Бүгін – қазақтың елдігі мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан үш тұлғаның туған күні. 28 қыркүйек күні Мұхтар Әуезовтың туғанына 123, Шерхан Мұртазаның дүниеге келгеніне 88, ал Оралхан Бөкейдің өмір есігін ашқанына 77 жыл толып отыр.
Мұхтар Әуезов (1897 – 1961)
Мұхтар Омарханұлы бұрынғы Семей уезі, Шыңғыс болысына қарасты Қасқабұлақ ауылында туған. Жасында Семейдегі медреседе, одан кейін бес сыныптық орыс мектебінде, 1915–1919 жылдары мұғалімдер семинариясында білім алған. 1917 жылы семинарияда оқып жүрген кезінде «Еңлік–Кебек» пьесасын жазады. Яғни төл әдебиетіміздегі алғашқы пьесаның авторы – Мұхтар Әуезов. Қаламгер осы пьесасынан кейін «Қорғансыздың күні» атты алғашқы әңгімесі арқылы өзінің жазушылық ерекше дарынын айқын танытты. Сол жылдарда Семейде, Орынборда әр түрлі қызмет істей жүріп, Алаш партиясының көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, басқа да белгілі әдебиет, мәдениет қайраткерлерімен жақындасады. «Абай» журналын шығаруға атсалысады. «Оян, қазақ» деп ұран тастаған қозғалыс, олардың демократиялық идеялары Әуезовтің өмірлік мақсат нысанасын белгілеуіне тірек болды. Алашорда қайраткерлері өкімет орындарынан, ресми саясаттан ығыстырыла бастаған соң, 1923 жылдан бастап көркем әдебиет саласына бар күш-қуатын жұмсап, өнімді еңбек етуге кіріседі. 1923-1926 жылдары «Оқыған азамат», «Қыр суреттері», «Үйлену», «Ескілік көлеңкесінде», «Кінәмшіл бойжеткен», «Қаралы сұлу» әңгімесін жазады. 1923-1928 жылдары Ленинград университетінде оқып, тіл мен әдебиет факультетін бітіреді. Одан кейін Ташкентте Ортаазия мемлекеттік университетінің аспирантурасында шығыс фольклоры бойынша маманданды. Ленинградта (қазіргі Санкт-Петербург) оқыған соңғы жылында «ҚарашҚараш» пен «Көксерек» повесін жазып шығарған. Мұхтар Әуезов саяси қызметтен бас тартқаннан кейін бірыңғай зерттеуге ойысып, оған ондаған жылдар бойы ұлтшылдық, байшылдық идеяларын жақтаушы деген кінә тағылып келді. Қудалау көріп, 1930–1932 жылдары қамауда болды. Тұтқыннан құтылу мақсатымен ашық хат жазды. Әуезовтің тарихи тақырыпқа баруының тамыры тереңде жатыр. «Хан Кене» мен «Қилы заман», «Айман-Шолпан», «Қарақыпшақ Қобыланды» драмалары да осыны аңғартады. Бұлардың кейбіреуі ел арасында кең тараған, бұрыннан белгілі сюжетке құрылса, «Хан Кене», «Қилы заман» тарихта болған нақтылы оқиғаларды арқау еткен. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Абай мұрасына әр қилы баға беріліп жүрген кезде Әуезов үшін Абайды тереңдеп, кеңінен тануды өзіне өмірлік мақсат ету – үлкен ерлік те болғаны хақ. Кесек, кең тынысты, сан миллион оқырмандардың жүрегіне жол табатын көркем шығарма арқылы Абайды әлемге әйгілеу үшін Әуезов қандай қажет болса, Әуезовтің дүние жүзі мәдениетінің биігіне көтерілуіне Абай мұрасы, Абайдың өнерпаздық, ойшылдық дәстүріндей үлкен тірек сондай қажет еді. 1936 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Татьянаның қырдағы әні» дейтін прозалық үзінді жарияланды. Бұл – болашақ романның бір тарауы еді. Осыдан соң, 1940 жылы, Л.Соболевпен бірлесіп «Абай» трагедиясын жазды. Мұхтар Омарханұлы 15 жыл бой «Абай жолы» атты өзінің 4 томдық даңқты тарихи романэпопеясын жазды. Мұның «Абай» аталған бірінші кітабы 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы жарық көрді. Орыс тіліне аударылған. «Абай» романының екі кітабы 1949 жылы 1-дәрежелі КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды. Төрт кітаппен біткен эпопея 1959 жылы Лениндік сыйлыққа ие болды. «Абай жолы» 30 тілге аударылып, дүйім дүние оқырманынан өте жоғары баға алды. Үлкен ғалым, педагог Әуезов қазақ әдебиеті тарихын зерттеу, әдебиет кадрларын даярлау жөнінде шексіз көп еңбек сіңірді. Абайтану ғылымының негізін салды, көп томды «Қазақ әдебиеті тарихының» қазақ фольклорына арналған томының (1960) негізгі авторы және редакторы болды. Қырғыздың «Манас» эпосы туралы монография жазды.
Шерхан Мұртаза (1932-2018)
Халқы «Шер-аға» деп білетін Шерхан Мұртазаның өмірден өткеніне екі жылға жуықтап қалды. Тірі болса жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы бүгін 88 жасқа толар еді. Жазушының кіндік кескен жері – Жуалы ауданы. Шерхан Мұртаза 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Жастық шағында «Лениншіл жас» пен «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі болып қызмет еткен. 1963-1970 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінің редакторы қызметінде болған. Одан кейінгі кездері «Жазушы» баспасы мен «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарған. Жазушының әр жылдары жазылған «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты», «Мылтықсыз майдан» повестері, «41-жылғы келіншек», «Интернат наны» әңгімелері, «Қара маржан», «Жүрекке әжім түспейді», «Не жетпейді?», бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» романдары қазақ прозасына қосқан өшпес туынды болып қалары сөзсіз. Шер-аға бір жылдары Қазақстан Pеспубликасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып, ел көкейіндегі ең өзекті мәселелерді биік мінберлерден жасқанбай айтқан. Бір күнде туған Шерхан Мұртаза мен Оралхан Бөкейдің ағалық-інілік сыйластығы барша қазаққа үлгі бола алады. Қазақтың шоқтығы биік жазушыларының сыйластығы қаншалықты ыстық болғанын Шерхан Мұртаза алпыс жасқа толған кезде Оралхан Бөкейдің жазған мына бір екі абзац хатынан-ақ аңғаруға болады. «Аға! Мен сізді ешқашан аты-жөніңізбен атаған емеспін. Ең алғаш көргеннен бастап «Аға» деп амандастым және сол 1967 жылдан бері туған ағадай шыншыл көңілмен сыйлап, құрмет тұтып келемін. Бәлкім, осынау алды мен арты айырбастала беретін алдамшы өмірде, сынаптай толқыған әрі айнығыш заманда туған ағайынымен де ат құйрығын кесісердей дүрдараздық болар да, бірақ Сіз бен біздің арамызда ширек ғасырдан бері ағалық-інілік жарастыққа жарықшақ түскен жоқ (тіл-көзден сақтасын). Мен Сізді, Аға, жаһандағы жалғыз ұстазым деп, жар сала айтудан ұялмас едім, әрі осының өзін мақтан тұтар едім. Қарғадай кезімде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған үш-төрт очеркімді оқып, ауылда қаперсіз жүрген кезімде республикалық басылымға жұмысқа шақырдыңыз. Университеттің үшінші-ақ курсында сырттай оқып жүргеніме қарамастан, ең бір қиын да жауапкершілігі үлкен бөлімдерді сеніп тапсырдыңыз. Бұдан кейін де әдебиет пен журналистикадағы соқпағы соқтырмалы кезеңдерді бірге өткізіп келе жатырмыз. Мен кейде туған айымыз бен күніміздің (28 қыркүйек) дәл келуін ырымдап, жақсылықтың нышанына балаймын. Міне, сіз алпыс деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен?» (1992ж.). Шераға тірі кезінде осы хатқа қатысты бір сұхбатында былай дейді: «Соңғы сөйлем… Сұрапыл сұмдық сұрақ. Төменге қараймын, енді Оралхан көрінбейді. «Шолпандай таң алдында туып-батты». Сонда… Қатон-Қарағайға, Шыңғыстайға барғанда, алқаракөк аспанда бір қыран биіктен төменге қарап, баяу қалықтап жүрді де қойды. Енді биіктеп кеткен Оралхан шығар…»
Оралхан Бөкей (1943-1993)
Ал «Алтайдың кербұғысы» атанған Оралхан Бөкей тірі болса, бүгін 77 жасқа толар еді. Алтайдың көркем бейнесін туындыларына арқау еткен саналы ғұмырында көркем суреткер Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда Оралхан «…ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең сүйікті, ең сүлей суреткерлерінің бірі ретінде…» ел есінде қалды. Еңбек жолын 1965-1968 жылы Үлкен Нарын ауданында «Еңбек туы» газетінде корректор болып бастап, облыстық «Коммунизм туында» әдеби қызметкер, кейін «Лениншіл жас» газетінде, «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде еңбек етті. Қолына қалам алғаннан-ақ өзі дүниеге келген Өр Алтайдың көркемдігін сынын бермес сырлы сөзбен өрнектеді. Оның күрделі әрі мағынасы терең тіркестері әсте көп жазушыларда қайталана бермейді. «Оралхан не жазса да, қанымен, жанымен жазушы еді. Және қай жанрда жазбасын олардың бір де бірі қаламдастар мен қалың қауым назарынан тыс қалмайтын. Оралхан бір оқылатын жазушы емес. Оралхан қайталап оқуды қажет ететін жазушы, түсінгеніңше оқи беретін күрделі суреткер», – дейді Оралхан жайлы жазушы Дулат Исабеков. Оралхан Бөкей «Үркер» (1971 ж.), «Қайдасың қасқа құлыным» (1973 ж.), «Мұзтау» (1975 ж.) атты еңбектері жарық көрген. Жазушының орыс тіліне аударылған әңгіме-повестерінің жинағы: «Жасынның ізі» – «След молний» (1978 ж.), «Ән салады шағылдар» – «Поющие барханы» (1981 ж.), «Сайтан көпір» – «Крик» (1984 ж.), «Зымырайды поездар» – «Поезда проходят мимо» (1985 ж.), «Кісікиік» – «Человек – Олень» (1987 ж.). Мұнымен қатар қаламгер туындылары неміс, славян, болгар, ағылшын, мажар, араб, қытай, жапон және ТМД елдерінің тілдеріне аударылды. Оралхан Бөкей – көркем сөз өнерінің хас шебері. Оның туындыларында форма жағынан ерекшелік басым. 1976 жылы Оралхан Бөкей «Құлыным менің» пьесасы үшін Жастар сыйлығының лауреаты, 1978 жылы «Найзағай ізі» повестері мен әңгімелері үшін Н. Островский атындағы Бүкілодақтық әдеби сыйлықтың лауреаты, 1986 жылы «Біздің жақта қыс ұзақ» повестері мен әңгімелері үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты наградаларына ие болды. Оралхан Бөкей Үндістанға шығармашылық іс-сапарынан оралмады. 1993 жылы 17 мамыр күні Үндістан астанасы Делиде көз жұмды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<