Баймахан қажы

1397

0

Ұлтымыздың әлімсақтан өз ділі, өз тілі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы бар. Ал, қазақ даласына ислам діні келгеннен соң ұлттық құндылықтарымыз одан әрі толығып, иманымыз күшейе түсті. Халқымыз  ақиқатты танып, ғылым мен білім дамыды. Сол уақыттарда ұлан – байтақ даладан ислам дінімен сусындаған көптеген білімдар, ділгер ғұламалар, әулие, ишандар, сопы-қажылар шықты. Алайда, солардың барлығы да «құдайсыз»  қоғамның құрбаны болды. Солардың бірі ХІХ ғасырдың аяғы мен  ХХ ғасырдың басында өмір сүрген Баймахан қажы Еркебайұлы болды.

Қазақ халқы тарихының қайбір қалтарыс, бұлтарысына үңілсек те ХХ ғасырдың 30 жылдары әкелген зұлматпен шендесер қасіретті табу қиын. Әйгілі «Ақтабан шұбырынды…» сыртқы жаудың басқыншылық шабуылының салдары болса, 30 жылдар ойраны қаскөйліктің, екі тізгін, бір шылбырын сталинизм ұстаған шікі социализмнің, голощекиншіл ұр-тоқпақтардың «асыра сілтеп», жасыра бүркеп жүріп, қолдан жасаған зобалаңдардың кесірі еді. Бұрын «Жайлауымды жау алды, қыстауымды қар алды» деп мұңайған қазақтың енді жайлауында жаны, қыстауында қаны шықты. Қара жолдың бойында шашылған сүйегі жинаусыз қалды. Бұл тарихымыздың «ақтаңдағы» емес  дамыл-дамыл еске алар, еске алған сайын бүгінді барлап, ертеңді ескертер, жазылуы қиын қара жара. Бұл мың миллион бейбақтар құрбан болған өткелсіз өткеніміздің құрдымы.

Кеңес үкіметінің қылышынан қан тамған атеистік идеологиясы «Дін- апиын» деп жалған ұрандатып, халықты  нақ жолынан тайдырып, ақ жолынан адастырды.Алланы аузына алғанда абақтыға жаптырды, исламды насихаттағанды дарға асты, шетінен атты. Иісі мұсылманның жолына қақпан құрды, аузына қақпақ қойды. Солай бола тұрса да ата дінін сатпаған,  салт-дәстүрін сақтаған бекзат болмысты, асыл текті аталарымыз ақиқат дінінен айныған жоқ.

Халқымыздың осы уақытқа дейінгі жүріп өткен жолының бұралаңы көп, азапқа толы. Әрісін айтпағанда, 1928 жылы жаппай  көмпескелеу кезінде миллиондаған адам көрші мемлекеттерге жан сауғалап босып кетсе, халқымыздың тең жарымы 1932 жылғы қолдан жасалған ашаршылықтың құрбаны болды. Соның артынша  Сталиндік репрессия басталып, ұлтшыл деген желеумен халқымыздың бетке ұстар азаматтарын отқа байлады. Сонымен қоса қатігездіктен  құйылған Сталиндік қанды қылыш бай – құлақ, ишан, молда, қажылардың да қылша мойынын аяусыз қырықты. Олардың отбасы мүшелері азапталып, қаншама жазықсыз жандар сотталды. Итжеккенге айдалып, көбі түрмелерде жазасын өтеу кезінде сол жақта қаза болды. Белгілі қоғам қайраткері Алдан Смайылдың дерегі бойынша 1921-1932 жылдары аралығындағы аштық пен қуғын – сүргін кезінде қазақ халқы 4 млн адамынан айырылған екен. Міне, осы аласапыран жылдары қазіргі Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, қазіргі Темірбек Жүргенов ауылында (бұрынғы Жаңаталап кеңшары) өмір сүрген әке – шешелеріміз де осы нәубеттен аман қалған жоқ. Сол зұлмат жылдардың жазықсыз құрбандары болған Қара Жүргенұлы, Темірбек Жүргенов, Ақмырза, Жеке батырлардың қатарында Баймахан қажы Еркебайұлы да  болды.

Біздің бүгінгі айтпағымыз ұзақ жылдар бойы «Халық жауы» атанып келіп, кеше ғана ақталып, халқымен қайта қауышқан Баймахан қажы Еркебайұлы туралы болмақ.Баймахан қажының туған жылы туралы екі түрлі мәлімет бар. Бірі Жалағаш ауданы, Мақпалкөл қазіргі Темірбек Жүргенов ауылының тұрғыны, ауыл ақсақалы Ысқақов Жұбатханның «менің әкем Ысқақ 1880 жылы туған, Баймахан ағам одан екі жас кіші болатын» деп айтуынша,1882 жылы туылды десек, Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігі Қызылорда облысының Ішкі Істер департаментінің Баймахан қажы туралы берген мұрағаттық анықтамасында 1874 жылы Қызылорда облысы,Қармақшы ауданына қарасты №16 ауылда, қазіргі Жалағаш ауданы, Темірбек Жүргенов ауылында дүниеге келген. Әкесі Еркебай да дін жолын ұстанған, айналасына шарапат шуағын шашқан кісі екен.Баймахан қажы ең бірінші ауыл молдасынан қара танып, ары қарай Ораз ахун, Шаймағанбет ахундарда оқып, білімін көтерген. Ол тәні де жаны да келісті, бірде – бір адамның көңілін қалдырмайтын, айтқаны дәл келетін әулие кісі болған. Баймахан қажы көптің алдына түсіп жорғалайтын,жігерсіз адамдар санатынан болмаған. Өзінің пікірі бар, ахундар мен ишандардан дәріс алып, араб, түрік, орыс, шағатай тілдерінде еркін сөйлеген. Біраз кісі өз ара «момын»  деген сөзге келісе алмай Баймахан қажыдан келіп сұраса, мырс етіп күліп «Момындық дегеніміз – ақымақтың кандидаты ғой» – дейді екен. Шежіре бойынша тарқатсақ, Еркебайдан Үрбибі, Баймахан, Саймахан туады. Үрбибіден Ыбырай, Ыбырайдан Әбсәпи, Патыма, Нәбира, Рабиғаш, Ұлболын, Қылышбек, Баймаханнан, Есқали, Мырзабек туады. Саймаханнан  Бакарамша туады.

Шариғат жолын ұстанған әкесінен жастайынан имани тәрбие алып өскен Баймахан да біреудің ала жібін аттамаған, пенде баласына қиянат жасамапты. Сонымен бірге ол екі иығына екі адам отырардай, кең жауырынды, палуан денелі,ұзын бойлы,ерекше күштің иесі де болыпты.

Кешегі қиын – қыстау заманда ағайынға қол ұшын созып, айналасындағы ғаріпқасер жандарға қамқорлық жасауы да Баймаханның жомарт пейілді, діндар адам болғанын айғақтай түседі. Тіпті сол аласапыран заманда қасиетті қала Меккеге үш мәрте қажылыққа барып мұсылмандық парызын өтеп, құдайға құлшылық қылуы да ол кісінің мұсылмандық сипатын айқындап, тақуалығын толықтыра түседі. Ол кісі жас кезінде Сыр бойы ахундарынан дәріс алған.

1932-33 жылдары Үрбибі апасынан туған Ыбырай деген жиенін Арқа жақта бала оқытып, молда болып жүрген жерінен ауылға алып келіп, заман талабына қарай білім алуға ықпал еткен. Баймахан қажы 1935 жылы ұсталып кетіп бара жатқанда Ыбырай жылап соңынан қалмапты. «Ақтікеннің» тұсына келгенде, « Інім үйге қайт, мен бұдан аман келемін, осыдан кейін де мені мына дүлей үкімет екі рет тұтқындайды, соңғысында қайтып келмеймін» дегені дәл келді. Қазалы түрмесінде Тұрмағанбет шайырмен бірге жатады. Бірақ қылмысы дәлелденбей босатылған. Екінші рет «Түркия тыңшысы» деген айып тағылып, Шымкент түрмесіне жабылған.  Абақтыда Қырғыз,Қарақалпақтармен сөйлескенде қасындағы кісілер сол ұлттың адамы деп ойлайды екен. Бұл жолы да қылмысы дәлелденбей, ауылға  келеді. Елге келсе ауылдас ағасы Жапбасбаев Әбілтай қатты ауырып төсек тартып жатады. Шешесі Баймахан қажыға барады. Сонда Баймахан қажы бір кесе сорпаға дем салып: «Балаң тәуір болады, алдында қара түнек келе жатыр, одан да аман қалады,бірақ, тұқымы болмайды» депті. Әбілтай аурудан тұрып, соғыстан аман келіп, Әбішов Халиланың қарындасы  Рахиламен отау құрады. Алайда, балалары болмайды. Көпшіліктің ортасында отырып болашақ жайлы сұрағандарға, қажы «Жарық бір жерден болады,суретті үйден көресің,адамның ажалы темір тасбақадан болады» – дейді екен. Тағы бір кісі бұл кеңес үкіметі қандай үкімет деп сұраса: «Бұл өкімет – нағыз халықтың өкіметі, дүние жүзі мойындайтын өкімет болады, бірақ өмірі қысқа болады. 53 жылдан кейін құлайды, себебі,өкімет құдайға, дінге  қарсы, ал дін дегеніміз – Адам ата мен Хауа ананың ұрпағына нәсіп етіп аманаттаған Аллаһтың бұйрығы» – дейді. Міне, бұл жолдардан біз Баймахан қажының тегін адам болмағанын аңғарамыз.

Ел азаматы Жағыпар Нұржанов Баймахан әкеміздің қажылықтарының бірінде Жәрімбет Сарықасқа Шоқай қажымен сапарлас болғаны жайындағы бір әңгімені айтып беріп еді. Ол кезде бүгінгідей ұшаққа отырып, көзді ашып- жұмғанша межелі жеріңе топ ете қалу түске де кірмейді. Қажылыққа ниет қылғандар жыл бұрын жан – жақты дайындалып, отбасымен, ағайын – туысымен, ауыл – аймағымен қоштасып, түйенің қомында, жылқының жалында айлап, жылдап жол азабын тарта жүріп Меккеге әрең жететін болған. Ал  ондай ұзақ жолда түрлі оқиғалар болатыны белгілі. Баймахан мен Шоқай әкеміздің Меккеге бір сапарында қайғылы жайттар орын алмағанымен, алайда, қажылықтан қайтардағы бір оқиғаны Баймахан әкеміз көпке дейін айтып күліп жүріпті. Шоқай әкеміз орта бойлы, шағын денелі кісі болса керек. Баймахан екеуі түйедей құрдас екен. Ол кезде қажылыққа бет алғандар Түркияға дейін ат – көліктермен барады екен де сол жердегі порттан кемеге отырып әрі қарай Қара теңіз арқылы діттеген жеріне жетеді. Сонымен Баймахан мен Шоқай қажылықтарын өтеп елге қайтады. Әдеттегідей Түркияға дейін жермен жетіп, бері қарай кемеге  мінеді. Уақыты болғанда порттағы жолаушылар кемесі өңешін созып белгі беріп, орнынан қозғалады. Бұлар әлдеқандай себептермен портқа кешігіп жетеді.Кеме жағалаудан қозғалып барады. Екеуі траптың үстінде дағдарып тұрып қалады. Баймахан әкеміздің ұзын бойлы адам болғанын жоғарыда айтып өттік. Бірнеше секундтардан кейін Баймахан шешім қабылдайды. Орта бойлы адамның аяғы қалай ұзын болсын, Шоқайдың сирақтары траппен кеменің арасын жалғай алмайтынын біледі. Құдай жолында құлшылық етіп келе жатқанда сапарлас жолдасын жат елге қалдырып кетуге болмайды, тәуекел етіп, Шоқайды қапсыра құшақтап көтеріп алып кемеге секіреді. Абырой болғанда кемеге аяғы ілінеді. Кейін елге келген соң Баймахан: «мен болмағанда сен жат жерде қалатын едің» деп Шоқайға тиісіп қалжыңдап жүреді екен. Осы кішкене ғана езу тартар эпизодтар Баймахан қажының жолдасын жолға тастамайтын адамдығын, имандылығын және сұрапыл күштің иесі екенін аңғаруға болады.

Баймахан қажының тағы бір көріпкелдік қасиеті жайында аудан тұрғыны, ардагер Алмұратов Қартаңбай ағамыз әкесінен естіген әңгімесін былай деп еске алады: «Менің әке шешем де сол №16 ауылдың байырғы тұрғындары. Ел басына күн туған ашаршылық жылдары Өзбекстанға үдере көшеді. Жығылғанға жұдырық, ол жаққа барған  соң шешек тиіп төрт баласы бірден қайтыс болады. Әке шешем төрт – бес жылдан соң елге оралады. 1937жылы олар Қызылорда қаласының қасындағы Қарауылтөбе елді мекенінде Леспай деген немере ағайынның үйінде отырғанда Баймахан қажымен жолығады. Әкем Алмұрат бір ауылда туып – өскен замандас ағасын көргенде көңілі босап, замана желімен Өзбекстанға көшіп барған соң, төрт баласынан бірдей айырылып, соқа бастары қалғанын және жат жерде жүріп басқа да бастарынан өткізген қиындықтарын ауыр күрсініспен айтып береді. Сонда Баймахан қажы: «Айналайын, Алмұрат, қайғыларыңа ортақпын, заманның желі , тағдырдың тауқыметі ғой сендерді ол жаққа айдап барған. Алла басқа салғанын пендесі көтермекке лаж жоқ. Алайда, таусыла бермеңдер, ұрпақсыз қалмайсыңдар, Алла бұйыртса келін әлі екі рет бесік тербетеді, бір ұл, бір қыздарың болады» депті. Айтқанындай көп ұзамай әкем мен шешем екі перзентті болады. Бірі – менің апам Үміткүл, екіншісі – мен», дейді Қартаңбай Алмұратов. Бұдан бөлек елдегі Кемелов Өміртай, Сариев Кеңесбай, Абылаев Бексемет сынды ақсақал ағаларымыз да Баймахан қажының текті адам болғанын айтады.

Баймаханның алдын болжайтын көрген – көріпкелдігі де болады. Баймахан ұсталып бара жатқанда Әбіш деген туысқан інісінің әйелі Балажанның аяғы ауыр болады. Қажы атамыз келінінің аман – есен босанып, ұл туатынын алайда, өмірі ұзақ болмайтынын айтып кетіпті. Айтқаны келіп, көп өтпей келіні ер баланы дүниеге әкеліпті. Ол бала азамат болған шағында қайтыс болыпты. Сонымен бірге Баймахан қажы сол алмағайып кезеңдердің өзінде – ақ қоғам өзгеріп, тоқшылық жайлаған мамыражай тыныш өмір болатынын және ол қоғамда араға ғасыр салып өзгеріп, қазақтың басына азаттық орнайтынын, техниканың дамитынын да болжаған деседі.

Дінді насихаттағаны үшін Қызыл үкіметтің қанды қасап жендеттері Баймаханның соңына шам алып түседі. «Аңдыған жау алмай тынбайды», халыққа дін таратып, уағызға ұйытты деген желеумен 1930 жылы қамауға алып, Қазалы қаласындағы түрмеге жабады. Алайда, ол амалын тауып абақтыдан қашып шығады. Одан соң ауылға баруға болмайды, ауылға барса, ағайынға да зиянын тигізеді, өз басына да қауіп төнеді. 1937 жылы НКВД мазалай бергеннен кейін Баймахан қажы Қарақұмдағы Ақмырзаның көтерілісшілеріне барып қосылған. Көтерілісті басып, жаппай жазалау кезінде 1937 жылы 27 қазанда қайтадан қолға түсіп, Оңтүстік Қазақстан облысындағы атақты «үштіктің» үкімімен 1937 жылдың 28 қарашасында ату жазасына кесілген. Сол жылдың 19 желтоқсанында атылады. Қай жерге көмілгені белгісіз, ауыз екі әңгіме бойынша үш жер айтылады: Қызылорда қаласындағы «Арай» мөлтекауданында, «Қарауылтөбеде» және қала ортасындағы «Әл-Асад» дүкенінің аумағы.Баймахан қажының қай жерде атылғаны туралы ауыл ақсақалы Ысқақов Жұбатханның айтуынша Қызылорда қаласының қазіргі «Арай» мөлтекауданында орналасқан сталиндік репрессия құрбандарына арналып қойылған монументтің орны болып отыр. Ол кісі былай деп еске алады: « 1965 жылы  Омық мақсұмның үйіне барып қонақ болдым. Сол жерде атам қазақтың дәстүтімен қонақасы жеп отырғанымызда үйге бір еңгезердей ірі келген кісі кіріп келді. Ол кісінің жүзі жабырқаулы, көзі мұңға толы, түр әлпеті өте шаршаңқы, киімі де жұтаң, көптен демалмағаны да аңғарылады. Біз танымағанмен сырттан келген кісіге ишарат білдірдік. Біздің состиған түрімізді көрген ол адам үй егесіне «әй, Омық тәкәппарланып кетіпсің ғой» дегенде, үй егесі ұшып түрегеліп, басын иіп, құлдық ұрып «төрлетіңіз, айып етпеңіз, төрлетіңіз» деп қайталай берді. Ас су ішіп, ішіне ел қонған соң, жөн сұратпай-ақ  әңгімесін былай деп тарқата берді: «1937 жылы желтоқсан айының 19-ы болатын.Тоғыз адамды абақтыдан шығарып оншақты солдат қоршап Қызылордаға жақын жерге шеңгелдің арасына әкелді. Қолымызға күрек берді де қазуды бұйырды. Әл жоқ, дәрмен жоқ. Не екенін білеміз бе, баяу қазып жаттық. Сол кезде арамыздан Баймахан қажы дұрыстап кеңдеу етіп қазыңдар, өздеріңнің жататын жерлерің ғой дегенде біз де бірдеңені сезіп едік. Содан әліміз келгенше қаздық. Әрі қарай белгілі гой. Қазған шұңқырларымыздың тұстарына қаз қатар тұрғызды да ата жөнелді. Бәрі оқ тиіп шұңқырға құлай түсті. Маған оқ дарымады. Қайта атты. Дарымады. Олар таңқалысты. Мені көлікпен қайта алып қайтты. Қамап тастады. Бірақ түрменің есігін қанша құлыптаса да ашылып кете берді. Мен дәретімді алып, жата бердім. Бірнеше күннен кейін шығырып жіберді. Содан мен ел асып жүріп жан сақтадым. Елді сағындым. Сұрай отырып келіп отырмын» деді. Баймахан қажы деген сөзін ағам болған соң қайта тәтпіштеңкіреп қайта сұрадым. Шынымен де сол кісіның дәл өзі екен. Атылғанын, дәл жатқан жерін куәгердің өз ауызынан естуім осылай болды» деп Жұбатхан әке еске алды.

Баймахан қажының ұрпақтары Шалабайқызы Зағирадан тараған Бақтыгүл, Есқали, Шекер, Мырзабек секілді ұрпақтары бар және олардан туған балалар бүгінде арамызда бар. Қажының шаңырағында екінші алған әйелі Сағырқызы Салиха әже қалды. Ол да 1975 жылы қайтыс болды. Ұлы Есқали 1942 жылы 19 жасында Жалағаш аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанып, содан оралмаған. 139ГвАП, 46ГвАД құрамында қатардағы жауынгер – атқыш ретінде соғысқа қатысып, 1943жылы 9 желтоқсанда ерлікпен қаза табады. Арманда кеткен асыл ерге туған жерінің топырағы бұйырмай, Калинин обылысы, Невельск ауданы, Торгилова деревнясына жерленеді. Баймахан қажының ұрпағы Мырзабек  51 жасында 1997жылы науқастанып дүниеден өтті.Баласы Мәди қазірде Нұр-Сұлтан қаласында тұрып жатыр. Салиха әже мен Мырзабекті ауыл қажының баласы мен кемпірі деп қатты құрметтейтін.Қызы Шекер Ағарық, қазіргі Есет батыр ауылында ұзақ жылдар ұстаздық еткен. Елге сыйлы еңбек және тыл ардагері.Бақытты ана. Бірақ Шекер әжеміз нағашысы Нұртаза тегін иеленді. Дүниеден өткенде ғана «Баймаханқызы» болғанын ауылдастары айтады. Ұрпақтары анамыз өзінің ата-анасы туралы ешқашан әңгіме етпейтін. Тек өзін тәрбиелеген нағашысы туралы ғана айтатын дейді. Амал қанша, айтпаса да түсінікті емес пе!?

1989 жылы 16 қаңтарда СССР Жоғарғы советінің «30-40 жылдарда және 50 жылдардың басында репрессия құрбандарын ақтауды жүзеге асырудың қосымша шаралары туралы» Жарлығына сәйкес Баймахан қажы Еркебайұлы Қызылорда облысы прокуратурасының шешімімен 1989 жылы 22 мамырда ақталады.

Тоталитарлық режимнің қылмыстарын әшкерелеу бүгінгі күннің зәру қажеттілігі. Қазақстан Республикасы Президентінің «1997 жылды жалпыұлттық келісім мен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы етіп жариялау туралы» Жарлығы осыған шақырады. Оны іске асыру тарихи әділдікті толығымен қалпына келтіруге, демек, республикада қоғамдық-саяси тұрақтылықты нығайтуға сеп болары анық.

Тәуелсіздіктің бізге сыйлаған тартуларының бірі – өлгенімізді тірілтті, өшкенімізді қайта жақты. Біздің бүгінгі міндетіміз – кешегі сол аласапыран заманда халықты бірлікке шақырып, еліне қорған болса да Қызыл Үкіметтің қудалануымен «Халық жауы» аталып, жазықсыз жапа шеккен аяулы азаматтардың өнегелі өмірін жарыққа шығарып, оны келер ұрпаққа үлгі ету.

Жалағаш ауданы әкімінің өкімімен  Жалағаш кентінде орналасқан қуғын – сүргін құрбандарына арналған «Халқымен қайта қауышқандар» ескерткіш-тақтасына  Баймахан қажы Еркебайұлының есімінің жазылуына да мұрындық болған ұрпақтары Табынбай Ахметов, Бексемет Тойқожаұлы секілді азаматтардың еңбегі зор. Сондықтан да өзінің қарапайым ғана тақуа өмірімен өз заманында иманның тәртібімен елге сыйлы болған, қанқұйлы сталиндік зорлық пен зомбылықтың, репрессияның құрбаны, адал ұрпақты тәрбиелеген Баймахан қажы бабамның өмірі мен үшін де, келер ұрапақ үшін де өнеге.

Әділ Ибраев,

Жалағаш ауданы, Темірбек Жүргенов ауылы,

Әбдікәрім Оңалбаев атындағы №117 орта мектебінің тарих пәні мұғалімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<