Біздің бақыт немесе жетпістегі жігітке мінездеме

5

0

Жемісті жетпіске жету де – бір бақыт. Бұл жастағы адамдардың сөзінен де, өзінен де шапағат сезіліп тұрады. Олар – пәндәуи тірліктен биік, ақыл-парасаттың алтын тә­жін киген «патшалар».

Бұл жандардың ондай қасиетін жақын болған жандар жақсы сезінеді.

Біздің Бақыт деп отырғанымыз – баспа ісі саласының ардагері Бақыт Кайымов.

Бақытжан Әлібекұлы Қаймов 1956 жыл­дың 17 қаңтарында Қармақшы ауданында дүниеге келген.

Әкесі Әлібек Отан соғысының ардагері, бейбіт өмірде тәртіп сақшысы болып, ми­лиция сапында Қазалы, Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімдерінде жауапты қызметтер атқарды.

Әлібек әке мен Бибайша ана Бақытжан, Сайлау, Әубәкір, Қайрат, Орынбасар атты бес ұлды тәрбиелеп, қатарға қосты.

Бес ұл да еңбекшіл, елшіл, ағайынға адал, айналасына сыйлы азаматтарға айналды. Солардың ішінде біз үшін де, жұрт үшін де «сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» дегендей, Бақыт басқалардан еректеу болды.

Әлібек соғысқа аттағанда мектепте онын­шы оқып жүр екен. Анасы «баламның белі бесіктен шыққан жоқ» деп жылапты. Сонда әкесі Қайым: «Балаңның Отан қорғауға жараған батыр болғанына қуанбайсың ба?», – депті.

Не деген қайсарлық, не деген қайрау! Сол Әлібек шынында батырларша алысып, Германиядан кейін Жапон соғысының жа­лынын кешіп, әкесінің рухты сөзімен елге аман оралған.

Осындай тәрбиеден шыққан әкенің ба­лалары осал бола ма?!   

Еңбек жолын 1976 жылы облыстық «По­лиграфиздат» мекемесінде бастаған Бақыт Қа­йымовтың осы салада еңбек еткеніне биыл елу жыл толыпты! Сол кезде Дон Ни­колай деген кісі бастық екен, сол кісінің жұмысқа қабылдағаны есінде. Бақыт осы облыстық мекеменің №12 баспаханасына қатардағы бас­пагер болып орналасқан. Ша­малы өткен соң Құланбай Сариев бастық болып келді. Адамшыл, адал жан болатын, жұмысқа да талабы күшті.

Баспаханада «3-АГА» деген машина бо­латын. Бақыттың жұмысы осы құрылғының қасында. Олово, свинец, сурьма деген қор­ға­сындарды ерітіп, оны қалыпқа құйып, әріпке айналдыратын өткен ғасырдың жұмысы қара тердің күшімен атқарылды. Әр заманның өз қиындығы бар. Бұл баяғымен салыстырғанда оңайлау болғанымен бүгінгінің қасында ар­қаға тас артқандай еңбек еді. Жазудың жа­байы пиктографиялық түрі адамдарға оң­тайлы қызмет ете алмады. Бұдан алты жүз жыл бұрын өмір сүрген өнертапқыш Иоганн Гу­тенбергке рахмет, баспа саласының құ­рыл­ғыларын ойлап тапқан сол. Әйтсе де қазіргі жетістікпен сол сорлы өнертапқышқа аяй қа­раймыз.

Бақыттың уақыт кезеңі де бар жұмысты қол күшіне салды.

ПРГ, ПВГ деген ленотив машинада Ал­ла Ивановна, Нұрзипа, Нәрипа, Қадиша апай­лар сарт-сарт еткізіп, қорғасынмен әріп теріп отыратын. Апай дейміз, олар да сол кезде жас қыз-келіншектер. Сол терім­ді құймаға айналдыру үшін темір пуан­сон­ды жұмсақ көнбіс метал мысқа таңба түсе­тіндей етіп үстінен 400 атмесфера қы­сым­­мен басады, сонда матрица шығады. Мат­рица таңба түскен соң ойық болып, сол ойыққа қорғасын мен қалайының құй­масы түседі. Матрицадан «полоса» де­ген жартылай цилиндр жасалады, оның сал­мағы 20 келідей. Қазіргі баспаханадағы осы цилиндрдің салмағы 200 грамм екен. Бұ­рынғы кездегі жұмыстың ауырлығын осы салмақпен де салыстырып білуге болады.

Бақыт айтқан бір ауырлықты мысал ете кетейін. «Бір күні «3-АГА» деген ма­шинадан 3 тонна қорғасын жерге төгіліп ке­тіпті. Оны ыстық күйінде жинап ала ал­майсың, қатқанын күтіп, сосын ломменен ойып, оны қайта ерітіп, бес-алты сағат уақыт арпалыстық. Ал газет ешкімді күтпейді, ол әр күні азанда әр жазылымшының үйінде жату керек. Сөйтіп, түнімен жұмыс істеп, таң атырып, үйге қайтпай, ертеңгі жұмысты жалғастырдық». «Е-е, қазіргі біздің жұмыс сағат онға дейін созылды дегеніміз астам­шы­лық екен ғой», – дедім мен, мына әң­гімені естіп. 

Бақыт өткен күндерді еске түсіргенде баспаханадағы осы жұмыстардың тарсыл­даған үні құлаққа келеді. Ол құрылғылардың қасында тұрып екі адам айқайласып сөй­леспесе бір-бірін естімейді. Қазір сыбыр­ла­сып тұра бересіз.

Бақыт баспаханада жүріп қанша жақ­сылармен әріптес, сыйлас болды. Бүркітбаев, Елдесбек Сәдібеков, Сүйіндіков, Евгений Хан, Сейіл Боранбаев, Болат Қар­ғабаев… осы кісілердің бәрі облыстық «По­лиграф­издатты», баспахана ісін бас­қарды. Шах­маран Исмай­лов, Ернар Тағы­баев сынды осы са­ланың мамандығын Мәс­кеуден оқып алған білгір баспагерлер де жұмыс істеді.   

Баспахана жұмысы редакциямен тығыз байланысты, бірі астыңғы, бірі үстіңгі жақ сүйегіндей, екеуі бірге қимылдаса ғана тамақ жейді.

«Жейді» дегеннен еске түседі, сол кез­де тілшілер газетті мақалаларға қалай тол­тырып, жазу материалдарын қалай үл­герт­кен? Газет күн сайын шығады, күн са­йын жур­налистерді «жеп» жатады.

Редакцияға кіргенде Шора Ералиев, Құр­манғали Ажаров, Мырқы Исаев, Нұр­пейіс Байғараев, Шайзада Рахметбеков, Қа­йыр Қорасани, Ақберген Ержан сынды үл­кен кісілер таудай болып отыратын. Бала Бақыттар газетшілер кеңсесіне именіп кіре­тін. Шынында, сол кісілер тау тұлғалы еді, газет «жеп» таусатындай дене емес. Сол тауларды уақыт уатып, аласартты.

Үлкен кісілердің жылы сөзін естісе жел­пініп қалатын жастық-ай. Есіктен имене енетін Бақытқа редактор Қалқабай Әбенов «Әй, сарбала…» деп көңіл бұратын. Еңбегіне риза болғаны, бәлкім еркелеткені… Бүгін сол сөзді айтатын біреу жоқ.    

Иә, уақыт барлық тауларды уатып тас­тайды, ол ешкімге бағынбай өз жолымен маң-маң басып кете береді.

Осылайша, баспаханадағы жылдар жыл­жып өтті. Әркім әр жаққа кетті. Бақыт осы саланың қызметінен ешқайда бұрылмады. 2005-2008 жылдары ғана сәл өзгеріс болды. Онда да баспа саласында қалды, «Aral Print House Сервис» ЖШС-да баспагер, технолог және директордың міндетін атқа­рушы бо­лып тек жұмыс орны ауысты

2010 жылы «Сыр медиа» ШЖҚ МКК мекемесі құрылды. Ол 2013 жылы серік­тестікке айналып қалалық, аудандық га­зеттерді бір орталыққа топтады. Әуелі за­манауи баспахана ғимаратын салып, оған «Cityline» маркалы индиялық баспақондыр­ғы орнатылды. Осы типографияның салынуы мен оған шетелдік қондырғының келуі «Сыр медианың» сол кездегі басшысы, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаевтың тікелей еңбегі.

Сағатына 35 мың тиражбен кез келген пішіндегі газетті басып шығара алатын мұн­дай технология басқа облыстардың ешбі­рінде жоқ еді. 

Жаңа баспахана ашылғанда басшылық оған Бақыт Қайымовты директор етіп бе­кітті. Бақыт бұл саланың арнайы оқуын бітірмесе де, өмір мектебінен мол тәжірибе жинаған білгір маманға айналған еді. Со­нымен бірге оның өндірістік үдерістерді тиім­ді басқаруы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында баспахананың тұ­рақ­ты жұмыс істеп, өзге өңірлердің де газет­терінің басылуына қол жеткізілді. Қазірдің өзінде осы баспаханадан Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жезқазған облыстарының бірнеше газеті басылып отыр.

Ежелгі римдік билеуші Цезарь «Бардым, көрдім, жеңдім» деген бір ауыз сөзімен бір соғыстың тарихын баян етіпті. Бұл енді мақала ғой, бір адамның бейнесін екі ауыз сөзбен жасау журналистің ең қиналатын тұсы. 

Айтып-айтпай не керек, біздің Бақыт та жетпіске келіпті.

Үнемі күліп, әзілдеп, көңілді жүретін адамдар болады. Сірә, олар «сен өмірге күліп қарасаң, өмір де саған күліп қарайды» деген тәмсілді берік ұстанған. Біз көп күйгелектенеміз, ит үрсе де бар ашуымызды төгеміз, ал, ит үрмегенде қайтеді, сөйлей алмайды ғой. Сабырлы, байыпты, біреудің жоғына өзінің барын салатын, көңілмен кө­ңіл суарып көптің ішінде дара жүретін жан­дар көп пе?! Осы мінездеме – Бақытқа дөп.

Мен өзім Бақыттың осындай қасиеттерін ұнатам. Інісі болсам да досындай сөйлесем, сірә, осындай жандар қарттыққа да бейім емес-ау. Болмыс-бітіміне қарасаң алпыстан аспаған, жан дүниесі одан да жас.

Асыл жары Айгүл апай екеуі Әсел, Асыл есімді күміс қасықтай екі қыз тәрбиелеп өсірді. Олар да өз шаңырақтарын көтеріп, ата-анадан алған тәліммен шаттықты өмір сүріп жатыр.

Бақыт әлі баспаханада қызмет етіп жүр, «ASU» баспа үйінде өндіріс меңгерушісі. Ширақ, әбжіл, сергек, сенімді, адал. Жара­тушым «жетпістегі жігітті» осы күйінен айырмасын деп тілейміз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»