Ел сенімін ақтаған ойлы азамат

6

0

Адамзат тарихында әр дәуірдің саналы ұрпағына жүктелер өз еншісі, өз жүгі, өз сабағы болады. Бір кезеңге төзім мен сабыр керек болса, енді біріне күрес пен қайғы-қасірет бұйырады. Ал үшінші бір дәуірге білім мен парасат жүктеледі. Заман мен уақыт ешқашан бір қалыпта тұрған емес. Сондықтан әр ұрпақ өз кезеңінің ауыртпалығын көтеріп, өз міндетін арқалап өтеді. Ақылды адам үшін уақыт – бірінің артынан бірі өте беретін жай күндер тізбегі емес. Ол адамды шыңдайды, ойын тереңдетеді, ал бұл екеуі өз кезегінде жауапкершілікті арттырады. Демек, әр дәуірдің өз қиындығы мен мүмкіндігі бар. Мәселе – соны танып, соған лайық бола білуде.

Өткен ғасырдың екінші жар­ты­сының басында дүниеге кел­ген қазіргі аға буынға тағдыр бір жағынан қиындық, екінші жағы­нан үлкен мүмкіндік сыйлады. Бұ­ған дейін төңкерістер мен соғыс­тарды, аштық пен қуғын-сүргінді бастан кешкен қазақ халқының ғы­лым-білімге деген құштарлығы 1950-1960-жылдары өмірге кел­ген буынның бойынан ерекше қар­қынмен көрінді. Өндіріс пен шар­уа­шылықты дамытқан да, ғы­лым мен мәдениетті өркен­деткен де – бүгінгі ел ағалары.

Қазақ «Тектіден текті туады, тек­тілік тұқым қуады» дейді. Биыл жетпіс жасқа толып отырған Сал­­ха­дин Мырзабекұлының өмір жолына көз жүгіртсек, осы нақыл­дың өміршеңдігін анық аңғаруға болады. Ол – адал еңбегімен ел құр­метіне бөленген, әке тәлімін бо­йына сіңірген, тағдыр сынағына мойымаған, ел сенімін ақтаған аза­мат. Салхадин ағаның әкесі Мыр­забек Оспанұлы 1906 жылы Торғай облысы Ырғыз уезінің Тәуіп болысында дүниеге келген. 1925 жылы Сыр өңіріне қоныс аударып, Жалағаш ауданына қарасты Қазақстанның ХХ жыл­дығы атындағы колхозда (қазір­гі Мырзабай ахун ауылы) еңбек жолын бастайды. Колхоздас­тыру кезеңінен бастап еңбек майда­ны­ның алдыңғы шебінде жүріп, бригадир, ферма меңгерушісі, кол­хоз төрағасының орынбасары сияқ­ты жауапты қызметтер ат­қар­ды. Кейін су шаруашылығы сала­сында ұзақ жыл еңбек етіп, «Еңбек озаты», «Су шаруашылығының үз­дігі», «Еңбек ардагері» атақ­та­рына ие болды. Өкінішке қарай, елге тірек болған азаматтың ғұ­мы­ры ұзақ болмады. Мырзабек Ос­панұлы 1970 жылы дүниеден өтті. Әкесінен ерте айырылу жас Сал­хадинге ауыр тиді. Бұл жағдай оны ерте есейтті, өмірге деген көз­қарасын қалыптастырды. Адал ең­бек, жауапкершілік және елге қыз­мет ету сынды әке аманаты оның бүкіл өміріне жөн сілтер бағдар болды.

Салхадин ағамыз әкесінен ер­те айырылып, балалық шағында анасы Сараштың мейіріміне бөле­ніп өседі. Анасы бар қиындықты қай­сарлықпен еңсеріп, ұлының бо­йына адамгершілік пен еңбек­қор­лық қасиеттерін сіңірді. Са­раш ананың ақыл-парасаты мен шек­сіз мейірімі Салхадиннің өмір­­де дұрыс жол табуына берік не­­гіз қалады. Сонымен қатар оның апа­сы Патыманың да орны ерек­­ше болды. Ол бауырмалдық та­­нытып қана қоймай, әрдайым қам­қор болып, жанашырлық көр­сетті. Апасының жылы сөзі мен қолдауы оның жігерін жанып, болашағына сеніммен қарауына ықпал етті. Осындай өнегелі ша­ңырақта 1956 жылдың 4 сәуірінде дүниеге келген Салхадин жас­та­йынан алғырлығымен, білімге құш­тарлығымен көзге түсті. Бір ауылда бірге өсіп, бір мек­теп­те оқыған замандастары оның зерек­тігін жақсы біледі. Мектептегі фи­зика пәнінің мұғалімі Түлкібек Қаражігітовтің: «Қанша жыл ұстаз болсам да, физиканы Салхадиндей еркін талдап, терең түсінген оқу­шыны көрмедім» деген сөзі соның айғағы.

Шын мәнінде, жақсы әкенің тә­лімі балаға өмірлік азық болады. Бірақ тектілік дегеніміз ата-ба­ба­ның мықтылығы ғана емес, бұл –сенің ішкі дүниең, мінезің, қа­лып­тасқан көзқарасың мен баға­мың, соған орай жасаған іс-әрекетің. Бұл – қанның тазалығы ғана емес, жанның тазалығы. Бұл – жеті атаң­­ды біліп, соны мақтаныш етуің емес, ар-ұятыңмен, ақыл-па­ра­са­­тың­­мен со­лардың атына дақ салмау.

Еңбек жолын қарапайым жұ­мысшыдан бастаған Салхадин Мырз­абекұлы Қазақ ауыл шаруа­шылығы институтын экономист-ұйымдастырушы мамандығы бо­йынша тәмамдап, кейін экономика ғылымының кандидаты атанды. Білім мен табандылықты қатар ұстаған азамат қай салада да нә­тижелі еңбек етті. Сәкеңе тән қа­сиет – сөзінде жаттандылық бол­майды. Ол әр мәселені дәлел­мен, дәйекпен айтып, байыппен тал­дағанды қалайды. Шаруа­шылық жұ­мыстарында тәжірибе жинақтап үлгерген жас маманға 25 жасында «Жаңадария» кеңшарының бас экономисі қызметі ұсынылған кез­де жақын ағайындарының бірі: «Абайла, сотталып кетесің, ол жер ешкімге абырой алып бермеген» деп ескерткені де бар. Шынында, ол кезде ауыл шаруашылығында қиындықтар мен алыпқашпа әң­гімелер көп болатын. Мал шаруа­шылығындағы берекесіз тіршілік талай адамның тағдырына ауыр соққы болып тигені жасырын емес. Кеңестік қылмыстық ко­декс­тің Сталин дәуірінен қалған қа­тал баптары мемлекет мүлкін талан-та­ражға салғандарды 8-15 жылға дейін айдауға немесе одан да ауыр жазаға тартатын. Соған қарамастан жас маман өз қызметін абыроймен атқарды. Әсі­ре­се то­қырау жылдарында «Ең­бек» сов­хозын басқарған кезеңі оның іс­керлігі мен азаматтық жа­уап­кер­­­шілігін айқын көрсетті. Жас ­та болса ауыл өндірісінде тәжі­ри­бе жинақтаған Салхадин Мырза­бек­ұлы «Еңбек» кеңшарының дирек­тор­­лығына тағайындалды. Бұл сол кезеңдегі үлкен номенклатуралық қызмет еді. Жоғарғы органдардың келісімінен кейін оны облыс әкімі Сейілбек Шаухаманов қабыл­дай­ды.

– Қанша перзентің бар? – деп сұрайды облыс басшысы.

– Бес ұл-қызым бар, – дейді ол.

– Дұрыс екен. Ендеше ел үшін ештеңеге алаңдамай қызмет істейтін уақытың келіпті. Іске сәт!

Жас директор облыс әкімінің кабинетiнен ерекше жігерленіп шыққанын кейін жиі еске алады. Экономика әлсіреп, шаруашы­лық­тар тарай бастаған қиын кезеңде ол салқынқанды шешімдер қабылдап, ұжымды сақтап қалуға бар күшін салды. Директорлық қызметтен кет­кен кезде шаруашылықта 1500 ірі қара, 300 жылқы, 1000 қой то­лық сақталып, кейінгі иеле­рі­­не ешқандай қарызсыз тапсы­рыл­ды. Бұл – қиын кезеңде ел мүлкін талан-таражға салмай, жауап­кер­ші­лікті мойнына ала білген бас­шының нәтижелі ісі.

Жаңақорған ауданының әкімі қызметіне келген тұсы ел үшін ең ауыр кезеңдердің бірі болатын. Ай­лап берілмеген еңбекақы, зей­нетақы, жәрдемақы халықтың тұр­мысын тұралатып жіберген еді. Осындай жағдайда Салхадин Мыр­забекұлы батыл шешімдер қа­былдады. Кейде еңбекақы ор­ны­на күріш, мал, техника беруге дейін баруға тура келді. Мал мен техниканы халықтың өз меншігіне таратып беру жөніндегі бастамасы кейін Жаңақорғанда шағын және орта бизнестің дамуына жол ашып, аудан экономикасының ең­сесін тіктеуіне негіз болды. Сол жылдары «Жаңақорған шипажа­йы­ның» жұмысын жандандыруға да ерекше көңіл бөлінді. Табиғи емдік қасиеті бар бұл орын қайта тыныс алып, инфрақұрылымы жақ­сарып, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға қызмет етті. Кейін Салхадин Мыр­забекұлы облыс көлемінде әлеу­меттік салада жиырма жылдан ас­там уақыт басшылық қызмет ат­қарып, халықтың тұрмыс сапа­сын жақсартуға, денсаулық сақ­тау және әлеуметтік қорғау сала­ла­­рының жүйелі дамуына үлкен үлес қосты. Әлеуметтік саясат­тың ең күрделі кезеңдерінде жауап­кер­шілікті мойнына алып, ел мүд­десін бәрінен биік қоя білді. Осы саладағы ұзақ жылғы жемісті ең­бегінің нәтижесінде абыроймен зей­нетке шықты.

Салхадин Мырзабекұлы еңбек жолында өзіне бағыт-бағдар бе­ріп, басқарушылық тұрғыдан шыңда­луына ықпал еткен аға буын аза­маттарды әрдайым ерекше құр­мет­пен еске алады:

– Менің қызмет жолымда Се­йілбек Шаухаманов, Қонысбек Қа­зантаев, Сәмит Далдабаев, Бер­дібек Сапарбаев, Садық Әлиев, Ойшы Ысқақов сынды ел ағала­рының еңбегі зор болды. Олардың ақыл-кеңесін тыңдап, тәжірибесін үлгі етіп өстім. Нағыз басшы болу үшін тек білім емес, елге деген жанашырлық пен жауапкершілік қажет екенін сол кісілерден үйрен­дім, – дейді Салхадин аға.

Салхадин Мырзабекұлының бол­мысын замандастары «ойлы аза­мат» деп сипаттайды. Бұл баға кездейсоқ айтылмаған. Жала­ғаш ауда­нының құрметті азаматы, Қа­­зақстан Журналистер одағы­ның мүшесі Шыңғыс Айбо­сын­ов аудандық «Жалағаш жар­шы­сы» газе­тінде жария­ланған естелі­гін­де: «Біздің Салхадин – ойлы аза­мат қой» деген сөзді осыдан қы­рық жыл бұрын «Жаңадария» совхо­зы­ның партком хатшысы Жолдас Жар­махановтан естігенін жазады. Арада қаншама жыл өтсе де, сол бір ауыз сөздің шынайылығына уақыттың өзі дәлел болғанын ай­та­ды. Расында да, қай қызметте бол­сын байыппен ойлап, салмақты ше­шім қабылдайтын, бекзат бол­мы­сынан айнымайтын тұлғаға бұл анықтама әбден лайық. Салхадин сол ойшылдығымен әрдайым бар­лығын ақыл безбеніне салды, реті келгенде төмен сырғыды, кей тұста саясат әлеміндегі субардинация атаулыны да ұмытпады, бірақ жа­сық, жігерсіз болмады, ар-ожда­нын ешкімге таптатпады.

Адам ең алдымен өзімен ішкі келісімде өмір сүруі керек. Бұндай кісілердің үш тірегі болады, ол – ар мен намыс, пайым-парасат, қайрат-жігер. Ар өз тіршілігіңді іштей ба­ғамдауың, парасат бағытыңды тү­зеуің, қайрат ойға алғанды жү­зеге асыруың үшін керек. Бұл үшеуіне ынта-ықыласты да қосуға болады. Арсыз парасат – айла, па­расатсыз қайрат – тасырлық, ал қайратсыз ар – дәрменсіздік. Сал­хадинді қа­тарластарынан ерекше­лендіре­тін тамырындағы тектілік пен жоға­рыдағы төрт қасиет деп білемін.

Мемлекет оның еңбегін жоға­ры бағалап, 2006 жылы «Құрмет» орденімен, сондай-ақ «Әлеуметтік еңбек саласының үздігі» төсбел­гісімен марапаттады. Жалағаш пен Жаңақорған аудандарының құр­метті азаматы атануы – ел ықы­ласының айқын көрінісі. Тағы бір айта кетерлік дүние бар, Сә­кең Жалағаш ауданының «Еңбек» ауылын­дағы шаруашылықты бас­қарған кезде 1995 жылы «Алтын күздің» қорытындысымен облыс бойынша үздіктер қатарынан кө­рініп, екінші орын алған. Сонымен қатар Жаңақорған ауданының әкі­мі болған уақытта 1997 жылы «Алтын күздің» қорытындысымен үшінші орын алып, атқарған жұ­мысының нәтижесін көрсеткен.

Өмірлік серігі Рыскүл Досма­йылқызы – ұзақ жыл ұстаздық еткен, отбасының берекесін ұстап отырған парасатты ана. Екеуі бес ұл тәрбиелеп, ұрпақ өрбітіп отыр­ған бақытты ата-әже. Үлкен ұлы Сәкен – облыстық экономика және қаржы басқармасының басшы­сы, Марат – облыстық құрылыс, сәу­лет және қала құрылысы бас­қар­масында басшының орынба­сары, Жомарт – «Құмкөл» мұнай кенішінде инженер. Қалған ұл­дары да өз саласында табыс­ты ең­бек етіп, ел дамуына үлес қо­суда. Бұл – әке көр­ген тәрбие­нің, ша­ңырақтағы бір­лік пен ең­бек­қорлықтың жемі­сі.

Сәкең зейнетке шықса да, қо­ғамдық жұмыстардан шет қал­ған емес. Қызылорда қалалық қо­ғамдық кеңесінің экономика, бюд­жет және әлеуметтік мәселе­лер жө­ніндегі комиссия төрағасы ре­тінде қала өміріндегі өзекті мә­селе­лерді көтеріп, нақты ұсы­ныс­тар айтып келеді. Қай қызметте жүрсе де қара­пайым қалпынан ай­нымаған, ел­мен етене араласқан азамат. Ағайын­ның қуанышы мен қайғысын бө­лісіп, әлжуаздарға қол ұшын созуды өмірлік ұстанымына ай­нал­дырған жан.

Биыл Салхадин Мырзабекұлы 70 жасқа толып отыр. Бұл – ғұмырдың кемел шағы, елге сіңген еңбектің бағаланар кезеңі. Оның өмір жолы – кейінгі буынға үлгі, азаматтық пен адалдықтың айқын көрінісі.

Елуінші жылдардың орта ше­нінде өмірге келген ол екі ғасырды, екі қоғамды көрді. Социалистік идея­мен өмір сүрді, еңбек етті, тәуелсіздік тұғырын да бекітті. Осы екі арадағы өлара шақ, өтпелі кезеңде елді ауыр жағдайдан алып шыққан да осы аға буын. Олар ұлттың бергі тарихындағы кез келген өзгеріске тез бейімделді, сонымен бірге көп жайды бастан өткізді. Қай-қайсысы бол­масын, қандай жағдайда да өз ерекшелігін сақтап, бірегей бо­лып қала берді. Ең бастысы, өкше­сін басып келе жатқан біздің қатар­лас­тарымыздан бастап келесі буын­ның бойына ізгілік шуағын ша­шатын сәуле қалдырды.

Қазтай ӘБДІРЕЕВ,

салық саласының үздігі,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің

құрметті профессоры