Есімі ел жадында

5

0

Өмір өтсе де жақсы адамның аты жадыңда мәңгілік жаңғырып тұрады. Керуен көші жылжыған сайын оның тұлғасы қалыптасып, бейнесі бе­кем­деле түседі. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген даналық қағида – осының айғағы.

Бүгін біз сөз еткелі отырған Қам­барбек Мүбараков бүкіл ғұ­мырын халық мүддесімен ұштас­тыра біл­ген абзал азамат, іскер басшы ре­тінде ел есінде ұзақ сақ­талары сөзсіз. Ол адами қасиетті өмірінің темір­қазығындай берік ұстанып, еліне адал қызмет етті. Қамбарбек Аман­гел­діұлының есімі Сыр өңірінің тари­хында та­лап­шыл аудан әкімі, білікті қар­жыгер-экономист ретінде жақ­сы таныс. Ол Шиелі ауданын бас­қарған 2020-2021 жылдары бү­кіл жаһанды пандемия жайлап, жер­гілікті жұртты да әбігерге салған еді. Қауіпті індет дендеген шақта халықты сабырға шақырып, жедел шешім қабылдай білу аудан басшысы ретінде Қам­бар­бек Амангелдіұлының ұтымды ұйым­дастыру және тығырықтан жол табу сияқты қасиеттерін ай­шықтай түсті. Денсаулық сақтау саласындағы күрмеуі қиын мәсе­лелерді дер кезінде шешіп, ақ ха­латтылармен бірге ал­дыңғы шепте жүрді.

Ол сондай-ақ салық саласында абыройлы қызмет атқарып, аймақ бюд­жетінің кірісін толықтыруға зор үлес қосты. Облыстық салық комите­тінде, атауы кейін мемле­кеттік кіріс­тер департаменті бо­лып өзгерген құ­ры­лымда ұзақ жыл қызмет атқарып, мекеменің қа­лыптасуына, білікті ма­мандармен қамтамасыз етілуіне ті­ке­лей үлес қосып, жас мамандарды тәр­бие­леп, кәсіби біліктілікке үйрет­кен ұстаз ретінде танылды. Одан ке­йін әр жылдары облыстық ауыл ша­руа­шылығы басқармасын, Ы.Жа­қаев атындағы Қазақ күріш ша­руа­шылығы ғылыми-зерттеу инс­титутын, облыс­тық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бас­қар­масының жетекшілік тізгінін ұс­тады. Ал 2023 жылдың мамыр айы­нан бас­тап өмірінің соңына дейін об­лыстық экономика және қаржы бас­­қармасының басшысы болды. Осы қызметте аймақ басшысы Нұр­лыбек Машбекұлының тап­сыр­масына сәйкес облыстағы көп­теген маңызды нысан мен ин­женерлік-инфрақұрылымдық жү­йенің жоба-сметалық құжатын әзірлеп, тиісті министрліктен өткі­­зу үшін күн демей, түн демей жұ­мыс іс­теді. Халық бүгінде сол ны­сан­­дардың игілігін көріп отыр.

Ел сыйлаған азаматтың өмірден өткеніне бүгінде жылға жуықтады. Қамбарбек Амангелдіұлы қан­дай ла­уазымда еңбек етсе де бюд­жеттің кіріс бөлімінің ныға­юы­на, салық қор­жынының қомақ­ты болуына бар күш-жігерін жұмсап, облыстың әлеу­меттік-эконо­ми­ка­лық деңгейінің алға басуына ат­салысты. Оның жүріп өткен жолы, атқарған еңбегі кейінгі жас буынға үздік үлгі деп айтар едім.

Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты