Ғалымның даңғыл жолы

6

0

Фото: Автордан

Аспирантураға түсіп, Алматы қаласындағы әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің химия факультетіне бардым. Ғылыми жетекшім, химия ғылымдарының докторы, профессор Суербаев Хаким Абдрахимұлы «сенің диссертациялық жұмысыңның тақырыбы менің және Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институтындағы табиғи қосылыстар химиясы зертханасының зерттеу жұмыстарының түйіскен тұсында болады» деді. Өзі сол институтқа ертіп апарып, әріптесі, аталған зертхананың меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Джиембаев Болат Жазкенұлымен (екінші ғылыми жетекшім) таныстырып, болашақ тақырыбымды талқылады. «Осы баланы ғылым кандидаты қылып шығаруымыз керек, әзірге осы институт базасымен танысып жұмысын бастай берсін» деп қалдырып кетті. Болат ағай менің қызылордалық екенімді біліп, өзінің әріптес досы химия ғылымдарының докторы, профессор Ержанов Қазбек Бекмағамбетұлымен таныстырды.

Қазбек ағай бізбен көрші физио­логиялық белсенді қосылыстар химия­сы зертханасын басқаратын. Қара­па­йымдылығы, жастарға деген ізеті, те­рең білімі, ғылымдағы жетістіктері, жоғары мәдениеті, жүріп-тұрысы, сөй­­­леген сөзі, әзілі, барлығы бізді тәнті ететін әрі сол кісіге ұқсап-бағуға ты­ры­сатынбыз. Бетімізге бір қарап-ақ нені қажет ететінімізді, неден қина­лып жүргенімізді бірден білетін. Бір­де досым Нұрлыбек Ахатаев ақша­дан қиналыңқырап жүрген, біздің де бөлісетін ақшамыз жоқ, өзіміздің де қалтамыз жұтаң. Соны Қазбек ағай сұрамастан-ақ байқап, кабинетіне ша­қырып алып, ақша беріп, «кейін бір ыңғайы келгенде қайтарарсың» дегені бар. Кішіге ізетіне келер болсақ, біз­дің және ол кісінің зертханасы инс­ти­туттың 4-қабатында орналасқан бо­латын. Бірде өзіміздің зертхана ор­на­ласқан қабаттың басқа басынан бас­палдақпен көтерілсем ағай арғы басында тұр екен. Сәлем берейін деп ол кісіге қарай бет алғанымда, қарсы келе жатыр. Мен ағай келмесін деп тезірек жүріп барып амандастым. Қолымды алып, жағдайды білісіп біршама әң­гі­мелесетіні бар еді, сол әдетінше жағ­дай сұрады да қайта кетіп бара жатыр. Сөйтсем ол кісі баласындай адам бол­сақ та, жағдайымызды сұрауға келе жатыр, маған ғана емес, барлық жас­тарға осылай жасайды екен.

Тағы бірде баспалдақпен асығып жүгіріп түсіп келе жатсам алдымнан Қазбек ағай мен академик Сембаев Даурен Хамитұлы көтеріліп келе жатты. Амандасып жол берейін, кері көтерілейін деп жатсам екі ағамыз «жас­тарға жол берейік» деп орта­ла­рын ашып ілтипат білдірді. Мұны ескер­тусіз тәрбие бергені деп қабылдадым.

Аспирантурада кандидаттық минимум деген бар, органикалық химия бойынша емтиханды Қазбек ағай қа­былдады. Билеттегі екі сұрақты жақсы білемін, 3-сұрақ енамин-иминді тау­томерия жайлы болды. Осы сұрақ бо­йынша дайындығым аз болатын, олай айналып өтсем де, бұлай айналып өт­сем де ағай ұстап ала береді. Со­ңында «білмейсің бе?» деді. «Иә» десем, «солай айта берсейші, өзіміз ғой» деп әзілдегені бар.

Бұл ағайдың кішіпейілдігін өзім көргенім, ал ғылымдағы жетістіктерін төбе деуге келмейді, асқар таумен те­ңестіруге болады.

Қазбек Бекмағамбетұлының елі­міздің химия саласы, оның ішінде ор­ганикалық химия саласы үшін жа­са­ған еңбегі ұшан-теңіз. Ғылыми зерт­теулері жайлы қысқа жазар болсам, ацетилен химиясы, қаныққан ге­теро­циклдер, биологиялық белсенді қо­сы­лыстар алуға бағытталған. Аце­тиленді қосылыстар, азот, оттек, күкірт, фос­форорганикалық моно жә­не бициклды кетондар, иминдер, фос­фор, крем­ний, германий және қа­ла­йы ­орга­ника­лық қосылыстар сала­ла­рын­дағы іргелі зерт­теулерімен ғылым­ды байытты. Зерттеу нәтижелері мың­нан аса ғы­лыми еңбек түрінде жа­рық көрді.

Оның жетекшілігімен 42 канди­даттық, 1 PhD және 7 докторлық дис­сертация қорғалды. Шәкірттері елі­міздің ЖОО мен ғылыми ұйымдарында жемісті еңбек етуде, салған ізін жал­ғастырып шәкірт тәрбиелеуде. Ағай­дың еңбегі ескерусіз қалған жоқ, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Құрмет грамоталарымен, Ресейдің «Ғылыми әріптестік» қорының Алтын медалі және дипломымен марапатталды. Ай­та берсек, ұстаздың салған сара жолы қазір үлкен даңғылға айналды.

2019 жылы науқастанып Қазақ­стан­ның химия ғылымының қараша­ңырағы аталып кеткен Ә.Бектұров атын­дағы Химия ғылымдары инсти­тутындағы жұмысын тоқтатып, туған жері Қызылорда қаласына оралды. Демі 2025 жылдың 15 наурызында 83 жасқа қараған шағында тоқтады. Туған жердің топырағы бұйырып, Қы­зылор­да қаласының іргесіне жерленді. Осын­да ізбасарлары ретінде Марат Сыздықбаев, Нұрлыбек Ахатаев, Нұр­ғали Ақылбеков бәріміз жа­на­засына қатысып, қабіріне топырақ салдық.

Дүниеден асыл адам, үлкен ға­лым, ұлағатты ұстаз, қазақ химия ғы­лымының корифейі өтті. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, мекені пейіш болсын.

Нұрбол АППАЗОВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры