Өткен жылы Жалағаш ауданы орталығында «Тағзым алаңы» ашылып, онда ҚР Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Жәркен Сүйіндікұлы Смағұловтың «Қарақұм» көтерілісіне қатысқан шаруалардың жазалаушы қызыл әскерлермен шайқасының ескерткіш тақтасы қойылды.
Мұздай қаруланған қызыл әскерге көтерілісші шаруалар қарабайыр құралдарымен – шоқпар, сойыл, айыр, балтамен қарсы тұрған. Соңғы демі біткенше ұлт тәуелсіздігі үшін күрескен жанкешті ерліктерінің бейнесі, азаттық жолында құрбан болған аталарымыз бен әкелеріміздің есімдері еріксіз есіме түсті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің ең басты байлығымыз – ол Отанымыз, тәуелсіз Қазақстан» деген болатын. Иә, ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. «Мың өліп, мың тірілген» қазақ небір қияметті басынан өткізді. Сайын даланы мекен еткен қазаққа әріні айтпағанда, өз ағамыз деп жүрген Қоқан, Хиуа, қала берді қарақалпақтар да үстемдік жүргізді. Алуан түрлі негізсіз салық салып, тағылықпен күш көрсетіп, озбырлық жасаумен болған. Одан қалды Ресей империясы Қазақстан мен Орта Азияны отарлап, құнарлы жерлерді тартып алды. Билік пен басқару жүйесін өз қолдарына алып, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін қиындата түскен еді.
Қазан төңкерісінен кейін 1929-1932 жылдары Қазақстанда жекенің күнкөріс көзі – малын тәркілеу мен күштеп ұжымдастыруға қарсы елде 372 бас көтеру болған. Солардың бірі – Қарақұм көтерілісі еді. Орталықтың үстемдігіне қарсы бас көтергендер – осы аймақтың өз еңбегімен күн көріп, тіршілік жасап отырған шаруалары еді. Қарақұм көтерілісі отыз мыңның үстіндегі халқы бар аймақты қамтыды. Тарихта елеулі орын алатын көтерілістің мақсатын, барысын кезінде өлкетанушы А.Тілеулиев өзінің «Қарақұм» атты кітабында және осы жолдардың авторы ақпарат құралдарында жариялаған болатын. Дегенмен ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған боздақтардың есімін жаңғырту – бүгінгі ұрпақтың міндеті.
Қарақұм көтерілісінің рухани басшысы және жыршысы болған Тәуекел Боранбайұлы еді. Тәуекел бір әкеден тараған бес ағайынды болған. Көнекөз қариялар «бесеуі атқа мінгенде шағын жасақ болатын» деп отыратын. Солардың үлкені Қарақұм көтерілісінің басшыларының бірі, рухани дем беруші және көтерілістің барысын өзінің шайырлығымен жырлаған, бізге азды-көпті дерек қалдырып кеткен осы – Тәуекел Боранбайұлы.
Ол өткен ғасырдың басында қазіргі Бұқарбай батыр ауылында дүниеге келген. Тәуекел туралы әкем «ол кісі менен екі жас үлкен» деп отыратын. «Құдай Тәуекелге қара күш пен шайырлықты, жыршылық талантты аямай берген. Өнерлі кісі болған. Ауыл-аймақтағы жиын-тойға жігіттерді бастап баратын. Өзі бойшаң, сымбатты, ашық жүзді, денесінде артық еті жоқ, атан жілік, апайтөс, жігіттің сұлтаны еді» дейтін.
«Бір жылы Тәуекел бастаған жігіттер көрші ауылдағы тойға бардық. Тәуекел тойда домбыра тартып, жыр жырлап думандатып отырды. Кенеттен той иесі: «Түйе палуанға қарсы палуандарыңды шығарыңдар» деп жар салды. Қарасақ, мойнында «қарғысы» бар түйе палуан өте ірі мойсапат адам екен. Той иесі түйе палуанға қарсы палуан жоқ болса, бас бәйгені күрессіз беретінін айқайлап айтып жатты. Осы кезде Тәуекел орнынан ұшып түрегеліп, атының шылбырын беліне байлап, ауылдың ақсақалының алдына жүресінен отыра кетіп, қолын жайып батасын алып, «я, аруақ, өзің жар бол!» деп ортаға шықты. Қарсыласының белінен шап беріп ұстап алып, оның әрекет жасауына мұрша бермей, жерге алып ұрды. Таза жеңіс. Өз-өзіне келе алмай, не болғанын білмей қалған түйе палуан есін жиып, «мен қапыда қалдым, қайта күресемін» деп айқай салды. Біздің жақтың адамдары «жеңіс біздікі» деп дауласты. Жұрт дүрлігіп, тойдың шырқы бұзылуға жақындады. Қайтадан күресуге пәтуаласты. Тәуекел бұл жолы арқаланып ебедейсіз жүрген түйе палуанның ербеңдеген қолын қағып жіберіп, көтеріп алып аяғын тарбаңдатып, айналдырып алып жерге ұрғанда, түйе палуан жағымсыз дауыс шығарып өкіре жығылды. Осы кезде Тәуекел түйе палуанның басынан аттап өте шықты. Бұл «мен сені өлтірдім, құның жоқ» деген ишара болатын» деген бірде әкем.
«Уряд» басталғаннан кейін (қазақтар төңкерісті, революцияны – «Уряд» деп атаған). Тәуекел сол кездегі ел ішіндегі берекесіздік пен айтыс-тартыстан, «шолақ белсенділердің» іс-әрекеттерінен бойын аулақ ұстау мақсатында Қарақұмда қалып қойып, Нұраның Сырмен шектелетін жері «Қаракөлде» жай салып, өмірінің соңғы жылдарын сол жерде өткізген.Көлге шығыр салып, бақша егумен айналысқан. Жергілікті халықпен тіл табысып, Қарақұмға көшіп-қонып жүргендерді азықпен қамтамасыз етіп отырған. Елден жарлы-жақыбайларды, жетім-жесірлерді қасына жинап еңбекке баулыған, тәрбиелеген. Солардың бірі жетім інісі Қалыбай деген бауырына арнаған өлеңі есімде қалыпты:
Сұрасаң менің атым Қалыбай таз,
Қолайлы домбыраға даусым да саз.
Киімді тәуір қылып киер едім,
Не пайда, әттең Тәңірім
дәулетім аз.
Қыс болса қақырамен күн көремін,
Наурыз өтіп, сәуірде келеді жаз.
Шапаттап жүгіремін жалаңаяқ,
Сумаңдап үйрек ұшар, қиқулап қаз.
Байларға жоқшылықтың
жайын айтсам,
Бір тиын қара пұлға өтпейді наз.
Қаншама кітап оқып,
ғылым көрген,
Бермеді Қасым молда бір көйлегін, – деп қасына жиналған жетім-жесір інілері мен бауырларының тұрмыс жағдайларын баяндап, ауқатты адамдардың оларға деген сараңдығын бір-екі сөзбен түйіндейді. Сол кездегі жеті-сегіз жастағы Қалыбай інісі зұлмат заманнан аман қалып, елге оралып еңбек етіп, балалы-шағалы болып, жетпісінші жылдары дүниеден өтті. Сыртта жүріп елін сағынған Тәуекел Сырдағы ағайындарға жыр арнау жазып отырған. «Ауылнай ағаға», «Дария тұрушы едің шалқып, тасып», «Ағаларға» деген өлеңдері есімде қалыпты. Сол Тәуекелдің жыр-өлеңдерін әкем көңіл-қошы келгенде Сыр әуеніне салып, домбырамен айтып отыратын.
Сол өлеңдерді «халық жауы» болып атылып кеткен есіл ердің атынан қорқып, жазып алмағаныма өкінемін. Әкем Тәуекелдің жер, ел, табиғат, тарих жайында жазылған «Дария тұрушы едің шалқып, тасып» атты ұзақ дастанын толық білетін. Оңашада ағасын есіне алып айтып отыратын. Содан есімде қалғаны:
– Жаратқан жер әлемді
жаппар Құдай,
Тіршілік айналады жыл он екі ай.
Жыл іші төрт кезеңге бөлінеді,
Табиғат дүниеге берген сыйдай.
Дарияға жақын жатқан
«Арық балық»,
Жағасы сұлу Сырдың
неткен байлық.
Таңдапты көшбасшысы осы жерді,
Жұртына болсын депті Темірқазық.
Халқы біледі Ерубайды,
Қалмақпен соғысқанда ел қорғады.
Үзеңгілес болды Бәйтен,
Сәркеменен,
Бұландының басында қалмақтарды
қырған еді.
Сол батыр қосынымен келген дейді,
Уақыт болса керек наурыз айы.
Дария да жатыпты шалқып, тасып,
Таңдапты ел қонысқа осы жерді.
Батырға ұнаған дейді
«Шағала құм»,
Айнала шалқар теңіз суға толы.
Бұл жер «Аққұм» деп аталады,
Жағасы қамыс құрақ, малға жайлы.
Болсын деп дәл осы жер ата-қоныс,
Қоныстанған екі ел,
төр болып арыс.
Тоғайы көпшілікке пана болып,
Жұт жылдары қалыпты халықты аман алып, – деп халқымыздың тарихи кезеңдерін жырлаған Тәуекелдің осы бір жолдарынан оның ой-өрісін, дарынын білуге болады. Егер өмір талабына сай бағыт-бағдар берген ұстазы болғанда, заманның белгілі жыршысы атанар еді.
Өткен ғасырдың елуінші жылдары қазіргі Бұқарбай батыр ауылының негізі болған «Ақсай» деген шағын ауылда тұрдық. Соғыстан кейінгі ауыр жылдар. Халықтың тұрмыс жағдайы нашар. Шаруашылықты қалпына келтіру науқанына байланысты, салық пен заемнан көз аша алмай, колхозшылар ақша ұстамай, қолындағы бір-екі малымен күн көріп жүрген уақыт болатын. Күніне 10-12 шақырым жетіжылдық мектепке қатынап оқимыз. Оқып та жарытпаймыз. Жазда күріш отағы, күзде күріш орағы, қыста қоғам малын бағуға көмектесу оқушылардың мойнында. Оған үйдің қара жұмысын қосыңыз.
Үйдің қасында бір кемпір жесір қызының қолында тұрып жатты. Ол кездің адамдары қарапайым, бауырмал еді. Күз, қыс айларында күн бата көршілер біздің үйге жиналатын. Ас-суды бірге ішіп, барды бөліп жеп, әңгіме-дүкен құрып, түннің бір уақытында тарқасатын. Ауылда радио, электр жарығы жоқ, клуб, мәдениет үйі дегендерден хабарсыз. Әкемнің 1937 жылы Мәскеудегі халық шаруашылығы жетістігінің көрмесіне барғанда сыйға алған қос ауыз мылтығы бар. Алдынан ұшқан құсты, жүгірген аңды жібермейтін мерген еді. Содан болар көже-қатығымыз мол болды. Оның үстіне «Табынкөл», «Лайөзектен» балық аулап, үлкен сазандарды қамысқа орап, баулап түйеге артып әкеліп, көршілерге бөліп беретін. Көрші шешеміздің нәпақасы біздің үйден болатын. Қыстың ұзақ түндерінде «Мырза бала-ау, шаршап отырмасаң, ағаңның өлеңдерін айтсайшы» деп әкеме қолқа салады. Әкем кейде «Ерігесің-ау үйде отырып» деп әзілдейтін. Мен сықсима шамның жарығымен сабаққа дайындалып отырып, үлкендердің сөзіне құлақ түремін. Көңіл-күйі жақсы кезде әкем шайын ішіп, демін алғаннан кейін домбырасын алып жеңгесіне әзіл-қалжыңын айтып, «мынау Тәукеңнің арнауы» деп, Сыр әуеніне салып шырқай жөнелетін. Шешеміз әлсін-әлсін «О дүние-ай» деп кейде көзіне жас алып, кейде егіліп тыңдайтын. Бабымен пісірілген аңның етінен ауыз тиіп, әкеммен қалжыңдасып батасын беріп, «кеуілім бір серпіліп қалды ғой» деп үйіне қайтатын. Өзі томаға тұйық, ағайындармен көп араласпайтын. Мен өз шешемнен «бұл кемпір бізге кім болады?» деп сұрағанымда, ештеңе айтпай, «әжең ғой» деп қоя салатын.
Кейуананың жалғыз қызының аты – Озикүл еді. Ол кісі көктемнен қысқа дейін колхоздың егіс даласында егіншілерге аспаз болды. Қыстауда жалғыз қалған шешей біздің үйде жүретін. Есейген соң оның Қарақұм көтерілісінің қолбасшыларының бірі, көтерілістің рухани дем берушісі, қосын басшысы, жыршысы Тәуекел Боранбайұлының әйелі Мәрия шешеміз екенін білдік.
Тәуекел әкеміздің Қарақұмдағы өмірі, Қарақұм көтерілісі мен жеңіліске ұшыраған көтерілісшілердің қайғы-қасіреті туралы Мәрия шешейдің өз аузынан естуді тағдыр бұйыртты.
Сондағы айтқаны:
«Сол бір жылы Нұраның бергі бетінде – «Қаракөлде» қыстадық. Отағасы маған көп нәрсені айтпайтын. Бір күні «елдегі айтыс-тартыстардан шаршадым, тыныш өмір сүргім келеді. Мына «Қаракөлге» шығыр салып, егін егіп тіршілік жасаймыз» деді. Қармақшыға барып керек-жарағын алып келді. Елден өзінің жетім інілерін алдырды. Сол жылы бидай жақсы шығып, астықтың астында қалдық. Баябан далаға су нәрі келгеннен кейін бақшадан да мол өнім алып жүрдік. Қарақұмға көшіп-қонып жүргендер мен Арқадан кіре тартқандар соқпай кетпейтін. Алыс-беріс, айырбас, тағы басқа тіршіліктеріміз жандана түсті. Малымыздың басы да көбейді. Сол жақтағы ағайындармен тіл табысып, бір қауым ел бола бастадық. Жағдайымыз түзеліп, уақыт осылайша өтіп жатты. Кейіннен Сырдан келушілерден жаңа үкімет жекенің малын тәркілеп тартып алып жатқанын есіттік. Бізден де маза кете бастады, қысымнан қашқандар келіп бой тасалады. Кейіннен алтын, кете, шөмекей руларының жаңа үкіметтің озбырлығына қарсы көтеріліске шыққанын естідік.
Осындай мазасыз күндердің бірінде түрі өрт сөндіргендей үш адам келіп, отағасын қыр астына алып кетті. Олар сүт пісірімдей уақыттан соң оралды. Ішім бір жамандықты сезгендей. Тіс жарып ештеңе сұрамадым, ол да ештеңе айтпады. Арада үш күн өткенде мұздай қаруланған үш адам тағы келді. Отағасын қыр астына алып кетті. Мен үйге кіріп сазарып отырып алдым. Жағдайды білгім келді.
Қайтып оралғанда түрінен ұзақ сапарға аттанғалы тұрғаны сезілгендей көрінді. Отағасы: «Қатын, ішің сезіп отырған болар, халық өкіметтің өктемділігіне шыдамай көтеріліске шығыпты. Көтерілісшілер 3-4 күнде осы жерге келеді. Артынан қарулы әскер қуып келе жатқан көрінеді. Осы өңірдегі алтын, кете, шөмекей, Арқа беттегі қыпшақтар мен табынның жігіттерінен жасақ жиналып, хан сайлапты. Мені қосын басшылығына ұйғарыпты. Бірінші келгендерге келісім берген жоқ едім. «У ішсең руыңмен», тәуекелге бел байлап маңдайыма жазғанды көремін деп келісімімді бердім. Енді өзіңе мықты бол!» дегенде өкіріп жылап жібердім. Отағасы «тоқтат!» деп зекіді. «Ертең сәскеде жол бастаушы келеді. Соған дайындал. Елге «Арық балыққа» (Бұқарбай батыр ауылының бұрынғы атауы) үйіңді Айтуар кәлпенің қасына тік. Ел сыйлаған аруақ қой, сені ешкімге түрткі қылмас, қанатының астына алар. Уәде деген – Құдайдың аты, мен басымды оққа байлап кетіп барамын. Тіршілікте жолықпасақ, о дүниеде жолығармыз» деді. Біз жолға жинала бастадық. Отағасы түнімен орыстардан алған екі мылтығын тазалап, майлап, кебежедегі ораулы жатқан қылышы мен кездіктерін алып, қайрап, оқ-дәрілерін мал терісінен жасаған қалталарға салып, жорық киімдерін ықшамдап ретке келтірді. Ертеңіне қолдағы малды екі інісіне құмға айдауды тапсырды. Ақбоз атына мініп, екінші атты қосағына алып, жалғыз қызы Озикүлді құшақтап сүйіп, иіскеп аттанып кетті. Жылап-сықтап біз қалдық.
Ертеңіне сәскеде үш түйемен жолбасшы келді. Біз елге қайттық. Кәлпе атамның қасына үйімді тіктім. Жағдайға ел құлақтанып қалған екен. Бәрі маған сезіктеніп қарауды шығарды. Аруағыңнан айналайын кәлпе атам ешкімге көзтүрткі етпей қамқорлық жасады. Міне, содан бері қанша жыл өтсе де, сендермен шаңырақтың астында келеміз» деп шерін тарқатқан еді.
Қарақұм көтерілісінің дүмпуі Қармақшы ауданының Қарақұм өңіріндегі және Жалағаш ауданының Сырдария жағалауындағы Қараөзектен Қарақұмға шығар беттегі Нұраның бойын мекен етіп, көшіп-қонып жүрген елді мекендер мен стратегиялық маңызы бар теміржол бойындағы станциялар мен бекеттер тұрғындарын қамтыған. Кеңес өкіметінің қыспағына қарсы бас көтерген көтерілісші шаруалар мұздай қаруланған жазалаушы әскерге сойыл, шоқпар, шиті мылтықтарымен қарсы шықты.
Бағыты солтүстікке қарай суыт жүріп келе жатқан Тәуекел ауыр ой үстінде. Өз шаруасының керек-жарақтарын алуға Қармақшыға барып жүргенде станция мен бекет бойында лек-легімен толып жүрген қызыл әскерді көріп, бұлар не мақсатта шоғырланып қалған деп ойлаушы еді. Мақсаты белгілі болды. Осындай ой үстінде келе жатып, кешегі хабаршылар айтқан межеге де келді. Мұны сайдың тасындай жүз қаралы қарулы жігіт күтіп тұр екен. Олардың айтуынша, Жұмағазы хан сайланып, сонау Қараөзек бойынан елді Қарақұмның құмына көшіруді, елді рулардан жасақталған қосындарды Сырманқожа мешітіне жинауға әмір беріпті. Осы жерде Тәуекел өзінің туысы Раманқұл баласы Мірәліден Қараөзек бойындағы Табын елі де Қарақұмға көшкенін естіді. Бұлар Сырманқожа мешітіне жеткенде жан-жақтан жиналған халықтың қарасы да көп болатын. Бас-аяғы үш күн еру болып, бозқасқа шалып құдайы беріп, аруаққа құран бағыштайды.
Жұбаназар ханның басшылығымен ру, тайпа, қосын басшыларының қатысуымен кеңес өткізіліп, алдағы ұрыс жоспарының бағыт-бағдарын белгілейді. Ханның уәзіретімен қосын басшылары сайланып, елді ұрыс маңайынан аулақ құмның арасына көшіріп, жазалаушы қуғыншыларды «Қара үңгір» сайынан қарсы алуға пәтуаласады. Қарақұм көтерілісінің қолбасшысы, көтеріліс барысын жырлап, кейінгілерге азды-көпті естелік қалдырып кеткен Тәуекел шайыр:
– Хан болды, әмір етіп Жұмағазы,
Құдайға тәкбір-зікір айтқан назы.
Тілектес дін қарындас
мұсылман деп,
Тиіпті ханның жазған бір қағазы.
Шартына шариғаттың тура келді,
Есіткен бұл жұмысты тура халқы.
Шөмекей, Алтын, Жаппас,
көштік Табын,
Қыпшақ та көтерілді естіп даңқын.
Халайық Қарақұмға келдік тегіс,
Жаудан да хабар бар еміс-еміс.
Құрал жоқ, құр алақан,
мылтық сайман,
Сақтай көр, біз ғарыпты
құдай деңіз.
Жақындап қарсыласты екі хан да,
Құдайым қуат берсін мұсылманға.
Зеңбірек атқан доптан
шықты дауыс,
Бозала сүбе садақ атқан таңға.
Сол күні келген екен кезенген жау,
Сайланған «Қара үңгірден»
кете ханға.
Көп әскер бізге дейін дайын
болған екен,
Жолықтық сәске түсте үлкен шаңға.
Көшкен ел үйін тікпей мінді атқа,
Қараүңгірдегі алғашқы шайқасты Тәуекел былайша жырлайды:
– Астында ақ боз атым,
қолда қылыш,
Иықта оқшантай мен бес атарым.
Шарт түйіп ақтықпенен
маңдайымды,
Оқыдым ішімнен иманымды.
Көрінді сұр киімді шошақ
қалпақтылар,
Лек-лек боп келе жатыр
жасауылдар.
Асынған найзалы мылтықтары,
Әзірейлі нағыз жаналғыштар.
Түсті олар Қараүңгірдің
сай-саласына,
Біз тұрмыз шоқпар, сойыл
ұстап қолға.
Ұстастық осы кезде екі жақ боп,
Шіреніп ұрды олар қылышпен
оңды-солға.
Қасымда Дүйсенбайдың
Нұрбайы бар,
Бауырым палуан батыр
Мірәлім бар.
Сойылмен Нұрбай ұрды бір
қалпақтыны,
Қылышпен мен де ұрдым бір шошайбасты, – деп ұрыстың барысын баяндайды.
Осы ұрыста көтерілісші шаруалар жазалаушыларға соққы беріп бетін қайтарады. Кеңес өкіметі көтерілісшілерді көндіру мақсатында айла-тәсілдерге барады. Кешірім беретініне, талаптарын орындайтынына кепілдік алып, Әліби Жанкелдин бастаған комиссия Қарақұмға барып келіссөз жүргізеді. Олар өкіметтің қойған талаптарын орындап, қару-жарақтарын өткізді. Жұмағазы бастаған көтеріліс басшыларын «Қызылордада келіссөзді одан әрі жалғастырамыз» деп Қармақшыға алып келген жерде тұтқындап, Қызылорданың абақтысына жапқан. Кейіннен үштіктің бұйрығымен Жұмағазы Алматыда 1931 жылдың 16 сәуірінде, қалғандары Қызылорда маңында атылған. Басшыларынан айырылып қалған көтерілісшілер көпке дейін өз-өздеріне келе алмай жүрген.
Ұлтжанды Ертілеу, Бектілеу, Қауыш, Әбіштер, Мірәлі, тағы басқалардың бастауымен, Қожбанды хан сайлап, оның жанына топтаса бастайды. Алғашқы ұрыстан сабақ алған көтерілісшілер мылтықсыз соғыстың жеңіліс табатынын түсініп, оқ-дәрі, қару алудың жолын іздестіре бастайды. Осы мақсатта қолдағы алтын-күміс, білезік, сақина, тағы басқа бағалы заттарды сатып, қаржы жинайды. Еті тірі, пысық жігіттер Ташкент, тағы басқа қалаларға барып азды-көпті қаруға қол жеткізген.
Көтерілісшілер соңына ерген халықтың азып-тозып, жағдайы нашарлауына байланысты сол жылдың қысында Сырға жақындап паналауды ұйғарған. Осы сәтті пайдаланған жазалаушы қуғыншылардың қарулы күші көтерілісшілермен бетпе-бет кездесіп, Қожбан ханды тірілей қолға түсіріп, басқаларын да тұтқындаған. «Мойынқұмдағы Тәуекел Боранбайұлы, Мірәлі Раманқұлбаласы да қапыда қолға түскен. Тәуекел – қалың қасты, ірі қара кісі еді, палуан болатын, өзі ақын, өнерлі жан. Астында ірі ала атымен құмның ішіндегі қыстауға жақындай бергенде ұсталды. Бірқатар ауылдар, көпшілігі табынның жақаптары Мойынқұмды жайлаған болатын. Өйткені онда Тәуекелдің қыстауы, Дүйсенбайдың қыстауы сияқты мекендер болған еді. Мұнда Тәуекел Боранбайұлы шыңнан құлаған жыраның алдын бөгеп үлкен тоған жасаған, егін егіп, кәсіп қылған. Сол бөгеттің сілемдері әлі күнге дейін бар. Жауын аз жауса да, су тоғанға құйылады» делінген А.Тілеулиевтің «Қарақұм» кітабында. Сондай-ақ:
«Вагондардан ақ жиде, дамбал киген, қосарлап, үшеу-төртеуден байланған адамдарды түсіріп жатты. Бұлар – бүгін мойындарына өлім құрығы ілініп, жазаға кесілген кешегі Қарақұмның ерлері еді. Мұздай, суық, қырау үстімен жидешең айдап, сол үшін қазылған терең көрдің жиегіне теріс қаратып тұрғыза бастады. Іңір қараңғылығы қоюланып, көк жүзін бұлт бүркіп тұрса да ақ жиделі көтерілісшілер нысанаға тәуір ілінетін. Мірәлі мен Тәуекел бірге қосақталған еді. Бұл екеуін жіп емес, шынжырмен байлапты. Екі алып палуан көр жиегінде қатар тұрды.
– Уа, бауырларым, ақыреттік бауырларым, бекерге шуламаңдар, – деп айқайлады. Осы кезде Тәуекел Боранбайұлы: – Алланы ұмытпаңдар! Алла деңдер! Алла! Тәуекел мен Мірәлі өздері байлаған шынжырды сұрапыл күшпен үзіп жіберді. Мылтықтар гүрс-гүрс атылып, төңірекке оқ-дәрінің иісі тарады. Шұңқырға құлағандардың үстіне оқ тиген өлгендерін жайғастырып әскерилер жүр. Сүт пісірімдей уақытта жүз елудей адам шейіт болып, жандары ұшып көкке кетті. Жендеттер көр бетін көміп, жасыра бастады. Түн қараңғылығында қорқыраған, ыңыранған дауыстар естілді», – делінген.
Иә, осыдан тоқсан жыл бұрын қызыл империяның озбырлығына қарсы бас көтерген шаруалардың соңғы демі осылайша біткен еді. Мүсінде бейнеленген жазалаушы жендеттерді жалаң қолмен кеңірдектерінен алып жатқан Тәуекел, Мірәлі сияқты палуан ерлер ме екен деп ойға қалдым. Олардың рухтары бүгінгі тәуелсіз егеменді еліміздің ұрпақтарын желеп-жебеп жүргей!
Рысбай КӘРІМОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<