Бояулар сыр шерткенде

1678

0

Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, суретші-кескіндемешілер Баймағамбет Есіркепов пен Аралбай Ордабаевты еске алуға арналған шығармашылық көрме өтті. Іс-шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы ұйымдастырды.

Қылқалам шеберлерінің туындысын тамашалауға зиялы қауым өкілдері, өнер иелерінің туыстары, мәдениет саласының қызметкерлері,  студенттер қатысты. Көрмені облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев пен  Қазақстан Суретшілер одағы облыстық филиалының төрағасы Аманкелді Кененбаев ашты.

− Халқымыз «Жақсы салынған суретте, көп сөздің түйіні бар» немесе «Жүз рет естігенше, бір рет көзбен көрген абзал» деп сурет өнерінің маңызына үлкен баға берген. Рухани өмірімізге көрік берер құдіретті өнер бүгінгіміз бен ертеңімізді нұрландыра түседі. Өнер иелерінің қайталанбас жұмыстары уақыт көшінен қалмай,  мәңгі өшпес құндылықтар ретінде сақталып қала жұртшылығы мен қонақтарына эстетикалық тұрғыда рухани әсер сыйлайтыны сөзсіз. Қылқалам шеберлері Баймағамбет Есіркепов пен Аралбай Ордабаевтың туындыларының кейінгі ұрпақ үшін құндылығы жоғары, − деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры С.Көзейбаев.

Көрмеге Баймағанбет Есіркеповтің ұрпақтарының қолында сақтаулы тұрған туындылары мен С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы қорындағы Аралбай Ордабаевтың 50-ге жуық еңбегі қойылды. Жиналғандарды картиналармен осы галереяның суретшісі Батырбек Назаров таныстырды.

Баймағамбет Есіркепов − суретші, «Құрмет белгісі» орденінің иегері. Талант иесі шығармаларында түйсігі арқылы сезінген өмір құбылыстарын көркем бейнелеген. Қылқалам шебері жазған суреттердің тақырыптары әр алуан болғанын картиналарынан көріп, көз жеткіздік. Әрбір туындысынан қазақтың көне тарихы, философиялық ой есіп тұр. Көрмені аралап туындылардың эмоционалды сезімдерге толы екенін аңғардық. Автордың жұмыстарының басым бөлігі қарбалас тіршілік үстіндегі қазақ әйелінің образын суреттейді. Әсіресе «Арал аналары», «Ана» картиналары ерекше ой салды. Мәселен, ошақ түбінде жүн түтіп отырған қазақ әйелінің бейнесі. Ананың бүгінгі баянды бейнеті, тұңғиық ойға батқаны, ертеңгі күнге  деген зор үміті, шексіз махаббаты мен жан сұлулығы сезіледі. Әйел образының даралығы назар аудартады, ал нәзік те тұнық бояулары бұл бейнені сөйлетіп тұр. «Арал аналары» картинасында теңіз суы тартылып бара жатса да, жағалауда әжесінің немересін бесікке қалай салуды келініне көрсетіп жатқан сәті көрініс тапқан. Ақын Бекұзақ Тәңірбергеновтің «Аралдың табанынан су кеткенмен, халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ» деген өлең жолдарындағыдай тіршіліктің қайта жалғасуын әсем суреттеген.

Аралбай Ордабаев − Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, көркем бейнелеуде өзіне тән ерекше қолтаңбасы бар талант иесі. Автор  кезінде Қызылорда Суретшілер одағында кәсіподақ төрағасы қызметін қоса атқарған. Облыстың рухани дамуына өзіндік үлесін қосқан ол республикалық және халықаралық көрмелерге қатысқан. Туындылары көркемсурет галереясында және дербес коллекционерлер қорында сақтаулы. Негізгі жанры − портрет. Маған шебердің «Қорқыт ата» картинасы қатты ұнады. Түркі дүниесінің тарихында, рухани өмірінде айрықша орын алатын Қорқыт бабаның портреті сәтті шыққан. Галереяға кіргеннен алыстан көз тартады. Әсіресе, «Әке» атты картинасы ерекше.  Қарапайым күнделікті шаруа киіміндегі ақсақалдың бейнесін айнытпай суреттеген. Суретші артқы фонды елеусіз түстермен бояп, портрет кейіпкеріне ерекше назар аудартады. Шаруадан шаршаса да, балаларының алдында күрсінбейтін асыл аталарымыз көз алдымызға келді.

− Оқу орталығына біліктілік арттыруға келген барлық оқытушыларды арнайы көркемсурет галереясына алып келеміз. Ондағы мақсатымыз – ұрпақ тәрбиелеуші ұстаздар қауымы суреттерді көрсе, өнердің құдіретін сезсе дейміз. Сурет өнері − ерекше сұлу әлем. Адамның ішкі жан дүниесіне тіл бітіретін туындыларды мұғалімдер ғана емес оқушылар да көруі қажет. Дүниеден озған қос автор да − Сыр елінің перзенттері. Жастарға олардың еңбектерін зор мақтанышпен көрсете аламыз. Іштегі мұң, жүректегі сыр суретшілер картинасында өзара тілдеседі. Ұлтымыздың тарихын бейнелеген картиналарға қарап, рухани тынысың кеңейеді, − дейді суреттер сырына үңілген профессор Бауыржан Елеусінов.

Өнер майталмандарының әріптестері естеліктер Сыр елінің дарынды суретшілерін еліміздің барлық аймағына таныту қажет деген ұсыныстарын айтты. Сурет өнері – руханият қазынасы. Жас ұрпақты ұлттық дүниетаным негізінде тәрбиелеудің баға жетпес құралы. Ұлттың тарихын, салт-дәстүрін, өткен тұрмыс-тіршілігін бейнелі, көрнекті түсіндіретін осы сурет архиві. Қылқалам шеберлерінің шынайылық пен әсемдік үйлесім тапқан өнер туындылары мәдениет пен руханият үшін құндылығы жоғары. Сондай-ақ, өнердің сабақтастығын үзбей, ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына осындай іс-шаралардың ықпалы зор. Суретшілерді еске алу, шығармашылықтарын дәріптеу, жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатын көздеген іс-шара алдағы уақытта да жалғасын табады. «Мал жұтайды, өнер жұтамайды» деген осы болса керек.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<