Ұлылық пен ізгілік – егіз ұғым. Істеген ісімен де, түйінді сөзімен де ұлтына ұйтқы бола білген ғұламалар қазақ даласында аз болмаған. Орта ғасырларда өмір сүрген Жүсіп Баласағұнның «Құдадғу білік» жұртты ізгілікке қарай жетелейтін терең ойлы, көркем сырлы нақыл сөзге тұнған даналық кітабы болатын.
Баласағұнның ойлары әл Фарабидің «Бақытты қала тұрғындары» атты трактатымен үндес жатыр. Бұл аз десеңіз, ісімен де, сөзімен де күллі түркі жұртын ізгілікке тәрбиелеген, ұлттың ұстазына айналған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың да ұлтты жаңа деңгейге көтеру жолындағы атқарған қызметі орасан зор болды. Ислам дінінің ұлылығы мен тазалығын, оның кереметтерін көрсету жолында оған тең келетін адам болмады. Алланы сүю, шынайы мұсылман болу дегеніміз не? Намаз оқу, ораза тұту, зекет беру секілді мұсылмандық шарттардан өзге өз бойыңдағы асыл қасиеттерді дамыту үшін ішкі сырыңа үңілудің маңызды тұстарын халыққа жан-жақты түсіндіруге ұмтылды. Сол үшін сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) өмірі мен істеген амалдарын өзіне үлгі етіп алады. Қарапайым да мейірімді болу, азға қанағат тұтып, жоққа сабырлы да төзімді болу, Алланың нығметін сезіну, махаббатпен жаратылған бұл әлемге орынсыз қиянат жасамау, ізгі де парасатты ойды дамыта отырып кемелдікке қарай ұмтылу секілді тылсымға толы дүниенің құпия кілтін ашу жолында бар өмірін сарп етті. Қожа Ахмет Ясауидің осындай парасат-пайымына тәнті болған жұрт оны басына көтерді, оның әрбір хикметтерін жатқа соқты. Қолына домбыра алып өнер жолына түскен әрбір жыршы мен ақын Ясауи хикметінен өнеге алды. Бұл дәстүр әсіресе, Сыр мен Әмудария бойында отырған халықтардың табиғатына терең енді. Жыршылық дәстүрде терме, өсиет, толғау секілді жанрлардың дамуына да хикметтердің әсері болғандығы белгілі. Ясауия тариқаты әсіресе Алтын Орда мемлекеті дәуірінде күшейді де кейін бәсеңдей бастады.
ХІХ ғасырдан бастап орыс мәдениеті арқылы батыстық мәдениеттің ықпалы күшейді. Көптеген құндылықтарымыз ескіріп қалды, бұрынғы басқару жүйесі, дуалы ауыз қариялардың өсиет сөздері мен берген тәрбиесі орыс билігі үшін қажетсіз дүниеге айналды. Өркениеттер арасындағы қақтығыста жаңа заманға бейімделе алмаған көптеген ұлт құрдымға кетіп жатты. Бұл үрдіс өкінішке қарай әлі де жалғасып келеді. Осы сәтте қазақтың бағына Абай дүниеге келді. Абай ХІХ ғасырда қазақ даласына бақ боп қонған, Шығыста жарқырай туған шолпан жұлдыз еді. Кемел ойдың иесі, Шығыс пен Батыс әдебиетін қатар игерген, «шығысым батыс боп кетті» деп екі жақты әдебиеттің дәстүрін қазақ әдебиетіне алып кеп жырлаған, оны қорыта отырып халқына терең ғибратты өлең үлгілерін қалдырған, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаған ұлы ақын шығармалары әлі де терең зерттеуді қажет етеді. Абай – қанша зерттесең де, таусылмас қазына, терең зерттеген сайын әр қырынан ашыла беретін жұмбақ бір әлем. Ақын өз халқын жүрегімен жақсы көрді, кемшілігін ашып айтты, кейіп отырып айтты, болашақ ұрпағына өнегелі сөзді ғибрат алсын, ойлансын деп айтты, тазалық пен адалдықты, мәрттік пен патриоттықтың үлгісін жырлады, тура жолдың даңғылын өсиеттеп көрсетіп кетті. Сондықтан да Абайды халықтың адастырмас шамшырағы, алтын қазығына айналды деуге болады.
Абай кезінде ұлы Қожа Ахмет Ясауи салып кеткен жолды қайта жаңғыртушы болды. Бұл екі тұлға өз дәуірінің озық ойлы ірі реформаторы болатын. Жаңа дәуірдің, жаңа кезеңнің өз артықшылықтарын терең түсінген ғұламалар халықты прогрессивті ойлауға, біліммен қаруланға үндеді. Абай өлеңдері мен Ясауи хикметтері бір-бірімен үндес, мағыналас келіп отырады. «Сонымен Абайдың «мен бір жұмбақ адаммын» дегеніндей, тылсым жан екеніне көзіңіз жетеді. Ол – ислам діні жолында таза имандылықты уағыздаған хаким. Ал, жалпы түркі әлемі секілді қазақ мұсылмандығының ерекшелігі де сопылық дүниетаным негізінде жатыр. Бірақ Абай тариқат жолына түскен сопы емес, ол сопылық дүниетанымдық ойлау жүйесі арқылы өз қоғамын бақытқа жеткізу жолын іздеген, халқына жөн көрсеткен дана, хаким. Оның шәкірті Шәкәрім – әрі сопы, әрі осы сопылық дүниетанымдық құндылықтар арқылы ой толғаған әулие» дейді ясауитанушы ғалым Д.Кенжетай.
Ұлы ақын Абай шығармаларын оқығанымызда қоғамда орын алып жатқан келеңсіз оқиғаларды көп сынға алып отырғандығын аңғарамыз. Абай ел ішіндегі дүние үшін, мал үшін арын сатқан, ұлықтардың алдында құрдай жорғалап, мансапқа бола адамгершіліктен аттаған жылпостардың күні үшін бастық алдында жағымпазданып күн көруді әдетке айналдырған, адал еңбек еткеннен арын сатып жеңіл жолмен мал табуға әуестенген екіжүзділікке салынған жандарды аямай әжуалап отырған. Өкінішке қарай қоғамда кездесетін осындай келеңсіздіктер қай дәуірде де болып тұрған. Абай дәуірі қазақтың бұрынғы патриархалды-феодалдық қоғамы ыдырап, Батыс мәдениетінің негізінде капиталистік қатынастардың қазақ сахарасына да келе бастаған кезеңі болатын. Ел ішінен шыққан пысықайлардың келеңсіз қылықтарына көңілі толмаған ақын олардың істерін мінеп, «көңілі соқыр, қайғысыз отыр, қарыны тойса жатуға» деп ашына отырып айтқан. «Өзінің өмір сүрген шағындағы қазақтың ұлтсыздануы, азып-тозуы, мінез-құлқының өзгеруі, тіпті бүкіл болмысының адамшылық сипаттан кете бастауы, жұрттың білімнен қашықтап, надандыққа ұрынуы – осының бәрі Абайдың тәнін емес, жанын ауыртады. Сондықтан да ол осы ащы шындықты барын барша айтып, елді ширатуға, оятуға, намысына тиіп, қайраттандыруға тырысып, сыншылдыққа, шыншылдыққа толы, өкініші мол өлеңдер жазып, қара сөзбен ойланып, күйзелді» деп көрсетеді академик С.Қасқабасов.
Бұрын елді аузына қаратып, ата-баба дәстүрін берік ұстап отыратын ауыл ақсақалдарының қадірі қашып ұсақталғанын қынжыла отырып баяндайды:
Құтырды көпті қойып аз ғанасы,
Арызшы орыс –
олардың олжаласы.
Бірде оны жарылқап, бірде мұны,
Қуды ұнатты-ау,
Семейдің бұл қаласы.
Мұнда ел тізгінін ұстаған аз ғана топтың өзі азғынданып, орысқа арыз жазудан басқа ісі қалмағандығын айтып отыр. Ел ішін әуре-сарсаңға түсіретін пысықайлардың берекесіз ісінің пәтуасыз тірліктерін сынға алып отыр. Қоғамдағы осындай келеңсіздіктермен күресе отырып шынайы адалдықты, риясыз таза көңілмен істеген әрбір істің маңыздылығына тоқталады. Шын ниетпен істеген істің берекеті мен сауабының мол болатындығын, ақ ниетпен жасаған құлшылықтың Жаратушы алдында қабыл болатындығын айтады. Бұл жағынан ұлы ақынның ойы Қожа Ахмет Ясауимен сабақтас өрбиді.
Кезінде Қожа Ахмет Ясауи да дүние үшін, мал үшін дінін сатқан жалған сопылардың қылықтарын аямай сынаған еді:
Сопы болмай не қылсын,
үйде қылар ісі жоқ,
Сопылық дағуа қылады,
жұртқа берер асы жоқ.
Аһ-оһ дейді ол, ал көзінде
жасы жоқ,
Сопынақыш болдың бірақ,
сірә мұсылман болмадың.
Сопы болып нәпсі үшін,
үнемі есікке қарайсың,
Нәзір алып келді ме деп
үнемі кісіге қарайсың,
Алла лағынет мойныңа
әр дем сайын саласың,
Сопынақыш болдың бірақ,
сірә мұсылман болмадың.
Жалпы қандай заман болса да, адам адалдық пен кісілікті жоғары ұстауы керек. Әр нәрсені істегенде ықыласпен істемесе берекесі болмайтындығын, құлшылықта да, жұмыста да шынайы махаббатпен кіріспеген жұмыс өрге баспайтындығын ұқтырады. Нәпсісін тыймай өтірік көлгірсіген пасық молдалардың надандығына күйінеді. Өзін де, өзгені де алдап шынайы ықылас бөлмейтін, осы дүниенің ғана қамын ойлайтын сопылардың келеңсіз істерін ашық сынай отырып, шынайы көңіл болмаса, Аллаға жасаған құлшылықтың пайдасыз болатындығын, әрекетінің бекер кететіндігін айтады.
Абай да өз өлеңінде Аллаға жасаған құлшылығың қабыл болуы үшін алдымен іштегі жаман ойдан арылуға кеңес береді, ондай болмаған жағдайда Хақтың назары түспейтіндігін айтады:
Жүректің көзі ашылса,
Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса,
Адамның хикмет кеудесі.
Наданның көңілін басып тұр,
Қараңғылық пердесі.
Ақылдан бойы қашық тұр,
Ойында бір-ақ шаруасы.
Кітапты молда теріс оқыр,
Дағарадай боп сәлдесі.
Мал құмар көңілі – бек соқыр?
Бүркіттен кем бе жем жесі?
Абай мен Ясауи хикметтері бір-бірімен үндес, екі ұлы ақынның ғибраты бір-бірін толықтырып тұрғандай. Екеуі де риясыз құлшылық пен шынайы адалдықпен, таза еңбекпен тапқан малдың адамға пайдалы болмағын айтады.
Ясауи 49- хикметінде:
Көкірек көзі ашылса,
барлық перде,
Ашылар, кетер,
қалмас сырда перде.
Жанның көзі таңғалар осы жерде,
Бақылап иман нұрымен көрер
достар, –
дейді.
Екеуі де ақиқатты тану үшін көкірек көзі ашылу керектігін айтқан, яғни Жаратушының хикметін адам жүрекпен, риясыз пейілмен сезу керек, жүрекпен ғашық болу керек, сонда ғана әлемнің сырын ұғасын дегенді байқатады. Дін мен Алла жай ғана түсінікке сыймайды, оның тылсым құпиясы тым тереңде оған тек терең пайыммен ғана жете алатындығы туралы ұлы Абай былай деген:
Мазлұмға жаның ашып,
ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден
тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.
Көптің бәрі көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп, көк итті
күнде жемек.
Ғадағәт пен мархамат – көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ
соған көмек.
Әркімнің мақсаты өз керегінде,
Біле алмадым пысығын, зерегін де.
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін-дағы тереңінде.
Абай Алланы жырлағанда сопылық әдебиетке жақындайды. Ясауи хикметтерінің Абайдың ақындық дәстүріне әсері болғандығы аңғарылып тұрады. Жалпы Абай өзіне дейінгі қазақ ақындары жырлаған ғашықтық, сопылық әдебиетті назарға ұстайды. Қожа Ахмет Ясауидің 80-хикметі де Абайдың осы өлеңімен үндес, жалықпай, талмай халыққа, үмбетке көмек етуге үндейді:
Ей, талиб, жапа шегіп жолға кіргін,
Жапа шекпей жолға кірсең,
опа болмас.
Жапа шекпей, ақыретте жоқ рахат,
Жапа шекпей, көз жасың
нұр бола алмас.
Кімді көрсең құлы болып
қызмет қылғын,
Рахым етіп ғаріптерге
жақсылық қылғын.
Ғалымдар келсе, тұрып
ізет қылғын,
Тексіздерде тозаңдай да
опа болмас.
Ғаріптерге рахым етпек Расул ісі,
Ғаріптерді көрген жерде
ағар жасы.
Ғаріптерге күйер ылғи іші-тысы,
Ғаріптердің дұғасындай
дұға болмас.
Қазақ әдебиетінің дамуына сопылық әдебиеттің әсері айрықша болды. Әсіресе, Шығыстың ұлы шайырлары Хафиз, Сағди, Руми, Низами, Науаи секілді сопылық әдебиет өкілдері қазақ даласына да әсер еткен. Жазба әдебиеттің қалыптасуының басында Қожа Ахмет Ясауи тұрған болса, ХІХ ғасырда Шығыс пен Батыс әдебиетін қатар меңгерген ұлы Абай қазақ жазба әдебиетінің жаңа үлгісін қалыптастырды. Абай Шығыстың әдеби дәстүрімен қатар Батыстың қалыптасқан әдеби дәстүрін де терең меңгере отырып, ондағы әдеби үлгілерді еркін қолданды. «Абайдың поэзиядағы ұлы жаңалығы – шын мағынасында Батыс пен Шығыстың шайырлары мен ғұламалары жасаған қазынаға қол артып, соның нәрі мен мәнін қорытып, жаңа көркемдік синтез жасауында. Бұл реттен алғанда, Абайға арғы-бергі әлем әдебиетінен теңдес табу қиын».
Абай салған дәстүрдің қарапайым халыққа түсінікті болғаны сонша, оның шәкірттері орыс әдебиетіндегі поэмалар мен романдарды алып қазақша жырлауға көшті. Шәкәрім, Әсет, Әріп, Көкбай ақындар Абай дәстүрін жалғастырушы болды. ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиеті бұрын-соңды болмаған биік деңгейге көтерілді. Абайды ұстаз тұтқан Шәкәрім, Сұлтанмахмұт, Ақмолда, Мағжан секілді ұлы ойшылдар мен Әлихан, Жүсіпбек, Ахмет секілді Алашорда қайраткерлері бұл дәстүрді тереңдете түсті. Жазба әдебиетті қалыптастыру бағытында Абай секілді реформатор ақын Шығыс әдебиетінде бұрын болмаған, батыстың өлең үлгілерін Қазақ сахарасына алып келіп «Сегіз аяқ», «Бойы бұлғаң» секілді алты аяқты өлең үлгілерін жатық тілде шебер үйлестіре білді. Бұл дәстүр қазақ даласында Абайға дейін қалыптаспаған болатын. Абай мектебі тек қана қазақ әдебиетіне орныққан жоқ, сонымен қатар Орта Азия әдебиетінің дамуына тың серпіліс алып келгендігін айтуымыз керек. Абай Батыс пен Шығыс мәдениетін тең алып жүрген, екі майданда да өз қолтаңбасын қалдыра білген бірегей тұлға болып қала береді. Таулардың алыстаған сайын асқақтай беретіндігі секілді Абайдың әрбір шығармасын жаңаша көзқараста терең зерттеуді қажет етіп тұратын күрделі тұлға екенін көресіз.
Бақыт Әбжет,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент.
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ
Түркология ғылыми-зерттеу институтының жетекші
ғылыми қызметкері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<