Дәстүрлі өнер дүлдүлі ұсыныстарымен бөлісті

804

0

Бейсенбі күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жырау, фольклортанушы, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Алмасбек Алматовпен кездесті. Халқымыздың жыраулық, жыршылық өнерінің  дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан белгілі өнер өкілі өзінің шығармашылық жұмыстары мен өңіріміздегі жыраулық дәстүрдің дамуы, жастарды ұлттық өнерге баулу жайлы өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Аймақ басшысы фольклор­тану­шының шығармашылығын жоғары бағалап, қазақ өнерінің дамуына қосып жүрген сүбелі үлесін ерекше атап өтті. Алмасбек Алматов облыс әкімі­не Қызылорда қаласында «Түркі халықтарының өнер академиясын» ашу және  «Қорқыт ата: жыр керуені» атты 2 томдық аудио-видеоэнциклопедия шыға­ру туралы ұсынысын жеткізді.

Айта кетейік, Қорқыт мұра­ларын алыс-жақын шет елдерге насихаттау мақсатында  «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымы­мен бірлесе өткізілетін халықаралық «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фольклорлық-музыкалық өнер фестивалі Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қол­дауымен 2006 жылы алғаш рет Сыр елінде ұйымдастырылған болатын. Бұл үш жылда бір рет дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Халықаралық деңгейдегі өнер мерекесіне Түркия, Әзербайжан, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей Федерациясының Татар­стан, Башқұртстан, Саха елдері мен республикамыздың әр өңірі­нен түркітанушы, өнер зерт­теуші белгілі ғалымдар мен өнер иелері, жергілікті өнер­паздар қатысып келеді. Атал­ған фестивальді санитарлық-эпиде­миологиялық ахуал тұрақталған жағдайда, 2022 жылдың қыр­күйек айында ұйымдастыру жос­парлануда.

Облыс әкімі жырау айтқан идеялардың маңызды әрі уақы­тында көтерілгендігін алға тартып, облыстық мәдениет, архив­тер және құжаттама басқар­масына  тиісті жұмыстарды үйлес­тіруді тапсырды.

– Осы тұрғыда түркітілдес, бауырлас халықтар достығының шығармашылық зертханасын қалыптастырып, халықаралық деңгейдегі дәстүрлі өнер сала­сының оқу-ағарту және ғылыми орталығына айналуды мақ­сат тұтатын Академия ашу ұсыны­сыңыз маңызды және  уақытында көтеріліп отыр. Акаде­мияны ашудың алғашқы қадамы ретінде  Қызылорда қаласынан  дәстүрлі өнер орталығын ашып, сол орталықты өзіңіз білім-тәжірибеңізбен басқарсаңыз, Сыр өңіріндегі дәстүрлі өнердің болашағы мен келешегінің жар­қын көрінісі болары анық. Екінші ұсынысыңыз бойынша, Сыр сүлейлерінің мұраларын жинақтап,  аудиоэнциклопедия етіп шығару арқылы біз болашақ ұрпаққа үлкен құнды дүние аманаттаймыз. Сондықтан  уақы­тында көтеріліп отырған мәселе деп ойлаймын, – деді облыс әкімі. 

Кездесу соңында аймақ басшысы адамзаттың рухани мұрасын зерттеп, оны ұрпақ игілігіне асыру жолында еңбек етіп келетін Алмасбек Алматовқа Сыр халқы атынан алғысын білдірді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<