Сырдың бойындағы Тереңөзек ауданында 1905 жылы дүниеге келген Асқар Тоқмағамбетовке қазақ әдебиетінің алыптарымен бірге қанаттаса жүру бақыты бұйырған. Алғашқы білімді ауыл молдасынан алған Асқар 1924-1925 жылдары Ташкенттегі политехникумда оқиды. Қызылорда астана атанған 1925 жылдың көктемінде Асқар Тоқмағамбетов Тереңөзектен келіп, «Еңбекші қазақ» газетіндегі Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, Сәкен Сейфуллинмен араласып, қайраткер, қаламгер ағаларынан тәлім алып, қаламын ұштаған.
Ол 1932 жылы Мәскеу полиграфия институтын бітіріп, «Ленин жолы», (1933-1934), «Қазақ әдебиеті» (1934-1935), «Социалистік Қазақстан» (1937-1944) газеттері мен «Ара» журналында қызмет істеді. Кейінгі жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент, Қызылорда облыстары бойынша жауапты хатшысы қызметін атқарды.
Тарих тереңінде талай деректер жатыр. Мәселен, Асқар Тоқмағамбетовтің қазақ баспасөзі тарихында орны бар «Сыр бойы» газетінің алғашқы номеріне сүйіншілеп жыр арнаған ақын. Бұл өлең газет шығардан бір жыл бұрын, яғни 1928 жылы жазылыпты. Облыстық басылым 1929 жылдың 1 шілдесі күні дәл бүгінгідей «Сыр бойы» атауымен жарық көргені оқырман қауымға мәлім. Әріптесіміз Биболат Сәтжан басылымның 90 жылдығы қарсаңында ақынның қызы әрі мұрасын көзінің қарашығындай сақтаушы перзенті, ұлағатты ұстаз Аякөз Асқарқызына жолығып, қолжазбалармен, құнды құжаттармен танысқан болатын. Сарғайған парақтардың арасындағы «Сыр бойы» газетінің алғашқы саны шыққанда жазған өлеңінің қолжазбасын суретке түсіріп алыпты.
«Сыр бойында» сызылмақ, «Үлгілі істің үлгісі» деп басылымның алғашқы қадамын сүйіншілеген шығарма 1928 жылдың 22 маусымында жазылған екен. Екінші бір құжат – 1929 жылдың 12 қазанында берілген, «Сыр бойы» газетінің жауапты редактор мен хатшы Байдулиннің қолы қойылған, ақынның Қармақшы ауданына іссапар куәлігі. Бұл құжаттар ақынның М.Горькийдің қолынан алған Бүкілодақтық Жазушылар одағына мүшелік билеті, өзге өлеңдері және хаттарымен бірге сақталып келген.
Ақынның алғашқы сатиралық өлеңдер жинағы «Күлкі – сықақ» 1929 жылдары басылды. Ал оның қазақ әдебиетінде алар орны, ақындық ерекшелігі туралы алғашқы мәлімет 1942 жылы Е.Исмайылов редакциясымен басылып шыққан оқулықта берілген. Одан соң бірнеше мақала соғыстан кейінгі кезеңде жазылды. Осы ретте Ғ.Мүсірепов С.Мұқанов, А.Нұрқатов, Ә.Тәжібаев мақалаларын атауға болады. Қарымды қаламгерлер мақалада ақын шығармасының өмірмен тығыз байланысы, лирикасы мен сатирасын айрықша атап көрсетеді. Сонау 20-жылдардың ортасынан бастап қалам ұстаған ақын өзіндік өзгешелігі зор ақын, көптеген поэзиялық шығармалардың авторы болды. Ақын 1947 жылдан бастап мысал жанрымен айналыса бастады. Содан бері «Шырмауық пен алма ағаш», «Мысық пен шыбын», «Әупілдек пен күмпілдек», «Тоқылдақ пен тиын», «Қой мен ешкі», «Төбет пен мысық», «Қарға мен бұлбұл», «Тырна мен көгершін» тәрізді көптеген мысалдар жазды. Бұдан тыс көптеген өлеңдерін балаларға арнады. Сонымен қатар ол жұртшылыққа көрнекті прозаик, драматург ретінде де танылды. Ақын «Екі Заң» атты комедия, «Әзірет Сұлтан» деген пьеса жазды. Прозамен де шұғылданып, «Жыр күмбезі» (1975) атты тарихи роман жазды. Тәжік классигі С.Айнидің «Құлдар» романын қазақшаға аударды. Бұған қоса, ол – әнге арнап өлең жазған алғашқы қазақ ақындарының бірі. Әсіресе соғыс жылдарында ән сөзін жазумен көбірек шұғылданады.
Облыстық «Сыр бойы» («Ленин жолы») газетінде ұзақ жылдар еңбек еткен журналист, ұжымның ардагері Рысты Бекбергенова ақынның 100 жылдығына орай жазған «Асқар ойлы Асекем» атты мақаласында: «Менің туған жерім – Каспий теңізінің ар жағындағы орыс жері, Астрахань облысы. Бала кезімізде ауылда әдебиетке жаны құштар, өлең-жырды қатты сүйетін Алпыс деген аталас ағайын болды. Сол атам қайдан, кімнен алғанын білмеймін, өте ескі, кейбір беттері жоқ қазақ әдебиеті кітабын әкеп, маған оқытатын. Әлгі оқулықтар ішінде С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлинмен бірге Асқар Тоқмағамбетовтің де өлеңдері мен суреті болатын. Оған қызығып, «Шіркін-ай, осы кісілерді бір көрсем-ау» деп армандайтынмын. Бұл арманым 1952 жылы Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педучилищеде оқып жүргенде орындалды», – деп жазады. Сонымен бірге автор ақынның өмірде қарапайым екенін, адамгершілік асыл қасиеттері мен жастарға қамқорлық танытқан сәттерін тебірене жеткізіпті. Сондай-ақ, марқұм Қази Данабаев та «Асқар ақынмен таныстық» атты мақаласында 1969 жылы Қызылорда педагогикалық институтына түскеннен кейін «Ленин жолы» редакциясына соққанын, Қомшабай Сүйенішевтің ақылымен А.Тоқмағамбетовке өлеңдерін көрсеткенін, оның «Жалын» журналына сәт сапар жазып бергенін баяндайды. Мұнан Асқар ақынның қолына қалам ұстаған жастар шығармашылығына мән беріп, ел мәдениетін биік деңгейге көтеруге жауапкерпшілікпен қарағанын бағамдаймыз.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<