Өткен жыл бірқатар қоғамдық-саяси басылымдар үшін мерейлі белес болып, тарих парағына басылды. Айталық, еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстан» басылымы 100 жылдық тарихын тойлады. Ғасыр жасаған «Егемен Қазақстанның» алғашқы саны 1919 жылы 17 желтоқсанда Орынборда жарық көрген «Ұшқын» газетінен басталатынын білеміз. Одан кейін басылым атауы бірнеше рет өзгеріп, «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ», «Еңбекшіл қазақ», 1932 жылы «Социалды қазақ» деген атпен шықты. Ал 1937 жылы «Социалистік Қазақстан» болып өзгерілді де, осы атпен жарты ғасырдан астам жарық көрді.
Ел тәуелсіздігін алған 1991 жылы басылымның аты «Егеменді Қазақстан» болып өзгерді. Бұл кезде оның бас редакторы белгілі жазушы, публицист Шерхан Мұртаза еді. Ал 1993 жылдан бас редактор Әбіш Кекілбаевтың ұсынысымен басылым атауы «Егемен Қазақстан» болды. Осы атпен газет 23 жылдан бері шығып келеді.
Аймақ тарихында айрықша орны бар «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» басылымдары осы жылы 90 жылдық мерейтойын атап өтті. Жыл бойына басылымның өткені мен бүгінінен сыр шертетін мақалалар, қаламгерлер өмірі жайлы сыр-сұхбаттар жарияланып отырды.
Қос басылымның 90 жылдық мерейтойы аясында өткен «Заманауи медиа кеңістіктегі аймақтық баспасөздің маңызы мен рөлі» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияда басылымдар тарихындағы тың дүниелер қозғалып, талант иелерінің еңбегі терең насихатталды. Аймақтың белгілі ғалымдары мен журналистика саласының қайраткерлері басылымдар тарихынан мазмұнды да маңызды ойларын ортаға салды.
Жазба ақындары арасында «Атыңнан айналайын, атамекен!» тақырыбында туған өлкемен бірге жасасып келе жатқан «Сыр бойы» басылымы тарихын арқау еткен жыр бәйгесі, сондай-ақ, өмірі аңыз ақын Әділ Ботпановты еске алуға арналған «Мені өлді деген сөздер – ертегі» атты жыр мүшәйрасы өтті. Сондай-ақ, «Сыр медиа» серіктестігі ардагерлері мен жастарының арасында спорттық шаралар ұйымдастырылды.
Қырық мыңға жуық халқы бар Жалағаш ауданының арғы-бергі тарихын түгендеген аудандық басылымның жарыққа шыққанына биыл 85 жыл толды. Сонау 1934 жылы «Колхозшы» деген үнпарақтан бастау алып, одан кейін «Күрішшілер», «Коммунизм үшін», «Коммунизм шамшырағы», «Жаңадария», бүгінде «Жалағаш жаршысы» атауымен тұрақты шығып келе жатқан қоғамдық-саяси басылым әр кезеңнің талабына сай шығармашылықпен еңбек етіп, қалың бұқараның қалтқысыз құрметіне бөлене білді.
Шиеліде Ә.Тәжібаевтың 110 жылдығы мен «Өскен өңір» газетінің 80 жылдығы бірге аталып өтті. Ақын мерейтойына арналған арналған жыр мүшәйрасы, аудандық басылымның тарихы түзілген «Өскен өңір-80» кітабының тұсауы кесіліп, тақырыпқа сай ғылыми-танымдық конференцияда газеттің өткені мен бүгіні, алдағы басым бағыттары туралы мәселелер тұжырымдалды.
Бір сөзбен айтқанда, қоғам, ел өміріндегі жауапты міндетті арқалап жүрген бұқаралық ақпарат құралдары жаңа медиа кеңістіктің талабына сай табанды еңбегімен табысқа жетіп келеді.
Ғазиза Әбілда
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<