Көксеңгір

3129

0

Затында, қаузайын деп отырған кейіпкеріңнің  құлдыраңдаған сәби кезінен, бүгінгі аға жасына көтерілгенге дейінгі қым-қуыт, күрделі өмірбаянын жіпке тізгендей баяндап беру қиынның қиыны-ау. Бәрі топырақтан жұғады ғой, ендеше оның туған жеріне де тоқтала кеткен жөн болар.Egemen Qazaqstan

«Шөлі бар халық – зор халық», дейді Ж.Руми. Рухы биік, қайсар мінез­ді әрі шыдамды халық қана шөлді аймақ­тың қатаң табиғатына төтеп береді. Сондықтан да пайғамбарлар шөлді аймақты мекендеген ха­лық­тар­дың іші­нен шыққанын талай даналар жазып кетті. Ме­ре­ке де шөлді аймақ – Атырау атырабындағы Қарабау ауылын­да дүниеге келді.

Бозғылт жусан, тікенекті бая­лыш басқан, сарышұнақ жорт­қан, аспанында қыран қа­лық­таған, құрғаған тұзды тақыр­лар айнадай жарқыраған, ұшы-қиыры жоқ жапан дала…

Бұл өлкенің көлдерінің өзі жай жатпайды, түбінен газы шығып, бұрқ-сарқ етіп, зы­ғыр­­даны қайнап жатады. Ән­де­рінің өзі қоңырлата салатын әуен емес, әлемет айқай, кіл мәтөк мақамдар… Жолды кесіп өткен киіктер мүйіздерін ар­қаға қайқай­та салып, орғып-орғып құлдырай жөнеледі. Бей­небір қызғылт жібек бат­пы­рауықтар желмен бірге жел­пілдеп, жер бетімен қалқып бара жатқандай…

Осы араның топырағы сор, шөбі де ашқылтым, құм шағыл­дарының туырылған тортадай шымқай қоңыр болуы – сан ғасырлар бойы төгілген көз жасы мен тердің, қызыл ала қанның салдары болса керек. Бір кезде арқалы ақын Хамит Ерғалиев: «Мен туған аймақта бірде-бір басқыншының, кеу­дем­соқ келімсектің моласы жоқ та, шашылып жатқан бас сүйектер баршылық» деп жа­зып еді. Қалай дегенмен де, Хамаңның бұл сөзі ақақи шын­дық.

Қарабау өңірі Асанқайғы бастаған арғыларды айтпағанда, әйгілі Бөкен бидің, қазақтың бағына туған энци­клопедист-ғалым, аса көрнекті мемлекет қайраткері Халел Досмұха­медұлының, ғылым мен әде­биет, өнеркәсіп тарландары Сафи Өтебаев, Рахмет Өтесінов, Салық Зиманов, Зейнолла Қаб­долов, Ғабдол Сланов, Жәрдем Кейкин, Мереке Құлкеновтердің шыр етіп жерге түсіп, алғаш рет арқасы тиген алтын топырағы, ата күлдігі.

Жақсылық пен ізгілік пірі Қызырға­лайссалам Атырау, Ақ­төбе арасымен желе жортып өтіп бара жатқанында, қор­жы­нының түбі сөгіліп, өнер дәні осы төңірекке көбірек себіліп қалған сияқты. Бұл өңірдің бала-шағасы шетінен өнерпаз, алғыр болатыны сондықтан шығар, бәлкім?

Иә, ауаны ысқырта жарып зулаған, адам алатын бурадай, уақыт шіркін де еңсеріле түсті. Қашан да, адам ғұмы­рының кәусар бастауы – балалық, жас­тық шақ тез өтеді ғой. Сөй­тіп, арманшыл, әр нәрсеге ба­йыппен қарайтын ойшыл жас, көрікті, науша жігіт Мереке де ел қатарлы орта мектепті бітір­ді. Негізінен, Атырау облы­сының Қызылқоға ауданы мал шаруашылығымен айналысатын өңір. Сол кездерде пенде жүретін жерлер­дің бәрінде «Қазақстанда қой санын 50 миллионға жеткіземіз» деген коммунистік партияның жел-көбік ұрандары ілініп тұратын.

Қырық күн шілдеде қайыстай ыс­қаяқ­танып қарайған, қыстың сүйектен өтер аяздарында көз­де­рі­нен сорасы, құлағынан ірің аққан, қой соңында жүріп кәртамышқа айналған, қор бол­ған есіл жандардың талайын бала Ме­реке жастайынан көріп өсті. Осы бір өмірден есесі кеткендердің армандарын, аманаттарын арқалап Алматыға да жетті. Қазақстандағы жоға­ры оқу орындарының қара шаңы­рағы – Қазақ мемлекеттік университетінің журналис­тика факультетін тәмамдады. Мереке ағамыздың өзі айтқандай: «Ұлан-ғайыр еліміздің әр түк­­пі­рінде дүниеге келіп, ес біліп, ат жалын тартқан әрбір таланттың өз бағын сынап, тағ­ды­рымен бетпе-бет келер мекені – қасиетіңнен айнала­йын Алматы ғой. Біз жеңу мен жеңілудің, өсу мен өшудің, тану мен танытудың не екенін Алматыда түсіндік…» деуінде үлкен мән жатыр.

Иә, осы бір қазақтың күллі рухани байлығы шоғырланған қазыналы кентінде Құлкенов­тің шығармашылық һәм басшы­лық, баспагерлік, қайрат­кер­лік ғұмы­ры басталды. Әр жылдары «Жібек жел», «Таң­ғы самал», «Үрей», «Халел Дос­мұхамедовтің өмі­рі мен қызметі», «Қазақ­стан», т.б. про­залық және публи­цисти­ка­лық кітаптары жарық көр­ді. Республикалық «Қазақ әде­биеті» газетінің бөлім мең­ге­­ру­шісі, «Жалын», «Ана тілі», «Таңшолпан» басылым­дарының бас редакторы болды. Бірнеше газет-журналдың басын біріктірген «Қазақ газет­тері» АҚ-ның бас директоры қызметін атқарды.

Қаламгер әңгімелері мен хикаяттарын бүге-шігесіне дейін сөгіп, әдейі ілік іздеп оқысаң да, оғаш ештеңе таппайсың. Өйткені бұл дүниелерде ойдан шығарылып, қиялмен көм­керілген ештеңе жоқ. Бәрі де өзің көрген етене таныс тірші­лік, бәріміз бастан кешкен бел­гі­лі тауқымет, мехнатты өрбітіп әке­ліп, жалқының емес, жалпының ортақ қуанышы һәм трагедиясы ретінде өрге шығарады.

Автордың суреткерлік сабаты, шабыт қуаты, ойшылдық құлашына іштей риза боласың. Ол инемен емдейтін тәуіп­ше, қаламын ең жанды жеріңе қадайды.

Мереке Әбдешұлы сонау бала кезінен бастап, қайда жүр­се де даңқты жерлесі, жоғары білімді юрист, небір аламан дауларға араласқан арлы адвокат, дүйім елді айрандай ұйытқан көсем әрі шешен, Пе­тер­бург әскери академиясын алтын алқамен үздік бі­тір­ген талантты дәрігер, кемел аудармашы, айтулы журналист, басылымдардың бас редакторы, баспагер, энцик­лопедист-ғалым, аса көрнекті мемлекет қайраткері, өзінің жолбасшы жұлдызы – Ха­лел Досмұхамедұлының ғұмыр­намасынан көз жазған жоқ.

Ол әсіресе, титан тұлғаның: «Әдебиет тілінің қаруы – баспа мен мектеп. Баспа мен мектеп деген – адам шошынарлық өте қайратты қару. Баспа мен мектеп­те қолданған тіл елге ақырында сің­бей қоймайды», деген өсиетін бас­шылыққа алып, 1980 жылдардың аяғында «Өлке» атты жекеменшік бас­па ашты. Міне, аттай отыз екі жылдан бері «Өлке» бас­пасынан Мәкең шығарған, миллиондаған данамен таралған мыңдаған кітап, ол істеген игі істер, әр жылдары жазылған прозалық, публицистикалық еңбектері бүгінгі һәм келешек қауымның да қажетіне жарайтын көркемдік мүлік болып қала береді. Сондай-ақ бұл дүниеде көзі жоқ, артында іздеушісі қалмаған талай қаламгердің кітабын баспадан тегін шығару озифасын да өзі атқарды.

Осы орайда, эпик ақын Хамит Ерғалиев: «Жақында жасым сексенге толса да жинақталған он бес баспатабақ эссе – естеліктер кітабын, «Жақсыдан шарапат» деген атпен баспаға тапсырдым. Бұл кітапта талай ұлтқа қызмет еткен жақсылардың есімдері аталады. Осылардай, қабырғалы да, қайырымды азаматтар жәрдемі әсіресе, бүгіндері ауадай қажет. Бар ма сондай тұлғалар? Аллаға шүкір, әлгілердей жайсаң жа­ратылған ізбасарлары бар екен. Жал­ғанда жалпақтауды сүймейтін басым, осы жолы «Жалын» журна­лының бас редакторы, «Өлке» баспасының директоры Мереке Құлкеновті біздің алдымызда өткен ел үшін, мұқтаж жан­дарға көрсеткен көмегі үшін көк тиын дәмет­пей­тін табанды тарлан­дардың табиғи жалғасы дер едім», деп айрықша тебіреніп, ақсақалдық алғысын айтады.

Ал академик-жазушы Зей­нол­ла Қабдолов өзінің жетпіс жылдығына орай Доссорда сөйлеген сөзінде өкшелес келе жатқан інісі Мереке Құлке­нов туралы былай дейді: «Азамат­тық әрі сыршыл поэзияның ақша бұлты Әбу Сәрсенбаев пен қазақтың қара өлең ас­па­нын тіреп тұрған күміс баған, ғажайып ақын Хамит Ерға­лиевтің мерейтойларында баян­дамаларды өзім жасаушы едім, Атырауға бет алса, екеуі де жан­дарынан мені тастамайтын. Енді, міне, жетпіске келгенімде, екі ағамның екеуі де бақилық болды. Шынымды айтсам, аздап жалғызсырағандай болып тұрмын. Алайда мұңая беруге болмас, қасыма кеше­гі арыс­тардың көзіндей, әдебие­тіміз бен 

мәдениетіміздің бү­гін­гі бірегей тіректерінің бірі, мық­ты жазушы, үлкен талант, осы топырақта туған, «Жалын» жур­­налы аз дегендей, ұлт апта­лығы «Ана тілі» газетін де бас­қарып отырған, оның үсті­не бұл азамат та мен секілді үн­де­мей жазып, нәтижесін ғана көрсететін біртоға дарын Мере­ке Құлкеновті ертіп келіп отырмын…».

Кілкіген қара сөзден тек қаймақ сүзетін ділмәр Қабдо­ловтың нағыз шар­шысына толып, асып-төгілген бұл лебізіне қалайша риза болмассың!

Иә, інілерінің алдын аршып, артын қымтап жүретін сол Зәкеңнің өзі де бүгін арамызда жоқ…

Міне, осылардай ондаған аяулы ағаларының берген фатиқасы қабыл болған шығар, кім білсін, әйтеуір Мереке Әбдешұлының асығы қай кезде де бүк түскен емес, қалай иірсең де дік етіп алшысынан жазбайды.

Әлі есімде, сонау тәуелсіз­дігіміздің алғашқы жылдары ақшаның құнсызда­нуы, мемлекеттің шатқаяқтаған жағ­­­дайы, елдің арып-ашуы – кү­шіктеген сыздауықтай жаны­мызға бататын. «Орыстың шөп­тен арзан сорлы сомы-ай!», деп ақын айтқандай, топан қаудыр­лақ­тардан құтылдық, 1993 жыл­дың қара күзінде тұңғыш рет төл теңгеміз айна­лыс­қа енді. Мен ол кезде «Жалын» журналында қызметте едім, бас редактор Мереке Құлкенов болатын. Жұмыстың соңына қарай аяқастынан дастарқан жайыла қалды. «Бұл ненің құрметі» деп аң-таң болып тұр­ғанымызда, Мәкеңнің жүзі гүл-гүл жайнап: «Жігіттер, қыздар, өз ақшамыз дүниеге келді, енді ұшақпен азар-алла деп Мәскеуден келетін орыс­тың сабан ақшасына тәуелді болмаймыз. Бұл – ұлы мейрам. Құдай енді көш-көлігімізді түзете көрсін, бәріңді осы бір салтанатты да, тарихи күнмен құттықтаймын», деді. Біз төл теңгеміздің шығуына онша мән бермеген екенбіз, басшымыздың аста-төк қуанышынан кейін ойланып қалдық. Осы орайда, Қалтай Мұхамеджановтың: «Біз тәуелсіздік алдық деп, бөркімізді аспанға атып жат­қан­да, Халифа Ал­тайдың сол­қылдап жылап тұрғанын көріп едім…», деген сөзі еске түседі.

1993 жылы Ата Заңымыз қабылданар тұста да Мереке ағамыздың ой елегінен өткен ондаған өзекті мақала журналда жарияланды, бұл да оның осы бір аса маңызды құ­жат­ты талқылауға бейжай қарама­ғандығының айғағы еді.

Қазір біз орыс тілінен қай­да қашып құтыларымызды білмей пұшайман болудамыз. Құдайтағаланың қазақ халқына төккен мейірімі шексіз ғой, бақ жұлдызы талай рет мөлтеңдеп жерге түсіп, қасымызға келді. Әттең, сол бір алтынға бергісіз мезеттерді түк істемей, тәрк еткенімізді ойласақ, шытыр жеген түйедей теңселеміз.

Кешегі еркіндіктің елең-алаң ша­ғында еліміздегі орыстардың өзі қазақ тілін үйренуге жанталаса кірісіп еді. Амал не, өзіміздің бойкүйездігімізден бәрі адыра қалды, өзге ұлт­тар да қолын бір сілтеді. «Орыстанған бұра­тана орыстық патриотизмді шектен шығара жүзеге асырады» деген Ленин сөзі айна-қатесіз шындыққа ай­налды. Мереке Құлкенов «Ана тілі» ұлттық апталығын басқарған жылдары тілді бұра тартатындарға батыл тосқауыл қойды. «Іңірде шапқан жау жаман, іргеден шыққан су жаман» дегендей, тіл мәселесінде өз арамыздан шық­қан керауыз­дарға, диаспора ортасы­нан аттандаған дүмбілездерге талай рет баспасөз арқылы майдан аш­қанын көзіміз көрді. Ол әсіресе, тіл мә­се­ле­сіне кел­генде алабөтен ымырасыз еді. Тіпті, жай сұхбаттасудың өзінде «жа­нымыздың рахаты хал­қымыздың сия­паты, рухы болған тілімізге тиіссе, аянатын ештеңе жоқ» деп қаралай шамырқанып отыратын.

Міне, қуанса, шын қуанатын, жауласса, кіндіктен қан кеше жүріп жауласатын, тартысса, таралғы үзілгенше тартысатын осындай тарландардан айналып кетпейсің бе? Мен Мереке Әбдешұлының осы қасиетіне, қайсар мінезіне тәнті боламын. Әсілі, біз айтып жүрген қайраткерлік, мемлекетшілдік осы болар, бәлкім? Кешегі Алаш алып­­тарының, ел қам­қорларының өмір­­баян­дарына қарап отырсақ, әуелі олар­дың жуандарға деген жастық же­лікпен бастаған кикілжің, қы­­­сас­тығы барған сайын те­рең­деп, ақыры ел, халық, ту­ған жер тағдырына алаңдау, отар­шылдарға деген бітіспес күреске ауысады. Бауырында ешбір жота, белесі жоқ, тақыр жерден аспанға оқтай атылған Климанджаро шыңы сияқты, олар қарындас халқы, қасиетті байтағы жолында мехнаттың неше атасын шеге жүріп, өздері де бірте-бірте дау-дамайсыз халықтық тұлғаға айнала бас­тайды.

Иә, күллі тағдырымыз жаз­мыш­та бұлтартпастай бекітіл­ген, мөрленген. Алайда бәрі осылай екен деп есекше бүл­кілдеп, бір уыс жалғаннан қам-қарекетсіз өте шығуға дәтің бармайды.

Тірі оралмайтындарын біле тұра, қайтпас жігер, қажымас рухпен талай мәрте жорыққа аттанған кешегі ұлт-азаттық көтерілісінің батырларындай, өлара шақта Мереке де ұлт мүддесінің ұлы майданына сес­кенбей еніп кетті.

Біз қайдан өсіп-өндік, біз кімбіз және қайда барамыз? Осы үш мәңгілік сауал әлі күнге қазақ аспанында иманшарттай ілулі тұр. Әрбір зерделі адам осыған жауап іздеп жанталасады. Бір кезде Ғабит Мүсірепов: «Сендер Хемингуэй дейсіңдер, сөз жоқ, шырқаудағы жазушы, бірақ жазушы табиғаты бір бол­ғанымен оның дауысы да, уайымы да бөлек қой… Олар барды аман алып қалсақ деп жүрген, біз жоғымызды түгендеп, жоғалтқанымызды тауып алсақ деп жүрген жандармыз», деп олардан мақсат-мүддеміз басқа екенін, тіпті, қазақ жазушыларының иініне түсер зілбатпан жүкті абыздай безбендеп, айқындап берген еді.

«Қайратты ерге бақ тұрар, қатты жерге қақ тұрар» деп қазақ тегіннен-тегін айтты дей­сің бе? «Өнерпаз болсаң – өр бол!» деген нақыл және бар.

Қалай дегенмен де, Отан­ды, Ұлтты, күллі рухани мүкә­малыңды аман алып қалу жолын­дағы жойқын күреске ын­жық, жуас, босбелбеу, сәм­сү­гірлер араласа алмайды. Мұн­дай жон арқаңды ді­рілдетер ала­пат іске азулы да айбарлы, тез күйреп кетпейтін берен жүректі, қара жерге кеме жүр­гізетін қажырлы, қолынан да, тілінен де келетін қайсар жандар керек.

Міне, осындай алмағайып кезде рухани жоқшының, ұлттық күрес майдангерлерінің бірегейі – Мереке Құлкенов екенін атап өтпеске болмайды. Әдебиет, мәдениет, руханият сала­сындағы ұзақ жылғы еңбегіне орай ол «Құрмет», «Парасат» ордендерінің, бір­неше медальдың иегері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек сіңір­ген мәдениет қызмет­кері, Прези­дент сыйлығының лауреаты. 

Отыз жыл бойы сары аурудай созылып келе жатқан тіл мәселесі, экономика, экология түйткілдері, мұнайшылар мұңы, жаны сірі жемқорлық, кердең­деген келімсектер, ай­дың-күннің аманында қазақ ұлтының дені кедейшілікке ұрынуы, шетелге бала сату сора­қылығы, жер сатуға байланыс­ты сақаға құйған қорғасындай салмақты ой-тұжы­рым­дары «Біздің қоғам» атты публицис­тика­лық кітабында айрықша көрініс тапты. Кеше ғана дү­ние салған қазақтың әйгілі ақыны Есенғалиды аза тұтқан, сай-сүйегіңді сырқыратқан, жоқтауға бергісіз эссесі қандай!

Жалпы, Мереке қаламының сұлтан­дығын танытатын осындай сұлу да салиқалы дүниелері ғой!

Көгеннің бұршағындай тізі­ліп, күндер, жылдар сыбдыр­сыз сырғуда. Кей­де жол үстінде немесе жастық туралы әсем әннің құйқылжыған қайырма­сында яки ұйқысыз түндерде байқатпай жылжып бара жатқан өмірдің бұралаң соқпағы еске түсіп, жүректі шымшылайды. Алыс жолға атыңды дайындап, «Ылдиға қарай шапсаң, ер аттың мойнына кетер» деп артына құйысқан, «өрге шапсаң жаясына кетер» деп алдына өмілдірік байлаған, садағаң болуға дайын марқұм әке-шешең, бауырларың ойға оралады. Сонау көз ұшын­дағы ақ Ойылдың айдынында сауырлары жылт-жылт етіп, сағымға батып-шығып, жү­зіп-ойнап, сайран салған сахара сұ­луларындай, самала жас­тықтың салқар көші ен­ді се­ні­мен де қол бұлғап қоштас­қан­дай болады…

Иә, жасың қаншаға келсе де, «бес күндік дүние шіркіннің он күндік арпалысы бар» дегендей, тіршіліктің қыбыр-жыбыры қайран уақытыңды жона түседі.

«Конечно, век экспериментов,

Над нами – интересный век…

Но от щекочущих моментов

Устал культурный человек»,

деп, ақын Игорь Северянин өнер ада­мының күрделі де, мазасыз мезет­терін дәл байқап, жіті аңғарғандай-ау! Қалай дегенмен де, біздің өлкенің ең биік құзы – Иманқара – Қойғараның басынан бұлт арылмайтыны сияқ­ты, Мерекенің де ойсыз жүр­ген күні жоқ деуге болады. Оның басы бейне бір тосын ой­лар­дың, идеялардың мартен пешін­дей, ылғи шоқ шашумен жатады…

Ой шылбырын шумақтай келе айтарымыз – Мереке Құл­ке­новтің мігір көрмейтін ғұмыр күймесі шаршамай-шалдықпай, өнердің керуен жолында артында будақ-будақ шаңы шүйкелене созылып, шығандап барады…

Жұмабай ҚҰЛИЕВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<