Аралын аңсаған ақын

1659

0

Аралдың ақиық ақыны Зейнолла Шүкіров ұлы теңіздің тартылып кеткенін емес, енді тартыла бастағанын көргенде, осының соңы үлкен апатқа әкеледі-ау деп сезінгендіктен, «жан бер десең, жан берем» деп күңірене жырлаған-ды. Содан бері қаншама өлеңдер, прозалық туындылар жазылды. Толғау-жырлар шығарылып, халықтың мұң-шерін қозғап, ұлы даланың сыңсыған сарынына ұласып боздап жатты. Аралда туған, несібесін теңізден айырған әрбір көкіректі мұң басты. Көз алдында табиғаттың қайталанбас жауһары құрып бара жатқанына кім төзсін?! Қолдан келер қайран жоқ…

Бұл тек сол кездері Аралдың ғана басында болған трагедия емес еді. Қазақ жерінің қай пұш­пағы болмасын аяусыз кес­кіленіп, асты-үстіне түсіп жат­ты. Семей полигоны күндей күр­кіреп, төңірегіне өлім уын септі.

Шанжархан Бекмағамбетов – Арал өңірі халқының басына төнген осындай зауалды жас­тайынан көңіліне түйіп өс­кен ақын. Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің профессоры Шәкеңді мен ол кезде болашақ тілші-ғалым емес, шындығы керек, әдебиетші-ғалым, ақын болады деп елестеткенмін.

Біздің кездесуіміз сонау 1977-1978 оқу жылында ба­йыр­ғы балықшылар ауылы Қа­ратереңнің Т.Шевченко атын­дағы орта мектебінде бол­ды. Ол мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұға­лімі екен. Менен екі-үш жыл бұрын Алматыдағы Қазақ мем­ле­кеттік уни­верситетінің фи­ло­логия факультетін бітіріп, туған ауылының мектебіне орал­ған есейген жігіт. Жатсын­ған, жассынған жоқ. Мектептің сол кездегі пионер жетекшісі Дәулетбай Жүгінісов (мар­құм) бар үшеуміз күнді түнге ұластырған, қызуы мен ыр­ду-дырдуы мол әдеби орта құ­рып, әдебиеттің сиқыр­лы әлеміне сүңгіп кеттік. Дәу­лет­бай Тө­леген Айберген­овтің өлең­де­рін, Мұхтар Шаханов­тың «Та­накөз» поэмасын жатқа соғады. Шәкең Дәулетбайдың өжеттене талап етуімен өз өлеңдерін оқиды.         

– Иә…

Мен онда ақын болғанмын,

Кірпігіменен таңды ілген.

Ақынша ойлап толғандым,

Ақынша шамырқандым

мен.

Мен жырдың жібек

бауының,

Шашағын сәндеп тарадым.

Сен сонда, туған ауылым,

Жалт етіп маған қарадың, –

деп бастайды. Өлең алғашқы шумақ жолдарымен-ақ елең еткізеді. Тың образ, ой өрім­дері әп сәттен-ақ жан-дү­ниең­­ді баурап алады. Жүз ша­қы­рымдық жолды жүгіріп өтіп, суатқа аңсап келіп бас қой­ған киіктерше, құмарлана елең­деп, алағызып құлақ түре­міз. Ал­дымыздан сәнді, жаңа бір көркем дүние есігін айқара ашып сала бергендей. «Кірпі­гіменен таңды ілген…», «Мен жырдың жібек бауының, Ша­шағын сәндеп тарадым». Өлең-жырдың оюлы үздігін мына Шәкең қалай-қалай қайырады дейміз таңырқап, бір жағы сүйсініп. Ондайда уақыттың түн жарымы екені ұмытылады. Қаратереңнің самсаған жұл­дыз­ға толы аспанының астын­да жыр-самалы соғып, жыр-түңлігі желп-желп көтеріліп тұрғандай сезіледі. Ақ қанат періште жыр жолдары сам­ғап биіктеп, шүпірлеген жұл­дыз­дарға, жусан иісті құмда­уыт да­лаға сіңіп кетіп жататын­дай. Біз осындай жырды өзі­міз жазбағанымызға іштей шы­ғармашылық қызығу сезі­мін өткере отырып, алғашқы­лар­дың бірі болып, бұл өлең­ді ақынның өз аузынан тыңда­ғанымызға, осының куәсі бол­ға­нымызға қуанатынбыз. Ол бір әдемі уақыт екен ғой.

Шанжарханның бірсы­пы­ра өлеңдері туған ауылы­мен өзектес келеді. Әйгілі теңіз жа­­ғалауындағы балықшы­лар ауылы Қаратерең қазақ­тың салт-дәстүрі мен өнері, бауыр­малдығы мен кеңпе­йілдігі мық­тап орныққан өзгеше құт мекен. Аудан орталығынан екі жүз шақырымнан аса алыс­та жатырмыз демейді. Өз-өзі­мен қайнап, буы бұрқырап ас­пандап жататын. Мектеп оқу­шыларының спортқа бе­йім­ділігі қызықтыратын. Қыс­тың күні мұз айдынын жа­сап жіберіп, конькимен зыр­ғып, шайбаны қақпаға қарай қақырата соққанда, сол уақыт­тың бренді СССР мен Канада құрамасы ойнап жатқандай сүй­сінетінбіз. Жаздың күні қыр­да ойнаған футбол өз ал­дына, мектеп ауласындағы во­лейбол алаңында допты жер­ге түсірмей, үсті-үстіне соқ­қылап, тартысты ойындар өткі­зетін. Мектептегі қазақ әдебиетінен өтетін Шәкеңнің сабағы өзгеше реңде болатын. 10-класта оқитын М.Әуезовтің «Абай жолының» 4 кітабын ұстаз оқушыларға іріктей маз­мұндап айтып, образдардың дамуы мен жазушы шебер­лігін сюжетпен бірлікте түсін­діретін. Бір қызығы, мектеп оқу­шыларының әдебиет­ке құш­тарлығы ма, әлде мұғалім­нің алдын ала тапсыр­масы ма, көпшілігі «Абай жолын» оқы­ған болып шығады. Мен осы бір жайға күні бүгінге дейін таңғаламын. Қазіргі мектепте М.Әуезов шығармашылығы осылай өтіле ме? Ол кезде, мә­селен, ұлы суреткердің шы­ғар­машылығына 10 сағат қана уақыт берілетін.

Жыр тұнған, сыр тұнған Қаратереңде қызықты оқиғалар көп-ақ. Қазірде елімізге таны­мал қарымды журналист, зер­делі әдебиет зерттеушісі, ғы­лым докторы, академик Ба­уыржан Омаровтың алды­мызда құлағы қалқиып шә­кірт болып отырғаны әлі көз алдымызда. Ал мұндай жас­тар мектепте біраз бар еді. Әлем қалаларына мұхит асып ба­рып білім алып, әуе кемесін тізгіндеген халықаралық дәре­жедегі ұшқыштар да, кино, театр өнерінің саңлақтары да, ақын-жазушылар да шықты бұл ауылдан.

Шанжарханның тағдыр жаз­ған бір бақыты осы ауыл­дың топырағында туып, ақ ша­ғыл құмында аунап, бала кез­ден есік алдындағы Қарт­тұма көлінің күмістей суына шомылып, тереңінен сүйрік суырып өскен қызықты күн­де­рінде болар. Бала күннен көлдің қалың қамыс қопасына түсіп, сап-сары масасымен алысып, таланып, көзін тырналап ашып көк пішен мен сары қамысты құлаштай орып, одан қалды ақ­бас толқындарымен алыса асау теңіздің шыған төріне аттанып, балық аулап, еңбекпен ер же­туі еді. Бұл оның бүгінде 90 жас­тың төріне абыроймен шық­қан Аралдың абыз қарты, белгілі жорналшы Шәкірат Дәр­мағамбетовтің теңіз тар­лан­дары туралы жазған очерк­терін, өзінің алдында ғана қа­нат қағып, жыр әлемінде та­ныла бастаған Жарасқан, Шө­мішбай өлеңдерін оқып, аудандық «Толқын» газетіне алғашқы өлеңдері жарияланып, арманын іштей үкілеп жүр­ген жарқын кезі болатын. Сон­дықтан да оның ақындық салмағын, өлең сөздің киесін ұғынуын туған жерінен бөліп алуға әсте болмайды.

 – Ақ құм дедік ауылдың

Сыртындағы шағылды.

Бал қызығы бар ұлдың

Сол шағылдан табылды.

Ақ тікеннен үй жасап,

Аққұмда біз ойнадық.

Тілемедік күй де аса,

Тек ойынға тоймадық.

Кезіп сонау нұрада

Жүрдік бұзау қайырып.

Тойып ап итжуаға,

Бұзаумен бір жайылып, –

дейді ақын. Мұндайда Дәулет­бай жанып түсетін. Поэзияға де­ген ішкі құштарлығы теп­сі­ніп бетіне шыға келеді. Жал­пақ беті алкүреңденіп, көзі шоқ­тай жайнап, құдды өзі жаз­ғандай қуанатын. Поэ­зия қуаты үстемдік құрған сол Қара­терең күндері бұл кезде сағы­нышқа айналған. Сон­дықтан да сол ортада өмір кешкен Шанжархан ақынның жырларында ұлттық бояу, қа­зақы болмыс пен мінездің бо­луы табиғи сіңісті құбылыс деп білемін.

Ақынның туған жер туралы өлеңдерінде Арал теңізіне ар­налған туындылары бір тө­бе. Шалқыған теңізде асау тол­қынмен алысып өскен зерек ұлдың ақын көңілі ұлы теңіздің бүгінгі міскін қалпымен келісе алмайды. Күйініш те, өкініш те, дәрменсіздік те оның жыр­ларынан айқын көрініп оты­рады. Теңіздің сусыраған өлім­ші халін өзінің қансыраған, езілген, еңіреген жан-жүрегі­мен байланыстырады.

– Үндемей неге жүрсің деп,

Күрсінбе, Теңіз, күрсінбе.

Қоярға жанын жер таппай,

Жүр ғой бұл күнде

құр сүлде, –

дейді ақын. Айдыны шалқыған сол бір әдемі кездің енді қай­тып оралмасына мүлде сенгісі келмейді.

– Өзіңмен бірге толғанып,

Толқын боп мен де

тербелгем.

Жыр жазушы едім

қолға алып,

Күміс қаламды сен берген, –

дейді тағдырын теңізбен ұш­тас­тырып. Табиғаттың сол жау­һарын енді бүгінгі ұрпақ­тың білмейтіні өкінтеді. Бү­гінгі ұрпақ Арал теңізінің ай­дыны шалқыған буырқанған бура шағын қайдан білсін. Те­ңізді көрдік, жағасында ер­теден кешке дейін армансыз шомылдық дейтін біздің өзі­міздің жадымыздан сол сурет­тер ұзап бара жатқандай. Бі­реуге айтсаң сендіре алмай­сың. Қазір теңіздің орны ой­дым-ойдым, терең қазан шұң­­қырларға айналған. Кей тұс­­тары ақ­таңдақтанып сор бо­лып жатады. Бір кездегі теңіз ортасындағы аралдар бү­гінде биік жарлауыт құм төбе­лерге айналған. Аңызақ жел құм суырып, тұзды шаңдақ құйын боп үйіріліп аспанға шаншылады. Даланың ұзан сарыны тоқтаусыз уілдейді. Жаныңды қайғы зары қысады. Шыққыр көзім осыны көр­ме­генде дейсің іштей күңіреніп. Сонда да ақын Ұлы теңізін жаманшылыққа қимайды. Бүп-бүтін бейнесін көкірегіне то­лайым құйып алып, шаң­қыл­даған шағаласымен, үзілмей соққан майда толқынымен іш­тей сырласады.

– Ұлы теңіз!

Кеткен жоқ ол жоғалып,

Буырқанып жатыр менің кеудемде, – дейді толғанып.

Қызық пародокс! Украин халқының ұлы кобзары Т.Шев­ченконың қаламынан туған теңіз пейзажын көз алдыма елестетемін. Жайқалған теңіз қандай, ай сәулесі астындағы айдын күмістей жалтырайды. Суға түскен алғашқы кеме. Райым бекінісі төбесінен көрінген шалқар теңіз бейнесі көз ұшында бұлдырап көрінген кең атырап… «Қосарал жыр­лары» ойыңа келеді. Иә, Арал­дың шын бейнесін келер ұрпақ, бәлкім, осындай өнер туындылары арқылы білетін болар. Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» шығармасы арқылы теңіздің дүлей дауылын, ас­пан­ға шапшыған асау толқы­нын, Сергей менен Жалмұратты жұ­тып жіберген тұңғиығын се­зінер. «Соңғы парыздағы» Жә­дігер болып қолынан еш дәрмен келмей сарсаңға түсер. Солардың арасында Шан­жар­хан ақынның да Аралын аңсап, ащы-тәтті мұң кешкен, жүрекке жылы өлеңдерін оқыр.

Біз не дейміз?! Соның бә­ріне тілекшіміз.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

ҚР Жазушылар одағының мүшесі