Өмірі туған күнін тойламаған классиктің 100 жылдығы жер-жерде жоғары деңгейде аталып өтіп жатыр. Әбеңмен күнде болмаса да ара-тұра кездесіп тұратындығымыз рас-ты. Сол сирек кездесулерден туған әсерлерді қысқа әңгіме түрінде түбі керек болар деп түртіп қоюшы ем…
Түн жарымы. Жарты бет…
Аурухана – жазушының «екінші үйі». Ешкімге сенбей өз денсаулығына мұқият қарайтын аға жылдың қай мезгілінде болмасын, не Алматыдағы, не елордадағы ауруханалардың біріне барып, тым-тырыс жатып алады. Әлде жұрт мазаламайтын шығармашылық мүмкіндікті осы жерден таба ма, қайдам. «Тым-тырыс жатып алу» қайда, қашан барсаң да жаңа босанған келіншектей аурухана көрпесін беліне орап, сүлгімен басын таңып алып, әлдебір қолжазбаны шиедей қылып, қырнап-сүрнеп, кейбір тұстарын қайта жазып, ала қағазбен алысқан сәтінің үстінен түсесің. Шын беріліп кеткенде сенің «тез жет»-пен қос өкпеңді қолыңа алып, ентігіп келгендігіңді елемейді. Ондай да есік сыртында тұра тұрғың келеді.
Со жолы Әбекең бізді аса бір ерекше көңілмен қарсы алды. Төлен аға (Әбдік) екеуміздің алдын ала келіскендей, бір уақытта бара қалмасымыз бар ма! Басты бұйымтай – ауруханада жатқан кісімен аз-кем әңгімелесіп, жағдайын сұрау, айтатын тапсырмасы болса қолдан келгенше орайын тауып мінсіз орындау. Жалпы, Әбекең кімнің қандай шаруаға икемі барын бәрімізден жақсы біледі. Сыртымыздан бақылап жүреді. Кімге не тапсыратыны өзіне ғана аян.
Үйден ала келген келіндерінің «сәлемдемелерінен» таңдап-таңдап ауыз тиді. Әңгіме айтатын екі ағам, мен – тыңдаушы. Талай сырдың түйіні шешілді, әдебиетке қатысты, аудармаға қатысты, жалпы елдің, халықтың жағдайы туралы «ашық дискуссия» шарықтау шыңына көтерілді. «Ән айтайықшы» деді Әбекең бірде. Сөйтті де өзі еш қолқалаусыз ел айтып жүрген халық әндерінің бір-екеуін «мінсіз» орындады. Мұндай кереметке куәгер болып тұрғаным осы. Тек бір «әттеген-ай», қалтама диктафон сала барып, байқатпай бәрін жазып алсамшы. Эх, осындай әбжілдікті қашан үйренер екенбіз.
– Әбеке, – деді Төлен ағам күн екіндіге ауған шақта. – Біраз отырдық, сіздің әніңізді тыңдап, бір жасап қалдық. Тірі адамның тірлігі түгесіле ме, шаруа бар дегендей… Балам сыртта мәшинемен күтіп отыр…
Тағы да берер сағат артта қалды. Төкең кетуге ыңғайланды: – Жалғыз емессіз, қасыңызда Қуаныш бар.
Аурухананың дәлізіне шығып, арлы-берлі біраз жүрдік. Күн батты. Менің тілім байлаулы.
– Тек екеуміздің арамызда болатын бір жағдай, мұны тісіңнен шығарма. Жаңа жыл жақындап қалды білем. Біреулер менің Ақордаға құттықтау жазып жібергенімді жақсы көреді. Өзің білесің, ондайға менің құлқым жоқ – бір, екінші – қалам мүлде жүрмейді. Сен мені де бір жұмсарсың. Осы пәледен құтқар. Жарты бет, одан асырма. Келіннің шайына қанып алған соң, түнімен отырып жаз да ертең алып кел. Тағы айтамын, жарты бет, одан асырма…
Ұрланып Әбекеңнің жүзіне қараймын. Қоспасыз шын пейілімен айтып тұр. Мә, безгелдек! Ақордаға! Денем дірілдей бастағаннан сау ма. «Жазған құлда шаршау бар ма!» Түнімен сол бар болғыр жарты беттің бес-алты нұсқасын жазған шығармын. Екі оттың ортасында қалғаным анық. Сол жарты беттің басында тұрғанның да, аяғындағының да аты-жөндерінен ат үркеді. Өзімше барымды салып бақтым.
Ертеңінде алып-ұшып Әбекеңе жетейін: – Ал оқы, асықпай оқы.
Екі-үш мәрте асықпай оқыдым. – Кәне, өзіме берші. Торкөз дәптердің бір парағына қолмен жазылған жарты бетке біраз қарап тұрды да ортасынан қақ бөліп, қоқыс жәшігіне тастай салды.
Ізінше Төлен ағам хабарласты: – Әбекеңнің қасында кеше қай уаққа дейін болдың?
– Түнгі бірге таман үйге әзер жеттім. Төкең күлді. Бәлкім, бас шайқаған да болар.
Аралдағы атақты музей
Арал қаласында, туған жерінде жазушыға арналған әдемі мұражай бар. Оны кезінде Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Қызылорда облысында әкім болып тұрған кезінде салдырған-ды. Теңіз жағалауына алыс-жақыннан келгендердің алдымен маңдай тірейтін киелі «қағбасы». Ішке кірсеңіз, қаламгердің ұзақ ғұмырнамасынан толықтай мағұлмат аласыз. Жоқ, айтпағымыз бұл емес, қолсозым жердегі «Соңғы парыз» кейіпкерлеріне арнап қойылған түр-түсі бөлектеу, ерекше ескерткіш еріксіз көз тартады. Бір тылсым күш магнитше тапжылдырмай, олай-былай қозғалуға шамаңды келтірмей, сол жерде біразға дейін ұстап тұрады. «… Мөлт етіп омырауға тамған екі түйір сол бойда мөлдіреп мұз моншаққа айналды. Бірақ оны әйел сезген де, білген де жоқ. Ерні жыбырлап: «Ұш, пақыр» деді; Берекесі кеткен дүниенің тағы бір қарлы қара дауылын басынан өткізіп, енді, әне, шығыстан қызарып атып келе жатқан жарық дүниенің жаршысындай ұйқысынан жаңа оянып жатқан адамдарға жет!» деді; «желтоқсанның тағы бір қарлы қара дауылында бұлар бастан кешкен кешегі бар-бар шындықтың түгін қалдырмай, түгел айт!» деді. «Шырылда!» деді. «Дүниеде ештеңеге тұлға болмасаң да, бірақ сен аман бол!» деді. «Шырылда!» деді. – Шырылда! Шырылда, байғұс!».
Шығарма осылай аяқталады. Бәкизат адам төзгісіз талай азапты бастап кешіп, жаңа ғана демі үзілген күйеуі Жәдігердің суықтан паналап кеудесіне тығылған бір шұқым торғайды өлтірмей, шығыстан атып келе жатқан таң нұрына үсік шалған жүзін бұрып, болашақтан үміт үзбей аспанға ұшырып жібереді. Осы аккорд, осы көрініс қапелімде қалайша тас мүсінге айналып, қалайша көз алдыңда тұра қалады десеңші?! Бұл тұрғыдағы мүсіншінің шеберлігінде шек жоқ. (Сәулетші К.Байғазиев). Осы тарауды өз басым бәлкім, жүз мәрте оқыған шығармын. Қағаздан жатырқап, қолың жүрмей қалған шақта демеп жіберетін тосын күш. Қалай ойластырылған және жан тебірентерлік толғаныстың әсері қандай! Әдебиеттегі әдіс-тәсілдерді шемішкеше шағатын әлемдік масштабтағы сөз зергерлері осы шешім қалай табылған деп, әлі күнге дейін таңданыстарын жасырмайды.
– Соңғы тарау алдымен жазылды, – дейді Әбекең. Әрине, оның да мың-сан рет шимайланғандығын ішіміз сезеді. Жазушыны аздап шаршатқан – дилогияның атауы. «Сең», «Соңғы парыз», «И был день…», «И была ночь…» – Көпке дейін «И»-дің иінін келтіре алмадым. «Бір күн…», «Бір түн…» Тым шолақ. Жүрекке түспейді. Жақын жүрген жігіттерге ойланыңдаршы деп қолқа салдым. Бір күні айналайын Әбіш звандады. «Шал, жазып ал: «Осындай да күн болған…», «Осындай да түн болған…» Көңіліме бірден қона кетті. Айналайын Әбіш тапқыр ғой, тапқыр!.. Давид Кугультинов: «Соңғы тараудың әсерінен бір жеті ұйықтай алмай жүрдім» деді. Өтірік айтса өзіне.
Қайдан өтірік айтсын. Қаламгерді әбден «азапқа салған» және алдымен қағазға түскен соңғы тарау қайтіп оңай оқылсын. Жолыңыз түссе жазушының Аралдағы музейіне кіріп шығыңыз. Өкінбейсіз…
«Түнде бір оянып, Имашты бір көріп кетемін…»
Таныс қоңырау: – Келіп кетсеңші. Өзің білетін сол палата. Қашан келесің, кешікпе…
Сол сағатында жетіп барғанбыз. Әбекеңнің төсегі бос. Медбикелер де бір құпияны жасыратын тәрізді: – Тысқа шығып, таза ауа жұтып жүрген болар. Аурухана ауласын арлы-берлі кезгілейміз. Жоқ. – Бір айналып соқсаңызшы! – дейді қартаң дәрігер. Қайда кеткендігін білсе де айта алмайды, себебі аурухана ережесін сақтамаған өздері кінәлі. Бірер сағат кәкір-шүкір шаруаны күйттегенсіп, таныс палатаға қайта келгенбіз. Өлі тыныштық. Кетіп қалайын десең, үлкен кісіге уәде берген соң ыңғайсыз. Қойшы әйтеуір, күн бата Әбекең шаршап-шалдығып төбе көрсетті-ау: – Көп күттің бе?
– Төрт-бес сағаттың шамасы.
– Дүкен араладым. Сен таңғалма. Ертең ауруханадан шығып, Алматыға жүремін. Қос немерем алдымнан шығып, «атам бізге не әкелді?» деп қолыма қарайды ғой. Осындағы бір қызды ертіп алдым да, балаларға базарлық іздедім. Әзер таптым. Өзімнің де сілікпем шықты.
– Ақшасын беріп, размерін айтып сол қызды-ақ жұмсамадыңыз ба? Сізден гөрі оған солар икемді ғой.
– Бәли, ондай ақылыңды қалтаңа салып қой. Көзім тірі тұрғанда немерелеріме сыйлықты өзім таңдап аламын.
Үлкендердің қай-қайсысы болмасын, «немерелері үшін жан беруге қайлы ғой». Десе де жазушының немерелеріне деген сүйіспеншілігі ерекше. Жазудан жалыққан сәтте сол немерелерімен алданып, солармен бірге рақатқа кенеледі. Және одан шаршамайды. «Менің ендігі алданышым осы екеуі…» деп өзі де талай айтқан.
Тағы да таныс дауыс: – Астанадамын. Жаңа ғана жігіттер әкеліп «Аққуға» орналастырып кетті. Осы қонақүй шағын, жүріп-тұруыма ыңғайлы. Соғып кет… (Уақытың, мүмкіндігің бола ма демейді. Әлде бізге еркелейді).
– Осы жолғы келісімнің мән-жайын түсіндірейін. Биліктегілердің ешқайсысымен хабарласпаймын, оларға жоламаймын, – деді біз бөлмесіне кірер-кірместен. Тым көңілді. Біздің бас-аяғымызға да мерейлене қарады: – Имашты білесің ғой, сол Имашжанға «балелшік» болып келдім. Ой-бой, ол әтәңәлеттің кімге тартып, кімнен үйреніп жүргенін қайдам, біздің тұқымда жоқ кәсіп. Хоккейші. Хоккей десе ішкен асын жерге қояды. Және удары қандай, тура кісі жығады! Осы спортқа кішкентайынан бауыр басты. Біз де «қой» дегеніміз жоқ. Сүйтсем, хоккейі тамаша спорт түрі екен ғой. Коньки тепкенде жұлдыздай ағады. Бойы да, ойы да өсіп қалды. Үлкен адам секілді сөздері де салмақты. Имаш ертең осындағы атақты стадионда Қытайдан келген оқушылар командасымен кездеседі. Жарыс қой кәдімгі. Дауысым жеткенше қиқулап отырамын-дағы. Имашқа ол да демеу. Соған «балелшік» боламыз деп, үй-ішімізбен көшіп келдік Астанаға. Олар стадионға жақын қонақүйге орналасты…
Әдебиет, жазған-сызғандары туралы ләм-мим ауыз ашқан жоқ. Тағы да Имаш.
– Байқадың ба, байқамадың ба, Алматыдағы үйдің ауласына сол үшін ойын алаңын ашып қойдық. Көбіне сонда жаттығады. Удары сұмдық. Тиген жерін ойып түседі. Ертеңгі жарыста да көзге түсеріне сенімім мол. Қытайлар да осал емес көрінеді. Бірақ Имашқа үлкен үміт артамын.
Немересі жайлы хикаяның жуық маңда аяқталар түрі байқалмайды. Астананың ауа райы, мұндағы әдеби ахуал, қаламгерлердің көңіл-күйлері туралы сұрақ-жауап шорт үзіледі де, араға кимелеп Имашжан кіреді де кетеді.
– Ұйқым жақсы, бірақ түнде бір оянып, немерем Имашты бір көріп кетемін… Шайбасы түскірді бұрын қолыма ұстап көрмеппін. Тастай пәле ғой өзі. Ол рабайда көзге, бетке тисе не болмақ. Сондықтан Имашқа қайда болмасын, шлемді тастама деп ақыл айтамын. Бірер мәрте өзі де оңбай «таяқ жеді».
– Дұрыс, – деймін самарқау. – Өстіп бостан-бос жата бересіз бе?
– Қайдағы бос жатқан. Мұқан Иманжанов, Жұмабай Тәшенов, Иманғали Тасмағамбетов жайлы жазғандарымды бастан-аяқ қайта қарадым. Кей тұстарын қысқартып, кей тұстарына тың деректер қостым. Енді бір жобаға келген секілді. Өлі-өлгенше қаламнан қол үзгізе көрме деп Құдайдан соны тілеп жалбарынамын. Біздің өмір санаулы ғой. Әлі де бітпеген шаруа шашетек.
– «Аққудың» асын біраз іштіңіз ғой, үйге, шайға жүрсеңізші.
– Шай ішуге болар. Бірақ келінге мынаны ескерт. Аста-төк дастарқанға әуре болмасын. Оны бәрібір жемеймін. Маған жаңа піскен бауырсақ, қуырылған екі кеспе балық, сосын шығымды шай… Бітті.
Не құдіретінің барын қайдам, Әбекең отырған сол үстөлге жиі құйрық қойғым келеді де тұрады.
Бельгиядан келген хат
Елордадағы нейрохирургия орталығы. Аурухананың күн батыс бетіндегі шағын палата құдды Әбекеңнің көшпелі «қабылдау бөлмесі» секілді. Қолы қаламнан қалт еткенде белгілі қоғам қайраткерлері мен бизнесмендерді бірінен соң бірін қабылдап жатады. Соның арасында үйреншікті ем-домын да алып үлгереді. Тыным жоқ. Бір келгенде: – Мидың қан тамырларын түгелге жуық аппаратқа салып тексерттім. Алжудан, ұмытшақтықтан аман екенбіз әзірге…
Тоқсаннан асқан қаламгердің өмір сүруге деген құлшынысы сұмдық. Жан-жақтан телефон соғатындардың көбісімен емен-жарқын сөйлеседі. Олардың кімдер екендігін де әңгіме ауанынан аңғарасың. Әбекең ұзаққа созылған мағыналы да мазмұнды ғұмырында қазақтың талай жақсы, жайсаңдарымен дәм-тұздас, дастарқандас болды, тонның ішкі бауындай жақын араласты. Төрегелді Шарманов, Асанәлі Әшімов, Сәбит Оразбаев… солардың ішінде. Қаламдас, үзеңгілес інілері: Әбіш, Әнес, Төлен, Қажығали, Бексұлтан, Дулат, Нұрлан, Тынымбай, Молдахмет, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Сейдахмет, Уәлихан, Смағұлдармен ара-тұра кездесіп, пікірлескенді ұнататын. Біздің тұстастардан қатаң «дистанция» сақтап, Мереке, Рахымжан, Ұлықбек, Сауытбек, Жұмабай, Тұрысбек, Құлбек, Дархан, Қуандық, Қали, Жүсіпбек, Серік, Бауыржан Омарұлы, Шархан, Нұрлыбек, Амангелділермен ара-тұра араласты. «Араластының» аржағында атан түйеге жүк болар үлкен жауапкершілік жатады. Бір жерден біреудің бірдемесін оқыса, тіпті бір-екі сөйлемі ұнаса да (әрине, мұндай жағдай сирек), оны ретін тауып түртіп қояды. Оның шет-жағасын «Таң-Шолпанда» бірге жұмыс істегенде көрдік. Берік ұстанымы: «Менің көңіліме қарамаңдар. Жауым болса да шығармасы жақсы екен, дереу журналға жариялаңдар».
Әу бастан газет оқуға құмарлығы шамалы.
– Уақыт алады, кейбір мақалалар жүйкеге тиеді. Тек «Алматы ақшамын» ғана бастан-аяқ қарап шығамын. Сан-сапалақ саясаттың арасынан Қали қалай дегенде де оқитын бірнәрселерді тауып жазады.
Телефон зың-зың: – Маған Дарханның нөмірін тауып берші.
– Ол блокнатыңызда көрнекі цифрлармен жазулы ғой.
– Таптым. Өзің қашан келесің?
– ?
– Тап қазір келші!..
«Не шаруа?» Қайта сұрауға үлгермейсің. Баяғы құлақ үйренген «тез жет!». Аурухананың Әбекеңнің палатасына жеткенге дейінгі есіктерінің бәрі «ашық». Медбикелердің көздері үйренгені сонша, «қайда, кімге барасың?» демейді. «Ана жолғы қырық беттік эссені қайта оқымаса нетті…»
– Келдің бе, не әкелдің? Мұнысы жағдайым жақсы дегенінің белгісі. Жүзі жылы. Сырт киімімді шешпестен, тікемнен тік тұрмын.
– Жақында Бельгиядан Жорж Буйоннан хат алдым. Жорж Буйоннан хабарың бар ма? Бельгияның белгілі қоғам қайраткері, ақын, жазушы. Ана жылы Қазақстанға келген. «Мен Қазақстанның көкжиегінен таң көрдім» деген кітабы бар. Білесің ғой, Луй Арогоннан бастап, Жан Монтальбетти, Август Видаль, Андре Стиль, Альбер Фишлер, Мұстай Кәрім, Шыңғыс Айтматов… мен туралы бәрі жазды. Оқыған боларсың?
– Кітапта бар.
– Солардың ішінен мына хат маған ерекше ұнайды. Біраз жігіттерге оқып бердім. Сені де біле жүрсін дегенім ғой. Тыңда: «Біз, мына батыс оқырмандары, француз тіліне аударылған нағыз қазақ қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Әбдіжәміл Нұрпейісовті мысалға келтіре аламыз. Әуезов жайлы айтқанбыз, енді Нұрпейісовті атап өткім келеді. Иә, Қазақстан мақтана беруіне болады. Революция шапағымен бірге азаттық пен әділеттік жолында өз халқының қасіреті мен ұлылығын паш еткен нағыз жауһар – шедеврлер бере білген жазушыларымен мақтана беруіне болады. Осының бәрі бір буын ұрпақ жазушыларының маңдайына жазылыпты».
– Қалай?
– Тамаша!
Со тұрғанда Гер-ағаңның, Герольд Бельгердің сәл әзіл аралас мына сөзі ойға оралды: «Ағаларың мақтанудың да жымын білдірмейді. Сендер оны аңғармайсыңдар…» Иә, мақтанса несі бар, мақтануға тұратын-ақ оқиға.
– Қазір дәрігерім келеді, массаж жасайды. Сен шаруаңа бара бер.
Сыртқа шыққан соң аң-таң күйдемін. Не болды? Орталықтан такси жалдап, ебіл-дебіл жеткен еңбегім-ай! «Әбекең әдебиет үшін кісі өлтіреді!..» Осы тіркестің ойға қайдан сап ете қалғандығына қайранмын. Күлесің бе, жылайсың ба?!
Стипендия
Әдебиетке адалдық, тасқа басылған әрбір сөздің қадір-қасиетіне асқан жауапкершілікпен қарау – кешегі «алыптар тобынан» кейін келген қарымды қаламгерлердің ең басты ұстанымы болды ғой деп топшылаймын. Айтпағым, бүгінгі өлшеммен қарағанда елді елең еткізерліктей елеулі оқиға емес, бірақ соған қарамай ПЕН-клуб құрылтайшылары соның өзіне ерекше мән беріп, кәдімгідей көңіл аударған-ды. Жаңадан жарық көре бастаған «Таң-Шолпан» журналының бөлім меңгерушілігін тағайындау деген не тәйірі, оны бір-екі адам-ақ шеше салмай ма. Жоқ, мені журналдың проза бөлімі меңгерушілігіне бекіту үшін кезекті басқосуда жиналғандар дауысқа салып, жан-жақты талқылады. Сірә, сенімнің соңында зілбатпан сұрау болатындығын, ертеңгі шаруаға жүрдім-бардым қарауға болмайтындығын шегелеп түсіндірген де шығар. «Шығар» емес, дәл солай. Екі айда бір нөмірі даярланатын журналға жұрт тұшынып оқитын прозалық шығармалар таба алмай, шыбын жан алқымға тірелді десем, ел илана қоя ма. Өткен ғасырдың соңында дәл қазіргідей жазармандардың қарасы тым қалың емес-ті, иә, ол кезде де таңдайға салсаң табанда еріп жүре беретіндей, талай тамаша туындылар жазылып жатқан-ды. Менің пайымым солай, «осының қолынан бірнәрсе келеді-ау, жібі түзу проза жазуға шамасы жетеді-ау» деп таныс-білістердің есігін қағып және журналға жарияланса қомақты қаламақы алатындығын қосымша үстемелеп, үстөл тартпасында жатқан тың туындыларын әке-көкелеп сұрап аламын.
Таңданбасқа амал нешік, сонша әлемге даңқы жайылған абырой-беделіне қарамай, кезекті шығармасын он өшіріп, он мәрте қайта жазып, жанталасып жатқандығын естен шығарып ап, кезекті санға баратын барлық қолжазбаларды Әбдіжәміл ағаның өзі оқиды. Оқығанда да асықпайды. Осылар жарап қалар деген үмітпен қолымдағы барды мұқияттап, өзім де он қайтара оқып, қала сыртындағы саяжайына апарып тастаймын. Ал содан кейін үздіге күтудің азабы басталады. Қоңырау: «Кел, анадағыңды алып кет!» Дауыс қатқыл, үрей одан әрі күшейе түседі: «Сендер қолжазбамен жұмыс істеуге жалқаусыңдар!..» Өткен өмір естеліктері там-тұмдап еске түседі: «Анау Толстой, Толстой басымен «Анна Каренина»-ның сегіз нұсқасын жасаған. Ясная Полянаға барғанда сегіз нұсқаны да көзіммен көрдім. Ал сендер…» Классиктің одан соңғы ескертпелері де жай сөйлеп отырған секілді болғанымен, шыбын жаныңды аяусыз шабақтайды. Нокаут алған боксшыдай басың салбырап, көзің қарауытып, сол арадан кеткенше асығасың. Бір топ қолжазбаның ішінен бір-екеуінің шекесіне ғана қызыл қаламмен немкеттілеу белгі соғылады. Қалғанын құшақтап кері қайтасың. Тағы да «нең бар-ей!» деп тұстастарыңның мазасын алу.
Бірде Әбекеңнің көңілді сәтінің үстінен түстім.
– Сенің газеттегі жалақың қанша? (Бір мекенжайда орналасқандықтан «Ана тілі» апталығы бас редакторының орынбасарлығын да қоса атқаратынмын).
– 130-140 мың теңгенің шамасы.
– Жүз доллар ғой. Биыл ПЕН-клуб жазамын, көрінемін, тақырыбым дайын, күнделікті күйбең тірліктен қол босамайды деп қиналып жүрген қаламгерлерді қолдау мақсатында ай сайын 100 доллар көлемінде бір жылға стипендия тағайындамақ. Қалай? Бір нәрсе жазсам деген ниетің бар ма? Бірақ «ұзын арқан, кең тұсауды» осы бастан қаперге алмайсың және жазған дүниеңді алдымен маған оқытасың. Сенімнен шыға алмасаң өзіңе өкпеле! Бұл араға ағайынгершілік жүрмейді. Бүгін ойлан, ертең жауабын бер…
Сөйтіп, бір жыл жұмыстан босанып, «Даңқ түрмесінің тұтқыны» – алғашқы романымды жазуға отырдым. Кейін роман «Таң-Шолпан» журналының бірнеше нөмеріне жарияланды. ПЕН-клуб стипендиясына Қадыр Мырза Әлі ағам да іліккен-ді. Ізінше Г.Бельгер ПЕН-клубтың қазақ қаламгерлеріне жасаған қамқорлығы жайлы «Аргументы и фактыге» арнайы мақала жазды. Әр айдың басында Қадыр ағам екеуміз тізіліп, Ә.Нұрпейісовтің М.Төлебаев көшесіндегі пәтеріне барамыз. «Келдіңдер ме?..» Әбекең миығынан күледі. Құжат, іс-қағаздарына аса мән бермейтін ағамыз ешбір тізімге қол қойғызбай-ақ қалтасынан бір-бір жүз долларды суырып беретін де, байпаңдап жазу бөлмесіне өтетін.
Қайран, ол да бір ұмытылмайтын дәурен екен-ау!..
Қуаныш ЖИЕНБАЙ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<