Даналық жолынан адаспайық

1290

0

Ұлағаттың пірі ұлы Абайдың халқының кешегісі мен келешегін ет-жүрегі езіле ойлап, айтқан ақылы, аманат етіп артыңда қалдырған әрбір сөзі мәңгі өлмес мұра. «Жас ортаға келгенде бірталай өмірімізді өткіздік, алыстық-жұлыстық, ай­тыстық, тартыстық-әурешілікті кө­ре-көре келдік. Енді жер ортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің бәрінің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік.


Ал енді қалған өмірімізді қайтіп, не қылып өткіземіз? Соны таба алмай өзім де қайранмын» деп қатты қапаландыңыз-ау! Содан ел бағу, мал бағу, ғылым-өнер бағу, бала-шаға бағудан гөрі, жас ортадан ауғанда ойыңа келгендерді ақ қағаз бетіне түсіріп, кейінгі ұрпағыңның бір кәдесіне жарап қалар деген ниетпен артыңда өшпес мұра, өлмес аманат тастап кетпеп пе едіңіз? «Кім ішінен керек сөз тапса, кәдесіне жаратар, керек емес деп жатса, сызып тастар, өз сөзім өзімдікі» деп едіңіз ғой.


Абай ата, турасын айтсам, соқпағы мен тоқпағы мол өткен өміріміз бен бүгінгі тірлігімізге тіл берсек, оны шын жүректен сүзгілер болсақ, не істеп, не тындырдық деген сауалға жауап іздеп сабылады-ақ екенсің. Әлдекімдер өзін көрсету үшін, болмаса көлгірсіп көтермелену үшін өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп шимайлап-ақ жатыр. Ал мен өзімнің көргендерім мен көңілге түйгендерімді еліме, халқыма, дос-жарандарыма, ізімізде ілесіп келе жатқан ұрпақтарға ұлағат етіп айтсам ба деген тоқтамға келдім.
Өткенге ой жүгіртіп, талғам таразысы мен жүрек талқысына салсам, шүкір, мен де соқпағы мен тоқпағы мол, бұралаңы мен белесі зор өмір өткелдерінен өтіп келе жатыр екенмін. Қазақстандағы білім саласының қара шаңырағы – мемлекеттік университетте дәріс алып, әскер қатарында болып, азаматтық борышымды өтедім. Бұқаралық ақпарат, білім беру, мәдениет салаларында, атқару комитеті, кеңес, партия, әкімдік жұмыстарында үлкенді-кішілі қызметте болғаным – мен үшін өмір сабағы. Осы қызметтерде жүргенде өзімнің әр кезеңдердегі істерім мен келелі ойларымды, ел мен жер тағдыры, көзкөрген қанаттас, қызметтес тұлғалар жайлы іштегімді жайып салғым келеді. Көргендерің мен көңілге түйгендеріңді бір кітабыңмен де тауыса алмассың. Десе де, жүректе жазылып қалған жылы жайлар мен көңілге түскен кірбіңдерді бір серпілтіп, өз-өзіме есеп бергенді жөн көрдім. Арқалы ақын Қадыр Мырза-Әлі айтқандай, өтірік айтпағым келеді, бетім дуылдайды, өсек тыңдағым келмейді, құлағым шуылдайды. Өмір дегенің – шындық пен өтіріктің, әділет пен қиянаттың қосындысы. Демек, көргендерім мен көңілге түйгендерімді «тура биде туған жоқ» дегендей, қара қылды қақ жарғандай әділ айту – азаматтық арымның садақасы деп ойладым. Шынымды да, сырымды айтуға Абайдың жыр жолдары мен қара сөздері, арқалы да ақиық ақын Қадыр Мырза-Әлиінің «Иірім» эссесі қамшы болды.


Қазақтың бір мақалы: «Өмір алды – бірлік, ырыс алды – тірлік» дейді. Өкініштісі сол, базбіреулер бірлік қандай елде болады, қайтсе болады, білмейді. Олар ойлайды: бірлік ат ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болса, байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Малыңды беріп отырсаң атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады. Демек, бірлік малға сатылса, ант ұрғандықтың басы осы. Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін Құдайдан тілейді, әйтпесе, Құдайдан тілемейді, шаруа бейнет іздемейді, біріне-бірі пәле іздейді. «Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қандай тірлік? Тірлік дегеніміз жан кеудеден шықпағандық па? Жо-жоқ, мұндай тірлік итте де бар. Өзің тірі болсаң да көкірегің өлі болса, ол қандай тірлік?


Кеселді жалқау қылжақпас,
Әзір тамақ, әзір ас.
Сыртың – пысық, ішің – нас,
Артын ойлап қиналмас, – бола жүріп тіршілік жасама, онан да Алла жіберген бұйрықты өлім артық».


Жоғарыда айтқанымдай, Абай ақын айтқанын ақпа құлақ ұрпағы тыңдап жатпаса не шара? Мына қысқа жіп күрмеуге келмейтін заманда ағайынның арасы ашылып бара жатқандай. Ағайын қолыңда барда ағайын ғой. «Ағайын жоқ болса, бере алмайды, бар болса, көре алмайды» деген қазақ не деген дана десеңізші?! Басыңа іс түсіп, астыңдағы тағыңнан тая көрме. Көресіні сонда көресің. Ағайынның жаласына да, табасына да қаласың. «Өзі бір Құдай атқан адам еді, сауап болған» дейді табалап. Сенің жақсы жағыңды көрмек түгілі, көзіне ілгісі де келмейді. Қайта саусақпен санамалап жаманшылығыңды тергіштеп отырғаны.
Дос іздейсің. Әншейінде сәлемін құшағын ашып беретін досың басыңа іс түскенде сәлемін сатып береді де, бұрыш айнала қашып барады.
Жаман дос – көлеңке
Басыңды күн шалса,
Қашып құтыла алмайсың.
Басыңды бұлт шалса,
Іздеп таба алмайсың, – деген еді Абай дана. Демек, ағайын мен дос-жаран жайлы жазбай қалай жайбарақат жүрерсің.
Біздің қазақта мәңгілік сапарға аттанғандарының жаманы жоқ, ал көзі тірісінде жақсысы жоқ. Марқұм Мұқағали мен Шәмшінің қысқа ғұмырларында бастарынан сөз, астарынан сыз кетпеп еді-ау.
Абайдың заманында бір болыс елге бір папка жетіп жатса, біздің заманда бас-басымызға бір-бір папка аздық етіп жүр.

«Өсек, өтірік, мақтаншақ, ерін­шек, бекер мал шашпақ…». Осы бес бәледен аулақ бол десеңіз де біз байғұс одан әзір құтыла алар түріміз жоқ. Өсек қаулап, өтірік жан-жағыңнан жаулап, мақтаншақтар мар­қайып, бекер мал шашатындар ел билеп жүрген бір заман.


Екі адамның басы қосылса, гу-гу өсек, зу-зу өтірік. Құлап жатып, сүрінгенге күлеміз. Біреудің басынан бағы тайып, тұяғы мұқалса, «бәлем өзіне сол керек» дегендей, қос алақанымызды уқалаймыз келіп. Бәйгеде өз тұлпары емес, өзге біреудің тұлпары бірінші келсе де бөрігін аспанға ататын кешегі қазағым-ай, қайдасың?

Осы орайда Расул Гамзатов айтқан:
«Достарыңнан қорықпа, көп болса сатып кетер, дұшпа­ныңнан қорықпа, көп болса атып кетер, қорықсаң немқұ­райлылардан қо­рық, олар атпайды да, сатпайды да, бірақ өмірдегі бар жаманшылық солардың айтуымен болып жатады» деген даналық сөзі еріксіз ойға оралады. Немқұрайлы адамға бәрібір. Ақты қара, қараны ақ деуден та­йынбайды. Олар өрлесең, аяғыңнан тартуға, еңкейсең, езуге әзір адамдар. Содан да бүгінде бұлбұлдардың үні шықпай, сауысқандардың сайрап жүргені.


Алаяқтар мен қулар­дың, па­рақорлар мен бәлеқор­лар­дың, май­лы қасықтай жыл­пылдаған жа­ғымпаз жылпос­тардың айы оңынан туған бір кезең. Бір дөкейдің аяқ киімін әлдекімнің қалтасындағы қол орамалымен сүрткенді де мына шыққыр көзіміз көрген.


Абай ата, әлі күнге өзіңіз айтқандай, бекерге мал шашудан алдымызға жан салмай келеміз. Көрпеңе қарай көсілетін осынау қытымыр кезеңде бәсеке өршіп, береке қашып барады. Ақиретке адамыңды жөнелту де бәсеке, келін түсіріп, қыз ұзату да бәсеке. «Бір үйдің адамы өлсе, қаралы ол» деген сіздің сөзіңізді біреу құлағына ілсе, біреу ілмейді. Бұл пәниден кәрі өтсін, қыршын кетсін, сүйегіне сүліктей жаңа киім салып, теңге таратудан тартынар түріміз жоқ. Бар екен деп осылай шашылуға бола ма, сірә? Тұрмысы төмен адам ше?


Сөз орайы келгенде бақилық сапарға аттанған аруақтарға құран бағыштап, құдай жолы жасауда да бәсекелестік бой алып келе жатқанын айта кетсек, артықтық етпес. Есімі елге танымал дарабоз дарындыларды еске алу рәсімдерін жасап, ас беріп, ат шаптырып жатса, ешқандай артықтығы жоқ. Ал бүгінде қалталары қалың азаматтар есімі елге елеусіз адамдардың жерлеу рәсімдерін дүркірете өткізіп, оны айтасыз, марқұмдарға қара шаңырағында емес, мейрамханаларда аста-төк ас беріп, ат шаптырып, бас бәйгеге автокөлік те беріп жатыр. Мақтаншақ, бекер мал шашпақ осылар емей кімдер? Алаған қолдардың малы шашылса, шашылар, ал береген қолды былайғының амалы ше? Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар емес пе? Озығын алып, тозығынан жерінетін кезең келді ғой.


Көппен жалғыз алысуға шама келмесін түсінерміз. Ақи­қатты айту қаншалықты қажет болғанмен, адасқанның алды жөн бола береді екен. Бүгінде уақыттың өзі соған себепкер болып тұрса амал бар ма? Қараңыз, қазір жүздік жағынан да, рушылдық жағынан да шырмауға ширатылып барамыз.


«Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бі­рімізді-біріміз аңдып, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғаны­мыз» деген еді Абай дана және бір сөзінде.


Әділетсіздікті, берекесіз бә­секелестікті көре тұра үнде­месең, оған өзіңнің де қатыс­қаның деп ойлаймын. Содан да көргендерім мен көңілге түй­гендерімді ащы да болса ашық айттым. Кім қалай қабылдайды, ол өздеріңіздің ар-ождандарыңызға аманат. Менің пайымдауымша, шын­дықтың шырағы сөн­бейді. Абай жолынан жаза баспайық дегім келеді.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<