Кешірім

1550

0

Әкем түнде жатарда өз иманын өзі үйіріп, көп уақыт бойы алақанын жайып, дұға жасап отыратын.

Кейде мен де әкемнің дұғасына қосылып іштей қайталайтынмын, бірақ ол кезде мына дұғасын түсіне алмайтынмын.

Әкем: «Иә, Алла, мынау жалған пәниде, маған қиянат жасаған, маған қорлық пен зорлық көрсеткен, жамандық жасаған, еңбек қақымды жеген, менен алған қарызын қайтармаған, маған жала жапқан, мені өсектеген пенделер аз болмады.

Мен солардың бәрін де кешірдім, рахымды Алла, Сіз де олардың маған жасаған күнәларын кешіргейсіз» деп дұға жасайтын. Кәкемнен: «Әке, Сіз неге дұшпандарыңыз үшін Алладан кешірім сұрайсыз? » деп таңғалып сұрайтынмын.

Сонда әкем: «Балам, мен өкпе ренішті о дүниеге алып кеткім келмейді. Мен үшін біреудің екі дүниеде де қиналғанын, артында қалған ұрпағының қарғыс арқалағанын қаламаймын» дейтін.

«Өзім біреудің күнәсін кешірмей тұрып, ұялмай Алладан менің күнәларымды, кеше гөр деп қалай сұраймын?! » дейтін әкем.
Қазір ойласам, бұл үлкен тәрбие екен ғой. Маған ақыл айтпай-ақ, өзі үлгі көрсетіп жүрген екен-ау…

Әрине, мен әкемнің бұл қасиетін жүрегіме сіңіре алмадым, бірақ жақындарымнан бірінші болып, кешірім сұрауға тырысамын…
Бірақ, әлі өз нәпсімді жеңе алмай жағаласып келемін, кейде қатты «қуып та» кететін жерлерім аз емес. Оны да өзімнен көрмей нағашыларыма жабатыным тағы бар. Әрине әзіл ғой.

Әкем: «Балам, адам ыза мен кекті, ашу мен өкпені үнемі көтеріп жүре алмайды. Жүрекке көп салмақ түседі, ал кешірімді болсаң жеңілдеп, жақсарып қаласың» деп отыратын.
Сондықтан да, шама келгенше, кешірімді болғанға не жетсін?!

«Жауласа берсең жау да көп, қазбалай берсең дау да көп, кең пейілге кемдік жоқ» деп отырушы еді жарықтық.
Менің ешкімге өкпе, ренішім жоқ, бәрінде кешірдім.

Бірақ, мен біреуге иненің жасуындай қиянат жасаған болсам, бәрінен де кешірім сұраймын.

Жәнібек Сүйеуұлы Қожық

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<