Ғасырлар пернесінің үндестігі

2799

0

Қазақстан халқының музыкалық мәдениеті: дәстүр және қазіргі заман

І

«Баурайында тұрған таудың биіктігі білінбейді, маңайында жүрген жанның ұлықтығы білінбейді» дейді қазақ даналығы. Осы сөздердің шындығына еліміздің сан ғасырлар бойындағы асыл арманы – тәуелсіздікке ие болған тұста жүргізген саясаттың арқасында Қазақстан халқының біртұтастығына бастайтын сара жолды таңдағанына ширек ғасыр өткенде көпшіліктің көзі жете түскендей.

Бұл жерде «Қазақстан халқы» деген тіркесті бекер тілге тиек етіп отырған жоқпыз. Бұл ұғым қоғамымыздың сан қырын ескерген нақты саясаттың басты алғышарттарының бірі болуымен, республика халқының адами, құқықтық және мәдени қауымдастығының ерекше ахуалын таныта алуымен қымбат. Осы орайда Қазақстанда тұрып жатқан этностардың көпшілігі өзара қарым-қатынас пен мәдени алыс-беріс нәтижесінде, бірлескен тарихи даму барысында және күрделі қоғамдық-миграциялық үдерістер кезінде қалыптасқанын ұмытпау керек.

Республикамызда тұратын халықтардың арасында өзара татулыққа, келісімге және төзімділікке қол жеткізу дәл қазір қай кездегіден де маңызды болып отыр. Бүгінгі тарихи кезеңнің сынынан сүрінбей өткен үштаған ұстын – бейбітшілік, достық, жасампаздық қағидаларына арқа сүйесек, әсте ұтылмаймыз. Мұндағы бұлтартпас шындық сонда, егемендік алған жылдан бастап жүргізіліп келе жатқан сындарлы саясат экономикалық, саяси, әлеуметтік салаларда асқаралы асулардан асуымызға мүмкіндік берді. Бұл саясат Қазақстанның әлем жұрты алдында бүкіл халқымыздың ортақ игілігі болып саналатын алуан келбетті мәдени өмірмен құлпыра түсуіне даңғыл жол ашты.

Көпұлттылық, төзімділік, халықтар арасындағы келісім «Қазақстан-2050» даму Тұжырымдамасында «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» дейтін өміршең тұжырыммен қорытылған. Осы бағыт бақуатты Қазақстанды одан әрі дамудың даңғылына шығаратын жолдың бастамасы болады десек қателеспейміз. Қазақстанның ұлтаралық қақтығыс-кикілжіңнен ада аумаққа айналуы еліміздің әлеуметтік-саяси және экономикалық реформаларды ойдағыдай жүзеге асыруына жағдай туғызды. Осының нәтижесінде Қазақстан Орталық Азиядағы айбыны асқан әлеуетті мемлекетке айналып, бүкіл әлем көлемінде өзіне лайықты орынды иеленді.

Ұлттық халық санағының қорытынды мәліметтері бойынша, Қазақстанда жүзден астам этникалық диаспора тұрады екен. Оның отыз бесі «Қоғамдық бірлестіктер туралы» ҚР Заңына сәйкес үш жүз алпыс бес ұлттық-мәдени бірлестіктерге біріккен. Соның ішіндегі отыз бірі Қазақстан халқы Ассамблеясының және ҚХА Кеңесінің мүшелері болып саналады. Ассамблея басшылығы бастамасы бойынша маңызды құжат «Қазақстан Республикасы мемлекеттік этносаясатының әмірлері» шығарылды. 2013 жылғы 24 сәуірде өткен ҚХА-ның ХХ сессиясында Ассамблеяның даму тұжырымдамасы жасалды. Содан соң Қазақстан Республикасының халықаралық деңгейдегі жоғары мәртебесіне сәйкес оның тұрақты дамуына септесетін ҚХА-ның идеялық-саяси қағидаттарын жүзеге асыруға бағытталған іс-қимыл бағдарламасы белгіленді. Сөйтіп, дүние жүзінің халқы Батыста көпмәдениет тәжірибесі біртіндеп дағдарысқа ұшырауына куә болып отырған шақта көпэтникалы мемлекетіміздің тұрғын халқының бірлігі идеясы тарихи қысқа мерзім ішінде өзін толығымен ақтап шықты.

ІІ

Қазақстан аумағында Тәуелсіздік жылдарында дүниеге келген этникалық диаспоралардың қоғамдық бірлестіктері ұлттық-мәдени бірлестіктер ретінде құрылған болатын. Бұл жердегі «мәдениет» сөзі қыздырманың қызыл сөзі емес, нақты мән-мағынаға ие. Тұтастай алғанда, ҚХА-ның, нақты алғанда, этномәдени орталықтардың жүргізетін қызметінің маңызды бір саласы – Қазақстанда тұрып жатқан әрбір этностың төлтума мәдениетін, ұлттық әдет-ғұрпын, құлқын сақтау және оны қалпына келтіру, өркендету, сол арқылы барша ұлт өкілдерінің теңқұқықты, толыққанды тыныстауына жағдай жасау. Мұның өзі көпсипатты қазақстандық мәдениеттің жаңа сапасын айқындамақ. Сөйтіп, ұлттық мәдениеттерді дамыту жаңа мәдени құбылыстың дүниеге келуіне берік негіз болып қаланды. Қазақстан осы үдеден шығып отырған бірден-бір мемлекет.

Бүгінде еліміздің ұлтаралық қатынастағы оң тәжірибесі әлем жұртшылығы тарапынан мойындалып, ХХІ ғасырда ұлттық саясат жүргізудің өзіндік үлгісіне айналып отыр. Бұл нақты игі істердің арқасында мүмкін болған жетістік. Табыстың басты кілті әрбір ұлт өкілдерінің тілін, халықтық салтын, ғұрпын, дәстүрін қалпына келтіру арқылы дамыту, тарихи тамырларын іздеу, төлтума әдебиетін, өнері мен мәдениетін өркендету арқылы табылды. Қазақстанда демократиялық және құқықтық мемлекет құру үдерісінде шашыранды этникалық топтардың белсенділігін арттыруға септесу, олардың заңды құқықтары мен мүддесін қорғау, халықтар арасындағы достықты нығайту, халықаралық мәдени және экономикалық байланыстарды дамыту аталмыш игі бастамаларды негіздей түсті.

Сөз жоқ, түптеп келгенде, бұлар өз кезегінде Қазақ елінің алуан келбетті мәдени кеңістігін қалыптастырды. Ал аталмыш істердің кесегін ең алдымен диаспоралардың музыкалық және драмалық театрлары, ән-аспаптық ансамбльдері, фольклорлық және эстрадалық топтар қалайды. Бұған өз қызметін этномәдени орталықтар, бірлестіктер, қауымдар, олардың жанындағы одақтар, қауымдастықтар, жастар қозғалыстары жұмысының аясында жүргізіп жүрген диаспоралар өкілдері де өз үлестерін қосуда. Сонда олар бір мезгілде екі істің, өз халқының қазына байлығын сақтау ісіне қолұшын беру және ұлтаралық келісім идеясын бекемдеу ісінің үдесінен шығады екен. Мұндай қызметтің түрі сан алуан, көрмелер өткізу, дәріс-әңгімелер ұйымдастыру, фильм түсіру, кітап шығару, халық мейрамдарын, фестиваль, конкурс, спорт жарыстарын өткізу болып, тармақтала береді.

Осындай игілікті істердің қайнаған ортасында жүрген өнер ұжымдарының қатарында Н. Сац атындағы Республикалық орыс балалар және жастар театры, Қ. Қожамияров атындағы республикалық Ұйғыр музыкалық комедия театры, Неміс драма театры, түрік ансамбльдері «Севги» мен «Лира», корей этнофольклорлық «Ариран» ансамблдері бар. Тәуелсіздік жылдары бұл тізімді жаңадан құрылған «Лада» орыс ансамблі, фольклорлық «Зори Семиречья» ансамблі, «Станичники» казак хоры, вокалдық ұжымдар «Веселка», «Ладушка», «Надежда», «Сударушка» фольклорлық ансамблі, орыс әнінің мемлекеттік халық хоры, «Сант» көркемөнерпаздар ансамблі, фольклорлық «Посиделки» ансамблі, фольклорлық «Бастеньки», «Товарушки», «Весняночка», «Перезвоны», «Злато», «Русская песня», «Истоки», «Алтайские узоры», «Гарусинка», «Рябинушка» ұжымдары, «Тучка» ән театры, құрамында бишілер тобы бар «Тэпин» дүнген этнофольклор тобы, корей ән-би фольклорлық-этнографиялық «Ачимноуль» тобы, «Моранбон» хор ұжымы, «Хольмони» вокалдық тобы, «Чэн Сон» ән-би тобы, «Самульнори» ансамблі, «Алекс» хореография мектебі, ұйғырдың вокалдық-аспаптық «Дияр» тобы, «Ирада» ән-би ансамблі, «Нава» вокалдық-фольклорлық ансамблі, «Сада» вокалдық-хореографиялық ансамблі, «Яшлик» жастар-эстрада ансамблі, «Рухсара» хореографиялық ансамблі, этнофольклорлық «Яркент булбулири» тобы, украин халық биінің «Альтаир» ансамблі, украин әнінің «Семиречка» ансамблі, Қырғыздың көркемөнер ұжымы, ахыска түріктерінің халық аспаптары ансамблі, халық билерінің тобы, «Ахыска», «Шығыс» этнофольклорлық ансамбльдері, Гоголадзе әулетінің халық аспаптары ансамблі, Т. Гусейнова, Н. Алазова жетекшілік ететін би топтары, Әлиев әулетінің «АБО» ансамблі, «Гёзель», «Севда», «Арзу», «Мерке сеси» ансамбльдері, «Мико-шоу» сатира және әзіл театры, «Ядыгер-шоу» шағын театры сияқты белгілі ұжымдар толықтырды.

Ұлтаралық қатынастар саласын ізгілендірудің аса маңызды тетіктерінің бірі – елімізде тұрып жатқан этникалық диаспоралар жөніндегі неғұрлым толық және шынайы мәліметтерді таратып, насихаттау десек қателеспейміз. Мұндай білім дестесі кісәпірлікті, жатүрейлікті, жағымсыз ұлттық дағдыларды жоюға көмектеседі, кісінің рухани дүниесін, талғамын байытады, ұлтаралық келісім, ынтымақтастық, өзара барыс-келіс, алыс-беріс ісіне негіз қалайды. Қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің қазіргі жағдайын ұғып, тану үшін алдымен олардың халық ретінде шығу тегіне, қалыптасу тарихына, тұрмыс-тіршілігіне, мінез-құлық, діл, рухани мәдениет ерекшеліктеріне тереңірек бойлау керек. Өкініштісі сол, қандай да бір халықтың жан айнасы іспетті рухани әлемі, оның аса маңызды бөлігі этникалық саз өнері, бұл өнердің баршаға ұғынықты ауызша тілі бізде ұзақ уақыт бойы тілін тістеген үнсіздікте болып келді.

Мәдени орталықтар жайында жекелеген есеп материалдар, БАҚ-тағы, интернет сайттарындағы анда-санда жылт етіп көрініп, жоғалып кететін азғантай жарияланымдар, диаспоралардың саз өнерінің тарихын зерделеуге арналған кітаптардағы кейбір өнер шеберлерінің шығармашылығына қысқаша тоқталып өтетін мақалалар көңіл көншітпейді. Әлбетте, ауызды қу шөппен сүрте алмайсың. Осы орайда бұрын көпшілікке «Депортированные в Казахстан народы: время и судьбы» дейтін кітап ұсынған, қуғын-сүргінге ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры 2003 жылы кезекті жобасы аясында «Народы Казахстана» атты энциклопедиялық анықтамалық шығарды. Аталмыш басылымда алғаш рет Қазақстанда тұратын 125 этнос туралы мәліметтер жинақталып берілді.

Анықтамалық халықтану мәселелерімен айналысатын этнология, демография, тарих, лингвистика, дінтану, этносаясаттану, этнография, сондай-ақ өнертану салалары бойынша ғылыми деректерге негізделген. Бұл басылымда алғаш рет әрбір этностың өнері жайында қысқаша мәліметтер берілді. Әрине, анықтамалықтың өз сипаты және Қазақстанда тұңғыш рет шығарылып отырғаны ескерілгенімен, құрастырушылар этностардың рухани өмірін толығымен қамти алмады. Авторлар осы саланы, оның ішінде этностардың музыкалық өнерін зерттеу жөніндегі болашақ үлкен жобаға жол нұсқап, бағыт сілтеп қана өткен. Алайда бұдан кейінгі әлемдік қаржылық дағдарыс және басқа да бірқатар жағдайлар бұл ойдың жолын кескен сияқты.

Дегенмен, араға он жыл салып, басқа бір ұжым, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қазақстандағы этникалық диаспоралардың музыкалық шығармашылығын зерттеуді қолға алды. Бұл жобаны Институттың өнертану бөлімі жүзеге асырды. Қолға алынған жобаның қорытындылары жеке кітап етіп шығарылды [Музыкальное искусство народа Казахстана: Научная монография. Алматы, 2014].

Құрамына өнертанушы ғалымдар профессор С. Күзембай, өнертану ғылымдарының кандидаттары Г. Мұсағұлова (жобаның жетекшісі), А. Қазтуғанова, Б. Тұрмағамбетова, З. Қасимова және өнертану магистрі Х. Домуллаева сияқты мамандар кірген шығармашылық топтың күшімен жарияланған материалдарды зерделеу, аймақтарда зерттеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде Қазақстанда тұратын этникалық диаспоралар орыс, дүнген, кәріс, қырғыз, қарақалпақ, ноғай, ахыска түріктері мен ұйғыр музыкасының ерекшеліктері, жанрлық көріністері анықталды. Сөйтіп, жинала келе, сан қырлы бір мәдени кеңістікті құрайтын аталған ұлт өкілдерінің рухани құндылықтары аясына назар аударылды.

Сонымен бірге, әр этнос өкілдерінің көркемдік үрдістер мен бағыттардың ортақ, бірыңғай жүйесіне қосқан дара үлестері де зерделенді. Зерттеу жұмысының маңызды бір қырын ән жанрларына музыкалық-теориялық талдау жасау, аралас некелі отбасында туған әндерді талдау, вокалдық және аспаптық шығармалардың саз-ырғақ, тақырып, стилистік және жанрлық ерекшеліктерін анықтау, сондай-ақ әртүрлі этникалық диаспоралардың музыка мәдениетінің өзара ықпалдасуындағы үдерістер, лирикалық халық әндерінің музыкалық пішімдерін, мақамды-ырғақтық тағанын, өлшемдік ырғақтық құрылысын айқындау мәселесі құрады. Кітапта этникалық диаспоралар музыкасының төлтума сипаты, кейбір ұлттық саз дәстүрлеріне жоғалып кету қаупі төніп тұрғаны, ұлт өкілдерінің саз өнерін сақтауға және насихаттауға бағытталған бірқатар жайттар сөз болады.

ІІІ

Саз өнері адам баласына әлмисақтан белгілі. Ол осыдан шамамен қырық мың жыл бұрын адам баласы табиғаттағы дыбыстарды еліктей қайталап, кейін оларды өзінің сөйлеген сөзінен айыра бастағанда шығыпты деседі. Және ол табиғатта бар дыбыстардан, құстың сайрауынан, бұлақтың сылдырынан, орман ағаштарының тербеліп суылдауынан, жаңбырдың тырсылынан, желдің ызыңынан, жалт ойнатып жасын түсірген құбылыстардан өзіне тән қасиеттер алыпты делінеді.

Мейлі ғой, ал бірақ музыканы адамның сөйлеген сөзінен шығаратындар тобының пікірін қайда қоясыз? Олардың пайымдауынша, сөйлер сөзіңді нақыштап, сазды үнмен созсаң, дәл сол тұстан музыка басталады екен. Қалай болғанда да, жапырақ жамылған ілкі адам осынау құбылыстарды ұзақ аңдап, терең барлап барып, өзі де соларша сазға салғаны анық. Тіпті осы жолда қамыстың қатая бастаған сояуын кесіп алып, тесік тіліп, үрлеп, дыбыс шығарып мәз болған болуы да мүмкін-ау. Болмаса, екі таяқты біріне-бірін ұрып, содан жанына жайлы ырғақ тапса да өзі білсін. Көңілі көншіп кеткен кезде шырқай жөнелгенін өзі де байқамай қалуы мүмкін ғой. Шіркін, адам жанының терең иірімдерін музыкадан артық бейнелей алатын не бар? Тіпті оның жанында мақтаулы өлең, дәріпті бояу да жіп есе алмай қалатыны шындық. Ойшылдардың бірі «Сөз біткен жерде музыка басталады» депті. Ал адам баласы жанынан шығарған сол қасиетті әуен әуелде қандай болды екен өзі?! Қайдам, көз көрмегенге көп сөз жүрген бе?!

Есте жоқ ескі заманда адам баласы музыкада ғарыштан келетін бір құдірет бар деп түсінген. Соған орай музыкадағы үйлесімді мына дүние жаратылыстың қолқа-жүрегіне балапты. Көне үнділерге салсаң, музыкада адамның тағдыры байлаулы тұрған. Сөйтіп, ғарышпен астастырып, тұрақты жиілікпен дыбыс шығаратын, белгілі бір қозғалыстың нәтижесінде пайда болатын кәдуілгі тон үндерді ғаламшарлармен, дыбыс аралықтарды жыл маусымдарымен шендестірген. Ежелгі Қытай, Мысыр, Грекия жұрты музыкалық дыбысаралықтарға ғаламшарлар арасындағы қатынасқа ұқсайды деп те қараған. Қытайлар әртүрлі дыбыстық тон адамдардың қоғамдағы орнын нұсқайды деп есептеген. Көне үнділер үшін «жоғары» музыка білім, білік, бағыт жолы, ал тұрмыстық, халықтық саз өнері жердің, «топырақтың» музыкасы. Мұндай жікке бөлу саз аспаптарына да қатысты орын алған. Көптеген елдерде жай адамдардың ақсүйек қауым өкілі ғана қолға ұстайтын кейбір музыкалық аспаптарда ойнауына рұқсат етілмепті. Ал әлгі ақсүйектердің дені музыкаға әуесқойлық әуре тұрғысынан ғана қараған. Себебі, адамзат баласының тәжірибесінде күні кешеге дейін кәсіби сазгер атану абыройлы тірлік саналмаған ғой.

Үнділер музыканың көмегімен піл мен жыланды қолға үйреткен. Қытай философы Кун-Фу-Цзы (Конфуций) үшін саз өнерінің тәрбиелік тағылымы айтып жеткізгісіз. Оның пайымдауынша, кейбір ән-әуендер адам баласын сабырға шақырып, жүрегін орнықтырады екен. Ежелгі мысырлықтар болса, музыка қанбаған құмарды қандырып, сөнбеген құшырдың шоғын сөндіреді деп білген. Ал ежелгі грек философы Платон үшін музыкада темірдей тәртіп бар. Сол себепті мемлекет басқару ісін музыка заңына салып жүргізсе, еш әбестігі жоқ деп білген. Әйтеуір, осы аталғандардың қайсысы болсын, саз өнерінің адам баласының жанына ғаламат әсері болатынын мойындаған. Музыка Адам сафиолла нәсілінің жаратылыстан әсемдікті көре білуіне көмектесіп, таза, саф, бекзат сезімдерін түртіп оятқан. Сөйтіп, пендесінің жүрегін ізгілікке, шыңылтыр сезімдерге бөлеген. Көптеген халықтардың шебер сазгерлері музыканы қатаң тәртіпке бағындыра отырып шығарған. Мәселен, адамның ерік-жігерін шыңдауға белгілі бір мақамдар лайықталса, енді бірі ішкі сезімдерді оятып, кісіні еліктіріп, шабыттандыруға қызмет еткен.

Осылайша әлем халықтарының арасында музыканы түйсіну мен түсіну бір ізге түсе бастайды. Адам баласы ақыры музыка мен поэзия, сөз бен дыбыс үндестігінің жойқын күш-қуатының тұма көзін ашып, айырып таныды. Осындай ой жосынын айналдыра бастаған заманда бұл екеуінің бастау-бұлағы адамның ішкі көңіл күйі, терең жан дүниесі екендігіне ендігі жерде ешкімнің дауы жоқ еді. Адам-пенде алдымен адамзат қоғамының тарихын зерттеп біле бастайды. Ондағы алашабыр уақиғалардың сілкінісімен әсерленіп, тарихи тақырыпты музыкалық көріністер жасауды қолға алады. Адам өзі тыңдаған, оқыған кітап-қолжазбалардың қаһармандарымен қоса толғанып, күйініп, қуанып, ғашықтық сезімін бірге өткеріп, ақыры соның дүмпуімен өзінің драмалық саз шығармаларын тудырады. Соңында ол өзінің жеке өміріндегі қуаныш пен күйініш, жеңіс пен жеңіліс, ылди мен өрден өту сезімдерін құйқылжытып, ғажайып дыбыстар жүйесіне бөлейді.

Осындай мақсатта адам баласы жүгінген аспаптар әу баста түрлі сиқырлық рәсімдерге пайдаланылған еді. Мысал ретінде лирада (кифарада) ойнаған кезінде адам тұрмақ, жаратылыс, аң-құс атаулы Хақ құдіретіне исінгендей мүлгіген фракиялық әнші Орфейді айтсақ та болады. Музыка шынымен-ақ осындай жойқын құдіретке ие ме? Әлбетте, аңыздың аты аңыз, ертектің аты ертек. Тарихи дәуірлерде алғашқы кәсіби саз аспаптары наным-сенім, жора-жосық, аңшылық және түрлі жауынгерлік жорықтар үшін шығарылғаны бүгінде дәлелденген жайт. Айталық, ішекті аспаптардың атасы болып саналатын кәдуілгі садақтың адырнасы, үрмелі аспаптардың арғы тегі әскери кернейге барып тіреледі. Ал көне арфа, лира, зурна, гусли, қобыс, дағыра сияқты аспаптар діни-жоралғылық атқарымдар қызметіне жаратылған.

Ғалымдардың пайымдауы бойынша, алдымен идиофон, ескі соқпалы аспап пайда болған. Оған ілесе үрмелі аспаптар шықты. Бұлардың барлығы да қазірге дейін төрт нота ғана (тетрахорд) шығарады. Осы төрт дыбыстың негізінде жасалған музыкалық түзілімдер өзінің санымен де, пішін-пошымымен де бүгінгі дамыған техника заманының адамын қайран қалдырады. Алғашқы саз аспаптарының кейінгі үрім-бұтағының хордофон (ыспалы және шертпелі ішекті аспаптар), мембранофон (жарғақты соқпалы) және идиофон (өздігінен дыбысталатын шертпелі, соқпалы) аспаптар әрқилылығымен, дыбыс қуатымен таңғалдырады. Және бәрі жиыла келіп, қосекпін келтіру (интонация), ырғақ, үйлесім, рең, серпін, өзге де бейнелі саз тілдерінің бірлігін, қандай да бір халықтың немесе ұлыстың әлдебір қатаң қалыптардан тыс тұратын дәстүрлі мәдениетінің өзегін, діңін құрайды. Осы орайда Орталық Азияның көшпелі әлемінің аясынан асып, күллі еуропалық ыспалы-ішекті аспаптардың атасына айналған шығыс хордофоны – қылқобызды еске алсақ та болады. Грек лирасының, ассириялық арфаның, славян гуслиінің, иран зурнасының да тарихи тағдырлары осы тектес. Мұның өзі бағзыдан келе жатқан музыкадағы ырғақ тәрізді өте көне нәрсе.

Алғашқы адамдардың саз өнерінің бастауы ырғақ. Осынау ырғақтық формулдарға қайрылып, қайта соқпайтын, жүгінбейтін сазгер әлі дүниеге келген емес. Әсілінде, музыкада ырғақтың неше атасы бар. Біркелкі дыбыстар қағысынан тұратын нақпа-нақ ырғақ дейсіз бе, ұзақтығы әркелкі дыбыстардың кезектесе келуінен құралатын күшті, күрделі, серпінді ырғақ түрлерін айтасыз ба, санап сөз жеткізудің өзі қиын. Бұлардың қай-қайсысы да негізінен би ырғақтары. Қай дәуірде шығарылса да, вальс немесе полонез ырғағының ешуақытта өзгермейтіні сондықтан. Бір биді екінші биден, айталық, польканы мазуркадан, рок-н-роллды тангодан ырғағына қарап, оңай ажыратып жататынымыз да осыдан. Немесе музыкадағы тағы бір маңызды құрал, реңге (тембр) назар аударайықшы. Қандай аспаптың көмегімен шығарылғандығына қарай ол өзгере ме? Әлбетте. Трубаның үні шыңылтыр, жалт-жұлт. Скрипканың дауысы жұмсақ, адамның дауысына жақын. Флейтаның сарыны болса, тым нәзік, майда, әрі саф. Музыка аспабының реңі, дыбыстың реңі дегеніміз – осы. Қысқасы, кез келген әуеннің өнбойындағы әуез, серпін, дауыс күші, дыбыс қуаты өзгере беруі мүмкін. Алайда музыканың қарқыны (темп) мен реңіне (тембр) қатысты ұғымдар өзгере қоймайды. Себебі олардың өзегінде белгілі бір орындаушы өкілі болып табылатын қандай да бір халықтың асқақ рухының ерекшелігі жатады.

Әлем халықтарының дәстүрлерінде барша жарқылымен танылатын музыкалық мәдениеттердің дәстүрлі құбылуы (калейдоскоп) дегеніміз – осы. Бұл тұрғыдан қарар болсақ, саз өнері қатаң жүйе ғана емес, мәдениеттерді өзара байланыстырып тұратын, әлемдік алыс-берістердің шынайы әмбебап тілі, лұғаты да екен. Оның негізі, күретамыр жүйесі музыка мәдениеті деп аталатын бір ортақ зәулім дарақ. Бұдан тарап жатқан бұтақтардан Батысты немесе Шығысты түстеп танып аламын деудің өзі бос әурешілік. Бүгінде дамыған өркениеттердің яғни қала (шаһар) мәдениеті деп жүрген қалыптың түпбастауын Месопотамия деп аталатын Тигр мен Евфрат өзені аралығынан тарту жалпақ жұрттың арасында жаппай қабылданған көзқарас. Міне, осы өңірге біздің жыл санауымызға дейінгі V мыңжылдық өресінде шығыс жақтан шумер дейтін бір азиялық халық келіп қоныстанады. Шығыс болғанда да оның қай пұшпағынан келгені беймәлім. Кейін бұл өркениетті семиттілдес аккадтар өздеріне бағындырады. Ақыры екеуі бірігіп, байланыса келе, Вавилон өркениетінің бесігіне айналған қуатты Аккад патшалығын құрады.

Бұл елде систра, қоңырауша, цимбал, дағыра, сыбызғы-флейтаның кейбір түрлері, өзге де мүштік (мундштук), валторна, труба сияқты белгілі музыка аспаптары болған. Бірақ неге екені белгісіз, месопотамиялық мәдениет үрмелі аспаптарда ойнауға соншалықты құлық танытпай, ішекті аспаптармен әуейілене береді. Жыл санауға дейінгі ІІІ мыңжылдық шамасымен белгіленетін шумерлік өнер туындыларында лира, арфа және лютня мен скрипканың арғы төркіні сияқты басқа да аспаптардың бейнеленуі сөзімізге тірек бола алады. Олар кейін Мысырға жеткізіліп, бұл елдегі саз өнерін өзгерткен батысазиялық халықтар басып кіргенге дейін кеңінен пайдаланыла береді. Мысырда азиялық аспаптардың күрт көбейіп, есесіне Египет мәдениетіне тән болған түзу флейта, қос кларнет сияқты аспаптардың жоқ болып кетуі сөзіміздің осы жағына бұлтартпас дәлел. Есесіне, аспаптардың жаңа түрлері, тактілік шытырлауық пластиналар мен таяқшалар, систра, доға пішіндес үлкен арфалар (шумер арфалары тектес), шағын арфалар пайда болады. Осы тұста Египетте қос гобойда, жез түтік, цимбал, лира, лютняда да музыка ойнау үрдісі болған.

Эллада жерінен пеласг, дардан секілді арғы тектері азиялық (түркі тектес) халықтарды ығыстырып шығарған гректердің өздері әлгі халықтардың музыка мәдениетінің күшті ықпалына ұшырайды. Қамыс-қурайдан, ағаштан, сүйектен, кейін металдан жасалған көне гректің тілмен тіреп ойнайтын үрмелі авлос және сиринга деп аталған тағы бір үрмелі аспаптың төркіні Азия топырағы болып табылады. Гректер бұрынғы үш ішекке және төртеуін қосып, кифара деген атаумен лираны жетілдіреді. Мұнысы түркі халықтарының, әсіресе оның ішінде қазаққа тән жетіген аспабын еске түсіреді. Осы күйінде грек музыкасы соңыра Орта ғасырлар мен Қайта өрлеу дәуірінде Еуропаның музыка теориясына күшті әсер еткен. Оның тікелей мирасқоры римдіктердің саз өнері болса, Апеннин түбегіне Кіші Азиядан қоныс аударған этрусктердің ықпалын қатты сезінген. Сөйтіп, аталмыш халықтардың саз мәдениеті үрмелі аспаптармен байыған. Жүре-бара бұрын саз өнеріне айтарлықтай мән бере қоймаған елде ішекті, соқпалы аспаптар мен гидравлос және авлоска тектес тибия, грек лирасы мен кифарасы пайда болады. Осы орайда утрикулариус дейтін желқобыз-волынка атауы ерекше назар аударарлық. Ол заманда Кіші Азиядағы бір халықты гректер утригурлар деп атаған еді. Міне, мәселенің мәні қайда жатыр.

Сонымен, осы айтылғандардан бізге келіп жеткен музыкалық және саз өнеріне қатысты дәстүрлер тақыр жерде пайда болмағанын, этникалық-лингвистикалық қырық рудың (конгломераттардың) өзара сіңісуінің нәтижесінде, әсіресе таяушығыстық, солтүстікафрикалық аймақ елдерінің азиялық халықтар өркениетімен араласқа түсуімен өсіп-өнгенін көреміз. Осындай үдерістер барысында байырғы ішекті аспаптар жетілдіріледі. Сөйтіп, жаңадан қосылған үрмелі аспаптар шоғыры гректердің музыка ілімімен байытылған күйі Рим, Еуропа, Балқан арқылы әлемді аралап кетеді. Шындығы сол, еуропалық саз аспаптарын фортепианоны, виолончель, контрабас, кларнет, аккордеонды пайдаланатын және уд, канун, най, зурна, гусли, арфа, лира, домбыра, қобыз тәрізді көненің көздерінен де бас тартпайтын заманауи дәстүрлі ансамбльдер орындайтын шығармаларды тыңдап отырып, бір нәрсеге таңғаласың. Олардан ұлттық сипатын титтей де бұрмаламай, бәз баяғы қалпындағы дәстүрлі дербес музыка сазын бере білетін тылсым ерекшелікті жіті бағамдаймыз.

Негізінде еуропалық аспаптарда ойнаушылар әлгі жергілікті айырым мақамдарға бейімделу үшін жаңадан әдіс-тәсілдер ойлап табуға тиіс болған. Осы мақсатта аспаптың құлақ күйін басқа ыңғайда келтіру керек еді. Алайда, тұтас алғанда, шкаласы тұрақтанған флейта, саксофон, фортепиано тәрізді аспаптарды тапқырлықпен пайдалана отырып, ұлттық ансамбльдерде әлдебір музыка стиліне нұқсан келтірмей-ақ шеберлікпен қолдануға әбден болады екен. Әлем халықтарының жаппай үдемелі музыкалық қозғалысында ғасырлар бойы аспаптар ғана өзара бейімделіп қоймай, музыкалық бағыт, қолтаңба (стиль), жанрлардың өзара жақындасу үдерісі де тоқтаусыз жүріп жатқанына бұл да бір жанды айғақ. Мысалы, Тунис сияқты елде «ұлттық мәдениетті» тап басып танып, оңай ажырату мамандар үшін болмаса, өзгелер үшін оңай шаруа емес. Себебі, Тунис мәдениеті бербер, карфаген, рим, шығысазиялық, араб, бербер-араб, түрік және мұсылман мәдениеттерінің құйылма қоспасынан құралған. Мұндай тұжырымдарды белгілі бір түзетулер қоса отырып, жер шарындағы басқа халықтар жөнінде де айтуға болады. Жер ғаламшарының жағрафиялық шекарасы да, музыкалық шекарасы да біркелкі түзу сызықтардан тұрмайды. Бір сәт тарихи тұрғыдан бір-бірінен даму деңгейі, дыбыстық жүйесі, бейнелеу құралдары сияқты көптеген белгілері бойынша ажыратылатын Шығыстың саз өнеріне көз тоқтатып көрейікші. Айталық, музыкалық өлшемдерді басшылыққа ала отырып, Хартландтың – Орталық Азияның жүрегінде орналасқан халықтарды сөзсіз Шығысқа жатқызуға бола ма?

Аумағы жөнінен Шығыста орналасқан және ең алдымен бұрын көшпелі өмір сүрген халықтар – қазақ, қырғыз, қарақалпақ және түркмендердің дені музыка жағынан негізінен Солтүстік тарапқа, яғни түркітілдес халықтар тұратын Сібір, Алтай атырабына жақын. Осы топтағы аттары кейіндеу айтылған халықтардың музыкасына темперация аясынан тыс жататын қитұрқылау музыкалық шкала тән емес. Оларда құрама дыбыстар – диатоника, бес және жетібунақты жай диатоникалық мақамдар салтанат құрған. Ал өзбек, тәжіктер болса, Оңтүстіктегі көршілес шетел мәдениетінен, сондай-ақ Сібір дәстүрлерінен бірқатар бастау алған. Жыл санаудың басымен белгіленетін археологиялық саз өнерінің жәдігерлері де осыны, яғни Орта Азияда бұдан көп ілгеріде теріскейдегі көшпелілер мен күнгейдегі отырықшы жұрттың өзара селбескенін көрсетіп отыр.

Орта Азияның Шығыстағы музыкалық айырым жағдайын құлақпен естіп ажыратуға да болады. Ондағы музыка жалпы алғанда диатоникалық еуропалық сазды еске салады. Сол арқылы араб, түрік, иран, үнді музыкасынан қашықтағандай да әсерде қалдырады. Әдетте біз «Шығыс сазы» дегенде ілгерідегі осы төрт музыкалық мәдениетті меңзегендей боламыз. Бұл төртеуін бір жерге осылайша топтауымыздағы орынды негіз, олардың дыбысқатарлық мақам (лад) ұстанымы – өзгермелі (модальдық) саз өнеріне жататындығы. Яғни соңғы музыка тобының пентатоника, олиготоника және хроматизм сияқты сипатты белгілері айқын. Беделді өнертанушылардың пайымдауынша, айталық, модальдық музыканың үшбу белгілерін үнді сазына кездейсоқтықпен еніп кеткен деуге болмайды. Әсілінде, мұны пентатоника табиғатында болғандықтан, барша музыкалық мәдениеттер бастан өткерген міндетті саты деуге лайық.

Кезінде өнертануда минордағы ұлғайма секунда дыбысаралығына апарар жүрісті гректер ойлап тапқан, одан әрі бұл жаңалық (Александр Македонский жорықтары нәтижесінде) Шығыс пен Еуропаның көптеген халықтарына мәлім болған дейтін пікірлер де болған. Бірақ бұл тұжырымға алдымен еуропалық өнертанушылардың өздері көңілтолмастық танытты, сол жаңалықты ашқан гректің саз өнерінің өзі шығыстық дәстүрлер ықпалында пайда болған деді. Немесе Орта ғасырлардағы саз ілімі жайында араб, парсы, түрік рисалаларында диатоникалық әуендер де, тіпті мақамдар мен дыбысқатарлар да зерттелген. Солардың ішінде ұлғайма секунда да кездеседі. Осы орайда белгілі неміс өнертанушысы Мариус Шнайдердің Шығыс музыкасын бірдауысты және онда көпдауысты құрылым болмайды деп ой тапқан ғалымдарға қарсы айтқан мына бір уәжін айналып өту қиын: «Көпдауысты құрылым (полифония) антик дәуірлерде Полинезия, Индонезия, Сиам, Ассам аймағындағы жіңішке дәліз арқылы Иранға, Кавказға, Түркияға, одан әрі Балқанға өткен».

Бұл тарапта белгілі орыс ғалымы В. С. Виноградов «Қазіргі өнертанушылар Шығыстың басымдығы аса айқын және көпқырлы болған деген пікірге көбірек қол қойып жүр. Котоликтердің шіркеу әндері – Григорий хоралынан шығыстық макомның не мугамның күшті ықпалы сезіледі. Ағылшындардың көп дауысты музыкасы – фобурдонға дейін Батыс Еуропа жерінде Шығыстан келген бурдон орныққан. Еуропадағы Орта ғасырлық табанасты суырыпсалып өнер көрсету де Шығыстан келген әлгіндей дәстүрлердің ықпалымен өркендеген», – деп жазады, өрелілікпен ой қорытып.

Өткен ғасырымыздың 1970–1980 жылдары кейбір музыка зерттеушілердің әр қиырдағы музыка дәстүрлерін өзара сәйкес емес деп жарияға жар салғаны есімізде. Олардың пікірінше, музыканың дамуы және жаңашылдық ұзақ эволюциялық дамуды бастан кешіру кезінде жасалатын оның өз жүйесінің шеңберінде ғана орын алуы мүмкін екен. Музыкалық лұғат өз құрылымының, жүйесінің заңдылықтарына сәйкес дамығанда ғана өз кезеңінің сезімдік және эстетикалық тұжырымдамаларында өрістейтін өзгерістерге бейімделе алады. Әртүрлі екі жүйе арасында өзара байланыстың орнауы өте сирек. Алайда осы байланыс қана бүкіл модельдің нұсқасын бұзбай, мағынасыз қойыртпақтарға әкеліп соқтырмай, сақтап қалар еді.

Айталық, модальдық жүйелерде еуропалық музыканың көпдауысты құрылым лұғатында қолдануға келмейтін толып жатқан бейнелеу дыбысаралықтары бар. «Модальдық саз жүйесі мен үндестік (гармония) жүйесінің арасында абсолют сыйымсыздық бар, сол себепті иран дестяхтарын үндестікке саламын деу құр әурешілік, – дейді неміс зерттеушісі А. Даниэлу. – Егер бұл жүйенің жекелеген әуендік элементтеріне өзге жүйеге тән көпдауысты құрылымдық, контрапункттік немесе үндестік құрам бөліктерін үстейтін болсақ, онда әуендік пішім мағынасынан айрылып, қолдан иіп әкеліп салған үндестік элементтер қарабайыр, тоғышар бірдеңе болып шыға келер еді. Он жерден күрделі, терең болса да еуропалық көпдауысты құрылым әдетте барабан ұрған кездегі африкалық ойнау техникасы туғызатын гипноз ахуалын немесе үнді рагасын тыңдағанда пайда болатын көңіл-күйді орната алмайды. Өйткені, әртүрлі жүйе өзіндік ерекшелікке ие. Бұл да әрбасқа өмір сүру тақыретімен байланысты нәрсе. Демек, оны алмастыратын өзге күш те жоқ».

Дәстүрді ғасырлардың бұлжымас қағидаты деп білетін бұл әсіре қорғаушылық көзқарас заманында көптеген өнертанушы ғалымдар мен сазгерлер тарапынан күшті сынға ұшыраған болатын. Оның бәрін тәптіштеп айтып жатудың реті шамалы. Сондықтан жекелеген фактілерді келтірумен бірге, ХХ ғасырдағы еуропалық музыка Еуропаға жат музыкалық мәдениеттердің шылауына неге түскен дейтін сұраққа жауап бере отырып, ондағы аса қызықты бір үрдісті бажайлап өткен В. Коненнің пікірімен ғана шектелейік. Осы орайда автор еуропалық музыкада Батыстан Шығысқа қарай түскен «аспалы көпір» қызметін атқарушы бояулы бастама жаңа музыка лұғаты құралдарын дүниеге әкелуге қалайша жағдай жасалғанын бағамдайды. «Шығыс пен Батыстың арасында, модальдық және үндестік үйлесім жүйелері арасында түпсіз шыңырау жатқан жоқ» деген тезисті көлденең тартқан авторлардың дені толып жатқан мысалдар да келтірді. Айталық, әрбір модальдық жүйенің мақамдарында жаңадан құрылар үндестікке негіз болатын белгілі бір тірек дыбыстар болады. Үндестік еуропалық музыкаға ғана тән ерен құбылыс емес. Ол бірдауысты монодиялық мәдениеттерге де таған бола алады. Көпдауысты құрылымның да дәл қай жерде туғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Алайда бір нәрсе анық, көпдауысты құрылым Еуропаға кейінірек келген. Демек, ол Батыстың еңбегімен келген нәрсе емес, Еуропаның еңбегі көпдауысты құрылымды әбден жетілдіргенінде.

Сірә, бұлдыр да бұлдыр ХVІІІ ғасырда бүгінде біреу білсе, біреу білмейтін Г. С. Лебедевтің үнді сазын еуропалық мәнерлі музыкамен үндестіруі тегін болмаса керек. Шынында да бенгал әнін еуропалық саз сүйемелдеуіне салғанда жалпақ жұрт ерекше күй кешкен ғой. Алябьев, Балакирев, Глинка, Шуман, Шуберт және өзге де көрнекті композиторлар өздерінің өлмес туындыларында тамаша пайдалана білген «Азия сарындарының» әлемдік саз өнеріне қосқан үлесін кім жоққа шығара алады?! Немесе Кавказ сыртының халық сазынан тылсым сыр ұғып, үндестік тауып, өз шығармаларына асқан талантымен сіңіріп жіберген Хачатурян ше?! Шығыстың жеке дауысты дәстүрлерінен бүгулі жатқан еуропалық үндестік нышандарын тауып, шебер іріктеп, ортақ мақамдық бөліктерді өңдеп шығарған немесе керісінше, музыканың ұлттық сипатын бұзбай-ақ күрделі еуропалық көпдауысты құрылым тәсілдерін қолданған шеберлерді санасаң, бір қолдың он саусағы жетпей қалар еді. Олар түпнұсқаны ежіктеп жатпай, түпнұсқадан ортақ қасиет іздеп, ақыры іздегендерін тапқан. Әрине, екі дүниенің (Батыс пен Шығыс) музыкасын ілгері жетелеп келе жатқан да олар емес. Өскен-өнген ортасына қайтып оралып, Отанын тауып жатқан әлгі саз жүйелерінің өздері.

Қазір де Шығыстың саз өнерінде бір кезде теориялық жағын негіздеп, әбден мығымдалған толғауы тоқсан бунақтардың өздігінен сынып түсіп, музыкалық тәжірибесінде Батысқа тән біркелкі он екі бунақты дыбыстардың биіктігі мен мөлшерін дәлме-дәл белгілеу (темперация) өздігінен үстемдік ете бастаған жоқ.

ІV

Әлемдік музыка мәдениеті.

Осы сөз тіркесінің санамызда сан түрлі аласапыран туғызып, кереғар ойларға бастайтыны несі. Аталмыш ұғымның қамтитын мәні мен мағынасы неткен бай, әрі саналуан десеңші. Мұндайда «Ол бауырлас халықтардың қолы жеткен тамаша жетістіктері ғой», – дер еді интернационалистер. Мүмкін «Мәдениеттің ортақтығы дегеніміз осы», – деп қысқа қайыра салар ма еді әмбебапшылар. Әлбетте, жаһанданудың жақтастары болса, «Алашұбар топтың сана бірлігі», – деген ой түйері анық.

Кім қалай десе де, жоғарыдағы айтылған жайттар тұтас ұғым, композитордың ансамбльге немесе оркестр құрамына әлдеқалай басы құралып келе салған алашұбар топтағы әр сазгерге өз еркінше ойнауға рұқсат беріп қоятыны кездейсоқтық емес. Сондай-ақ ол құлаққа жағымсыз үн (какофония) де емес. Тіпті оның ауылы симфониядан да алыс жатыр. Сірә, мұның нақты теңеуі басты әуенге, яғни негізгі ұстынға бір уақытта және біртіндеп ере жөнелгенде пайда болатын көпдауысты құрылым полифония болар. Есіңізде ме, әлгіндей жағдайда қосалқы дауыстар негізгі әуенге салып тұрғанымен, оны өзге сазбен, басқа қырынан жеткізуші еді ғой. Мұны ауқымды мағынасында алғанда нұсқалы өзге үн, гетерофония деуге де болар еді.

Халықтық саз өнерінде бастапқы күйінде болса да көпдауысты құрылымның нышан-белгілері ұшыраспайтын сәті тіпті сирек кездеседі. Солай болғандықтан да көпдауысты құрылым әнде де, аспаптық музыкада да бірдей дәрежеде кездесе береді. Ол үшін мейлі шығыс саз аспаптарын немесе еуропалық музыканы мысалға алуға да болады. Бұлардың екеуінен де бір-екі-үш дыбысты үндер ұштасып келіп жататын төркіндес аспаптарды жиі көруге болады. Іргелес көрші отырған, тіпті жырақтағы халықтармен де музыкалық аспаптары ортақ, оларда ойнау тәсілдері ұқсас әлемнің қандай да бір қиырындағы халықтың саз өнеріне нұсқалы гетерофония, бурдон, параллелизмдер таңсық емес. Өйткені музыка әлеміндегі мұндай ортақ құбылыстар жүздеген жылдар бойы, тарихи ағыстардың ағындарымен қатар өтіп қалыптасқан.

Дейтұрғанмен, әр халық музыка мәдениетінің өзіне ғана тән сипаттарын сомдап, қашап отырған. Қанжардың екі жүзіндей бұл жағдайды «ортақ музыкалық этос» деген терминмен үкілеуге де болады. Тап осы жерде бастан жақ айырғандай етіп, әлгі этосты жіктеп-жіліктеп жатудың қажеті де жоқ шығар. Оның үстіне, музыка үнемі құбылып тұратын саз-сағым болғандықтан, оны қолмен ұстап, көзбен көре де алмайсың. Сондықтан да бұл шегі жоқ мәселені үшбу назарына мына музыкалық антология ұсынылып отырған көзіқарақты оқырманның өз үлесіне қалдырайық. Қазақстанда тұратын диаспоралардың музыкалық өнерінің бай әрі әралуан жиынтығын тарихи-мәдени және әлеуметтік кең аяда алып зерттеу ісін бұл этникалық анклавтардың, яғни өзге мемлекеттердің қоршауындағы аумақтардың құрылу тарихының негізгі кезеңдерін, тарихи қалыптасқан жағдайларын, диаспоралардың тарихи отандарымен, сондай-ақ оларды қабылдаған елдің тарихымен байланысын, елдегі көшіп-қону белсенділігінің жаңа үрдістерін білмей тұрып жүргізу әсте мүмкін емес.

Сөзіміздің әлқиссасында біз Қазақстанда көші-қон үдерісі күрделі тарихи жағдайда өткенін айтқан едік. Бұл үдерістің өзіндік ерекшеліктері бар. Ең алдымен республикаға түрлі халықтардың қоныс аударуы бірнеше сатыда өткенін және ол сипаты жағынан көшудің екі түрін – еңбек миграциясын және күштеп көшіруді қамтығанын айтуымыз керек. Әлбетте, бұл жағдай диаспоралардың рухани дүниесінде әрқалай із қалдырғанын үнемі есте ұстағанымыз да жөн. Бүгінгі тұрып жатқан аумағына бір халық бірнеше толқын болып келген жағдайлары да байқалған еді. Тарихи тұрғыдан Қазақстанның шығыс аймағына ХVІІІ ғасырдың ортасында алдымен орыс, казак және украин шаруалары келіп қоныстанған болатын. Бірінші толқынды православие шіркеуі қудалаған христиандықтың ескі нанымын ұстанушылар, екінші толқынды 1906–1910 жылдардағы Столыпин реформасының дүмпуімен қоныс аударған шаруалар тобы құрайды. ХІХ ғасырда Қытайдан екі толқынмен дүнгендер мен ұйғырлар көшіп келген. Осы кезеңде төбе көрсеткен қырғыздардың алғашқы легі қазақтардың ішіне сіңіп үлгірген.

ХХ ғасырдың 30-жылдары Қазақстанға Кеңес Одағының халықтары арасынан бірінші болып күштеп көшірілген қиыршығыстық кәрістер қоныстандырылды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары (1942–1944 жылдар) Еділ бойындағы немістер, Кавказ және Кавказ сырты халықтары көшірілді. Мигранттардың бір бөлігі 1938–1950 жылдар аралығында орын алған саяси қуғын-сүргіндердің үлесіне тиеді. Бұдан соңғы ірі қоныс аудару тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңінде жүргізілді. Нәтижесінде қазақ даласының солтүстік және орталық аумағында славян және солтүстік халықтарының ірі этникалық топтары пайда болды. Мұнымен қатар, 1960–1970 жылдары өз алдына еңбек миграциясының үдерісі жүріп жатты. Мысалы, Маңғыстау облысына 1960 жылдары қырғыздардың еңбек мигранттары, Алматыға сібірліктер көшіп келді.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін мүлдем жаңа үрдістер пайда болды. Шығысславян этностары мен неміс диаспорасының тарихи отандарына оралуы республика ішіндегі миграцияны күшейтіп, еуропалық тұрғын халықтың орнын Кавказдан келген ноғай мен құмық, Өзбекстаннан келген қарақалпақ сияқты түркітілдес халықтар өкілдерінің басуына әкелді. Онымен бір мезгілде эмигранттардың қайтып оралу үрдісі де байқалды. Демограф-ғалымдар Ә. Ғали мен Д. Ғалидің мәліметтерінше, 2001 жылдың өзінде елу мыңның үстінде орыс, бес мың неміс, екі мың кәріс, сегіз мың украин және т. б. ұлт өкілдері республикаға қайтып оралған. Қазіргі кезде Қазақстанда ұлтаралық қатынас тұрақтанды және ол эмиграциялық көңіл-күйдің негізгі себебі болып отырған жоқ. Керісінше, Қазақстанның бастамасымен, ТМД аясында сыртқы саясатта бірқатар маңызды шаралардың іске асуы және қолайлы экономикалық жағдайдың жасалуы елге алыс шетелден – Еуропадан, АҚШ-тан, Скандинавия және Таяу Шығыс елдерінен қоныс аударып келушілердің санын арттырып отыр.

Көші-қон халықтардың тарихи тағдырында әрқалай із қалдырды. Бұл оңай-оспақ іс емес, табарыңмен қоса жоғалтарың да бар күрделі мәселе. Қазақстанға жаңадан қоныстанған халықтардың қай-қайсысы да бұдан шет қала алған жоқ. Жан саны жағынан республикадағы ең көп этникалық диаспора – орыстар рухани мәдениет тұрғысынан қарағанда ескі нанымды ұстанушылардың арқасында орыстың төлтума мәдениетінің үлгілерін сақтап қалды деуге болады. Бүгінде ондаған музыкалық ұжым Шығыс Қазақстан облысында ескі ғұрыпшылар – староверлер бағзы тұрмыс, дәстүр-салттарды көзінің қарашығындай қорғап, сақтап насихаттап келеді. Кенді Алтайдың өзінде сексеннен аса осындай өнер топтары бар.

Дегенмен, профессор С. Күзембайдың жазғанындай, тарихи ахуалдарда көзделген мақсаттар Қазақстанды қоныстанушы орыс халқының өкілдеріне ылғи да оң тұрғыдан әсер ете қойған жоқ. Бұл жағдай, мәселен, олардың бірқатар нағыз ұлттық дәстүр, салт-ғұрыптарынан айырылып қалуынан да көрінеді. Оған қай халықтың да (орыстардың ғана емес) төлтума бітімін өң-түсінен айырып, тұлдыр етіп көрсеткен кеңестік идеология да жағымсыз әсер етпей қала алмады. Қазір де этномәдени орталықтардың, бірлестіктер мен қауымдардың қызметінде төлтума мәдениет пен өнерді сақтау және бар нәрсені өркендету мәселесінің алға шығып отырғаны жайдан-жай болмаса керек. Осындай ұйымдардың жанынан ұлттық өнердің туын көтеруші өнер ұжымдары жасақталған. Тұтас алғанда, этномәдениеттің, жекелей алғанда саз өнері дәстүрлерінің нұсқалы төл сипатын сақтауға бағытталған іс-қимылдар жиыны Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиялық жұмыс бағдарламасын көген жіптей көктей өтіп жатқаны да осыдан.

Екінші жағынан алғанда, этникалық диаспоралардың музыка саласындағы қарекетінде басқа да қызықты өзгерістер жүріп жатқанын байқауға болады. Осы орайда өнертанушы Г. Мұсағұлованың мына бір пікірі ден қоюға тұрарлық: «Қай халықтың болсын, мәдениеті оның фольклорлық мұрасымен бағаланады. Оның міндетті бір белгісі, басқа халықтардың халық шығармашылығымен жақындық, туыстық дәрежесі. Дүнгендердің бүгінде белгілі ауызша өнер жанрлары қытай, корей, жапон және Қиыр Шығыстың өзге де халықтарындағы сюжет, бейне, сарын үлгілерімен тікелей ұқсастық, өзара байланыс қалпын танытады. Мұның себебі, айтылған аймақта тұратын халықтардың тарихи, экономикалық, әлеуметтік және мәдени өмірі өзара ортақ». Өнертанушы одан әрі ойын былай өрбітеді: «ТМД дүнгендерінің фольклоры көрші қырғыз, орыс, өзбек, татар және басқа да халықтардың едәуір ықпалына ұшырап, жаңа идея, тақырыппен және көркем бейнелеудің соны бейнелерімен, құрал-тәсілдерімен байып, бірқатар өзгеріске түскен».

Сонымен бірге, бүгінде қай халықтың болсын, композиторларының төл ұлттық материалдарымен қатар, көрші диаспоралардың да озық үлгілерін алып, өңдеп, өзіндік, композиторлық тәсілдермен жетілдіре пайдалануы әдеттегі жағдайға айналды. Екіншіден, этникалық диаспоралардың музыка өнерінде мүлдем жаңа тақырыптар, бағыттар пайда болуда. Мәселен, ахыска түріктері Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін төл музыка өнерін сақтау әрекеттерімен қатар, бір кездегі күштеп көшірудің қасіретін көрсететін жаңа түр, жаңа тақырыптар тапты. Ахыска түріктері арасында сондай-ақ музыкадағы соны қолтаңбалы үрдіс – шансон жанры кең жайылса, кәрістерде – джаз аса танымал.

Музыка өзінің бар болмыс-табиғатымен адамның жаны, ұлттың тілі сияқты бір орында тұрмайтынын, бүкіл тірі ағза секілді ұдайы өзгеріп, жаңарып, дамып, байып отыратынын көрсетумен келеді. Мысалы, кәрістердің Қазақстанда өткізген жылдарында олардың тарих тозаңына айналып кетпеуі былай тұрсын, қайта өзіндік болмыс, ұлттық салт-дәстүрлерін сақтап, тіпті байыта түскенін атап айтуға болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының іс-қимыл бағдарламасында «Ұлттық мәдениеттердің бірлігі жаңа мәдени құбылыстың жасалу негізі болып табылады» деген тұжырымның көрініс табуы да жайдан-жай емес.

Шынында да, Қазақстанда ондаған жылдар бойы қоян-қолтық өмір сүріп келе жатқан әртүрлі халықтың өкілдері осынау уақыт аясында айрықша, тіпті, «қазақстандық» діл деуге болатын ерекше рухани ахуалға ие бола бастады. Ол ең алдымен, Қазақстан халқының кісәпірліктің, оқшауланудың, ұлтшыл шетін нәрселердің қайсысынан болсын, бойын аулақ салатын ізгі жан-дүниесінен байқалады. Сондай-ақ өзара мәдени байланыстың ұзақ жылдардағы тәжірибесі ұқсас мәдени бағдар, бағыт, құндылық дүниесін қалыптастырғаны да ақиқат. Бүгінде олардың қай-қайсысы да өздерін Қазақстанға қоныс аудару үдерісінің қай кезеңінде болсын, тарихи жағдайдың биігінен табыла білген қазақ ұлты ұйытқы-өзегін құрап отырған Қазақстан халқының – жаңа мәдени қауымдастықтың бір бөлшегі ретінде сезінеді.

Әрқилы мәдениеттердің тамаша селбесуінің арқасында елімізде музыка мәдениетінің бай да алуан жиынтығы, көпэтникалық музыка өнері жасақталды. Әлем тарихында мұндай үлгі аз емес. Мәселен, жергілікті, африкалық және еуропалық дәстүрлердің өзара кірігуі нәтижесінде халықтық саз өнерін де, кәсіби музыкасын да өркендете алған Кубаның музыка мәдениеті бүгінде әлем мәдениетіне қомақты үлес қосып отыр. Осынау бірегей құбылыстың сырына жетер, кешенді түрде зерттеп, одан әрі жасалатын іс-қимылдардың жобасын бағдарлайтын уақыт алда. Бұған Қазақстанда көп қырлы, сан сипатты бірыңғай мәдени кеңістік құру ісі де тығыз байланысты. Ең бастысы, басталған игі істерді табиғи, ұтымды жолмен жүргізіп, оны туристер тамашалап қана қайтатын экзотикаға айналдырып алмау жағын көбірек ойланған жөн. Түрлі этностардың руханият аясын этнографизммен, томаға-тұйықтықпен және мәдени бөлінумен тарылтып, көрпемізді тұйықтап алмау және халықты этномәдени тұрғыдан бір арнаға бағыттаған кезде ұлттық мәдениеттерді бір сәт те естен шығарып алмау барлық мәселенің маңыздысы!

V

Бұл еңбек Қазақстанда этномузыка бойынша музыкалық антология құрастырудың тырнақалды тәжірибесі. Онда мемлекетімізде тұрып жатқан этникалық диаспоралардың халық музыкасының типологиялық үлгілері топтастырылған. Аталмыш үлгілер, әрқайсысының әуен-ырғақтық реңінің айырмашылықтары бола тұра, музыкалық тінінің өрбіп-өрістеу табиғатының бірөңкей болып келуіне орай орындалатын ортақ сипаттарға ие. Халықтық саз өнеріне кәсіби шығармашылықтың тигізетін ықпалына келетін болсақ, бұл жерде еуропаға жат музыка мәдениетінің бәрі бірдей фольклордан шықпағанын есте тұтудың артықтығы болмайды. Әлем таныған Бах пен Бетховеннің музыкасы немістің халық музыкасынан басқаша екені сияқты, Үндістанда, Пәкстанда, Жапония мен Иранда, Орта Азияда ежелден бітімі бөлек кәсіби саз өнері болған.

Өзінің көздеген түп мақсаты жағынан «Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары» антологиясы кәсіби мамандарға қоса, музыка өнерін қадірлейтін көпшілік қауымға, жалпы бұқара жұрттың сұранысын қанағаттандыруға арналған әмбебап басылым. Мұндағы алға қойылған басты міндет, Қазақстан жұртын елімізде тұрып жатқан барлық ұлт пен ұлыстардың этномузыкалық мәдениетімен таныстыру. Басылым екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге Қазақстан халықтарының этникалық тарихынан, тілінен, діні мен нәсілдік ерекшелігінен мағлұмат беретін үш тілдегі (қазақ, орыс, ағылшын) қысқа жиынтық мақалалар енгізілген. Одан әрі мақалаларда этностардың музыкалық мәдениетіне шолу жасала отырып, негізінен халықтық музыка шығармашылығы барынша дәл, әрі нақты сипатталады. Этникалық диаспоралардың жан санына қатысты деректер 2009 жылғы Қазақстан Республикасының ұлттық халық санағының қорытындыларына сәйкес берілді.

Барлық мақалалар, этникалық музыка үлгілерінің мазмұны, орындаушылар туралы мәліметтер мен пайдаланылған ғылыми әдебиеттер әліпби тәртібінде ұсынылған. Ұлттық өнертану ғылымы мен жалпы көпшіліктің мүддесіне арналған әдебиеттер түпнұсқамен қатар аударылып берілді. Әр мақаланың соңында, музыка мәдениеті сөз болып отырған этностың музыкалық өнеріне орай әдебиеттер тізімі бөлек орналастырылды. Кәсіби музыкаға қатысты мәселелер этномузыканы түсіндіру қажеттілігіне қарай ғана қозғалды. Оқырманға ыңғайлы болуы үшін мәдениеті, тілі, дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі және аумақтық орналасуы өзара жақын халықтардың (метаэтникалық қауымдастықтардың) музыкасы туралы мәліметтер ортақ мақалаларға біріктірілді (Мысалы, «Үндістан мен Пәкстан халықтары», «Солтүстік, Сібір және Қиыр Шығыс ұлыстары», «Дағыстан халықтары» сияқты мақалалар. – авт.). Субэтникалық және этнографиялық топтар оларға туыс неғұрлым ірі халықтар мен ұлыстар жайындағы мақалалардың ішінде көрсетілді. Елдегі этникалық диаспоралардың музыкалық мәдениетін түгел, толыққанды қамту алдағы уақыттың үлесінде деп ойлаймыз.

Екінші бөлім этникалық диаспоралардың халықтық-кәсіби шығармашылығының көрнекті үлгілерінен тұрады. Оқырманға ыңғайлы болуы үшін музыкалық материалдар енгізілген СD-үнтаспалар нөмірленіп, әліпби тәртібімен түзілді. Әннің не болмаса аспаптық музыка үлгісінің атауы орыс, ағылшын немесе әр халықтың өз тілінде келетін тұстарда түпнұсқаны сақтай отырып, қазақ және ағылшын тіліне еркін аудару тәсілі қолданылды. Антологияны әзірлеу барысында автор-құрастырушы тақырып бойынша жарық көрген іргелі зерттеулер мен өнертану саласындағы еңбектерді барынша мол қамтуға тырысты. «Музыкальное искусство народа Казахстана» монографиясы және әр кезде жарық көрген «Народы мира», «Народы России», «Народы Казахстана» кітаптары негізгі көмек құралы қызметін атқарды. Кітап жөніндегі ескертпе, ұсыныс, пікірлер антологияның келесі басылымдарын әзірлеу кезінде міндетті түрде ескерілетін болады. Қолдарыңыздағы еңбек болашақтағы тұтас мегажобаның бастамасы. Бастамалы істің заңды жалғасы ретінде жиынтық жұмыстар атқарылып, сол аяда «Қазақстандағы этностардың музыкалық сөздігі» және «Қазақстандағы этностардың музыкалық энциклопедиясы» секілді сүбелі басылымдар жасауды қолға алу шаралары да кезек күттірмейтін, күн тәртібінен түсіруге болмайтын өзекті мәселе деп білеміз.

Шаңырақтарыңызды саз тербесін!

Берік ЖҮСІПОВ

Ғасырлар пернесінің үндестігі. Бұрынғы жарияланымда: Ғасырлар пернесінің үндестігі // Жүсіпов Б. Қазақстандағы этностардың музыкалық мұралары. Музыкалық антология (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде). – Алматы: Musical culture of Kazakhstan, 2015. – 8–52-бб.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<