Ақырын жүріп, анық басқан

3230

0

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде отыз жыл еңбек етіп, ғылым мен рухани салада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған азаматтың бірі – Мұратбек Кенжебайұлы Әйтімов. Ұстаздық пен ғалымдықтың тізгінін тең ұстаған оның кісілік келбеті, адами болмысы, жан әлемі бөлек. Бұлайша сенімді айтуымызға ғылыми кеңістіктегі шәкірттеріне берген кеңесі мен бүгінгі өзіндік сүрлеуі, біраз жылдан бергі әріптестік жолымыздың ортақтығы дәлел бола алады.

Өмірде шынайы, еңбекқор ғалымдар еңбегін жарнамалауды ұната бермейді. Ұстаздығы мен ғалымдығын кәсіби жұмысым, күнделікті атқаратын ісім деп санайды. Бұндай адамдар табиғатынан өте қарапайым, «ұлылық – қарапайымдылықта» деген қағиданы қатаң ұстанатындықтан болар, публикадан алшақ жүреді. Бірақ үндемей, асықпай, аптықпай-ақ, өзінің жауапкершілігін тиянақты атқарып, міндеті мен мақсатына адалдығын көрсете алады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Кенжебайұлы Әйтімов сондай жан.

Ол ауыл мектебін жақсы бітіріп, 1978-1982 жылдары сол кезде Н.Гоголь атындағы мемлекеттік педагогикалық институт аталған оқу орнының филология факультетінде білім алады. Студент қатарына қабылданған жылы Білім министрлігінің арнайы қаулысына сәйкес педагогикалық мамандықтарға ер балаларды көп қабылдау ұстанымы басталған кезге тура келеді. Мұратбек Кенжебайұлы қабылданған К-118 оқу тобында 11 жігіт 15 қыз бала білім алады. Мемлекеттен бөлінген орын саны – 25. Бір студентті үміткер (кандидат) есебінде қабылдап, бәсекенің жоғары екенін, сабақ үлгерімі төмен болған жағдайда оқу орнынан шығарылатынын қатаң ескертеді. Міне, сол кезеңнен бергі қатал тәртіп, әр жұмысты жүйелі жоспар арқылы орындау, сабаққа кешікпеу дағдысы қалыптасқан. Оның үстіне арман қуып келген жігіттің асқақ мақсаты әкесі сияқты ұстаз атану болғаны анық.

Әкесі Кенжебай Әйтімұлы арнаулы орта білімі бар бухгалтер болса да, еңбек жолын сонау соғыс жылдарында (1943-1949 жылдар аралығында) ауыл мектебінде ұстаздық етуден бастаған. Анасы Фарида Тереңөзек қыстағында аудандық білім беру басқармасын басқарған, 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, хабар-ошарсыз кетіп, елге қайта оралмаған Райымқұл Бисариевтің қызы. «Жігіттің жақсы болуы нағашыдан» деген тәмсілді негізге алсақ, бала Мұратбектің ұстаздық жолды таңдауы тегін болмаса керек.

«Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бөлімінде оқыған жылдары есімдері елге танымал ұстаздардың алдын көрді. Атап айтар болсақ, ғұлама ғалым Әуелбек Қоңыратбаевты, филология ғылымдарының кандидаты Айнаш Шамшатованы, Әнес Жақыповты, Медеуәлі Бимағамбетовті, Әбжаппар Әбілақовты, Нұртай Нұржановты ұстаз деп танып, білімін алған бақытты ұрпақтың бірі. Әр ұстазының өз пәнінен оқыған дәрістері, ғылыми зерттеулерге, педагогикалық-әдістемелік шеберлікке баулығанын үнемі жадында ұстайды. Аты аңызға айналған ғалым Әли Байжолов тәлімгерлік еткен топта білім алған жылдарын «Жақсының басқан ізі – алтын» дегендей, мен жасымнан жақсыларға жақын жүруге тырыстым. Жамандық ойлайтын жандардан бойымды аулақ ұстадым. Ұстаздарымның әр дәрісі әлі күнге дейін есімде, солардың атына кір келтірмеуге тырыстым», – деп сағынышпен еске алып, ризашылығын білдіреді.

Ол еңбек өтілінің басталуынан қазіргі кезге дейін педагогикалық еңбек үдерісімен қалыптасқан ұстаз. Әуелі қазіргі Жалағаш ауданындағы №232 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Өзі еңбек еткен педагогикалық ұжымындағы сапалы жұмыс көрсеткіштерімен әріптестеріне де, аудандағы басшыларға да танымал болған 1986-1993 жылдары Жалағаш ауданының «Жаңадария» ауылындағы №203 орта мектеп ұжымының сайлауымен директор қызметіне тағайындалғанда бар-жоғы 26 жаста екен.

Мұратбек Кенжебайұлының жоғары білім беру жүйесіне келуі де уақыт талабына сай шешуші қадам болды. Оның ғұмырнамасындағы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қазақ әдебиеті және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы, доценті, оқу-әдістемелік бөлімінің бас әдіскері, «Қазақ әдебиеті және журналистика» кафедрасының меңгерушісі, үздіксіз білім беру және мамандар біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары қызметтерін атқарғаны өзіндік үлесін айқын танытады.

Орта білім беру жүйесінде мол тәжірибе жинақтаған соң жоғары білім саласында да әдебиет ғылымының тың бағытына қызығушылық танытып, білікті мамандарды даярлау ісінде де үнемі жаңашылдық ізденістерін жалғастыра берді. Университетте ұстаздық және басшылық қызметтер қатар атқара жүріп, аспирантурада, докторантурада білім алды, зерттеу жұмысындағы ғылыми тұжырымдарын нақтылай түсті. Нәтижесінде 1998 жылы профессор Б.Майтановтың жетекшілігімен «Қазақ повесіндегі лиризм» тақырыбында кандидаттық, 2010 жылы филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Тебегеновтің ғылыми кеңесшілігімен «Қазіргі қазақ романы: тарихи шындық пен көркемдік шешім (XX ғ. 90-жылдары мен XXI ғ. бас кезі)» тақырыбында докторлық диссертациясын сәтті қорғады.

Бүгінде оның ғылыми жетекшілігімен PhD докторлық диссертация дайындалу үстінде, 40-тан аса магистрлік диссертацияға жетекшілік жасап, әдебиет саласының тың тақырыптарын зерттеуде ақыл-кеңес беріп жүр. Қазіргі қазақ прозасы, Тәуелсіздік жылдардағы қазақ романы, жаңа дәуірдегі қазақ әдебиеті тақырыптары аясында 250-ден астам ғылыми мақаланың, 2 ғылыми монография мен 3 оқу құралының авторы. Ол әдебиеттегі прозалық туындылардың (повестердің, романдардың) поэтикасындағы лирикалық, психологиялық, тарихи ерекшеліктерді ғылыми-теориялық тұрғыда кешенді талдап, жаңаша бағалаған зерттеуші-ғалым.

Профессордың 30 жылдан бергі еңбегі дер шағында бағаланып, Ы.Алтынсарин атындағы медальмен, Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен, Қорқыт ата Алтын медалімен, «Үздік түлек» медалімен марапатталды.

Зайыбы Құрманкүл Әбілқасымқызы екеуі – үш ұл, екі қыз тәрбиелеп, Құдайдың берген немерелерінің қызығына сүйсіне қарап отырған үлгілі отбасы иесі. Ол бүгінде «Жүгіріп шығар төбе көп, асу бермес шың қиын, қартайған шал елде көп, ақсақал болу тым қиын», деп ой түйіп, жауапкершілігі жоғары ақсақалдықтың ауылына атының басын бұрды.

Шығыстың ұлы ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен елі үшін еткен еңбегінде» деген екен. Осы жазбамыз арқылы ұстаз-ғалымның мерейін көтеріп, әлі де ғылымға бергені де, берері де мол жанымыздағы жақсы адамның жаңа белесіне шәкірттік пейіл, әріптестік ілтипат білдіруді азаматтық парыз санадық. Ұстанымы айқын ұстаз, ғалымға өмір жасыңыз ұзақ, деніңіз сау, отбасыңыз аман болып, немереден шөбере көру нәсіп етсін деген тілек білдіреміз!

Аягөз ӘБДІРАЗАҚОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы,

баспа ісінің магистрі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<