Жыл сайын 15 ақпан күні Ауған соғысына қатысушылар ауыр да азапты жылдарды еске алады. Олардың әрқайсысының жүрегінде «интернационалдық борышымызды өтедік» деген сенім бар.
Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің филология, тарих және құқық факультетінің деканы, «Мұстафа Шоқай» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, Ауған соғысының ардагері Сағат Тайманмен әңгімеміз борыш пен сенім туралы сабақталды.
– Ауған соғысына қатысушылар – өз заманының батырлары. Баспасөз беттерінде біз туралы пайымсыз, мәнсіз пікір айтып жүргендердің әңгімелеріне құлақ түруге болмайды. Себебі, мектепті жаңа бітірген өрімдей жас жігіттер кеңестік идеологиямен сусындап өскен, интернационализм идеяларын бойына сіңірген еді. Жастайынан октябрят, пионер, комсомол қатарында болды. Бізден Ауған жеріндегі соғысқа баратын-бармайтынымызды сұраған жоқ. Тек бұлтартпас бұйрық берілді. Ең бастысы, жауынгерлер Отан алдындағы борышын адал атқарды. Болашағына сенді, солақай саяси ойынның құрбаны болғандары туралы ойларына кіріп те шықпады, –дейді ол.
Тартоғайдағы орта мектепті бітірген жас жігіт Қызылорда қаласындағы «СПМК-70» мекемесінде жұмысшы-слесарь болып еңбек етіп жүрген жерінен 1986 жылы 12 сәуірде әскер қатарына шақырылды. Ауған соғысының тарихына зер салсақ, бұл жылы Ауғанстандағы ішкі саяси жағдай шиеленісе түскен. Бадахшан, Қандағар, Құндыз сияқты елді мекендерде соғыс қимылдары жүріп жатты.
Сағат Тайман алдымен Грозный қаласында мотоатқыштар санатында 3 айлық әскери дайындықтан өтті. Содан кейін 1986 жылдың 6 тамызынан 1988 жылдың 18 мамырына дейін Баграм елді мекенінде орналасқан № 91860 әскери бөлімінде автокөлік жүргізуші болып, бірнеше әскери операцияларға қатысты. Баграм осы соғыс кезінде Кеңес Одағы әскери әуе күштерінің базасы әрі ірі әуежай болған.
– Бар болғаны 18 жастағы жігіттер қолдарына қару ұстап, отқа түсті. Бүгінде бұл жастағылар Ауған соғысына қатысқандардың басынан өткенін көрген жоқ, көрмей-ақ қойсын. Мыңдаған бауырларымыз жат елде жан тапсырды, ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін Ауғанстан мәңгілік жан жарасына айналды, – деді ол.
Әскерден оралған соң, С.Тайман сол кездегі Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтына тарих мамандығына оқуға түсті. «Отан тарихы» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағы бар. Жас ұрпақты отансүйгіштік пен ерлікке тәрбиелеуге еңбек сіңіріп келеді. Борышын өтегені үшін «Воину интернационалисту от благодарного афганского народа», «СССР Қарулы Күштеріне 70 жыл», «Воин-интернационалист», «Ветеран боевых действий», «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шыққанына 10 жыл», «Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шыққанына 20 жыл» медальдарымен марапатталған. Бейбіт күнде жоғары мектептегі оқу-тәрбие жұмысына қатысқан еңбегі де бағалаусыз қалған емес.
Әскерден оралғалы бері 30 жылдан асып кетті. Жыл сайын күзде Сағат ұстаздың алдына мектепті жаңа аяқтаған жігіттер мен қыздар келеді. Өйткені, бұл – өмір заңдылығы, ұрпақ алмасады, тірлік жалғасады. Жастарға дәріс оқып тұрып, «бейбіт елдің, ата-ананың қамқорлығын көріп өскен көгенкөздер, отбасындағы өзі тәрбиелеген ұл-қыздары соғыстың не екенін білмесе екен» деп тілейді. Ләйім де солай болғай!
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<