Келесі аптада «Қазақ елі» кинотуындысының ІІ кезеңі түсіріле бастайды

494

0

Келесі аптада «Қазақ елі» кинотуындысының ІІ кезеңі түсіріле бастайды Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Қазақ елі» көпбөлімді тарихи-драмалық телевизиялық сериалының түсірілім тобымен кездесті. Басқосуға туындының қоюшы-режиссері Рүстем Әбдірашов пен бас продюсер Арман Асенов бастаған шығармашылық топ қатысты, деп хабарлайды  ҚазАқпарат тілшісі.
Фильмнің қоюшы-режиссері Рүстем Жарасқанұлы кездесу барысында тарихи шығарманың өңірдегі түсіріліміне қолдау көрсету қажеттігін жеткізді. Ал, аймақ басшысы тарихи сериалдың ұрпақ тәрбиесіндегі маңыздылығы мен қазақ тарихындағы оңтүстік өңірінің тарихи мәніне тоқталды.
«Оңтүстік – қазақ тариxының негізгі кезеңі өткен ерекше өлке. Елбасының бастамасындағы Руxани жаңғыруда да өңірдегі тариxи орындардың өзіндік орны зор. Түркістан, Ордабасы, Қазығұрт, Сайрам, Сауран, Отырар, Мәртөбе сынды қасиетті орындардың барлығында да ұлт тағдырын қалыптастырған айтулы оқиғалар өтті. Кино – тәрбие құралы. Осындай тарихи дүниелер арқылы біз болашақ ұрпақтың бойына отаншылдық, ерлік, намысқойлық сынды асыл қасиеттерді сіңіреміз. Сондықтан да үлкен үміт күткен тариxи фильмді Оңтүстікте түсірулеріңіз өте орынды, қолдаймыз. Дегенмен, кинодан осы өңірдің талантты әртістерін де көргіміз келеді. Мұнда кәсіби деңгейдегі өнер адамдары жеткілікті. Аталған фильмге жергілікті әртістерді қатыстыруды ұсынамын», – деді Жансейіт Түймебаев.
Жиынды қорытқан Жансейіт Қансейітұлы  киіз үйлер, ат, көне декорациялар, медициналық және қауіпсіздік қолдау сынды көмектің барлығы жасалынатынын жеткізді. Тиісті сала, мекеме басшыларына тапсырма берді.
Айта кетейік, фильмді Елбасының «Мәңгілік ел» бағдарламасына сәйкес ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» АҚ таспалауда. «Қазақ елі» көпбөлімді тарихи-драмалық телевизиялық сериалының алғашқы маусымы «Алмас қылыш» деп аталса, ІІ кезеңі «Алтын тақ» деген атаумен түсіріледі.
Туындының Оңтүстіктегі түсірілімі биыл 25 сәуірден 4 шілдеге дейін жалғасады. Түлкібас, Төле би аудандары мен Арыс, Ақсу өзендерінің бойында және Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында «Керей ханның ауылы», «Хан ордасы» сынды декорациялар жасалынбақшы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<