Тағдырдың жазуымен Қазақстан көптеген ұлттардың Отанына айналды. Солардың бірі – көне Эллада елінің өкілдері. Гректердің Қазақстанға келу тарихы – Сталин репрессиясы кезінде күштеп жер аударылуға тап болған басқа да көптеген халықтың тарихы тәрізді қасіретті. Қызылорда облысына 1949 жылы Грузия республикасы құрамындағы Абхазия АССР-нан жер аударылған гректерді қоныстандырды. Сол уақыттары оларға орналасқан елді мекендерінен шығуға рұқсат етілмеді.
Біздің кейіпкеріміз Женя Наврозиди 1949 жылы Қазақстанға жер аударылғанда 13 жаста болатын. Тереңөзекке қоныстанған бірнеше отбасы жергілікті халықтың қамқорлығын көріп, олармен етене жақсы араласып кетті. Ал Женяның өзі болса бойжеткен шағында қазақ жігітіне тұрмысқа шығады. Алты баланың анасы атанады. Өкінішке орай, сүйіп қосылған жары дүниеден ерте өтті. Кеңшарда күріштікте еңбек етіп келген Женя мұнан соң жас қалған балаларын аяққа тұрғызу үшін облыс орталығына қоныс аудару туралы шешімге келді. Ол Қызылорда қаласына көшіп келгеннен кейін күріш зауытында, онан кейін қалалық прокуратурада тазалықшы болып жұмыс істейді.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында елімізде экономикалық ахуал қиындап кеткені белгілі. Сол кезеңдері ол тарихи отаны – Грекияға қоныс аударды. Міне, сол уақыттан бері Грекияның Катерини қаласында тұрып жатыр. Бұл – Эгей теңізі жағалауында орналасқан табиғаты көркем, туристер үшін өте тартымды қала. Женя жеңгеміздің қыздары Гуля, София, Роза бүгінде жергілікті халықтың келіні болып үлгірген. Олардан немере, шөбере көріп отырған жайы бар.
Қазір 84 жасты алқымдаған қария бізбен әңгімесінде Қызылорданы сағынатынын айтты.
– Мен қазақтың келінімін ғой. Қазақтарды жақсы көремін. Көптеген халықтың өкілдері бастарына қиын-қыстау күн туып, тағдыр тәлкегіне түскенде құшағын ашып, бауырына басқан қазақтардың кеңпейілдігі мен мейірбандығын көрді. Олардың барлығы да қазақтарды жақсы көреді, жақсылықтарын ұмытпайды, ұрпақтарына айтып отырады.
Бұл жаққа көшіп келгенімізге отыз жылдай болғанымен, әлі күнге дейін қазақылықтан ажыраған емеспін. Қазақ тілін ана тілімнен артық білемін. Ішетінім – қоюлатып сүт қатқан шай. Шайды тек кесемен ішемін. Бауырсақ пісіріп, ет асып жеп тұрамыз. Оны бұрын өзім атқара беретін едім, енді балалардың міндетінде. Наурызда арнайы мерекелік дастархан жаямыз. Одан осы жақта қатысатын жандарға ауыз тигіземіз, – деді қария қыздары арқылы әлеуметтік желі көмегімен болған байланыста. Сонымен қатар ол Қызылорда қаласында «Шұғыла» шағын ауданында көпқабатты үйде тұрған кезін еске түсірді.
– Көптеген ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүрдік. Тарихи Отанымызға көш түзегенде көршілердің барлығы да көздеріне жас алып, қимастықпен шығарып салып, ақ жол тілеп батасын берді, – деп жылылықпен еске алған қария қызылордалықтарға, барша қазақ жұртына ізгі тілектерін арнады.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<