Қазақ халқының рухани көсемі, ұлы ойшылы әрі реформатор Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы биыл елімізде ауқымды түрде тойланып жатыр. Оның ішінде ақын дүниеге келген Абай облысы осы жылдың рухани орталығына айналды.
Онкүндік мерейтойлық шаралар легі 1 тамыз күні «Abai akademiasy» атты энциклопедиялық порталдың ашылуынан басталды. Абай мұрасын өскелең ұрпаққа насихаттауды мақсат еткен ғылыми-танымдық дереккөздің таныстырылымына Абай облысының әкімі Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері, абайтанушы ғалымдар қатысты. Жоба жетекшісі Айжан Тәбаракқызының айтуынша, онда ақынның әдеби, ғылыми, публицистикалық, эпистолярлық еңбектері текстологиялық сараптама негізінде түрлі форматта жинақталған. Материалдар Абай институттары, ғылыми орталықтар, архивтер мен мұражайлардан алынып, цифрлы түрде енгізілген. Сондай-ақ теле-радиохабарлар мен деректі фильмдер қамтылған.
Білуімізше, онкүндік іс-шаралар демеушілер көмегімен атқарылуда. Атап айтқанда, Семей қаласы мен Абай, облыстың өзге де аудандарында түрлі мәдени-рухани, танымдық, интеллектуалды бастамаларды жүзеге асыру жоспарланған.
– Абай тойының өңірімізге ең басты сыйлығы – Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы. Хакімнің тойында еліміздің әр өңірі жаңадан құрылған облысымызға бір нысаннан салып беретін болды. Маңғыстау Достық үйін, Шымкент шығармашылық орталық, Түркістан көрме орталығын, Астана жайлы мектеп, Ақтөбе жекпе-жек, Павлодар облысы үстел теннисі орталықтарын салуға, Шығыс Қазақстан Ертіс жағалауын жасап беруге ынта білдіріп отыр. Өзге өңірлерден де осындай ұсыныстар бар, – дейді аймақ басшысы.
Онкүндіктің алғашқы күні Семейдегі Бейбітшілік аралында этноауыл ашылып, суретші Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар» атты көрмесі келушілер назарына ұсынылды. 10-нан астам киіз үй тігілген этноауыл қонақтары ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақ халқының, өзге этностардың мәдениетімен танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ қолөнер шеберлерінің «Асыл мұра» атты облыстық фестивалі ұйымдастырылып, қорытындысында «Аламан құрақ-2025» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Көпшілік қауым кешкілік «Арена» мәдени-спорт кешенінде «Адамзаттың алыбы – хакім Абай» атты мерейтойлық гала-концертті, «Aspan Сinema» ашық аспан астында кино көрсетілімін тамашалады.
Ақын мерейтойына арналған іс-шаралар арасынан ауқымдысы ретінде қазақ күресінен республикалық чемпионат пен Халықаралық сән көрсетілімін ерекшелеуге болады. Ел кубогі сарапқа салынған спорттық сайыста еліміздің 17 өңірінен 400-ге жуық балуан бақ сынап жатыр. Абай облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ержан Әбілқасымов бұл спорттық дода ғана емес, халқымыздың рухани мұрасын дәріптейтін маңызды шара екенін атап өтті.
– Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған чемпионатты Абай облысында өткізу — біз үшін үлкен құрмет. Абай өңірі — қазақ күресінің қарашаңырағы десек болады. Ел намысын қорғап жүрген Қазақстан мен Әлем барыстары дәл осы жерден шыққан. Біз бұл дәстүрді жалғастырып, күресті одан әрі дамытуға күш саламыз, – дейді ол.
Сәрсенбінің сәтінде мәдени шаралар аясында «Абай рухы» атты халықаралық сән көрсетілімі болды. Қазақтың дәстүрлі киім үлгілерін қазіргі заман талабына сай жаңғыртуды мақсат еткен жобаға Қарағанды, Астана, Алматы және Өскемен қалаларынан келген жас дизайнерлер қатысты. Сонымен қатар Қырғызстаннан келген дизайнерлер де жастарға арналған жаңа топтамаларын ұсынды.Олар маталар мен ою-өрнектер арқылы Абайдың рухани мұрасын жаңа қырынан танытуға тырысты.
Сол күні кешкілік Абай атындағы театрда Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбіловтің «Толық адам. Ой толғау. Хакім Абай» атты монооперасы сахналанды. Қойылым Абайдың 11 өлеңі мен 80 шумақтан тұратын монологтарынан құралған. Шығармада ақынның рухани ізденісі, адамзатқа көзқарасы, дүниетанымы мен терең философиялық толғамдары көркем сахналық тілмен өрілді. Көрермен кеш барысында Абай әндерінен қуат алды.
Ал ертеңіне зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана ашылып, «Өлең – сөздің патшасы» атты ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. Іс-шаралар легі «Абай елі – өнер кеніші» концертіне ұласты. 7-тамыз «Семей-Қарауыл» жүгіру марафоны және «Жастықтың оты жалындап» атты гала-концертпен ерекшеленді. Ал кеше өткен «Адамзаттың Абайы» атты республикалық ақындар айтысы мерейтойдың мерейін тасытты. Еліміздің түкпір-түкпірінен аузы дуалы ақындар қатысқан жыр додасына қомақты жүлде тігілді. Бас жүлде иегеріне жеңіл автокөліктің кілті тапсырылады. Жүлдегерлер мен өзге қатысушыларға ақшалай сыйлық беріледі.
Бүгін Семейде рухани-мәдени іс-шаралар жалғасын тауып, мерейтой ертең Абай ауданында қорытындыланады.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»






