Өткен жылы жаз маусымының соңында мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Қызылорда және Алматы облыстарының құрметті азаматы – Сейілбек Шаухаманұлы кенеттен дүние салды.
Тұлпар тұрпатты тұлғасының тосыннан тап келген қазасына қабырғасы қайысқан Қызылорданың қалың жұрты:
– Қазақтың қара нардай қайраткері,
Алаштың асқар таудай айбары еді,
Айырылып аңырап қалды-ау
қапияда,
Сейілбектей арысынан Сырдың елі, – деп егілген еді.
Иә, биылғы жылы 80 жасқа толған Қызылорда облысының тұңғыш әкімі С.Шаухамановтың атқарған еселі еңбегі ел есінде. Асыл азамат артына өшпес, өлмес көсем сөз де, ілкімді іс те қалдырды.
Сейілбек Шаухаманұлы қалың елім, қабырғалы жұртым, қайран қазағым деп бойындағы күш-қуатын, білімі мен білігін туған халқының игілігіне сарқа жұмсаған Егемен еліміздің біртуар тұлғасы. Азаматтық, адами қадір-қасиеті, кісілік кемелдігімен танылған ол Сыр бойының ардақ тұтқан абыз ақсақалы. Сәкең облыстың ардагерлер ұйымының өрісті істерімен елге өнегелік мектеп болуына да өлшеусіз еңбек сіңірді.
Тумысынан дарынды тұлға соңғы жылдары шығармашылықпен де белсенді айналысып, жергілікті баспадан жеке өзі жеті кітабын шығарып, Қазақстанның Журналистер және Жазушылар одақтарына мүшелікке қабылданды. Сөз өнерінің сайыпқыраны санатында мойындалды.
Ал таяуда С.Шаухамановтың қаламынан туындаған, өзі аманаттап кеткен бір шоқ публицистикалық дүниелері облыстық «Полиграфия Баспа үйі» баспасынан «Қазақ ел болам десе…» атты жаңа кітап күйінде оқырман қолына тиіп отыр.
Өн бойы өнегелі өмір шындығымен өрнектелген, көсемсөзбен көркемделген, шешен сөзбен шегенделген, ақыл-нақылға толы, мән-мазмұнды кітаптың кіріспесінде қазақ халқының қадірменді ақсақалдарының бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашев былай деп тамсана отырып, әңгімесін байыппен әдіптейді: «Алдымда Сейілбек Шаухамановтың кітабы. Ынта қойып оқыдым. Маған таныс оқиғалар, адамдар, өзгерістер, Қызылорда, Сыр бойы. Өзіне риза болдым. Бірден ойыма келгені: әділ де адал ойларымен, пікірлерімен, көзқарастарымен, тұжырымдарымен, бағаларымен қатар заманның, өмірдің бояусыз, таза шындығы көрініп тұр. Көп азаматтардың адал еңбектері, аттары үлкен құрметпен аталған, өзгерген өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі қуанарлық. …Сейілбектің өскен ортасы ақылды. Ол еңбекке әбден қайнап піскен, күнге күйген, суықпен суарылған, құм мен тұзға қуырылған кадр. Үлгі, ақыл алған ағалары Асқар, Әбділда, Әбдіжәміл. Ал Сырдың елге, халыққа белгілі Шахмарданы қазақтың ғылымына жетекші болса, Ұзақбай тәуелсіз қазақтың бірінші үкіметін басқарды».
Кітаптың «Жақсы ай мен күндей, жақсылығы баршаға бірдей» деп аталатын бірінші бөлімін автордың өзінің жазбалары, әсіресе, ол кісінің ілгеріде республикалық «Түркістан», «Айқын» газеттерінде жарияланған «Қазақ ел болам десе…» атты тәмам жұртты тосын ойларымен тамсандырған, жанашырлық жанды, ащы да тұщы, сыни тұрғыда жазылған проблемалық айтулы мақаласы бастаған. Онда өркениет көшіне ілескен егемен еліміздің толыққанды мемлекеттер қатарына қосылуы үшін «қоғамдық қауіп-қатердің, аурудың, апаттың ет пен теріден өтіп қанға, сүйекке сіңуінің алдын алмасақ, өз қатемізді өзіміз жедел жөндемесек, дұрыс адами, қазақи, адал, таза, түзу жолға түспесек, жаңғырмақ түгілі, қаңғырып кететініміз сөзсіз… Бүкіл ел, халық, қазақ болып, басшымыз бен қосшымыз, жасымыз бен кәріміз, бәріміз мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсер ететін келеңсіздіктерді болдырмайтын қоғамдық шаралар қолданып, жағымсыз жағдаят-жағдайларды түбірімен жоятын заңдар шығарылып, оның орындалуын мемлекет пен қоғам қамтамасыз етуі керек» деп ашық та ашына айтылған. Бұдан бөлек бұл бөлімде тау тұлға Ә.Кекілбаев, халықшыл хатшы С.Тәнекеев, аналардың анасы Ш.Қазанбаева, халқының қалаулысы Ж.Бакишев, человечный человек Н.А.Подольских, төраға Ө.Озғанбаев, нағыз қаһарман ғарышкер А.Айымбетов, адамгершіліктің академигі У.Бишімбаев, төрағалық тағдырына жазылған талант Ұ.Еспанов, теміржолдың темірқазығы П.Орынбасаров сынды замандас, әріптестер туралы естеліктері Сәкеңнің өзіне тән ой өрімдерімен ақ қағаз бетінде шалқар шабытпен айшықталған.
Екінші бөлімде «Қалың қазақ еліне қадірменді қайраткер» деген атаумен Алматы облысының әкімі А.Баталовтың, мәслихатының С.Шаухаманұлына Алматы облысының Құрметті азаматы атағын беру туралы ұсынысы мен шешімінің ресми мәтіндері жарияланған. Ал көкшетаулық Мұрат-қажының Сыр елінің батагөй абызына арнап ақ жүректен төгілткен өлеңдері мен мақаласы оқыған жанның жан дүниесін еріксіз толқытып, бөлекше бір әсерге бөлейді. Байқоңырлық генерал-лейтенант Н.А.Борисюктің Ресейдің бас коммунисі Г.А.Зюгановқа жолдаған Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Шаухамановты КПРФ-тің «50 лет космонавтике» мерейтойлық медалімен марапаттау туралы хаты да келтірілген.
Ардагер А.Божанованың «Абырой биігі» атты мақаласымен басталған «Жақсының өзі де жақсы, сөзі де жақсы» аталатын үшінші бөлімді Сейілбек Шаухаманұлымен жақын-жуық араласып, бас кейіпкерді етене жақсы білетін заманы құрдас қадірлестерінің ол туралы естеліктері мен өлең жырлары құрайды.
Кітаптың «Жақсы келді дегенше, жарық келді десеңші, жақсылықтың уызын алып келді десеңші» деген соңғы бөліміне автордың даңқты жерлесіміз, Тұран елінің қолбасшысы Жалаңтөс баһадүр туралы және облыстық ардагерлер ұйымының конференция, пленумдарында жасаған баяндамалары енген. Бұл топтама достықтың, туыстықтың елшісі, екі жұртқа тілекші болып, жүзінен шуақ, жүрегінен мейірім төгілген, ата-енесін сыйлап, ардақтаған, халқының шынайы құрметіне, ақ батасына бөленген құрметті келіндердің қатысуымен тұңғыш рет өткізілген аймақтық «Қазақтың келіндері-ай» атты тартысты бәсекені ашарда Сәкеңнің берген баталы сөзімен түйінделген.
Халқының қамын жеп қамығып, қабырғасы қайысқан қайран Сәкең айтады-ау:
– Атам қазақ «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» демей ме? Мен сіздерге, бүкіл елге, халыққа ортақ, дос, жанашыр, тілектес адаммын. Сондықтан айтқандарымның артығы болса, менің шіркін-ай осылай болса ғой деген аңсарлы арманымнан, қиялымнан туған ойлар деп қабылдап, кемі болса кешірерсіздер. Ұлтымыздың кемел келешегі мен дархан болашағына, саулығы мен сауаттылығына, сыр-сымбаты мен қадір-қасиетін арттыруға, заман, уақыт талабына сай рухани жаңғыруына қатысты бірқатар ойларымды ортаға салдым.
«Ел болам десең бесігіңді де, есігіңді де түзе, адастырмай алып шығар ақылыңа жүгін, халықтық қамыңды қыл, қайратыңа мін, қайсар қазағым!..» Бүгінде өзі аруаққа айналып, о дүниеден туған халқының тілеуқоры болып, жан-тәнімен сүйген қазағын рухымен қорғап жатқан асыл азаматтың артына аманаттап кеткен кітабындағы ақтық қоштасу сөзі бұл…
Қуаныш МАХАНБЕТ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының
лауреаты, баспагер.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<