«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында “Атамекен” отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері Шығыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени және көрнекті орындарында болды. Тәрбиешілерімен бірге барған 44 баланы Өскеменде “Үміт” балалар үйінің ұл-қыздары қарсы алды. Онда арнайы саяхат пен естен кетпес ерекше демалыс ұйымдастырылды.
Мәселен, балалардың алғашқы саяхаты Күршім ауданынан басталды. Оған жету үшін Ертіс өзенін бойлай пароммен жүруге тура келді. Ал, аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері паромды концерт алаңына айналдырып, балақайларға жақсы көңіл сыйлады. Бұл демалыс көптеген балалар үшін Марқакөл көлін, сондай-ақ, Мойнақ трактатындағы петроглифтер галереясын көруге жол ашты. Сонымен қатар, олар ашық аспан астында адамдар бейнесін, жануарлар мен аң аулау сахналарын, оған қоса, мұнда 400-ден аса тас болса, онда орналасқан 3 мыңнан астам суретті көрді. Сондай-ақ, экспедиция қатысушылары «Жалынды жартас», «Рухтар қаласы» немесе «Жердегі Марс бөлшегі» деп аталатын Қиын Керіш шатқалының көркем де сиқырлы көрінісінің куәсі болды.
Табиғаты көркем, ерекше аймақта саяхаттаған балалардың әсері мүлдем бөлек.
– Бұл жерден алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Шығыс Қазақстан туралы көп нәрсені білдім. Мұндағы сапар маған эмоциядан бөлек білім мен достар сыйлады, – дейді Роман Ступновский.
Марс пейзаждарынан кейін саяхатшыларды Зайсан көлінің жағалауында орналасқан фотографтар мен жабайы пейзажды ұнатушылардың сүйікті орны – Шекелмес мүйісі күтіп тұрды. Осы таңғажайып массивті зерделей жүріп, балалар тас қиялардағы петроглифтерді кездестірді, иен даланың еліктірер хош иісін жұтып, Зайсан көлінің мөлдір тұнығын тамашалады.
– Бізге қонақжайлық танытып, ел тарихынан хабардар еткен Күршім ауданының әкімі Дулат Қажановқа алғысымыз шексіз. Мұнда балалар табиғатты тамашалап қана қоймады, ең бастысы, өздеріне дос тапты, – деді “Атамекен” отбасылық үлгідегі балалар ауылының қызметкері.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<