Фототілші Болат Омарәлиев түсірген бұл суретте әнші-термеші, Нартай мектебінің өкілі Әбіләш Әбуов өзін қаумалаған өнерпаздардың ортасында сахнада ән шырқап отыр. Жасынан өнерге бейім болған ол есейе келе әсіресе, халық әндерін шебер орындаушыға айналды.
Өнерпаз жігіт жас кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге Украинаның Днепродзержинск қаласында білім алған. Қазақ жігіттерінің туған жерге, өскен ауылға, ағайынға, елге деген сағынышын әнмен тербеген. Елбасы «Өмір өткелдері» кітабында «…Ән демекші, біздің арамызда нағыз әншілер де болды. Қызылорданың Шиелісінен Әбіләш Әбуов деген жігіт бар еді. «Нартай» дейтінмін мен оны. Дауысы сондай ашық, мөлдір, таза. Еркін айтады. Нағыз консерваторияда оқитын-ақ жігіт. Өз арамызда домбырамен ән шырқаса да, жұрт алдына шығуға ұялады. Сол Әбіләшті мен біраз жерге сүйредім. Училищедегі көркемөнерпаздар байқауына қатыстырып ем, бірінші орынды жұлып алды. Содан енді қояр да қоймай теледидарға апардым. Қазақ әнінің сұлулығын танытып берді» деп еске алған.
Әбіләш Әбуов қазақ даласындағы Сыр, Арқа, Жетісу мектептерінің мақамдарын меңгерген өнерпаз еді. Дәстүрлі әндерді алғашқы қалпынан айнытпай, тыңдаушысын тәнті етіп шырқайтын. Орындаушылық шеберлігімен, айрықша қабілетімен, құймақұлақ зеректігімен ел есінде қалған өнер иесінің шығармашылығы туралы толымды зерттеу керек-ақ. Өйткені Алты Алашқа ән оздырған әнші-термешінің өнер әлемінде қалдырған ізі әлі де сайрап жатыр.
«СБ» руханият.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<