар одағының жастар істері жөніндегі кеңесінің басшысы болды. Алғаш Мұқағали Мақатаев талантын бағалаған Әбділда Тәжібаев болған еді. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінің 1960 жылғы 18 наурыздағы нөмірінде Мақатаевтың өлеңіне баға бере отырып: «Өзіңнен де жігерлілеу, оттылау жас жеткіншек жеткенде, мақтанбасқа бола ма?!», – деп жазған.

 Мұқағали ақынның тылсымға толы құпия әлемін асқан мұқияттылықпен, құштарлықпен қоладан құйған Нұрлан Далбай – сұлулық пен ойды дүниенің бұлжымас қасиеті деп біліп, оны мүмкін-қадерінше дәлме-дәл бейнелеуге тиістімін деп есептеген жан. Автор өз мақсатына жетті деп есептеймін. Алматыға жол түскенде, Мұқағалимен сырласпай кетпейміз. Ескерткіштің алдына барып, ақынның өз өлеңін өзіне оқып, мұң-шерін тарқатпайтын жан аз шығар. Неге екенін білмеймін, ескерткіш өлең оқуға шақырып тұрғандай шабыт сыйлайды.

Мұқағали мұрасына саналы түрде бір бас қойған адам одан жуық арада алшақтап кете алмайды. Өйткені, әр өлең өріміндегі әсем әуез бен мұнар мұң жетегіне алып жетелей жөнеледі. Шаттықтың шуағына ақынмен бірге шомылып, кермектің дәмін бірге татасыз. Сол себепті де, оның қыр соңынан қалмай, өкшесін баса ере бересіз, ере бересіз. Ере беріңіз!

Бекқұлиева Әйгерім Сейітбекқызы


 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<