Болашағын ойлаған тарихын түгендейді

1149

0

«Сыр журналистикасының тарихы» бестомдығының тұсауы кесілді

«Адамзаттан бұрын қалам жаратылған» деген сөз бар. Қалай десек те қалам – сөз, қалам – ой, қалам – тарих, қалам – бүгін, қалам – болашақ. Ал осы бес тоғыстың сарыны Сыр бойында үндесе тербеліп тұрғанын өзге жұрт та жақсы біледі. Өйткені, Сыр – өркениеттің өзегі!

Өткен сенбіде Сыр бойының рухани әлеміне жаңа туынды қосылды. «Сыр журналистикасының тарихы» атты бестомдықтың тұсауы кесілді.

Қызылорда қаласында өткен рухани шараның бастауында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова отандық журналистиканың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтармен кездесті.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, филология ғылымдарының докторы, қоғам қайраткері, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Амантай Шәріп, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай және «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев қатысты. Кездесуде облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет болды.

Аймақ басшысы қалам иелерінің халық пен билік арасындағы алтын көпір екенін тағы бір нақтылай түсіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту ретінде «Сыр журналистикасының тарихы» атты бестомдық кітап жарыққа шығып отырғанын және бұл журналистерге деген құрметтің бір дәлелі екенін атап өтті. 

– Облыс журналистикасындағы таланттардың құрметіне «Сыр журналистикасының тарихы» атауымен бестомдық кітап жарық көріп отыр.

Бұл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерейлі мереке қарсаңында Сіздердің еңбектеріңізге сый-құрмет көрсету деп қабылдаңыздар.

Жалпы журналистиканың тарихында, ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ даласында – «Дала уалаяты», «Қазақ газеті», «Айқап», «Сарыарқа», «Абай», тағы басқа газет-журналдар жарық көргені белгілі. Олар ішінара Сыр бойына да таралды.

Сыр өңірі – қаймағы бұзылмаған қазақылықтың қайнаған ортасы. Елбасы Алаштың анасына балаған құтты мекен, ұлтжанды, халықшыл қаламгерлердің ордасы, – деді облыс әкімі.

Кездесу барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Сыр елі журналистикасының қолтаңбасы ерек және сол қаламының қуатымен ел дамуына үлес қосып жүрген журналистердің еңбегі зор екенін тілге тиек етті.

Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев пен ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі Амантай Шәріп Сыр елі журналистикасының бестомдығын шығару ісі үлкен ізденіс пен еңбекті қажет ететінін, келешек жас буынға қымбат қазына боларын мақтанышпен жеткізді. Сондай-ақ, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай қоғамның бел ортасынан табылып, газет, радио мен телевидение арқылы ақпараттық саясатты қалыптастыруда орны бар БАҚ рөлін атап өтті.

Басқосуда «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев «Сыр журналистикасының тарихы» атты кітаптың жарық көруіне қолдау білдірген облыс басшылығына алғысын айтып, аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықоваға бестомдық кітапты табыстады.

Қаламда қуат, сөзде шуақ бар

Облыс әкімінің қабылдауынан соң Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» «Сыр журналистикасының тарихы» бестомдығының тұсаукесері өтті. Оған Нұр-Сұлтан, Алматы және Түркістан облысынан келген қонақтар, облыстағы БАҚ басшылары, қызылордалық қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Сыр журналистикасының тарихы» еңбегінің ерекшелігі – Сыр өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының өткені мен бүгінін қызылордалық журналистердің өздері саралап, зерттеп жазып шықты. Шығармашылық топ бұған екі жыл уақыт арнады.

Кітап жазу барысында Сыр журналистикасының іргесін қалаған аға буын қаламгерлерден бастап бүгінге дейін баспасөз саласында тер төгіп жүрген әріптестердің, ғалымдардың еңбегі пайдаланылды. Мұнымен қоса Мәскеу, Алматы қалаларындағы, Қызылорда облысындағы архивтерден, кітапханалардан құнды мәліметтер, тың деректер алынды.

Бұл жоба көмескі тартқан тарихты қайта түгендеп, қалам ұстаған кешегі әрі бүгінгі буынның азды-көпті еңбегін дәріптеу, талдап-таразылап, ғылыми айналымға қосу, жас журналистерге кәсіби бағдар беру секілді мақсаттарды көздеді. Сондықтан, бұл еңбек журналистердің, ғалымдардың назарын аударып, жалпы оқырманның қызығушылығын оятарына сенім мол.

«Сыр журналистикасының тарихы» арқылы бұрын-соңды ашылмай келген ақтаңдақтар жарыққа шықты. Мәселен, бір кезде газет басшылығында болғандарды жауапты шығарушы деп атаған. Бертін келе ол редактор, одан кейін бас редактор делінді. Сосын «Сыр бойының» алғашқы жауапты шығарушысына қатысты да жаңа деректер табылды. Осы кезге дейін алғашқы нөмірге қол қойған Жиенғали Тілепбергенов атты қаламгер деп келдік. Бірақ архивтегі сарғайған құжаттар басқа деректер ұсынды. Осылайша бір ғасырға жуық уақыт бұрынғы тарихи дәлдікті қалпына келтіруге мүмкіндік туды. 

Бұрын-соңды мұндай ауқымды зерттеу жүргізілмегендіктен,  аудандық архивтердің кейбірінде, аудандық редакцияларда болған өрттің салдарынан тігінділер түгелімен жанып кеткендіктен, аға буынның қатары сиреп қалғандықтан  мәліметтер жинау оңайға түскен жоқ. Әрине, көптомдықтың шынайы бағасын оқырман береді. Дегенмен, тұсаукесерде ғалымдар мен қаламгерлер Сыр журналистикасының сабақты жібіне дейін түгендеу бастамасының өз мақсатына жеткенін атап  өтті.   

Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен үндескен игі бастаманың тағылымдық мәні зор екенін жеткізді.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай: «Жалпақ жұртыңды, исі Алашыңды қадірлеу алдымен өзің туған өлкенің тарихы мен табиғатын танудан, тұлғаларын ардақтаудан басталады». Расында, қай салада болмасын жаңаша даму жолына түсу үшін, сол саланың өткен жолы мен тарихын түгендеу, тұлғалардың еңбегінен тағылым алу маңызды. Бүгінгі тұсауы кесілгелі тұрған бестомдық еңбектің негізгі миссиясы да осы, яғни, телегей-теңіз ақпарат ғасырында, дәстүрлі медианың жаңа медиамен күш біріктіріп дамудың жаңа сатысына көтерілген кезеңінде, Сыр елінің барлық бұқаралық ақпарат құралдарының тарихын түгендеп, қоғамға, халыққа және жалпы өз-өзімізге есеп беру деп білеміз. Бұл кітапты журналистиканың энциклопедиясы деп айтуға болады. Сондықтан, оның Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында оқырманға жол тартуы біз үшін үлкен мәртебе, зор қуаныш! – деді Серік Ахмет.

Облыс әкімінің орынбасары бұл тұста да Сыр өңірі өзінің пассионарлық идеясын танытып отырғанын атап өтті. Сонау сақ, ғұн дәуірінен бастасақ, осы жер – төрт астананың орны. Адамзат баласы ғарыш кеңістігін бағындырған өңір.

–  Бүгінде облыстың медиа кеңістігінде 100-ден аса  бұқаралық ақпарат құралы жұмыс жасауда. Оның ішінде, 8 электронды, 3 ақпараттық агенттік, 3 интернет сайт, 87 баспа бұқаралық ақпарат құралы бар.  Бұл салада 2,5 мыңға жуық қалам иелері аймақ халқын жедел және сапалы ақпараттармен қамту жолында тынымсыз еңбек етуде. Нақты және жедел ақпарат таратуды мақсат етіп, заман талабына сай дамудың жолын ұстанған бұл сала – іргелі индустрияға айналды.

Бестомдық «Сыр журналистикасының тарихы» кітабында аймақтың ақпарат айдынында талай жылдар жаңалық пен жақсылықтың жаршысы болған басылымдардың тарихы баяндалады. Кітаптың І томында «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт жастары» газеттерінің және шығармашылық қауым өкілдерін бір шаңырақ астында біріктіріп отырған «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тарихы топтастырылған. ІІ томына «Ақмешіт апталығы» және аудандық 7 басылым енген. III томында аймақтағы электронды БАҚ, баспахана тарихы және республикалық БАҚ-тың меншікті тілшілері туралы анықтамалық жүйеленген. IV томда облыс көлеміндегі тәуелсіз басылымдар тарихы, V  томда ақпарат саласында Сыр бойынан шыққан айтулы тұлғалар мен журналистердің тәжірибесі, шеберлік дәрістері топтастырылды.

Сыр өңірі – қаймағы бұзылмаған тіл мен рухтың, қазақылықтың қайнаған ортасы. «Алаштың анасы» болған құт мекен ұлтжанды, мемлекетшіл, халықшыл журналистердің алтын ұстаханасы. Осы өңірдің ғасырлар бойы қалыптасқан шығармашылық мектебінен түлеген мыңдаған журналистің әрісі шетелдерде, берісі Нұр-Сұлтан, Алматыда, өз өлкемізде абыройлы қызмет етіп жүр. Болашағын ойлаған адам алдымен өткенін, тарихын түгендейді. Талқылап, сараптама жасайды. Ең бастысы – тұлғалар еңбегінің ұмытылмауы. Сондықтан редакциялық алқа үлкен жұмыс бітірді деп айта аламын. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тамаша тарту, мәртебесі биік жаңалық болды, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев жарыққа шыққан жаңа бестомдық басқа өңірлерге де үлгі болатынын, егер әр аймақта осындай еңбек атқарылса, қазақ журналистикасының тарихы  қаттала беретінін айтты.  

Сыр перзенті, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп тарихты түгендеуде баспасөздің орны ерекше екенін атап өтті.

– Баспасөз елдің әр кезеңдегі өмірін, тыныс-тіршілігін, мысалы, сонау тарихтың ақтаңдақ жылдарынан бастап бүгінгі Тәуелсіздік тұсындағы іргелі істерді тайға таңба басқандай таспаға түсіріп келеді. Архивтердегі сарғайған газет беттерін парақтасақ, еліміздің бір ғасырлық өмір жолының көрінісін табуға болады. Сол басылымдардың барлығы өз заманының жаршысы болды.

Сөзде қуат болады, жалын болады. «Ауыздан шыққан алты ауыз сөзге аспанда бұлт айналады» деген халқымыз. Сөздің заттанатынын білген халқымыз кез келген нәрсені жақсылыққа жорыған. Жаман түс көрсе де, жайсыз хабар естісе де, арты жақсы болсын дейтін қалыбымыз, мінезіміз бар.

Біз тобашыл, тәубешіл ұлт едік, қазір әлеуметтік желілерге қарасаңыз, табашыл болып бара жатырмыз. Біреудің басына іс түссе, табалай жөнелетін болдық. Бұл – біздің табиғатымызға, мінезімізге жат. Жалпы Сыр жұртшылығы – сөз қадірін білетін, қасиетін қапысыз танитын өңір десем, артық айтқаным емес. Халқының түгелге жуығы мемлекеттік тілде сөйлейді. 

Біз кезінде баспасөз тарихын, теориясын, шетел баспасөзі, коммунистік баспасөз тарихын оқыдық. Ал, бүгінгі бестомдық – «Сыр журналистикасының тарихы»  тек баспасөздің емес, еліміздің өткені мен бүгінін тануға негіз болатын дүние. «Жас Алаш» газетінің бастауында тұрған, небәрі 23 жыл ғұмыр кешкен Ғани Мұратбаевтан бастап бүгінгі қаламгерлерге дейін еніпті. Бұл ретте бестомдық деректерді жинақтауда еңбек еткен барша азаматтарға, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаевқа, қолдау танытқан облыс әкімдігіне ризашылығымыз зор, – деді Нұртөре Жүсіп.

Белгілі ғалым Амантай Шәріп те кітапқа жоғары бағасын берді.

– «Сыр журналистикасының тарихы» – ғылыми еңбек, яғни естеліктер жинағы емес, ғылыми тағылымды еңбектер топтастырылған. Жарияланымдарға мазмұндық сараптама жасалғаны да көрініп тұр.

Қазақ журналистикасының  тарихы әлі де жүйеленіп, бір арнаға түскен жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын шыққан Қ.Бекхожиннің «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» атты еңбекті ғана толыққанды зерттеу деп білеміз. Содан кейін бас-аяғы бүтін дүние осы кезге дейін жарық көрген жоқ. Осы тұрғыдан алғанда бір ғылыми-зерттеу институты атқаратын жұмыс еңсеріліпті, – деді.

Сондай-ақ ғалым құндылықтар өзгерген кезеңде тарихи тұлғаларға деген көзқарасты өзгертудің маңызы туралы айтты. Мәселен, бұрын Ғани Мұратбаевты комсомол жетекшісі, Шығыс жастарының көсемі деп танысақ, тарихи деректер қосымша мәліметтерді алға тартып отыр. Нәзір Төреқұлов өзі атын қойып шығарған естелік кітапта Бейсенбай Кенжебаев, Өтебай Тұрманжанов, Нұртас Оңдасынов сияқты Ғаниды ұстаз тұтқандардың жазғаны бар. Көшедегі аш-жалаңаш балаларды әкеліп, сауаттандырып, жолға салғанын айтқан. Солардың арасынан қазақтың қайраткерлері өсіп шыққан. Ал Ғани өзінің алдындағы Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған ұлт қайраткерлерінің тәрбиесін көрген.  Амантай Шәріп қазақтың астанасы Орынбордан Ақмешітке қоныс аударып, ұлттың қазақ аты қайтарылып, қаланың аты Қызылорда болып өзгерген тұстағы ұлттық өрлеу туралы Сұлтанбек Қожанов жазып қалдырған деректерді  келтірді.

– Қызылорда астана болған соң бұл жерге  табаны тимеген ұлт зиялысы кемде-кем. Олар осы жердегі басылымдарда жұмыс істеген. Сондықтан Сыр өңірінің журналистикасында қазақ зиялыларының барлығының қолтаңбасы, рухы бар.  Сол рух сіздерді қолдап жүргей! – деді ол. 

Тұсаукесерде «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай кітаптың қазіргідей ақпарат ағыны қарқынды, журналистиканың жаңа кезеңінде таптырмайтын құрал болатынын айтты.

– Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай жасалып жатқан мерейтойлық шаралар көп. Солардың арасында Елбасы «Алаштың анасы» деп баға берген аймақта тұсауы кесілгелі тұрған «Сыр журналистикасының тарихы» атты бестомдық жинақтың орны ерекше. Қызылордалық әріптестеріміздің Мәскеу, Орынбор, Омбы, Алматы, Қызылорда архивтерінен Сыр елінің журналистеріне, бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты бірнеше жыл тірнектеп жинаған деректері тұңғыш рет жүйеленіп, сарапталып, фото-бейнелер өңделіп үлкен еңбекке айналдырылды.

Бестомдық кітапты шығару барысында архив құжаттары, көптеген ғылыми еңбектер парақталған, ғалымдар пікірі ескерілген. Жалпы, құнды туындыда «Дала уәлаяты», «Айқап», «Қазақ», тағы басқа да газет-журналдарында қызмет жасаған ұлтымыздың біртуар перзенттері Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхамеджан Сералиннен бастап, Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылындағы қаламы қарымды қаламгерлердің жүріп өткен өнеге болар өмір жолы көрініс тапқан. Бұл қазіргідей ақпарат ағыны қарқынды, журналистиканың жаңа кезеңінде таптырмайтын құрал болмақ. Рейтинг қуып, арзан бедел жинап, жеңіл-желсөзге әуестеніп бара жатқан жас әріптестеріміз үшін де бұл еңбек, журналистиканың бас парызы – ағартушылық пен ізгілік екенін еске салады. Сондықтан бұл жинақ бір аймақтың ғана емес, бүкіл алты Алаш ақпарат саласы қызметкерлері, бүгінгі және болашақ журналистер қауымы үшін жастанып оқитын кітаптары болуы керек-ақ. Бір қуантарлық жайт, шығармашылық топ жетекшісі Аманжол Оңғарбаевтың айтуынша, еңбектің электронды нұсқасы да кеңінен таратылуы жоспарланған. Осы тұста әріптестеріміздің бастамасына, идеяның іске асуына қолдау көрсеткен облыс басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың БАҚ-тың қоғамдағы орны мен рөлін бағалағаны  қуантады және өзге өңір басшылары да бұл игі бастамаға үн қосады деп үміттенеміз, – деді ол.

«Сыр медиа» ЖШС бас директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев бұл кітап Сыр  журналистикасын қалыптастыруға өлшеусіз еңбек еткен аға буынның алдындағы парыздың бір өтеуіндей екенін айтты. 

– Еңбекте тек «Сыр медиа» серіктестігіне қарайтын басылымдар тілшілері ғана емес, бүкіл аймақ журналистерінің, аға буын ардагерлеріміздің үлесі бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында еңбек жазу үшін Өзбекстанның Навои қаласының кітапханасында жұмыс істедік. Қоры өте бай екен. Қазақтың әр руына қатысты барлық деректер қатталған. Сонда «осындай дүние бізде неге жоқ?» деп ойлаған едім. Бұл талай жылдан бері ойда жүрген шаруа еді, оның бағасы әлі де беріледі деп ойлаймын. Қолымыздан келгенше барлығын қамтуға тырыстық. Бірақ «білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз» деген бар емес пе? Кітап біткеннен кейін де қанша қазынаға жолықтық. Жоғарыда әріптестерімнің бірі айтқандай, мүмкін бұл тарихтың әлі ашылмаған көмбелері тағы да талай томдарға жүк болатын шығар. 

Тарихқа зер салсақ, сонау ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында республиканың түкпір-түкпірінде жарық көрген мерзімді басылымдар Сыр бойына да тарай бастады. Олардың қатарында «Дала уалаяты», «Қазақ» газеттері, «Айқап» журналы, «Абай» журналы болды. Мұнымен қоса, Орда қаласынан шығып тұрған «Қазақстан» газеті, Семей қаласында жарық көрген Алаш партиясының органы – «Сарыарқа» газеті, Мұстафа Шоқай негізін қалаған әрі шығарған «Бірлік туы» газеттері де ішінара Сыр бойына тарап тұрды. Жай тарап қана қойған жоқ, бүгінгі тілмен айтқанда, алғашқы газетке қаржылай қолдау білдірген меценаттардың ішінде сырбойылықтардың болуы да бүгінде туған жерге туын тіккен ұрпақ үшін үлкен мақтаныш сезімін тудырады. Мәселен, 1913 жылы «Қазақ» газетінің басылып шығуына қаржылай қолдау білдірген сырбойылық Ахмет ишан Оразайұлын көпшілік біле бермейді. Әдетте мерзімді басылымдар қоғамдық пікір қалыптастырады десек, аталған газеттер мемлекеттік идеологияға әсер етті.  Осы тұрғыдан келгенде бұл бестомдықты Алашқа ана болған Сыр бойының шежіресі деп қарауға болады,  – деді Аманжол Сақыпұлы.

Айта кетейік, Сыр бойында жарық көрген бұқаралық ақпарат құралдарының тарихын зерттеп-зерделеген жинақтың І томы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың алғысөзінен бастау алған. Сонымен бірге, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Сақыпұлының, филология ғылымдарының докторы Құлбек Ергөбектің, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Сағат Тайманның жалпы қазақ баспасөзіне жасаған талдау ойлары, Сыр журналистикасына айтылған пікір-пайымдары берілген.

Жиын соңында шараға келген меймандар бестомдықтың лентасын кесу рәсімін жасады. Бұдан кейін өмірден өткен қаламгерлердің рухына арнап ас беріліп, құран бағышталды. Осы жерде облыстық «Сыр бойы», «Ақмешіт жастары» және қалалық «Ақмешіт апталығы» басылымдары жариялаған мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов, қаламгерлер Айжарық Сәдібекұлы, Әскербек Рахымбекұлы, Әділхан Бәймен атындағы шығармашылық байқаулар қорытындысы шығарылып, жүлдегерлері марапатталды.

«Өзге өңірлерге үлгі болар еңбек»

Түстен кейінгі шарада «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев келген қонақтарды заманауи жабдықталған баспахана жұмысымен таныстырды. Мұнда медиаға қарасты үш облыстық, жеті аудан, бір қалалық және бірнеше тәуелсіз газет басылып шығуда. Сағатына 35 мың данаға дейін газет басуға қауқарлы баспаханадан бірқатар өзге де облыстардың басылымы шығуда. Ал биылдан бастап баспахана жанынан жаңа технологиямен кітап басу ісі қолға алынды.

Айта кетейік, «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты басылымдар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай шығармашылық өкілдері арасында байқау жариялаған болатын. Байқаудың қорытындысы серіктестік ғимаратында өткен басқосуда жария етіліп, жүлдегерлер марапатталды.

Аталған марапаттау рәсіміне Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Бас редакторлар клубы» ҚБ президенті Бибігүл Жексенбай, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ түркітану кафедрасының профессоры, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп, «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай, «Turkistan media Holding» атқарушы директоры Тельман Бейсен, «Бас редакторлар клубы» ҚБ атқарушы директоры Әсем Есілбаева және аудандық газет редакторлары қатысты.

Марапаттау рәсіміне келген қонақтар «Достық үйінде» тұсаукесері өткен «Сыр журналистикасының тарихы» бестомдығы жайлы өз ойларын айтып, қызылордалық әріптестердің жұмысын тағы да бағалап өтті.

– Бұл еңбектің ерекшелігі сол, Сыр өңіріндегі бұқаралық ақпарат құралдарының өткені мен бүгінін осындағы журналистер өздері зерттеп жазып шыққан. Екі жыл бойы Сыр журналистикасының тарихына қатысты қалам тербеген  әріптестердің еңбегі зор. Сонау Мәскеу, Алматы, өңір архивтерін, кітапханаларды ақтарып, тың деректерді пайдаланған. Бұл бестомдық кітап біздің қазақ журналистикасы үшін үлкен қазына. Өйткені, Сыр бойындағы бұқаралық ақпарат құралдарының бай тарихы алғаш рет жүйеленіп, жазылып отыр. Ауқымды жоба  арқылы өткенді түгендеп, бүгінгі қалам ұстаған буынға қажетті бағыт айтуда бұл кітаптың берері көп. Барлығымыздың назарымызды аударған осы еңбек арқылы сіздер өзге өңірдегі әріптестерге де үлгі болып отырсыздар, – деді Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев.

Жиында Сейітқазы Бейсенғазыұлы бірнеше қызметкерді одақтың «Құрмет грамотасымен» марапаттады. Дәл осындай ізгі тілегін айтқан Бибігүл Жексенбай да бірқатар журналиске «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің «Алғыс хатын»  табыс етті.

Шара барысында облыстық «Сыр бойы» газеті жариялаған «Ордалы отыз жыл» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Мұнда «Үздік мақала» аталымы бойынша облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы Ержан Қожасов, «Үздік сараптама» бойынша Арал ауданынан Жақсыбай Мұсаев пен алматылық Ермек Жұмахметұлы жүлдегер атанды. Сондай-ақ «Сайттағы үздік өлең» номинациясын «Сыр бойы» газетінің тілшісі Биболат Сәтжан, «Үздік сайт мақаласы» жүлдесін «Болашақ» университеті жоғары колледжінің оқытушысы Қанат Қыпшақбаев иеленді. Жеңімпаздардың жүлдесін ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Амантай Шәріп тапсырды.

Айта кету керек, бас басылым ұйымдастырған байқауға «Жаңажол» ЖШС төрағасы Орынбасар Төлепов, «Шаған Жер» ЖШС басшысы Жеңісбек Сыздықов демеуші болды. Сондай-ақ газетте ұзақ жыл еңбек еткен қос қаламгер – Айжарық Сәдібекұлы мен Әскербек Рахымбекұлының ұрпақтары да қолдау көрсетті.

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай облыстық «Ақмешіт жастары» газеті «Жастар жырлайды» атты жазба ақындар айтысын ұйымдастырған еді. Қорытындысы бойынша ақтық мәреге төрт ақын – Бексұлтан Орынбасаров, Динар Рахман, Шыңғыс Құдайберген және Айбану Қалиева шықты. Қатысушыларды дауысқа салу және олардың ұпай санын есептеу арқылы үздіктерді анықтаған қазылар І орынға  Бексұлтан Орынбасаровты лайық деп тапса, ІІ орын Шыңғыс Құдайбергенге берілді. Ал үшінші бәйгені Айбану Қалиева мен Динар Рахман бөлісті. Ақындардың марапатын «Бас редакторлар клубы» ҚБ атқарушы директоры Әсем Есілбаева тапсырды. Айтысқа облыстық мәслихат депутаты, «Сыр үміті»  жастар қауымдастығының төрағасы Мағжан Ералиев қолдау көрсетті.

Салтанатты шара соңында қонақтар естелік суретке түсіп, журналистермен өзара пікір алмасу болды.

Сонымен өткен апта соңында Қызылорда қаласында жаңа кітаптың тұсауы кесіліп, рухани шара шарықтау шегіне жетті. «Сыр журналистикасының тарихы» атты бестомдық ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында осылайша оқырманға жол тартты.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

Ғазиза ӘБІЛДА,

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<