Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясы төл тарихымыздың тереңіне үңіліп, мәдениет, әдебиет, салт-сана тұрғысындағы ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға үндейді. Сайын даланы еркін шарлап, саф ауамен тыныстап, ат құлағында ойнап, аламанның алдында жүріп, ақсақалын абыз, кейуанасын кемеңгер еткен дана халқымыздың көкірегі тұнған шежіре.
Ардагерлер арасында ұйымдастырылған ақындар айтысы мен жазба ақындар мүшәйрасы осы сөзіміздің салмағын арттыра түскендей. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дейміз. Бір-бір отбасының батагөй қарттары бұл сайыста өлең-жыр өлкесін шарлап, өздерін бөлек қырынан танытты.
Шараны облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемұлы ашып, айтыс өнері сонау кезеңдегі дала демократиясын дәлелдейтін өзгеше өнер жанры екенін айтты. Сондай-ақ, халқымыздың айтыс өнері 2015 жылы ЮНЕСКО-ның материалдық емес құндылықтар тізіміне енгізілгенін, осынау ғажайып өнердің бүгінгі ұрпаққа берер ғибраты мол екенін ерекше атап өтті.
Ардагерлер айтысының алғашқы жұбы Арал ауданынан Алпысбай Ахметов пен Жаңақорған ауданынан Тыныскүл Асанова болды. Бұл айтыста Тыныскүл апамыздың сөзі салмақты көрінді. Одан соң қармақшылық Бақдәулет Маханов пен Қызылорда қаласынан Қазына Өзденбаеваның астарлы әзілі, орамды ойға құрылған айтысы көрерменнің көңілін серпілтіп, қошеметіне кенелді. Қазалы ауданының қариясы Толағай Дүнкеев пен Шиелі ауданынан келген Оразкүл Алтынбекова апамыздың аяқ алысы тең түсті. Байқоңыр қаласынан Серік Шағатаев пен аралдық Марал Өтегенова да халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрпына қатысты әдемі ойларын ортаға салды. Сөз сайысының соңғы жұбы, айтыс өнерінде өрелі сөз, өрнекті ойымен өзіндік ізі бар, талай талантты жастардың ұстазы Серік Ыдырысов және кешегі уақытта өмірдің талабына сай алып техниканы тізгіндесе, бүгінде жан дүниесінің қалауымен жыр жазып, сатира жанрындағы салмақты дүниелерімен есімі елге танылған Қазына Өзденбаева қазақы қалжыңдарымен сөз қағыстыра келіп, ел ертеңі, ағайынның амандығы, жас ұрпақтың жарқын болашағы турасында ой түйіндеді.
Ал мүшәйраға есімдері елге таныс Жұмабай Жақып, Файзолла Сахиев, Мұхамеджан Нұрханов, Толыбай Абылаев, Шегебай Башенов, Мақсұт Әбдімомынов сынды бас-аяғы 16 ақын қатысты. Олардың өмірдегі толғақты тақырыптарды қаузаған терең ойлы туындылары көпшіліктің көңілінен шықты.
Шара соңында көшелі сөз, көркем ойымен жеңімпаз атанған қарияларға облыстық ардагерлер кеңесінің атынан марапаттар, сый-сияпаттар табысталды.
Ғазиза ӘБІЛДА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<