Артық ғылым кітапта

3009

0

«Жастар» ресурстық орталығында 14 ақпан − Халықаралық кітап сыйлау күніне орай «Кітап сыйла» акциясы өтті. Шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас қатысты.

Акцияны облыстық жастар ресурстық орталығы, «Сыр үміті» жастар қауымдастығы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Кітап құрттары» клубы бірлесіп ұйымдастырды. Шараға қатысушы зиялы қауым өкілдері ұрпаққа қалдырар ең үлкен мұра – кітап екенін айтып, жастарды кітап оқуға, сол арқылы білім жетілдіруге шақырды.

− «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге» деп дана Абай айтқандай, адам үшін ғылым мен білімнің қайнар көзі кітапта. Өткеннің рухы, келешектің кілті, мәдениеттің биік шыңы да осы кітапта жатыр. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кітап оқу мен кітапханаларды қолдау қоғам дамуының басты міндеттерінің бірі екенін айрықша атап айтты. Қоғамның рухани бай болуы үшін кітап оқылуына үн қосу − баршамыздың міндетіміз. Бүгінгі шарада жастар бір-біріне кітап сыйлап қана қоймай, рухани азық алуына себепкер болады, − деп М.Қазбекова жастарды кітап оқуға үндеді.

Сала басшысы Сыр жастарына М.Мырзахметұлының «Абайтану» кітабын сыйлады. Сонымен қатар кітапханашылар Айжан Болатқызы, Шолпан Айжарыққызы, Сәуле Бегалықызы және қаламыздағы «Kitap al» дүкендер желісінің негізін қалаушы Нұрбек Досболұлын алғыс хатпен марапаттады.

− Денри Дидроның «Адамдар кітап оқуын қойса, ойлауын да қояды» деген сөзі бар. Толстой  өз кезегінде «Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей» деп пікір білдірген. Жастардың рухани байлықтан қол үзбеуіне барлық мүмкіндік бар − деген Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапхана директоры Нұрлыбек Мыңжас жастарды кітапханаға шақырды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Аружан Саруарбек «Кітаптан іздеп табасыз» атты баяндама жасап, қаламыздағы кітап дүкендеріне шолу жасады. «Kitap al» дүкендер желісінің негізін қалаушы Нұрбек Досболұлы кітап сатып алушылардың дені жастар екенін айтты. Ал Қытайда білім алған Фархат Орынбасар жаңадан ашылған кафетерийіне кітап сөрелерін қойған. «Адам табысқа біліммен ғана жете алады» дейді жас кәсіпкер.

Акция соңында жастар өздері әкелген кітаптарын орталық кітапханасына табыстап, бір-бірімен кітап алмасты.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<