Дуэль немесе ақын тағдыры

1350

0

Антипоэзия деген ұғым бар. Адамзаттың алғашқы ақынымен бірге туып, әлі күнге дейін шабыттының шалғайынан тартып, шаттығын ұрлаумен келеді. Бұл – арсыздық пен жиіркенішті әшекейлеу, дәріптеу. Ұлылықты қорлау. Қазақ поэзиясы алыптарының бірі Жұматай Жақыпбаев айтқан «ақын өлтіру ойыны» барлық уақытта болған.

Қай кезеңде болмасын арамзалар арлы ақын атаулының соңына заңын да, жарын да салып, жанын тыныш қоймаған. «Еліне даусын жеткізбей, – Ауызы мен мұрнын тығындап, – Сыртынан сұмдар сыбырлап» қаншама бірегейлер мен телегейлер өтті. Тарихқа үңілсек, қай заманда да, қай елде де ақын тағдыры қиын болғанын көреміз. Бұдан 185 жыл бұрын өткен мына бір оқиға сөзімізге дәлел бола алады.

1837 жылдың 8 ақпанында Санкт-Петербург маңындағы «Черная речка» аталатын жерде дуэль өтті. Ол жер атыс үшін өте қолайлы болатын. Ондағы саяжай ауылы қыста қаңырап бос қалатын. Әрі қала шетінде болған соң, жаралы дуэлянтты дәрігерге жедел жеткізуге де мүмкіндік бар еді. Сол жыл қыста тізеге дейін қар жауып, секунданттар қарды таптап, жолды аршуға мәжбүр болған. Аралық белгі қар үстіне тастай салған сырт киімдер болды. Арақашықтық 10 қадам, оның сыртынан тағы бес қадамнан жердің қары тапталып, жол ашылды. Жолдың екі басына шыққан дуэлянттарға аралық белгіге дейінгі кез келген қашықтықтан оқ атуға рұқсат берілген.

Қарсыластардың бірі межелі жерден бір қадам алыс тұрып, оқ атып, екіншісін ішінен жаралады. Жерде жатып оқ атқан екіншісі қарсыласының кеудесін жауып тұрған қолына тигізді. Секунданттар ішіне оқ тиген дуэлянтты шанаға отырғызып, үйіне алып кетті. Арада екі күндей, дәлірек айтсақ, 46 сағат өткен соң, ол ауыр жарақаттан көз жұмды. Бұл – ұлы ақын Александр Пушкин еді.

Дуэльге 1837 жылдың басында Джордж Дантес пен ақынның жары Наталья Гончароваға қатысты өсек-аяң, жанжалдар мен Пушкинге келіп түскен намысын қорлайтын хаттар себеп болды. Пушкиннің соңғы жекпе-жегі орыс әдебиеті үшін қаралы күн ретінде тарихқа еніп, сол кезде бір жылдан астам уақытқа созылған әңгімелерге нүкте қойды.

Пушкин өмірінде бірнеше рет дуэльге шыққан. Оның үшеуі жекпе-жекпен аяқталды. Үшінші және соңғысы – Дантеспен жекпе-жек. Ол уақытта дуэльге тыйым салынғандықтан, ақынның достары оған қарсы болған. Сол себепті Пушкин ұзақ уақыт бойы өзіне секундант таба алмай, тіпті Дантестің секундантына кандидатты өз қалауы бойынша таңдауды ұсынған. Болмаған соң, дуэль күні өзінің лицейдегі досы Данзасқа жүгінеді.

«Черная речкадағы» дуэльден соң Пушкин император I Николаймен хат алмасқан. Ақын мәселені атыс арқылы шешуге тыйым ережесін бұзғаны үшін кешірім сұрап, секунданты Данзасты жазаламауды өтінді. Император ақынды кешіретінін айтып, оның әйелі мен балаларын өз қамқорлығына алуға уәде берген.

Ұлы ақын 10 ақпан күні өмірден өтті. Псков губерниясындағы Святогорск шіркеуінде, анасының жанында жерленген. Ал, дуэльге қатыстылардың барлығы сотқа тартылды. Дантестің лауазымы төмендеп, елден қуылды. Оның өгей әкесі барон фон Геккерн де Ресейден кетті. Ақынның досы Данзас бар болғаны бірнеше ай қамауда отырды. Император ақынға берген уәдесін орындап, кепілге қойылған мүлкін қарыздардан босатты. Ұлдары оқу және лауазым үшін жәрдемақы, қыздары мен жары зейнетақы алды. Сондай-ақ, отбасына 10 000 сом көлемінде біржолғы жәрдемақы төленіп, ақынның мемлекет есебінен жарық көрген шығармаларынан барлық кірісті алуға құқық берілді.

Ақынның шығармашылығы мен өмірі Ресей мәдениетінің басты байлығы болып қала береді. Туған және қайтыс болған күндері кеңінен аталып өтеді. Сол бір орыс мәдениеті үшін қасіретті күннен кейін дуэль оқиғасына қатысты көп зерттеулер жүргізілгені сонша, бүгінде әр сағаты, минуты туралы мол деректер жинақталған. Мысалы, А.Пушкин атындағы бүкілресейлік мұражайда ақын өмірінің соңғы жылының егжей-тегжейлі хронологиясы жасалған. Соңғы он екі айын қамтитын күнтізбе де бар. Онымен танысып шыққан әрбір адам дуэльге қатысты өз пікірін қалыптастыра алады.

Рүстем АЙБОЛАТ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<