Соңғы жылдары үнді, түрік, корей сериалдарынан көз ашпаған отандық арналардың кемшіндігін «Youtube» әлеуметтік желісі ақтап алғандай болды. Қазақ тіліндегі телехикаялар топырлап шыға бастады. «Көке», «Үлкен үй», «Бір келіншек», «Көрімдік», «Асыл арман», «Жаным», «Құстар әні», «Қыз жолы» секілді телефильмдер, сөз жоқ, қазақ киногерлерінің намысты әрі жемісті еңбектерін паш етті.
Өзім «Қыз жолы-2» телехикаясының 14 сериясын көріп шықтым. Әр сериясы 45 минут көлемінде көрсетілетін хикая басталғаннан-ақ көрерменін психологиялық иіріміне тарта жөнеледі. Апалы-сіңлілі үш қыздың тағдырын бейнелейтін туынды бүгінгі қоғам тамырын дөп басып, өмірде кездесетін сан алуан қиындықтарды қалай жеңу керектігін көркем тәсілмен баяндай білген. Сөзі де, көзі де ыстық өз тіршілігің, өз бауырларыңның басындағы оқиғалар жаныңды баурап, жүрегіңді қозғайды. Оларды жақсы көресің бе, жек көресің бе, «енесі тепкен тайдың бүйірі ауырмайды» дегендей, өз қазағың әйтеуір. Осындай сезім үстінде шетел сериалдарындағы өзің білмейтін бөтен біреулердің ыстық-суығына күйіп жүргеніңді ойласаң, екі бетіңде ұяттың қаны ұйиды екен.
Ал, «Кебенек» деп аталатын телехикаяны көріп, баяғы үнді фильмінде жылап отыратын кезіміз еске түсті. Өте шебер жасалған туынды. Кешегі кеңес өкіметі кезінде Ауған жеріндегі соғысқа баратын интернационалист жауынгер Жасұзақтың бастан кешкендері – әр қазақ баласына үлгі болатын ерлік іс. Мұнда саясат та, махаббат та, ғадауат та бар. Тек кейіпкерлердің сөзі осы күнгі тіл қолданысымызға кетіп қала береді. Мәселен, ол кезде қазақ мектебіндегі балалар мұғалімді аты мен тегін қосып орысша атаған жоқ – «апай», «ағай» деді. Ал, фильмде басқаша. Сондай-ақ, 1990 жылы әлі іргеміз кеңес өкіметінен ажырамай тұрғанда «сынып» сөзі тілдік қорымызға енбеп еді, ал, кинода балалар «класс» деп емес, «сынып» деп сөйлейді. Осындай аздаған кемшіліктерді елемесек, қазақ киногерлеріне алғыстан өзге айтарымыз жоқ.
Өткен жылы «Астана ТВ» телеарнасы шамамен 50 серияға жуықтайтын «Асыл арман» телехикасын көрсетілімге шығарды. «Асыл арнадан» да отандық киноөнімдерінің біразын көріп үлгердік. Дегенмен, мұның бәрі шетел киношытырмандарын ысырып шығаруға қауқарсыз. Біздің көксеуіміз қазақ экранында тек қазақ кинолары ғана тоқтаусыз көрсетіліп тұрса дейміз. Өйткені, «кино – өнердің ішіндегі ең маңыздысы» демекші, ұрпақ мінезінің кино арқылы қалыптасып отыратынын заман дәлелдеді. Қазіргі жасөспірімдердің шашын бояп, сырға тағуға әуестенуі, ал, қыздардың үндіге ұқсап, түрікке тән мінезге бой үйретуі киноның идеологиясы емей, не?
Біздің айтпағымыздың басты тақырыбы киногерлер неге ауыз әдебиеті кейіпкерлеріне, жалпы, батырлар тақырыбына тәуекел ете алмай келеді? Әрине, оның басты себебі қаражат болар. Олай болмаған күнде қазақ кинотуындысын жасаушылар да, керемет әртістер де өз арамыздан табылады.
Елбасымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасында не деді, «ұлттық болмысымызға оралмайынша мәңгілік ел бола алмаймыз» демеді ме? Ал, ұлттық болмысымызды тап басып танытатын эпостық жырларымыз бен ауыз әдебиетіміз киноға айналмай-ақ қойды («Алдаркөсе» есіңізге түссе, оның қашан жасалғанын да еске аларсыз).
Осындай өліараны пайдаланған арзан күлкі театрлар өнімінің наны жүріп тұр. Мәселен, қазір «Youtube» арнасын ашып қалсаңыз, алдыңыздан «Зың-зың Күлпаш» шыға келеді. Оған қоса «Күлкі базар» бар. Рас, бүгінгі көрерменнің көбі қысқа әрі мағыналы дүниені ұнатады, бұған сөзден терең астар іздемей-ақ, әйтеуір бетіңізді қимылдатсаңыз күледі дегенді де қосамыз. Сол «Күлкі базарды» көргендер біледі, «баланы емшектен шығару», «көрші сөзінің орысшасы» жайлы қойылымдарын біз талдап жазуға ұялып отырмыз. Ал, олар соны сөзбен, әртістікпен жеткізіп, миллиондаған жұртқа таратып отыр. «Қарғайын десем – жалғызым, қарғамайын десем – жалмауызым» дейді қазақ. Халқымның осы сөзін киноға қатысты мен де қайталаймын.
Ал, оны осы сараптама сөзімнің қай тұсына апарып қою керек екенін оқырман өзі шешсін…
Дүйсенбек Аяшұлы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<