Қасиетті Сыр елінде Қорқыт атадан бастау алатын рухани құндылықтардың мол қазынасы бар. Алайда, соның бәрін халық кәдесіне асып жатыр деп айту қиын. Міне, сондықтан да ел ішінде ұмытылып бара жатқан мәдени мұрамызды қайта жаңғыртып, келешек ұрпаққа табыстау мақсатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы тарапынан «Жыр мұра» жобасы ұсынылып, аталған жоба өз жұмысын бастады.
Биылғы жылдың ақпан-наурыз айларында «Ұлы дала төсіндегі Сыр елінің фольклоры» атты экспедиция ұйымдастырылып, Қызылорда қаласы мен облысымыздың 7 ауданын аралап шығуы осы жоба аясындағы нәтижелі жұмыс болды. Бұл сапарда халық арасындағы құнды мәдени мұралар жинақталып, көшірмелері алынып, ел ішінде танылмай жүрген талантты өнерпаздардың орындауында жыр-термелер таспаға түсірілді.
Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы жанынан құрылған жұмысшы тобы өз сапарын Арал ауданынан бастады. Экспедиция барысында атақты Дәріғұл жыраудың шәкірті Берекет жыраудың орындауындағы 40 минуттық мақам саз, Үмбетәлі жыраудың баласы Тәжібай ақсақалдың, Жұбатов Қызылбай жыраудың баласы Мықтыбай ақсақалдың, Үркімбаев Дайрабай ақсақалдардың әңгімелері және осы өңірдегі жыршы-жыраулардың терме толғаулары жазылып алынды. Осы өңірден шыққан би-шешендер, батырлар, шашасына шаң жұқпаған жыраулар жайлы тың мағлұматтармен таныстық.
Қазыналы Қазалы жеріндегі экспедиция барысында белгілі шайыр Байназар Өтеповтің даусы мен қолжазбасы, сонымен бірге абыз ақсақалдарының айтуымен Бекарыстан бидің, Сердалының Бекшорасы, Басықара, Көбек би, Мойнақ батыр туралы тың мәліметтер, Жәмет жыраудың баласы Абай Жәметұлынан әкесінің шығарған терме-толғау, дастандарының көшірмесі алынды.
Қармақшы топырағындағы сапарымыз жыраулықты жеті атасынан жанына серік еткен Жиенбай жыраудың ұрпағы Бидас Рүстембековпен дидарласуымыздан басталды. Сонымен бірге, Әлиакпар әкемізден осы өңірден шыққан сүлейлердің өміртарихы туралы әңгімелері, Тұрмағамбет ауылының байырғы тұрғыны Сағынов Қалидулланың жеке мұрағатынан ескі мақам-саздар жазылған 4 дана бобина ленталары алынса, ақын әрі жырау Әмзе Оспановтың баласы Оңдасыннан әкесінің қолжазбаларымен бірге 5 дана бобина лентасы, жырау Сәрсенбай Бөртебайұлының 1 сағат көлемінде жырлаған мақам-саздары, өнер жанашыры Сүйінбай Ақбаевтың алпысқа тарта мақам-саздарды топтастырған таспасы қолымызға тиді.
Жалағаш ауданындағы жұмыс сапарымызда Бұқарбай батырдың шөбересі Қалдан ақсақалдың тарихи әңгімелері, әйгілі Қырғи бидің ұрпақтары Рысбек, Қабыланбек және Өміртай ақсақалдардың Қалам би, бай Қуаң, Ашай, Жүрген, Қара, Зарқұм, Кішкентай, Ерсейіт, Дәуімшар би, Жаппас Мұңайтпас сияқты айтулы тұлғалар жөніндегі әңгімелері жазылды. Мәдениет ауылының тұрғыны Болатбек Нұржанов ағамыздан «Шәкір-Шәкірат» дастанының Сыр бойында орындалатын нұсқасының көшірмесін, белгілі жыраулар Жадырасын Тасбергенов, Әубәкір Есжановтардың дауыстары мен қолжазбаларының көшірмесін алдық.
Ал, Сырдария ауданы Қалжан ахун ауылының тұрғыны Төлебай ақсақал мен айтыс өнерінің ақтаңгері Замаддин Ибадуллаев Сыр сүлейлерінің өмірдеректеріне қатысты әңгімелердің көмбесін ашты.
Шежірелі Шиелі ауданындағы олжамыз да орта болған жоқ. Танымал күйші Тынысбек Дүйсебековтің сүйемелдеуімен сирек естілетін күйлер жазылып, облыс өнерінде өзіндік қолтаңба қалдырған Есіркеп Қоңқабаевтың өнері туралы деректер, Нартай ауылының қарт тұрғыны Байжан ақсақал мен қарғалылық Пернебай Ізмәмбетұлының аузынан жыр-терме мәтіндеріне қоса тың әңгімелер тыңдадық. Сондай-ақ, Нартайдың соңғы шәкірттері саналатын Арзулла Молжігітов, Әбіләш Әбуов, Құрманбек Бекпейісовтің үн таспаларын қаттадық.
Жаңақорған ауданының мәдениеті мен өнерінің өсіп өркендеуіне зор үлес қосқан Бәден Айсынов, ақын Тынышкүл Асанова, Жақсыгүл Бегманова, Әлібек Сүгірбаев сынды өнер жанашырларының осы өңірден шыққан дарындар туралы әңгімелері, халық ақыны Манап Көкеновтің баласы Үбайдулла Манапұлы айтқан ақын туралы деректерді қоржынымызға қостық.
Қызылорда қаласын аралау барысында атақты Рүстембек жыраудың қызы Ыдық Рүстембекқызы, белгілі жыраулар, ұстаз Жұмабек Аққұлов, Қасарбек Кәрібаев, ардагер журналист Өтеген Жаппархан, Қорқыт ата мұраларын жинақтаушы Ахат Жанаев сынды абыз ақсақалдармен сұхбат жүргізіліп, барлығы бейне таспаға жазылып алынды.
Алдағы уақытта ел арасынан жинақталған мақам-саздар студияда өңделіп, терме-толғау, дастандардың мәтіндері жүйеленіп жыр-терме үйірмелеріне ұсынылатын болады. «Жыр мұра» жобасының өзектілігі ел арасындағы мол мұраны жинау болса, тағы бір тармағы жыр-терме үйірмелері жоқ аудандардан жыр мектептерін және қобыз үйірмелерін ашу еді. Аудандарда бұрыннан жұмыс жасап келе жатқан жыр-терме үйірмелері бар. Бұл ретте Аралдағы Қарақұм аулынан ашылған Ғанибек Өмірзақов дәріс беретін Дәріғұл жырау үйірмесін, Қазалы аудандық Қорқыт ата атындағы музыка мектебінде білікті маман Сандуғаш Бисембаеваның жетекшілігімен жұмыс істеп келе жатқан жыр-терме класын, Сырдария ауданындағы дәстүрлі орындаушы Мінәш Ысқақова дәріс беретін «Дәстүрлі ән» үйірмесін, тағы басқаларды айтуға болады.
Сөз жоқ, бұл үйірмелер – К.Рүстембеков атындағы жыраулар үйі, Нартай өнер мектебі секілді тәжірибелі ұжымдардың ізін жалғаушы.
Мамыр айында ұлттық өнермен есімдері елге танымал жырауларымыз облысымыздың 7 ауданында шеберлік дәрістер өткізіп, қараша айында облыс орталығында өтетін концертке қатысатын талапкерлердің жыр қорын бұрын-соңды көп орындалмай жүрген мақам-саз, терме-толғаулармен толықтырады. Осы өнер аламанында ауылдық үйірмелердің ортақ мұраға қосқан үлесі танылатын болады.
2018 жыл Сыр жұртшылығы үшін жағымды жаңалығы мен тарих қойнауына енді. Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт ата мұралары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Алдағы уақытта ұлы ұзанның мұраларын дәріптеу мақсатында әртүрлі мәдени шаралар ұйымдастырылады.
Ал, жоғарыда аталған «Жыр мұра» жобасы мәдени мұрамыздың өткенін бағалап, бүгінгісін саралайтын болашағы жарқын жоба.
Майра СӘРСЕНБАЕВА,
облыстық халық шығармашылығын дамыту және
мәдени-продюсерлік орталығының сектор меңгерушісі.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<