Айтыс сахнасына Мұхтар ақын шыққандағы халықтың сенімі мықты, қошеметі бөлек. Бұл – ат сүрінгенше сөз тауып үлгеретін, ұлтқа жанашыр ақынға деген ел құрметі. Ұлттық домбыра күні қарсаңында үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, айтыс ақтаңгері Мұхтар Ниязовпен тілдестік.
– Айтыскерлердің сөзі дауыл секілді. Кейде сеңді бұзып, серпілтіп жібереді. Ақынның бұл қасиеті домбырасын алып, шаршы топқа шыққанда күшейетінін байқаймыз. Мұндайда сіздің делебеңізді қоздырып, дем беретін не?
– «Тұлпар түрін жасырады» деген сөз бар қазақта, яғни, топты, думанды көрмейінше нағыз тұлпарлар өзінің бойындағы сұлулығын, ерекше қасиетін жасырын ұстайды екен. Ол Алладан берілген инстинкт шығар жануарға. Көп байқаймын, сол секілді жай кезде қарапайым адамдардың кейбірі сахнаға шыққанда түлеп сала береді. Бұл, біріншіден, елдің қошеметі, сөздің жауапкершілігі, алқаның қыздыруы шығар. Шабыт деген көңіл-күй ғой. Домбыраны қаққан кезде халықтың қошеметінен шабытың келеді. Сол жерде үлкен дүниелер туып жатады. Бұл да болса айтыстың эмоциялы, синкретті өнер екенін көрсетеді. Мұндайда дем беретін, делебеңді қоздыратын – елдің қошеметі. Сөзге деген жауапкершілік те бар. Сондықтан бұл өнердің қыр-сырын түсіну үшін кемінде бір рет домбыра ұстамай болса да, сахнаға шығып көру керек деп ойлаймын.
– Ұлттық домбыра күні бүгінгі санамызға қаншалықты серпіліс әкеледі деп ойлайсыз? Бұл күннің маңызы туралы айтып берсеңіз…
– Ұлттық домбыра күні – дер уақытында қолға алынған жоба. Өйткені, Қадыр атамыздың «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегені тапқырлықпен айтыла салған сөз емес. Расында да, домбыраның бойында ғасырлар бойғы құндылықтарымыз бар. Оның әр күмбірінде, әр пернесінде ғасырлар сыры бұғып жатыр. Қазір Алтайдан табылған домбыралардың кейбірі бес мың жылдық тарихқа ие деседі. Сондықтан кешегі, бүгінгі және ертеңгі қазақ деп бөлетін болсақ, осылардың арасын алтын көпірдей жалғап тұр. Кешегі қазақтың тарихи танымы мықты, ұлттық дәстүрге сусындаған болса, бүгінгі қазақ одан сәл әлсіреп, өзінің ата-тегін, болмысын ұмыта бастаған. Ертеңгі ұрпақтың тіпті кім болатыны белгісіз болып тұрған қоғамда домбыраның атқаратын ролі өте мықты болуы керек. Сондықтан халықтық деңгейдегі үлкен мерекенің бірі – Ұлттық домбыра күні. Бұрын әр үйдің төрінде бір-бір домбыра тұратын. Келген қонақ ән айтады, үйдің бір-екі адамы тартады. Шетелге шыққан қазақстандықтар, студенттер төріне іліп қояды. Бұл қара тасқындай өркениеттің ортасына барғанда тамшыдай жұтылып кетпеу үшін керек. Сондықтан ұлттық аспапты бабадан балаға насихаттап, ол арқылы орындалатын шығармалардың мән-маңызы, тарихын түсіндіріп, сіңдіріп, ұрпақтың санасына дәнегін еге беретін болсақ, ертеңгі күні жемісін береді деп ойлаймын.
– Қазір күй қадірін білмейтіндер көп. Мұның бір себебі – күйді өзі де түсінбей, тек саусақ шеберлігімен ғана орындайтындарда секілді.
– Күй – өнердің ішіндегі тылсымы көбі. Өйткені сөзбен айтқанға әркім түсінеді. Ал күйде тұспал, сазды иірім, көңіл толқыны бар. Оны үнсіз, тілсіз деуге де болмайды. Тілсіз дегендер сезімсіз, осыны түсінетін пайым-парасаты жоқ адам шығар деп ойлаймын. Өйткені, «Нар идірген», «Кісен ашқаннан» байқайтынымыз, бұл – тарихта сөзге түсінбейтін жан-жануардың өзін иітіп, балқытып, бойынан сүт шығарған өнердің түрі. Сезімі, ақыл-пайымы бар адамдарды елітпейтін болса, ұлттық қайнар көздеріміздің құлағы бітеліп, тамыры шіри бастағанының белгісі. Кімде-кім күйді естігенде тарихқа бойлап, тамаша бір әсерге бөленбесе, қуат алмаса, мұндай ұрпақтан қорқу керек деп ойлаймын. Бұл өнерді жоғары бағалаймын. Күй тарту қолымнан келмесе де, жақсылап тыңдап, бағасын бере аламын. Сапарға шыққанда көлігімнің ішінде күй ойнап тұрады, ол – ұлы даланың күмбірі.
– Күйді түсінетін ұрпақ қалыптасу үшін не істеу керек?
– Әр күйдің алдымен тарихын айтып, содан соң тарту керек. Күйшілер байқауында да жаппай тартылады. Оны нағыз мамандар түсінеді де, жалпы халық түсінбей жатады. Мысалы, Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», Төлеген Момбековтың «Салтанат» күйінің шығу тарихын әңгімелеп отырып жеткізсе, ол біріншіден қызығырақ, екіншіден ұмытпауға да әсер етеді. Көптеген күйлерді есте сақтауымыздың бір себебі ұстаздарымыздың тарихымен бірге түсіндіргенінен деп ойлаймын.
– «Алтын домбыраны» үш рет иелену, «Айтыс ақтаңгері» атанудың абыройы бір бөлек, жауапкершілік жүгі де салмақты. Мемлекеттік қызметке келгесін нендей дүниелерге басымдық бердіңіз?
– Қадыр Мырза Әлінің «О, тіршілік! Не берсең де арнап бер, Алтын балық ілінетін қармақ бер! Бақыт бер де, Бармақтай сол бақытты, Басып тұрар батпандай бір салмақ бер!» дегеніндей, бұл жауапкершілікті, мойнымыздағы міндетті абыроймен алып жүру әр күніміз үшін сын. Мемлекеттік қызметке менің атақ-дәрежемнің аса бір қатысы жоқ. Бұл жерде іскерлік, басшылық, менеджерлік секілді, бойыңда бұғып жатқан басқа сапа, қырларың сынға түседі. Қашанда қызметіме жетістіктерімді, жетістіктеріме қызметімді араластырмауға тырысамын. Әр нәрсе өзінің орнында болғанда ғана жемісін береді.
– Айтысқа шыққанда домбыра таңдайсыз ба? Қазіргі домбыраңызды кімге жасаттыңыз?
– Айтысқа шыққанда домбыра таңдай бермеймін. Бірақ, мүмкіндігінше жақсысын алып шығуға тырысамын. Ұшақта зат алып жүруге рұқсат жоқ кезде алып бара алмаймын. Сол жақтағы жігіттерге хабарласып, айтып қоямын. Әр елдің бетке ұстар жігіттері ғой, осал домбыра тартпайды. Бірақ өзім шебер домбырашы болмағаннан кейін, айтатын ойымды жеткізіп, толықтырып отыруға мүмкіндігі бар домбыра болса, алып шыға беремін. Домбыра деген батырдың тұлпары секілді. Атың желіп, жортып, тақымыңда ойнап тұрса, сонымен бірге еріп отырасың. Ал, домбыраң артқа тартып, шыңқылдап тұрса, ойың шашырап кететін кездер болады. Сондықтан батырдың серігі аты болса, ақынның серігі – домбыра. Әрдайым домбыраны бабында ұстап, жақсы шеберлерге жасатып, халықтың эстетикалық талғамына сай аспап тартып жүргенге жетпейді.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Әңгімелескен
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<