«Ұзан хақ сөйлейді, ол шындықты айтады. Бұдан былай да, шындықты айтатын ұзандардың ґрқашан үні өшпесін, тоқтамасын. Домбыраның тиегін ағыт, сөйлет домбыраны»! Бұл – «Осман империясының құрылуы» сериалында қолбасшы айтқан сөздің аудармасы.
Сериалда Осман бейді ұлықтау тойына арнайы шақырылған жырауларды жаңақорғандық Ержан Арқабай мен Арсланбек Сұлтанбеков сомдайды. Қобыз бен домбырадан төгілген әсем әуен адамның жан дүниесіндегі сезімді, рухты асқақтатады.
Сериал үзіндісі әлеуметтік желіде тараған сәттен-ақ, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Біз отандасымызбен байланысқа шығып, түрік сериалына қалай шақырту алғаны жайында білген болатынбыз.
Өткен жылы белгілі «Воздаг фильм» киностудиясы домбырашы жігітке ұсыныс білдірген. Фильм әуендеріне арнайы альбом жазылады. Альбом 12 әннен тұрады. Оған Сүгірдің термесі де енгізілген.
– Бұл кездейсоқ түскен ұсыныс емес. Киностудия бізді әуел бастан таңдады. Менің Түркия елінде атқарып жатқан жұмыстарым ауқымды. Соны көріп бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. Арнайы альбом жаздық. Онда түрік әуендерімен қатар қобыз, домбыра үні қосылған. Сериалдағы домбыра әуенін толық өзім орындадым, – дейді ол.
Киногерлер Ержанның домбыра мен қобыздың үнін үйлестіріп, Түркия көрерменін таңғалдырғанын көріп, музыкалық синтезді алдағы уақытта тарихи сериалдардың саундтрегі ретінде қолданатындарын айтқан.
Ержанды жетістікке жетелеген – бала күнгі арманы. Он жасынан бастап домбыра тартты. Бұл қасиет оған әкесінен дарыған. Қалтай Арқабаев аудандық мәдениет саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек еткен. Дала жұлдыздары үгіт-насихат бригадасын басқарған. Ойын-сауық отауының жетекшісі болған. Мәдениет саласының үздігі атанған. Әке ізін жалғаған Ержан 2003 жылы Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжіне түсіп, білім алды. Одан әрі Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер университетін үздік аяқтады. Алғашқы жұмысын облыстық филармония жанынан құрылған «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінде бастады. Сонымен қатар өзі тәлім алған музыкалық колледжде қызмет атқарды. Домбырашы жігіт 2013-2014 жылдары облыстық филармонияның атынан ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен өткен Түркиядағы Наурыз фестиваліне қатысып, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі құрамында өнер көрсетеді. Бірнеше белгілі қалаларында болып, қазақ өнерін, музыкасын түрік халқына паш етті. Бауырлас ұлттың қазақ өнеріне, әсіресе күйге ерекше құрмет көрсеткеніне тәнті болды. Гастрольдік сапарда жүріп, осында білімін жетілдіруді ойлайды. Алдымен тіл курсына қатысып, түрік тілін меңгереді. 2015 жылы Түркияның Конья қаласындағы Неджметтин Ербақан университетінің магистранты атанды.
Өнерпаздың арманы – қазақ күйлерін еуропалық стильде қайта жандандыру. Бұл мақсатына түрік елінде жол ашылғандай болды. Университет қабырғасында түрлі шараларға қатысып, жергілікті халықтың назарын қазақтың қара домбырасына аударды. Жоғары деңгейдегі концерттерде өнер көрсетті.
Кейіпкеріміз бұған дейін Түркияда көрсетілген «Есімсіздер», «Дирениш Қаратай» фильмдеріне саундтрек жазған болатын. Конья қаласындағы «Orhun Kültür-Sanat-Müzik-Film-Prodüksiyon» продюсерлік орталығымен бірлесіп, «Домбыра – түрік рухы» деген атпен қазақ тарихи күйлерінің digital альбомын шығарды. Қазақ күйлерін таныту, дәріптеу, насихаттау мақсатында альбомның СD форматын жасады. Сонымен қатар түркітілдес елдерден оқуға келген өнерпаз студенттерді жинап, «Отау» ұлт аспаптар ансамблін құрды. Анкара қаласында домбыра курсын ашып, ынталы жастарға дәріс беруде. Дарынды өнерпаздың Түркі әлемінің музыкалық аспаптары арқылы орындаған «Адай» күйіне түсірген бейнебаяны жарыққа шығып, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.
Қазір Ержанға түрік университеттерінен көптеген ұсыныс түсуде. Сондай-ақ, жақында ол 52 бөлімнен тұратын деректі фильмге түсуге шақырту алды.
Сара АДАЙБАЕВА,
ұ«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<