Елдіктің үш мұраты

1195

0

Ұлтымыздың баспасөздегі нағыз жанашырының бірі «Ана тілі» газетінің өткен жылғы тамыздағы нөмірлерінің бірінде Мемлекеттік хатшы Қ.Е.Көшербаевтың «Құндылықтарымыз құлдырамасын» деген мақаласы жарияланды. Қазіргі қоғамдағы ахуал мақалада көрсетілген мәселелер мен көтерілген идеяларға қайта көңіл бөлуге итермелеп отыр. Мақалада қазіргі мәдени-рухани ахуалымызды талдап-таразылап, бәсекеге қабілеттігімізді күшейтетін мейлінше өзекті, көпшіліктің көптен бері көкейінде жүрген түйткілдерді таратып беретіндей ең басты үш мұрат айқындалып берілген.

Денсаулық, Еңбек және Бі­лім деп аталатын бұл үш мұ­раттың философиялық тұ­ғыры – адамның өз болмысын және сол арқылы ұлттық ерекшеліктерді сақтауға қыз­мет ететін басты бағдар. Орайы келгенде құндылық дегеніміз – бұл қан­дай да бір нәрсенің мән­ді­лігі, маңыздылығы, қа­лау­­лы­лығы, пайдалылығы жә­не қым­баттығы екенін, олар адам­ның әлеуметтік бол­мы­сына тартылғандықтан әр­кез мұқ­таж болатынымызды айта кету артық болмас.

Мақаладағы санамызды құл­дықтың құрсауынан алып шығар жаңа идея – бұл Білім және ғылым министрлігіне ұсы­нылған орта мектептерде отбасы құндылықтары мен ұлт­тық тәрбиеге бағытталған арнайы пән енгізу мәселесі дер едік. Сонымен бірге, бел­гілі ғалымдар, қоғам қай­рат­керлері мен көпбалалы аналардан құралған ата-аналар ұйымын құрып, министрлікпен бірлесіп «Отбасы – орта мектеп» атты жастарға тәрбие бе­рудің жалпыхалықтық әдісте­месін әзірлеу қажеттігі де кезек күттірмейтін мәселе ретінде күн тәртібіне көтерілгені кө­ңіл қуантады. Бұл жөнінде Қырымбек Елеуұлы «Біз келешекте білім беру мен отбасы тәрбиесін ұштастырмайынша отаншыл, зерделі де зейінді ұр­пақ қалыптастыра алмайты­нымыз анық» деп айрықша атап өтті.

Ендігі ретте жоғарыда атал­ған мұраттардың қатарындағы Білім мұратына қатысты төмен­дегідей бірқатар ой-пікір біл­діріп, ұсыныстарымызды айт­сақ дейміз: Кеңестік кезеңнен келе жатқан «білім мен тәрбие егіз» деген қағида бар. Қазіргі түсінікпен қарағанда, ол екеуі ешқандай егіз бола алмайды. Себебі, білім – аккуммулятивті, яғни, ол дамып, толығып тұра­ды. Әр үдемелі дәуір тудырған сұраныстарға сәйкес, Білім бе­ру бағдарламаларына өзге­рістер еніп отыруы ықтимал. Солай болуы да керек. Ал тәр­бие – этикалық ұғым. Демек, ол білім саласы сияқты ұдайы өзгеріп тұрмайды, ол тұрақты әдеп-ғұрыптық нормалар жиын­тығы болғандықтан маз­мұ­­ны жиі өзгермейді. Қорыта айтқанда, қазір Білім мұратына жаппай ұмтыла отырып, тәр­бие үдерісіне басымдық беру қажет сияқты.

Осы ретте мақала авторы «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл Фарабидің тұжырымын өте орынды келтірген. Талай ға­сырлар сынынан сү­рін­бей өткен осы қағида негі­зін­де ал­дағы уақытта жастарға тәрбие берудің мемлекет­тік стандарттарын қайта қарап, оған ұлттық мазмұн беруіміз қажет. Бұған қоса тәрбие беру үдерісінде ең озық дәстүрлерімізді тәр­бие­­ленушілердің жас ерек­ше­ліктеріне сай санасына сіңімді етіп барып стандартқа енгізу маңызды. Хакім Абай адам болу үшін алдымен «сүймек, сезбек, кейімек, Харикет қыл­мақ, жүгірмек. Ақылмен ойлап сөйлемек, ақыл керек, ес керек, мінез керек» дейді. Ә.Бө­кейхан болса, «ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген көзқараста болған.

Қысқаша қайырғанда біз­дің «Қандай адамды тәр­биелеп қалып­тастыруымыз керек?» деген ең өміршең сұ­рақ­тың толық жауабы мем­ле­кеттік тәрбие беру туралы стан­дартында бо­луы тиіс. Ұлт­тық мазмұнда жа­салған ол стандарт негізінде ата-ана­лардың тікелей қол­дауымен бүткіл педагогтар қауымы жа­ңа тұрпатты заманауи тұл­ға тәрбиелеуге бір кісідей жұ­мылуы керек деген ойдамыз. Ол үшін ең алдымен, мақалада аталған «отбасы – орта мектеп» жалпыхалықтық жастарға тәрбие берудің әдіс­темесі негізінде барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларда «Тәрбие Академиясын» ашу оңтайлы шешім болар еді. Аймақтың барлық педагогикалық әлеуеті осы «Тәрбие Академиясында» шо­ғырландырылып,

«отбасы – орта мектеп» жаңа әдістемесі бойынша жүйелі жұмыс жасалар ма еді деген үмітіміз бар. Орталық ашылған жағдайда онда жас отбасыларға, отбасын құруды жоспарлаған жұптарға түрлі психологиялық кеңестер беріліп, медициналық лекторийлер оқылса және түрлі форматтағы кездесулердің көмегімен дәстүрлі отбасының іргесін бекітсек деген арман бар. Ол үшін бірінші ке­­зекте, ұлттық тәрбие жү­йе­сінің негізін салушы А.Бай­тұр­­сынұлының «ұлды ұл­ша тәр­­биелесең, ұл болады. Ұл­ды құлша тәрбиелесең, құл болады» деген тұжырымын ес­керіп, ер балалар мен қыз балалар тәрбиесі жүйесін бір-бірінен ажыратып, дербес қа­лыптастырған орынды деп есептейміз. Бұнда ешқандай діни көзқарастар бойынша жы­ныстық оқшаулау жоқ, сапа­лы тәрбие беру ниеті ғана бар.

Автор ұсынған өзекті мұ­рат­тардың басты объектісі – адам болғандықтан бірнеше өркениетті мемлекеттерде та­рих сынынан өткен адам ка­питалы деген саясатты қай­тадан кең түрде қолға алу да ең өзекті мәселе дер едік. Фи­лософия ғылымдарының докторы А.Айталы ағамыз бір жазбасында «…бүгінгі кү­ні адам капиталы дегеніміз – адам­ның бойындағы білімі, қабілеті, тәжірибесі, даналығы, іскерлігі, бүгінгі бәсекелестік замандағы оның адамдық, кә­сіби құндылығы» деген еді. Демек, адам капиталы саясатына жалпыхалықтық сипат бе­ріліп, ондаған жылдарға ар­налған арнайы бағдарлама әзір­леу орынды болар еді.

Мақала басында Мемле­кеттік хатшы зиялы қауым өкілдерін ұсы­нылған мұрат­тар­ға байланысты жаңа жоба­ларды бірлесе қабылдауға ша­қырады. Расында, Президент Қ.К.Тоқаевтың «Қазақ хал­қы­ның тағдыры тарих таразысында тұр» деген атауының өзі жанайқайдай естілетін тағдыр­шешті мақаласы жария болған­нан кейін зиялы қауымның ел алдындағы жауапкершілігі де күшейеді деген үміт басым.

Мақала соңында автор «Қазақта «Тексіздік – тілсіз­дік­тен басталады» деген сөз бар, сол сөз – анық сөз. Дәс­түрі берік, тағылымды тарихы таңбаланған халық жат құн­дылықтардың жетегінде кет­пейді» деген қорытынды жасайды. Бұл – әрине, қапысыз дәл айтылған келелі ой, келісті пікір. Әдетте, біз тектілік туралы көп айтамыз. Оны өз мағы­насында дұрыс түсіну үшін бізге тексіздік дегеннің түп-тамырын аршып көру қажет. Мәселен, меніңше, ата-ананы құрметтемеу, ата-баба салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрыптарды сақтамау, ел мүддесіне нем­құрайлылық таныту, ана тілін білмеу немесе білуге ұм­тыл­мау, әлеуметтік желілер арқылы, сонымен қатар үнемі «сенсация» іздеп жүретін ар­занқол басылымдардың көме­гімен біреулерге орынсыз тиісу, жала жабу, ұрыншақтық таныту, бауыр еті – баласы мен немересінің тәрбиесіне кө­ңіл бөлмеу, құқықтық сауат­тылыққа бей-жай қарау, жат дінді насихаттау, өз атын шы­ғару үшін ысырапшылыққа жол беру, жалған патриот болып көрінбек үшін ұраншылдыққа бой алдыру сынды іс-әрекеттер тексіздіктің көрінісі. Текті адам мұндай кесел-кесапаттан бойын аулақ салса керек.

Ұрпақтар арасындағы рухани байланыстың алтын тіні – ана тіліміз болғандықтан да тіл туралы жиі айтамыз. Мем­лекеттік тіліміздің мәрте­бесі жайлы мәселе көтеріл­генде адам капиталы деген ұғымның маңыздылығы қайта көрініс береді. 30 жылдық Тәуелсіздік тұсында мемлекеттік тілді әкім­шілік ресурстар арқылы қол­данысқа ендірудің қиын екеніне, күнделікті тұрмыс­та оның қолдану аясын кеңей­тудің оңай шаруа еместігіне көзіміз әбден жетті. Ендігі жер­де адам капиталы сая­са­ты шеңберінде сапалы адам қа­лыптастыру үшін әрбір жас азаматтың рухани тәр­бие­­сімен баршамыз жоспар­лы түрде белсенді айналысуы­мыз керек. Егер бұл еңбегіміз жемісті болып, жас жеткіншектеріміз бірінші кезекте тәрбиелі, бі­лімді және бәсекеге қабілетті болып жетілсе, оның тілін бас­қа этнос өкілдері үйренуге ұмтылады, сондай болуға, со­ған ұқсауға тырысады. Ал қа­зақтың кісілік сапасы төмен болса, оның тілі өзге этнос өкілі түгілі өзіне де керек болмай қала беретін шығар деп қауіптенеміз.

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асқарбек Құсайынов «Соңғы 10-12 жыл­да Халықаралық PISA, TIMSS, PIRLS зерттеулерінің қо­рытындыларын біз де зердеден өткізе отырып, Шанхай (Қытай), Сингапур, Гонконг (Қытай), Финляндия, Оңтүстік Корея, Жапония, Канада және Жаңа Зеландия елдерінің оқу­шылары тұрақты түрде жетіп келе жатқан нәтижелерге са­раптама жасадық. Ол елдер­де ғылыми негізде дайын­дал­ған білім беру саясаты іс­ке асырылған екен. Олар­дың басты мақсаттары: ұлттық ерекшеліктер мен мәде­ниет­ті, ана тілін сақтап дамыту­ды, рухани бай адам тәр­бие­леуді бірінші кезекке шыға­рыпты. Мұғалімдердің кәсіби құзы­реттілігін көтеріп, беделін арт­тырыпты. Бір сөзбен айтар болсақ, басты ниет – адам тәр­биесі, адамға деген қам­қорлықты көреміз. Ол ел­дерде білім реформасы, орта есеппен, 10 жылда бір рет жүр­гізілетініне көз жеткіздік» дейді бір сұхбатында. Бұлардың қа­тарында біз өркениетті елдер деп мақтап жүрген Германия мен Ұлыбритания неге жоқ? Мүмкін олар ұлттық ерек­шеліктерінен айырылып қалғандықтан әлемдік дең­гейде бәсекеге қабілетті сапалы адам тәрбиелей алмай отырған болар?! Ойланатын жағдай.

Ендігі жерде бар ғылыми-тәжірибелік әлеуетімізді осы мұраттарға жетуге жұ­мыл­­дырғанымыз абзал. Көр­­сетілген мұрат-мүдде­лерге же­ту жолындағы әрқайсы­мыздың бүгінгі еңбегіміз ертеңгі бейбіт күнде, берекелі отбасында өмір сүруге қосқан үлесіміз бо­лары анық.

Нұрлыбек МЫҢЖАС,

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-

ғылыми кітапханасының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты,

«Құрмет» орденінің иегері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<