Бүгін фотожурналист, Қазақстанның құрметті журналисі Болат Омарәлиев туралы «Қоғалыкөлдің Құлагері» атты кітап жарыққа шықты. Оның тұсаукесер рәсіміне автор, журналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері Тілеген Бекарыстанов, облыстық мәслихат депутаты, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев, серіктестік баспаханасының директоры Бақыт Қаюмов, «ASU» баспа үйі» ЖШС директоры Қасымхан Қыдырбаев, басты кейіпкердің бауырлары мен әріптестері қатысты.
Серіктестік басшысы, Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы А.Сақыпұлы жиналғандарды алдымен Ораза айт мерекесімен құттықтап, отбасыларына амандық, елімізге тыныштық тіледі.
– Болат ағамыз да, Тілеген ағамыз да – өмір жолдары күрделі әрі көпке өнеге боларлық жандар. Қос азамат бүгін «Тұмар» баспасының жаңа жобасының алғашқы авторы және кейіпкері ретінде төрімізде отыр. Кітап баспа тарапының демеушілігімен жарыққа шықты. Бұл жоба арқылы оқылымды кітап пен оқырман арасын жақындату мәселесі шешілсе деген ойымыз бар. Алдағы уақытта игі дәстүр жалғасын таппақ. Біз кітап шығару арқылы кітап бизнесін дамытудан бөлек, оқырманды тәрбиелеп, қалыптастыруға үлес қосқымыз келеді, – деді ол.
Баспа нарығында ширек ғасырлық тарихы бар «Тұмар» баспасының соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталуы кітап өндірісін дамытуға мүмкіндік береді. Онда жарық көрген «Қоғалыкөлдің Құлагері» кітабы Болат ағаның балалық шағынан бастап осы күнге дейінгі өмірі және еңбек жолынан сыр шертеді.
– Бала күнімнен сурет салуға құмар болдым. Мені фотоөнерге алып келген осы құмарлығым болса керек. Алғашқы фотоэтюдім он бес жасымда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарияланды, – деді Б.Омарәлиев.
Сырдария ауданындағы Қоғалыкөл ауылының тумасы 1969 жылдан бастап аталған басылымда еңбек етіп, 2014 жылы ғана зейнеткерлікке шықты. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» газеттері ұйымдастырған фотоконкурстардың лауреаты. Ресей, Польша, Украинада фотокөрмелері өтті. Ресейдің «Известия» газетінде, «Советсвкое фото» журналында шығармашылық ізденістері жарияланды. 1989 жылы Мәскеуде өткен фототілшілер съезіне Қазақстан атынан қатысты. Еңбектері жиырмаға жуық кітапта көрініс тапты.
Тұсаукесер рәсімінде Болат ағаның бауырлары мен әріптестері ол кісімен аралас-құраластығы туралы айтты.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<