Еңбегі еленген жан

1820

0

Кітапхана ғасырлар бойы биік парасат пен білімнің киелі ордасы болып келеді. Ал кітаптағы құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – абыройлы мамандық иелері.

Зейнекүл Смайыл 1986 жылы Шиелі ауданы «Бестам» ауылындағы №205 қазақ орта мектебіне кітапханашы болып саладағы еңбек жолын бастаған. Қызмет ете жүріп, білімін жетілдірді.  Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің «Кітапхана ісі» мамандығын бітіріп шықты.

– Ғылым мен білімнің қайнар көзі кітапта. Қоғамның рухани бай болуына үн қосу – біздің борышымыз. Мен осы салада 36 жыл еңбек еттім. Зейнетке шықтым. Ауыл кітапханасының жандануы, жастарды кітап оқуға шақыру үшін түрлі іс-шаралар өткіздім. Кітапхана қорын ұлғайтуға септігімді тигіздім. Кейінгі уақытта мемлекет тарапынан кітапханашыларға қолдау артты. Мамандыққа деген құрметті арттыру үшін Үкімет қаулысымен 24 қазан – Кітапханашылар күні болып бекітілді. Мерекенің басты мақсаты – кітапханашы мамандығының имиджін көтеру және оны кәсіби ынталандыру. Бұл – тек кәсіби әріптестерімнің ғана емес, ең алдымен кітапты жақсы көретін, кітапханашының мәдени және қоғамдық өмірдегі орасан зор рөлін түсінетін адамдардың мерекесі. Сондықтан бұл қолдау бізді қуантады, –дейді ол.

Зейнекүл мамандығына берілген жан, әр ісі тиянақты. Сөредегі кітаптың реті, орналасуы, газет-журналдың тігіндісі бәріне де ұқыпты қарайтын. Оқырманға кітапты ұсынып қана қоймай, үздік оқырманды белгілеп, ынталандыратын. Бұл ісінен жастар үлгі алатын.  Кітапханада  тағылымы мол түрлі іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыратын.

– «Жақсы кітап оқу – ақылды адаммен сырласқанмен бірдей» деген Л.Толстой. Қазіргі кезде жастардың рухани байлықтан қол үзбеуіне барлық мүмкіндік бар. Кітапханаға келе алмаса, электронды кітаптан оқи беруге болады. Бұрынғыдай оқырманды журналға тіркемейді, электронды каталог арқылы қабылдайды. Әрбір кітапханада «Coworking» орталығы пайдалануға берілген. Орталық жаңа технологиямен және жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықталған. Мұнда келушілер түрлі тақырыптарда семинарлар, дәрістер және тренингтер өткізе алады. Әдеби кештер, дөңгелек үстелдер,  кітап тұсаукесерлері, кездесулер, кітап көрмелері, шолулар,  акциялар ұйымдастырылады. Мұның бәрі де оқырманның кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында жасалып жатқан жемісті еңбек, – деді ардагер кітапханашы.

Оның еңбегі еленіп, «Үздік кітапханашы» атанған. «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісінің иегері. Түрлі байқаулардан да қалыс қалған емес. Жүлделі орындары мен марапаттары жетерлік. Сый-құрметке бөленген кітапханашы қазір зейнетте отырса да, жас мамандарға білгенін үйретіп, шыңдап келеді.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<