Болмыс қалтарысы

852

0

(әңгімелер)

ӘКЕ БАТАСЫ

Қос аққу қалықтап келе жатқанда, аналығы мергеннің оғына ұшты. Құса болған серігі барынша аспандап қанатын жинады, тастай құлап мерт болады. Аңыз солай. Адам баласы көнбістеу. «Алла салды, мен көндім» дейді. Ер кісінің жалғызілікті өмірге шыдамдылығы нашар ма, қалай, олар Ұлы Құдіреттен қосағынан бұрын шақырғанын қалайды екен. Осы ақсақал да соны тілеген. Бірақ, кемпірінің о дүниелік  болғанына  екі-үш жыл болды.

Үлкен ұлының қолында. Ол ауылдың белді маманы. Келіннің де әжептәуір қызметі бар. Кіші ұлының үйленгені кеше. Ауыл  шетінде шағын үйде тұрып жатыр. Жас келін жұмыссыз.

Жақында үлкен келіннің көрші ауданда тұратын бауыры келген. Ол кезде қыдырған жұрт қолына түскенін алып баратын. Әлсізі бір қалта күріш, құрт ұстайды. Болмаса бір орам қақ, бір сөмке қауынқұрт іледі. Күйлісі ешкі-лақ сойып алады. Мықтысы семіз қой бөктереді. Қыс ортасында сыйлы үйге бір қарын сары май түсетіні де бар. Бұл жолы ақсақал үйіне сүрленген семіз қойдың еті келді.

Әке әулеттің қамқоршысы. Ананың орнына да жүреді қазір. Екі үйдің де қамын жейді, жақсы болғанын қалайды. Дегенмен, жақында ғана бөлек шығып отау тіккен кіші баланың ішіп-жемі, әрине, шамалы. Осыны әке біледі. Көмектескісі келеді. Бірақ қауқары шамалы. Орайы енді келгендей. Бір-екі күн болып құда жігіт келіншегімен ауылдарына бет алды.

Ертесіне әке кіші баланың үйіне келді. Келін үйде, ұл жұмыста. Шай ішті. Кетерінде: «Балам, ертең үйге келе ғой. Әнеугүні қонақ келген. Семіз қойдың еті бар. Содан келін сендерге сыбаға берер», – деді.

Атасымен келіскен кіші келін түс ауа үлкен үйге кірді. Демалыс күні еді. Шай ішілді. Үлкен келін сөз арасында: «Жақында інім келіп кетті, қолдарында арық тоқтының еті, оны неге әкелгенін?..» деп, өз бауырын жамандап та алды. Кіші келін кетуге ыңғайланды. Абысыны отырған орнынан қозғалмады. Далаға шықты. Атасы есік алдында жүр екен. Сұрау салған көзімен қарады. Келіні басын шайқады, үйіне бет бұрды. Тілеуқор әке артында мұңайып қала берді.

Адуынды келін мен тік мінезді ұл әке қолын байлады. Бірнәрсе дегісі келгенмен, ұрпақтарының бірлігін ойлап, өзін-өзі тежейді. Баяғы қуат пен қарқын қайда?! Ертең артында қалған балаларының, ұрпағының қамын күйттейді көпті көрген ақсақал. Содан да мол шыдамға бекіген, бәріне көнген. Бірақ, көңілі енжар. Ілкіде, түсінде кемпірімен жолықты. «Менсіз көндіге алмай жүрсің бе!.. Балаларға тиіспе! Олардың көңілдеріне қаяу тү­сірме!», – дегендей еді.

Бұл жалғаннан бұрын көшкеніне өкінеді. Ол болғанда сөзін өткізіп, кіші балаға бір асым ет бергізер еді. Үлкен келінге қатты айтып, кіші баласының үйіне сыбаға әперуге шамасы бар әкенің, әрине. Бірақ, ол ертеңгісін ойлайды. Өзінің емес, балаларының. Мен кетемін… Артымда ұрпағым қалады. Олар тату өмір сүруі керек. Бүгін ашу шақырып, әулетімнің тыныштығын бұзғаным, балаларымның ертеңгі ара-қатысына көлеңке түсіргенім болар деп, әке өзін тоқтатты.

Әке өзіне де риза емес, кемпіріне де өкпелі. «Баланы бастан» дегендей, үл­кен ұл мен келінді ертеден соңындағы жеткіншектеріне жылы мейіріммен қарым-қатынас жасауды баулымағанына өкінді қарт. Енді амал жоқ. Бұйырғаны болады.

 Ертесіне кіші баланың үйіне келді. Төрге шықты. Үйде келіні жалғыз екен. «Балам, қолыңды жай!», – деді. Келін тұрған бойы бата тіледі. «Айналайын, сендерге Жаратқан  Ие мол несібе берсін. Адамның бергені түк емес, өйткені оның сұрауы бар» деді де, атына мініп жүре берді.

КЕҢШІЛІК пен ШІЛІК     

Мамыражай уақытта Кеңшілік пен Шілік дос болды. Жайлы өмір сүрді. Артынан заман өзгерді. Шіліктің күні туды. Кеңшілік қыспаққа қашан көнген, игілікті іс атқармай отырсын ба?.. Ақыры жұртқа қажетті ойлап тапты. Мұны өзгемен ақылдасу керек. Шілікке келді.

– Осыған қалай қарайсың? Бұны көпшілікке ұсынбақшымын, – деді ол.

Шілік досын асықпай тыңдады. Шынында, бұл ұсыныста көпке қажет болар жол мен әдіс жатқанын байқады. Бірақ, бойына туа бітті сіңген әдеттен арыла алмады. Ішінен: «Сен кім едің, мұндай ұсыныс беретін, мен тұрғанда?!», – деп, жақтырмай салқын көзбен қарады. Іле-шала:

– Ісің күмәнді. Шикі. Жұртқа беруге жарамайды! – деп, кесіп тастады.

Кеңшіліктің салы суға кетті. Көңілі түсіңкі. Қайтсін, ұнатпаса да, досына мүлдем сеніп тұр.

Біраз уақыт сырғыды. Кеңшілік тағы келді Шілікке. Бос келген жоқ. Барын ақтарды. Ол тыңдап болып көп ойланды. Кеңшілік те ой үстінде. Шілікке іштей риза. Өйткені, досының қатты ойланғанын көріп отыр. Ұзақ ойдан игілік күтуде. Ал, Шіліктің ішкі есебі бар. Бекер мол ойланған жоқ. Ол досын тағы мұқатып, ісінің бәсін қасақана кемітіп, аласартуға жол іздеп отыр.

– Ұсынысыңды талдап, ойландым. Үстірттеу. Құбылыстың түпкі мағынасына жетпепсің. Мәселені шала түсінесің, білмейсің!.. Сондықтан, мұны қой, өзге шаруа істе! – деді Шілік.

Кеңшілік алды-артына қарамай ұзай берді. Досына өкпелі. Көп уақытын осы іске беріп еді. Енді ол босқа кетті.

Бүгін Шілік келді Кеңшілікке. Түп мақсаты досын сөзге тарту. Өйткені Кеңшіліктің өкпелі екенін сезеді. Өзінің де реніші жоқ емес азды-көпті. Мұны қанағаттандырмайтын мәселе бар. Ол Кеңшіліктің шектен шыққан сабырлығы мен сыпайылығы. Сөз арасында ұсынысын көрсетті. Кеңшілік кемшілігін байқады, және мұның бұрынғы ұсынысына шамалы ұқсай ма, қалай?.. Сонда да, ол өзінің үйреншікті әдетіне салып, досын демеді, қолдады. Көңілін қимады.

– Жақсы екен. Көпшілікке ұсынуға тұрарлық. Құптарлық. Шамалы олқылықтары бар. Бірақ, олар істің мән-мағынасын төмендетпейді! – деді ол.

Досы мұның оған бұрын істегенін осы жолы еселеп қайтарар деп еді, бірақ, ойлағаны болмады. Шіліктің ішкі ұстанымына тіпті сәйкес емес мінез көрсетті тағы Кеңшілік! Бұған енді қалай көнерсің!.. Күтпеген жағдай! Ерін бауырына алып, бас салып тулады.

 – Мені мазақ еткің келеді, ә?!.. Бұл, не қылған мүсіркеушілік?!.. Неге ойыңда тұрған шындықты ақтарып шашпайсың!.. Саған бұрын істегенімді өзіме неге қайтармайсың, пәтшағар?!..

Кеңшілік аң-таң. Түкке түсінер емес. Мұндайды ол бұрын-соңды көрмеген ғой.

– Е е, не болды, абыржитын соншама? Менің айыбым не?..

– Сенің айыбың зор! Қарай гөр білмегенсуін?.. Не ойлап тұрғаныңды білмей-тұғын мен емес!.. Мені алдап, арбап, қораңа түсіргің келеді ғой!.. Олай бола қоймас!..

– Астапыралла!.. Сен алжасып тұрсың, Шілік!.. Саған не көрінген бүгін?.. Мұндай да болады екен-ау!.. Тапа тал түсте, айдың, күннің аманында, бостан-бос, көзіңді бақырайта жала жапқанды бірінші көруім!.. Мұның бәрін теріп, неге тәптіштеп, қосақтап жатсың?.. Саған бөтен бір сөз айттым ба?.. Бос, қысыр әңгімені сен осы қайдан тауып аласың?!..

– Еш бос әңгіме жоқ мұнда!.. Атыңа сай болғың келіп, айналаңа ақ пейіл танытып, кең пиғылды істер атқаруға ылғи тырысасың. Содан сен не таптың?!.. Тапқаның шамалы!.. Өйткені, сен азсың, ал біз көппіз. Сенің қолдаушың кем. Көп жеңеді! Ия, дәл солай!.. Көнсең де, көнбесең де!.. Жеме-жемге келгенде көп­шілік сені емес мені қолдайды, менің жағыма шығады.

– Бәрібір, атқарған істерімді жоққа шығара алмайсың!.. Жұрт мені бүгін болмаса ертең түсінеді, қолдайды, ереді!..

– Сенің сөзің мен ісің кімге дәрі, Кеңшілік!.. Кейде аспаннан түскендей көрінесің! Жұрт сыртыңнан сықылықтап күлетінін білемісің?!.. Сенің ісің мен сөзің құдды әпендінікі… Қазір үлкені бол, кішісі бол, мықтысы бол, осалы бол, көпшілігінде ойлайтыны өз қамы. Сөздері, сырт қарағанда, сенікі сияқты жақсы, әрине. Бірақ, істері берекесіз. Осыны сен білмейсің, ә?!.. Білсең де білмегенсисің!.. Онда сен, барып тұрған екіжүздісің!.. Сонда сенің менен қай жерің артық! Артық емес, пәссің, төменсің!..

– Көп айтып, біраз сыр ақтардың-ау, Шілік! Артық сілтеп жатсың, досым. Ретсіз шүйлігіп жатсың! Бүгін  маған тиісуді мақсат еткен боларсың. Осы сен, менен қандай жапа шектің?!.. Менен қорлық көріп жүргендей сөйлейсің!.. Бәленің бәрі қайдан шығып жатыр?..

– Кеңшілік, саған дауа жоқ!.. Осы бағытыңнан тайма! Сен, адамға өздігіңнен бір ұрынбайсың ғой!.. Сен ешуақытта қатты сөйлемейсің, сыр бермейсің, өйткені, бір бума сырың сенің ішіңде жатыр қозғалмай бұғып. Соным дұрыс дейсің. Бірақ, дұрысы шамалы. Іште жатқан сыр далаға шығуы тиіс. Сонда ол бүлініп бұзылмайды, сонда оның жұртқа пайдасы тиеді. Сен  өзге үшін мол еңбек жасағандай көресің өзіңді. Жо-оқ, олай емес!.. Сенің де алдымен ойлағаның өз қамың!.. Әбден сараптап, барынша талдап сөйлеген сөзіңнен жұртқа пайда жоқ. Сырыңды ашуың керек. Олар сені сонда ғана түсінеді, бағалайды! Көрдің бе?.. Ал, сенікі болса «ішімдегіні тауып ал»… Мүлде дұрыс емес!

– Шілік, сенің көзіңе не көрінді казір? Бұл не сұмдық?!.. Жоқтан өзгені былжыратып, сандырақтап, шатастырып!..

– Сен, бұралаңдама!.. Жаңа айттым ғой, жұрт саған емес, маған ереді. Өйткені, сенің айтқаның оларға түсініксіз. Ал, менің сөзімді бірден қағып алады. Менің  өсек-аяңыма олар со бойы еліктейді. Себебі, біз о бастан бос сөз-өсекке біртабан жақынбыз!.. Содан рақат табамыз. Бізге осы жеңіл. Соған үйренгенбіз. Сенің ұзақ мылжыңыңды қайтсін?!.. Басын қатырғысы келмейді. Мен мұны баяғыдан білем. Соны пайдаланам. Ия, дәл солай!

– Өте жақсы. Тайма ендеше, осыныңды қолдана бер. Кім саған кедергі жасар екен?..

– Сенің сыпайылығыңнан-ақ күйдім осы!.. Ашуың келіп, тіке айтып салғың келіп тұрғанмен, мұны ренжітіп алармын. Басыма бәле болып жабысар, сылап-сыйпап қоя салайын, мәселені ушықтырмай, дейсің сен ылғи да ішіңнен. Қазір де сондайсың. Шыныңды айтшы, бүгінге дейін сен бір адамға көз алартып көрдің бе?.. Әй, қайдам, бұл сенің қолыңнан келер іс емес. Оған тәрбиең жібермейді. Міне, сенің болмысың осы!.. Ендеше, өмірің босқа өтіп жатыр!.. Мен осыны күнде істемесем көңілім көншімейді. Менің айқайым, өзгенің бетіне кемшілігін айтқаным адамға керек тәрбие!.. Алғашқыда шатасып-жұлысамын, сосын келісемін, достасамын! Нағыз өмір сол. Сонда жұртқа қажетсің, керексің!.. Әйтпесе, құр босқа жүргенің. Өтірік десең айт қазір көзіме, алдыңда тұрғанда. Осынымды бекерге шығарып көрші, мықты болсаң!.. 

– Айтуға оңай!.. Өмір қалтарысын ойынға айналдырғың келеді! Жеңіл қарайсың!.. Таязсың! Бүрсізсің сен!.. Ия-я, сен, өте кеш туған адамсың!.. Кемінде осыдан жүз жыл бұрын дүниеге келгеніңде, қолына найза мен айбалта ұстаған азаматтардың арасында айқасып, біраз жақсы іс тындырған болар едің. Бірақ, сол кездердегі адам қазір жоқ. Бәрі оқыған, білімді. Сенің анда-санда жұдырықтасып қаламын деуің сорақы тағылық! Уақыттың қиындығына әзер шыдап жүргендерді сен жұдырықтағың келеді. Бұл барып тұрған есерлік! Сені қайдам, мен жұрттың нағыз бірлігін қалаймын, адамдардың бауырластығын армандаймын. Қазір жұдырықтың заманы емес, салмақты ақыл-сананың уақыты. Мен не айтсамда осыны көздеп жүремін ылғи!

– Дұрыс-ақ. Білер болсаң, мен де соны қалаймын. Бірақ, соған жету үшін мен өзге жолмен жүремін.

– Ия, ол қандай жол?

– Сенікінен өзгеше. Сен, тыныштықты қолдайсың, адамдардың бір-бірімен ша­таспай тіл табысуын таңдайсың. Бірақ, сен ұстанған жол қиын да ұзақ. Өйткені, адамдардың баршасы тең емес, сенің көп сөзіңді бірден  ұғатын. Мен адамдардың бірімен бірінің ашық-бүкпесіз сөйлескенін қалаймын. Сен сияқты көп сөзге бой ұрмаймын! Мойындаймын, әрине, кейде азаматтар бір-бірін оң түсінбей шатасып, жұдырықтасып қалуы да мүмкін. Бірақ, сен, «Ер шекіспей, бекіспейді» дегенді білетін шығарсың?..

– Ал, мен бейбіт күн келісімді қолдаймын, осыған бар күшімді саламын. Азамат оң шешімге өзінің терең ой-санасымен келуі тиіс. Сонда ғана нәтиже толық, бекем, құтты және ұзақ болады. Жұдырық арқылы келген игіліктің өмірі қысқа, тамыры таяз.

– Онда, бүгін арамыздың ашылғаны да!.. Достығымыздың соңы осы болар!

– Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін көрерміз. Аман болайық!

ТҰҚЫМЫҢ ЖАЙЫЛҒЫР

Соғыстан кейінгі жылдар. Ел жағдайы мақтанарлық емес. Күнкөріс орташа. Нан бар, май анда-санда. Шай ішкенде анамыз қантты қалтадан өз қолымен алып, бір-бір түйірден қояды алдымызға. Сосын төсек жиналған жүктің арасына, ең соңғы биік жатқан көрпенің астына жасырады. Біз көріп отырамыз. Кейде анамыз сыртта жүргенде қолымызды созып, қалтаны суырып, бір-екі түйірін аузымызға салып, ынтығымызды басамыз.

Көл мен өзек аралығындағы өрде жайғасқан оншақты түтінді шағын ауыл. Көл айдыны ап-анық, жақын. Бәрі көрінеді, өйткені, биік қырат үстіндеміз. Үйрек ұшып, қаз қонады. Олар су бетіндегі шалауды ұрттарынан тынымсыз өткізіп қорек іздеуде. Шет жағында сырықтай аяғына сеніп құтандар тұр шабақ аңдыған. Жағалауда балықшы ағамыз қайық таба­нындағы сары сазандарды қапқа салып жатыр.

Кешқұрым барлық бала ауыл шетіндегі алаңқайда бас қосамыз. Доп-таяқ қуамыз, лапта ойнаймыз. Ойын қызығына беріліп, кейде аналарымыздың күнделікті тапсырмаларын естен шығарып, өрістен сиыр келер алдында бір сәт бұрын бұзауларды шағын бастыр­маларына қамауды ұмытып, үлкен ай­қайға ұшыраймыз. Бұзаулар аналарына көл жағасында кез болып, бірге келсе жағдайымыз тіпті мүшкіл. Сол күні бұзаулардың қарны тоқ, есесіне біздің қарнымыз бос. Санамыз пәс, кейіс қаба­ғындамыз.

–  «Қағынды келгір, сүт ішкенді жақсы көресің, бұзауды неге уақытылы байламадың» деп, бір ана бастайды.

–  «Ойының осылғыр неме», деп екінші шешеміз қостайды.

Үй алдындағы кепкен жыңғыл мен қарабарақты майдалап бұтап қоймаса жер ошаққа, қазан астына сыймайды. Осы іс тағы біздің үлесімізде. Жаңа ғана сауып әкелген сүтті дәке сүзгіштен өткізе қазанға құйып, енді астына от тұтатпақшы болған ана тағы бажылдайды.

– Жыңғылды бұтап неге қоймаған әлгі жүгермек келгір неме!..

Бұған ауылдың қарсы бетіндегі үйдің көлеңкесінде шай ішіп отырған кемпірдің  ащы дауысы қосыла тыптыныш кешті шулатты.

–  «Мына қарасан келгірді әрі айдасаңдаршы, үй маңын шаңдатқызбай! Қайда жүр апақ-сапақта осы үйдің жүгермегі? – деп, айналаны басына көтерді ол.

Әнеугүні әжем көрші қатынға шүйлікті. Бұл ауыл сиыр сауарда  алдына жаңа орылған көк құрақты салып қоятын әдеті бар. Сонда, әсіресе қытығы басылмаған жас қашарлар желінін тартып жатқанда тыпыршымай алаңсыз тұрады. Көрші үйдің он жасар ұлы мана орақ алып төменде жатқан көл жағасына кеткеннен әлі жоқ. Көрші қатын ернеуіне сиырдың жарылған емшегіне жағатын бір ілім сары май жағылған шелегін алып дайын-ақ отыр тыпыршып. Құрақ әкелетін бала әлі көрінбейді. Бір уақта әйтеуір көрінді. Сол-ақ екен  ашулы қатын долданып шыға келді.

– Жүгермек келгір, қара басып қайда қаңғырып жүрсің манадан бері. Көгермей, көктей солғыр неме, сүт ішкенде бәледейсің. Қата қалғыр неме, мына сиырдың иі қайтып кететін болды, енді қайтейін, – деп, ауылды басына көтерді.

Сол қатынның сорына қарай әжем үй көлеңкесінде ыстық шайды сораптап отырған. Құлағы ауыр болса да қатынның ащы дауысы әжем құлағына сап ете қалды. Жаңағы сөздерді естігенде ол кісінің түрі бұзылып кетті. Қолындағы кесені жәймен дастарқан үстіне қойды. Басын қақсаған қатын жаққа бұрды.

– Әй, көксоққан! Не деп оттайсың сен екі кештің арасында? Соншама нең күйіп, нең өшіп қалып еді сенің?.. Қаршадай балаға ауыр қарғыс айтатындай?.. Болмаса ол өгей балаң ба еді?.. Жоқ, ол баланы өзің таптың сен. Өгей болғанда да солай қарғауға бола ма?.. Алладан неге қорықпайсың, кісәпір пенде?!.. Неге ауыр асылыққа барасың, сен! Сенің жаман қарғысың иығыңда тұрған періштенің құлағына шалынып, Құдайдың назарына іліксе қайтесің!.. Әлде, сені біз көрмеген албасты басып тұр ма, ә-ә?!.. Жақсы сөз жарым ырыс. Тез Алладан кешірім сұра, антұрған!..

Осыдан соң сол қатын жым болды, аузын ашпады, тәубесіне келді. Ауылдың өзге де былапыт ауызды қатындарына да әжемнің осы сөздері мол сабақ болғанға ұқсайды. Өйткені, бұдан кейін шабалаңдаған дауыстар ауылда аз естілетін болды.

Күн бата көрші әйел біздің үйге келіп, әжемнің жанында біраз отырды сөйлесіп. Бір қарасам жылап отыр екен. Аяп кеттім. Сол үй отағасы соғыстан оралмаған. Шиттей бала-шаға осы кісінің қарауында. Әлде, ол мана  баласын емес, отбасын осындай қиын жағдайға жеткізген заманды, соған кінәлі адамдарды қарғады ма екен?..

Ашу шақырмайтын тек біздің үлкен әжеміз. Біз де қайбір тілалғыш едік, анда-санда қаһарына ілігіп қаламыз. Сол кезде үлкен ана: «Оу, тұқымың жайылғыр-ай! Неге айтқанды тез орындамайсың», – деп ренжитін. Енді біліп жатырмыз ғой, ол ананың көрер көзге шамалы реніші байқалғанымен, зілі мүлде жоқ, қайта біздің болашағымызға деген ақ пейілін аңғартатын мол тілегі мен мейірі бар болған екен-ау, жарықтық!..

ЕКІ БЕЛЕСЕПЕДШІ

Қос белесепедші жолыға кетті. Жастары шамалас, қырықтың қырқасынан аспаған. Жөн сұрасты. Екеуі де осы көлікті таңдапты. Тек, біреуі ылди мен ыққа сырғиды, екіншісі қыр мен өрге ынтық. Әрдайым солай. Қатар жүрмейді, үнемі қарсы ұшырасады.

– Хал-жайың қалай? – деді жел өтіне қарағаны.

– Несін айтасың!.. Өте жақсы. Көлігім өзі-ақ зырғиды, – деді екіншісі.

Біраз уақыт өтті. Тағы сол жерде кезікті олар.

– Жағдайың жақсы ма? – деді ыққа ығатын азамат.

– Жаман емес. Алдымнан ылғи таза ауа кезігеді. Содан рақаттана дем алам.

– Апырай-ә!.. Ендеше, мен тымырсық ауаны жұтамын. Соған түсінбей-ақ қойдым!..

Көптен соң және ұшырасып қалды.

– Ахуалың қалай? – деді биікке ұмтылушы.

– Көріп тұрсың ғой!.. Мәз емес. Неге солай екенін білмеймін. Өзімді қинамай-ақ жүрім. Жердің де, адамның да ығын есемін. Жағаласпаймын. Жүйкемді сақтаймын, қорғаймын. Өзің қалайсың?!

– Аллаға шүкір. Жақыным, әріптестеріммен қатысым оңды. Қажет болса ортақ істің, жеке мүддемнің ұпайын арашалауға дайынмын. Есемді бермеймін.

Уақыт өте берді. Белесепедшілер зейнет жасына тақапты. Тағы сол маңда кез болды уағдаласқандай.

– Халың қалай? – деді еңіске құмары.

– Тәубе Аллаға. Бөтен емеспін, белесепедіме де ризамын, – деді жел өтіне үйірі.

– Ендеше, менің жағдайым мүшкіл!..

– Е-е, не боп қалды соншама?!..

– Болғаны сол, жүрегім соғады, халім мақтанарлық емес. Белесепедіме наразымын. Бар бәле осыдан-ау!.. Әнеугүні бұрынғы досым: «Сенің барың не, жоғың не?!.. Дұшпаның да, досың да жоқ», – деді.

ТҮС

Қазақ ат қойғыш. Бұл туған түн аса қараңғы болыпты. Адам түртсе көргісіз. Қап-қара түнек. Осы естерінде болды ма, ата-анасы оның атын Сәулебек қойыпты. Мүмкін ұлына мол үміт артып, өмір қиындығынан қорғап сақтар сәулелі, мейірлі азамат болсын деп тілеген шығар олар.

Өмір қызық екен. Сәулебек ата-анасының дегені болмады. Ол жан-жағына шуақ тарата алмады. Тек өз қамын ғана күйттейтін тар пейіл, ұсақ пенде болып шыға келді. Жүрген жері айқай мен шу, атқарғаны мардымсыз іс, көрсеткені нашар қылық, соңына ергені жағымсыз сөз.  

Кәссіз, кесапат адамның ісі алға баса ма, бұл жолы да межелі жұмысы нәтижелі болмай, шаршап, қажыған Сәулебек кеш болмай-ақ ұйқыға бет бұрды. Жүйкесі қажыған жанның ұйқысы қайбір тыныш болсын, ол салғаннан түс құшағына оранды. Таң атар уақ келгенмен, күн шықпады. Талтүстің мезгілі де өте шықты. Әлі таң бозарған жоқ. Ертесіне де солай болды. Түн сейілер емес. Уақыт қоңыр күз еді, салқын белең ала бастаған. Кешелі бері күн көрінбегесін, ауа мүлдем суық. Жанындағылар да дірдек қағуда. Қою қараңғыда Сәулебек тұңғиыққа сүңгіп барады. Зәре жоқ. Жалғаннан мүлде күдерін үзген. 

Олар қолда бар қуатты жылынуға емес, тек бір-бірін көріп тілдесу үшін ғана пайдалануға мәжбүр. Өйткені қара түнектің қаһары суық ызғардан сорақы болып шықты. Айналада масқара үнсіздік. Мұнда мазаны алар пойыздың дүрсілі мен ауадағы ұшақтың гуілі атымен жоқ. Әр тұстан жанармайы әлі таусылмаған мәшиненің бәсеңдеу дыбысы ғана шығады.

Алдынан сәлделі қария ағараңдады. «Пәтшағар, иманыңды үйіре бер. Сен үшін, сендей кісәпірлердің қылығы үшін міне, бүкіл Жер налаға ұшырап, үйреншікті жолынан ажырап, күн жоқ, нәр жоқ, өмір жоқ мұздай қараңғылыққа бет алды» – деді ол.

– Менің осыған кінәм не, неге маған дүниенің бар ауыртпалығын жабасыз, мен мұнымен келіспеймін, – деп, қарлыққан дауыспен жауап қайырды Сәулебек.

– Сенің келіскен, келіспегеніңді енді ешкім сұрамайды. Ұлы Құдірет еркі бұл. Мен соның хабаршысымын.

– Менің кінәм не? Бар болғаны өзімнің қамымды жегенім бе?..

– Сенің күнәң мол. Сен өзгенің несібесіне ылғи қол сұқтың! Адал іс атқармадың! Жұртты алдаумен күн көрдің!

– Жалғыз мен бе екен сондай жаман, осылай жасайтын?.. Мен білсем өзгенің көбі осындай. Ендеше, мен біреу үшін жауап бермеймін!

– Қарай гөр мұның өзгеге жабысуын? Гәп сенің пейіліңде. Осы уақытқа дейін бір жағымды іс атқармағаныңда, гәззап!.. Енді, міне, сенің кесірің үшін барлық адам қара тұңғиыққа құлап, жоқ болады!

– Ойбай, сіз не деп кеттіңіз? Неге мен барша адам үшін жауап беруім керек? Мұныңыз барып тұрған зорлық, астамшылық!..

– Жоқ, ешқандай зорлық емес! Нағыз әділдік. Пәтшағар, күнәңді мойында!.. 

– Мен өзгенің ісіне жауап бермейім. Өзге менің ісіме кінәлі емес. Бұл не сұмдық айтып тұрғаныңыз?.. Сонда мен дүниенің ең нашар адамы болғаным ба?.. Құтқарыңыз мені, Құдай үшін!..

– Сені енді ешкім де құтқара алмайды.

– Неге құтқара алмайды?.. Мен де Алланың құлы емеспін бе?.. Жаратқан Иенің рақымы мол дегені қайда?!..

– Осыған дейін сен Алланы бір аузыңа алдың ба, күнәкар? Өзгенің ақысын опырып жатқанда Ұлы Жаратушыдан қорықтың ба?.. Енді жазаңды молынан тартасың! Ұлы Құдіреттің шарапатына ылайық пенде бар, ылайық емесі бар. Сен соның соңғысы боларсың!

– Түсінбеймін!.. Ең жаман адам екенмін. Мені жазалауға алып бара жатсыз. Дұрыс-ақ. Бірақ, Жер үстінде қаншама адам менен жақсы, олар жақсы істер атқарған. Солардың кінәсі не?.. Оларды неге аямайсыз?..

– Ұлы Құдірет Жерді алаңсыз тазартып алыңдар деп бұйырған. Жақсы адамдардың да кемшілігі жетерлік. Олардың қатесі сендердің бассыздықтарыңа үндемей көнгені, көрсе де көрмегені. Сендердің орындарыңа алдағы уақытта ақ пейіл, кіршіксіз таза адамдар келеді. Жағдай солай.

– Жо, жоқ, мен оған келіспеймін! Ақыры, бізді өлімге қиған екенсіз. Онда менің соңғы тілегім бар!..

– Ол қандай тілек, айт, кәне, күнәкар пенде?!..

– О дүниеде тозақ отына күйер күнәм мол екенін қазір түсіндім! Бірақ, енді сол күнәларымды тағы  көбейткім жоқ. Болмағанда бір жақсылық іс жасап бұл өмірден өтейін, ендеше!.. Жаңа айттыңыз ғой, бар пәле менде деп. Онда, бар жамандық менімен кетсін. Өзгелер үшін дүниеден бездім!.. Мен құриын, өшейін, жоғалайын!.. Осыған алаңсыз көндім, бұрылдым! Бірақ, ел аман болсын! Лажы болса, Жер өз отанына оралсын, адамдар өмірін жалғастырсын! Сол үшін қара түнек тұңғиыққа сүңгуге, тозақ отына күюге мен дайын, айналайын Қыдыр ата!.. Осы менің ақырғы тілегім!..

– У-уһ, бұл сәтке де әйтеуір жеттім-ау! Сендей нашар адам дүниеде баршылық. Мен өзіңдей болымсыз азаматтарға бет алғанның бірімін. Мақсатым сенің түпкі ойыңды байқау еді. Маған түскен аяннан сезгенім: Өмірінде тек өз қамын ойлаған адамның өзгеріп, адал жолға түскенін байқау еді. Сенен осыны күттім. Алғашқыда жолатпадың, көнбедің, қинадың. Әбден болмашы майда, нашар екеніңді көрсеттің. Оған көзім жетті. Ақыры, Алланың  нұры жауды білем, өзгердің, түзу жолға түстің. Адам үшін өмірдің басты мәні өзгеге жақсылық жасау еді. Одан сенің хабарың мүлдем жоқ екен. Ұлы Жаратушының мейірі шексіз екен, ақыры соны кеш болса да түсіндің! Адамнан түңілме деген осы екен-ау!.. Алланың рақымы мен кеңшілігі шексіз дейді. Жақсылық күтейік, балам!..

Сол заматта барша жұрт өзін үлкен ұшақтың ішінде отырғандай, оның бағытын өзгертіп, кілт бұрыла бастағанындай сезінді. Ұлы Құдіретке қиын емес, Жер ұзап кеткен сәулелі отанына қайта бет алды.

  «Елден ел кетсе жұт, елге ел қосылса құт» демекші, аса мәртебелі, қуатты Күн де шамалыдан бері, өзіне ең жақын Жер уысынан шығып алыстағалы түнеріп, ғаламға жарық пен жылу беретін кәсібін бәсеңдетіп, мұңайып қалған еді. Енді сол Жердің қайтадан бері бет алғанын бірден сезіп, жарқылын молайтып, алапат күшін қайтадан іске толық қосып, сәулесін ғаламға аямай шаша бастады. Жер де үйренген өз жұртына Ұлы Құдірет бұйрығымен бет алғанын сезіп, қуанышы қойнына сыймай туған өлкесіне асығуда. Шамалыдан соң таң бозара бастады.

Сонда ғана Сәулебек ұйқыдан оянды. Көзі шайдай ашылды. Санасы мүлдем өзгеріп, жаңарған. Дүниеге енді келгендей. Түстің осындай құдіреті бар екенін кім білген?!.. Оның бойын бұрын-соңды болмаған мейірлі сезім жайлады. Өзге үшін алғашқы жақсылық іс жасағаны тиыш қояр емес мұны. Және ол қатардағы жақсылық емес-ті!.. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс атқарды ғой бұл. Бүкіл Жерді сақтап қалды емес пе?!.. Түсінде болса да!.. Енді игілікті істі жалғастырады. Ол осыған бет бұрды. Мүмкін, ата-ана үміті ақталар?!..

Серікбай  ҚОШҚАРОВ,

профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<