Магомед Гасан Гусейнов (авар жазушысы)
– Сен алыс, таныс емес жерге, бөтен адамдардың ортасына бара жатырсың, – деді шешем, өзі кәрі, діншіл адам еді.
Мен Рига қаласы маңындағы теңіз жағалауына демалысқа баратын болғанмын. Ол өмірінде көрші ауыл мен айналасындағы авар тауларынан әрі асып көрмеген. Мен де Махачкала университетін бітіргеннен кейін ешқайда шықпағанмын. Ал, ол кісіге бірнеше мың шақырым жерде жатқан Латвия жердің шеті боп көрінуі заңды да еді.
– Міне, мынау бойтұмарды ал, ол сені бәле-жаладан сақтайды. Оны көзіңнің қарашығындай сақта, кеуде тұсыңда ұстауға тырыс. Сонда оның күш-қуаты өзінде болады.
– Ойлап таппайтының жоқ-ау, мама, – дедім мен.
Бірақ ренжітпеу үшін алдым. Бойтұмар араб тілінде жазылған қағаз, үшбұрыш қылып бүктеліп, шүберекке тігілген зат болып шықты. Онда не жазылғанын анам да білмейді. Сонда да оның беймәлім, тылсым күшіне сенетін. Ол мұның мені көз тиюден, ауру-сырқаудан, бақытсыз жағдайлардан құтқаратынына сенді.
Бойтұмар бұрын да, алпысыншы жылдарда біздің тау халқына тән үрдіс еді. Бұған, әсіресе, үлкен кісілер құлай сенетін. Арагідік әртүрлі пікірлер кездесіп қалғанымен сенеді. Бірде милиция тауда тығылып жүрген қауіпті қылмыскерді ұстайды. Одан ақша мен қарудан басқа бірнеше бойтұмар табылды. Біреуінде былай жазылыпты: «Сенің бұл дүниеде де, ол дүниеде де жасаған күнәларыңды құдай кешірсін!». Екіншісінде: «Қайда жүрсең де, еркіндікте ме әлде қамауда ма, сені құдай қолдайды». Еркіндікте не болатынын білмеймін, ол бірден қамалды да, ату жазасына кесілді. Бұл туралы барлық газетте жарияланды.
Бірақ барлық жағдай бұлай қайғылы аяқталған жоқ. Бір әйелдің бір сиыры болған екен, ол өте тентек, мінезді екен. Сауғызбайды, сүзеді немесе шелекті теуіп, ақтарып тастайды. Сөйтіп, бойтұмардың көмегіне жүгінбек болады. Алыстағы бір ауылда тұратын молдаға сый-сияпатымен барып, оған бойтұмар жаздыртып алады. Сөйтіп, бойтұмарды сиырдың мойнына мықтап байлап қояды.
Бір күн өтеді, екі күн өтеді, бір апта өтеді, ешқандай өзгеріс жоқ. Сиырдың бұрынғы сол мінезі, сауын шелекті бұрынғысынша ақтарып тұр. Бұған ашуланған әйел сиырдың мойнынан әлгі бойтұмарды алып, оқыту үшін мұғалімге барады. «Әй, сиыр, – деп жазылыпты қағазда, – қазірден бастап қырсық мінезіңді қой. Әйтпесе, жерге жығып салып, теріңді сыпырып, сойып аламыз!» Содан бері әлгі әйел біреудің мойнынан бойтұмар көрсе, жерге түкіреді екен, ал молдаларды «алаяқ» дейтін болыпты.
Менің де бойтұмарым өз міндетін теріс атқара бастады. Ең алдымен, ұшаққа билет ала алмай санаторийге екі күн кешігіп келдім. Осының кесірінен қорылдап ұйықтайтын Иванычтың бөлмесіне түстім. Сөйтсем, алдымда қорылдың кесірінен бөлмеден екі адам ауысып кетіпті. Мен ешқайда ауыса алмадым. Сондықтан ұйқымды күндіз қандырып алатынмын. Ригада кластасымды да кездестіре алмадым. Ол Дағыстанға кетіпті.
Санаторийда маған егделеу әйел көз тоқтатқандай болды, шамасы романтикалық өзгеріс іздеп келсе керек. Түнде Иванычтың қорылынан құтыла алмасам, күндіз әлгі әйелден абай болуым керек болды. Бірақ оншақты күн өткен соң бойтұмарға деген пікірім өзгерді. Бойтұмар да, ақша да күмәжінікке салынған, бұлар чемоданның ішінде болатын. Осылай сенімдірек еді. Ал, Ригаға жүретін күні бойтұмарды пиджагімнің сол жақ ішкі қалтасына салғанмын. Таңғы асты ішіп болғасын әдеттегідей фойеге беттегенім жоқ. Бұл жерден әлгі әйел кездесіп қалуы мүмкін. Балконға шықтым да қоршаудан сыртқа қарғып түстім. Сосын адамдар аз жүретін алыстағы жолмен электричкаға жеттім. Вагонға мінгесін пневматикалық есіктер сарт етіп жабылды. Сол кезде барып демімді бір-ақ алдым. Таяу тұрған орындыққа отыра кеттім де, қалтамнан «Неделя» газетін алып оқи бастадым.
Бір кезде тұла бойым өзінен-өзі біртүрлі болды. Сол жақ қалтама салынған бойтұмардың тұсында жүрегім дүрс-дүрс соқты. Баяу басымды көтеріп едім… Үнсіз қатып қалдым. Қоңыр, үлкен көздер барлай маған қарап тұрды. Жоқ, мұндай көзді өмірімде көрген емеспін. Мүмкін енді көрмейтін де шығармын. Қоңыр шашы иығына түсіп, арасынан аппақ мойындары көрінеді. Қызғылт бетінде, мұрнының айналасында тары секілді шашырай түскен секпілі бар.
«Құдайым-ау!» Орнымнан қалай тұрғанымды білмедім. Қолымдағы «Неделя» сусып жерге түсті. Қыз оны жерге жеткізбей қағып алды. Сосын ол да түрегелді. Маған салқын қарап күлімсіреп тұрды.
– Арсен! – дедім мен еріксіз, әлі не болғанын түсінбей.
Оны күтпестен қолымды создым.
– Светлана!
Қыз қолыма газетті беріп жатып тағы күлімсіреді.
– Неғып қадалып қарап қалдыңыз?
Оның күлкісі айналаны жадыратып жіберді. Мен де жеңілдеп қалдым, орындыққа отыра кеттім. Әңгімелестік. Өзімнің қайдан, неге келгенім, бәрі-бәрі айтылды. Дағыстан қыздарының оңтүстіктің түні секілді қараторы боп келетінін, ал оның есімінің өңіне сай екенін де айттым.
Ол тағы күлімсіреді. Менің таңғалысым ұнаған болу керек. Ригаға жеткенше ол туралы біраз нәрсе білдім. Бұл жерге сессиядан кейін демалуға келген болып шықты. Бізбен көрші санаторийде тұрады екен. Ригаға жәй көру үшін дүкен аралап, кездесіп жатса, бір бойтұмар алғысы келетінін жеткізді.
Осы кезде кеуде тұсымдағы бойтұмар есіме түсті. Ақыры өзінің міндетін атқара бастаған сияқты. Бойтұмар бәле-жәледен қорғап, бақ әкелуі тиіс-тін. Светланамен кездесуім Иванычпен бір бөлмедегі ұйқысыз түндерім, анау егде әйелден қашқан сәттерім үшін тағдырдың жіберген сыйы еді. Светланаға бірден көзсіз ғашық болдым. Мені баурап алған оның лағыл тас түстес қоңыр көздері еді. Осыдан мыңдаған жылдар бұрын кайнозой дәуіріндегі шыбын қарағай шайырына қалай батса, мен де осы көздердің тұңғиығына солай баттым.
Бірақ ерте қуаныппын. Ауылда жүргенде бұл бойтұмардың махаббат жолында көмектесетіні туралы көп естігенмін. Мысалы, сиқырлы сөздерді жазып, мойныңа тағып алсаң, ынтық болған адамың сені сүйе қояды-мыс. Ал Светланамен арадағы жағдайға қарасам, мендегі бойтұмар тіпті басқа болса керек. Біз санаторийге жақындағанда ол сатып алған бойтұмары мен сақинасын өлшеп көрген еді. Маған ұстай тұруға бұрынғы сақинасын берді. Бұл сақинада інжу тас тістеген жылан бедерленген. Өте әдемі жасалған дүние. Светлананың көршісі, болашақ күйеуінің сыйлағаны екен. Олар қатар өскен, институтты бітіргесін үйленбек болыпты.
Светланамен Ригада болған сәттер, көңілге ұялаған үміт, жүректегі қуаныш бәрі жоқ болды.
– Сен оны сүйесің бе? – деп сұрадым өз дауысымды өзім танымай.
Светлана сатып алған заттарын қоя тұрып маған мұқият қарады.
– Біз онымен ағалы-қарындастан да жақынбыз.
Бұл сөз бәріне нүкте қойды. Бойтұмар тағы да теріс жұмыс істей бастады. Мен енді шыққан биігімнен қайтадан кері құлдилай бастадым. Біздің арамызда достық қатынас орнады. Біз экскурсияға да, суға түсуге де бірге барып жүрдік.
Бір жолы биден шыққан соң үйіне дейін шығарып салдым. Осы кезде оны құшақтамақ болған едім, Светлананың маған қараған көздерін көрсеңіз! Олар от шашып тұрды. Созған қолым сол күйінше ауада қалып қойды. Кешірім сұрадым, содан кейін бұл әрекетті қайталамайтын болдым. Бірақ оған деген сезімім күшейе түсті. Түнде Иванычтың қорылынан қашып шыққанда бір ерекше оқиға бола қалса, сол арқылы жақындай түссем деп армандайтынмын. Тағдыр мені аяған болуы керек, мұның да сәті түсті.
Бірде латыштың Лиелупе өзеніне қайықпен серуендеуге бардық. Қайықтар тұратын жерден (станциясы) ұзап кеттік. Аяқ астынан дауыл тұрды. Осыған дейін тыныш жатқан өзен беті астаң-кестең болды. Бірақ өзен мұндай мінезді жиі көрсете бермейтін сияқты. Біздің қайықты толқын олай-былай лақтырумен болды. Өмірімде бірінші рет ескек ұстадым. Бізде, Дағыстанда мұндай кең өзендер жоқтың қасы. Ол жерде өзендер енсіз, ағысы қатты. Мұндай жағдайда су бетіне шығып тұрған тастарға соғылып быт-шыт болар еді. Сондықтан ескекті есу өнерімнен келер пайда аз. Байқағаным, қайықты ағысқа қарсы бағыттау керек екен. Әйтпесе, аударылып кетуі оп-оңай.
Жел күшейе түсті, толқын тынымсыз ұрғылауда. Ал жағалау қашық еді. Светлананың өңі боп-боз, тоңғаннан бүрісіп тұр. Кенет қолын бұлғап айғай салды:
– Құтқарыңдар! Көмектесіңдер!
Бұл кезде қасымыздан моторлы қайық зуылдап өтіп бара жатты. Бірақ бізге ешкім мойнын бұрып қараған жоқ.
– Неге бекер айғайлай бересің? – дедім мен Светланаға, – олар бәрібір естімейді. Одан да ішіндегі суды сыртқа төкпейсің бе?!
Ол маған үрейлі көздерімен қарады, өзі құтқарушы кәмірден ұстап алған.
– Арсен, мен жүзу білмеймін.
– Осы кезде анау құтқарушы кәмірге айналып кетер ме еді, шіркін! Сонда сен мені құшақтаған болар едің, – дедім.
– Сенің-ақ әзілің таусылмайды екен.
Светлана өзін зорлап күлді. Бірақ күлкісі біртүрлі көрінді.
– Ал, қайығымыз аударылып кетсе ше?
Мен жауап беріп үлгергенім жоқ. Келесі бір толқынның соққысынан қайығымыз қатты шайқатылып, бетіне су шашырады. Ол құтқарушы кәмірді тастай салып, судан қорғанбақ боп бетін қолымен көлегейледі. Енді тепе-теңдіктен айырылып қалып, суға құлап бара жатты. Осы кезде ескекті тастай салдым да оны құтқармаққа тұра ұмтылдым.
Қатыгез Лиелупе дәл осыны күткен секілді. Бір жағына қисайып, іші суға тола бастаған қайықты келесі бір толқынның жойқын күші аударып жіберді. Батып кеткен мен су бетіне қайта шыққанда су жұтып, қолын ербеңдетіп, шыңғырып жатқан Светлананы көрдім.
– Шыда! Қазір құтқарам!
Мен құлаштап жүзіп бардым. Ол болса мені тас қылып құшақтап алды. Мұндай күйде жүзу қиын. Біз судың түбіне қарай батумен болдық, Светлана қайықтың ернеуінен мықтап ұстап алған. Енді мен де қайықтың ернеуінен ұстап, бір қолымды бұлғап «көмектесіңдер!» деп айғайлаумен болдым.
Бізге қасымыздан өтіп бара жатқан моторлы қайықтағы сақалды адам көмектесті. Әлгі кісі жылынуымыз үшін бізге курткасын тастады да, қайығын бұрды.
– Сен мені құтқардың! Сен мені анық құтқардың! – дейді Светлана сыбырлап.
Өзі маған қарай тығыла түсті, оны иығынан құшақтап тұрдым. Сосын куртканы үстіне жаптым. Светлана әлгі жағдайдың әсерінен әлі айыға қоймаған болатын. Тағы да жүзе түссек екен деп армандап тұрмын. Кеудеме басын қойған еді, қоңыр түстес шашынан сүйдім. Ал басқа кезде бұл тек арман…
Осы оқиғадан кейін Светлана екеуміздің арамыз жақындай түсті. Тіпті ажырамайтын болдық. Бірақ бұл достық қарым-қатынас еді. Ал мен бұдан да жақындай түскім келді. Оның әдемі аяғы, қыпша белі, сымбатты мүсіні, көзі менікі болса деп армандадым. Жаратушы ием, егер сен бірдеңені мінсіз жаратқан болсаң, ол – Светлана, тек Светлана. Оны Рафаэль картиналарында кездесетін Мадонналар мен осы ғасыр сұлуларының қосындысы деп түсіне бер. Бұл кезде демалысымның мерзімі біткен еді. Светлана мені шығарып салу үшін Ригаға еріп барды. Бірге өткізген қуаныш пен қайғы адамдарды жақындата түседі емес пе?! Біз туыстар секілді қоштастық.
Мына кереметті қараңыз: перронның жарығынан қып-қызыл боп жауқазын шығып тұрды, ашық жасыл жапырақтары көкпеңбек. Мезгіл жаздың ортасы еді, Риганың гүл сатушылары жауқазын сатып жүр.
Бір айдан кейін хат келді. «Мен жалғыздықтан қорқам, – деп жазыпты Светлана Мәскеуден. – Сенен айырылғым келмейді. Біздің кездейсоқ таныстығымыз ұзағынан болса екен. Сенімен дос болып қалғым келеді, Арсен…»
Мен оған ұзын-сонар жауап жаздым, әрине, оның ішінде бәрі қамтылды. Оны Дағыстанға шақырдым, шешемнің оны қызындай көруге дайын екенін айтып өттім. Содан кейін бірнеше рет хат алмастық, онда оны әке-шешесі жібермейтіні, мені Мәскеуге келуімді сұрағаны тәрізді бірдеңелер. Жас маман есебінде үш жылсыз шыға алмайтынымды, егер ол осы уақытты менімен бірге өткізсе, кейін онымен жердің түкпіріне кетуге дайын екенімді айтып жаздым.
Бірте-бірте хат алысуымыз сирей түсті. Соған қарағанда эпистолярлық роман тек әдебиетте ғана болатын сияқты. Дегенмен, бір күні Мәскеуден бандероль келді. Оның ішінен хат пен қорап шықты. Светлана хатта бала кезгі досына тұрмысқа шығатынын, ренжімеуімді сұрапты. «Мен саған екеуміз Ригада бірге сатып алған бойтұмарымды жіберіп отырмын. Бұл енді сенікі. Екеуіміздің бірге болған күндерімізді, латыштың Лиелупе өзенін есіңе салатын болсын. Сол күндер менің өмірімдегі ең бақытты, ең жарқын күндерім болды. Сен үшін де солай шығар деп ойлаймын…»
Қорапты ашып, тамшының бедері бейнеленген, інжуден жасалған бойтұмарды алдым. Ригада алынған… Ригада…
Осы кезде бойтұмарым есіме түсті. Оны жолға шығар алдында анам берген. Сенім бойынша ол маған бақыт әкелуі тиіс еді. Жазғы костюмімнің қалтасынан үшбұрыш бойтұмарды тауып алдым. Оны ашып, ішіндегі таныс емес әріптерге қарап тұрдым.
«Жоқ, бұл бойтұмар маған бақыт әкеле қоймады» деп ойладым мұңайып. Ең болмаса, не жазылғанын білер ме еді?! Осы оймен таныс досыма бардым. Досым, алдымен көзілдірігін киді. Содан кейін қағаздың бүктеуін жазып оқи бастады:
«Қымбатты жас жігіт! Сенің барлық көрген бейнетің лайлы өзен суына батып жоқ болсын, ал өзің достарыңның құшағына батып, шат-шадыман жүре бер. Әумин!»
Енді, маған істейтін не қалды? Бұрынғылардың дана сөздеріне келісіп, досымның жұбату сөздеріне алғыс айтып, жүре беру ғана қалды.
Аударған
Бақтияр МЫРЗАШЕВ.
Сырдария ауданы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<