Көкте күн, жерде қазақ халқы тұрғанда

1601

0

Темірбек Жүргенов есімі жасай береді

1927 жылы Ташкентте ұйымдасқан алғашқы Қазақ педагогикалық институтының тұңғыш директоры Темірбек Жүргенов болған. Тау-кен институтының және ҚазҰУ-дың құрылуы, жаппай сауаттандыру, 10 жылдық білім берудің күні бүгінге дейін үзілмеген желісі – Жүргенов жүргізген жұмыстардың жемісі. Жүргенов дегенде өткен ғасырдың 30-жылдары Голощекин лаңынан кейін тұралап жатқан ұлттық білім мен мәдениеттің тамырына қан жүгіртіп, 400 мектеп салдырған Ағарту комиссарын көз алдыңа әкелесің. Жүргенов дегенде  тұңғыш ұлттық опера өнерін дүниеге келтірген білікті басшы, 1936 жылғы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің декадасы, «Шахнаманың» тұңғыш қазақшаға аударылуы, «Хан Кене», «Жалбыр», «Шұға» пьесаларының алғаш көрсетілімдері, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін өзі басқаратын мәдениет комитетінің қарауына алған ұлтжанды азамат ойға оралады.

Бірақ, мұны білу аз, асыл ердің қазаққа жасаған осы алып еңбегін бүгінгі және ертеңгі әрбір қандасымыздың санасына сіңіру қажет. Сонда ғана елін сүйетін, жерін жүрегін жұлып беріп қорғайтын нағыз рухты ұлт ұрпағы өсіп жетіледі.

Жүргенов жайлы біз де көп біле бермейміз. Бұл туралы «Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор» төрағасы Сәпен Аңсатов ағамыз айтсын.

– Жүргенов 1936 жылы Москваға қазақ өнерін алып барғанда Сталин билігінің өкілдері біздің классикалық өнерімізді тамашалап тамсанған. Олар Шашубайды, Жамбылды, Күләшті, Жандарбекті көріп, мың жылдық мирасын сақтаған қазақ халқының рухани қуатына тәнті болған. Осындай өнері бар, өресі бар елге өздерінің қиянат жасағанын іштей сезінген. Сонан соң Қырғыз АКСР-і болып, РКФСР құрамында тұрған бұл автономияның одақтас республикаға айнала алатынын мойындаған. Егер біздің еліміз сол кезде республика дәрежесін алмағанда онда тәуелсіздігімізге де жете алмас едік.

Мен Сырдың топырағында туған осы тұлғаның жете насихатталмай келе жатқанына іштей налитынмын. Әрине, Темірбек есімі әдеби, ғылыми ортада белгілі. Алайда, ол жалпы жұртқа белгісіз. Ол Абай емес, Мұқағали емес, оның аты ән  мен өлеңде қоса айтылмайды. Ол – ұлт идеяларын іске асырушы. Ол – өнеріміз бен мәдениетіміздің ғана емес, жалпы тәуелсіздігіміздің ту ұстаушысы. Оның есімін де, елге жасаған қызметін де әр қазақ танып білуі тиіс.

Осындай оймен 2013 жылы Сыр еліне аты белгілі ақсақалдармен бірлесіп, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевқа хат жаздық. Ол хаттың мазмұнында Жүргеновке қатысты мәдени іс-шаралар өткізілуі керек дегенді айтқанбыз. Хатпен танысып шыққан соң Жүргеновке қатысты үш жылға жоспарланатын шаралар өткіземіз деп, біздің ой ауқымымызды кеңейтіп жіберді. Сол жоспарланған жұмыстардың басында Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор құрылды. Тұлға жайында спектакль жаздыру, кино түсіру, театр фестивалін өткізу секілді шаралар белгіленді.

2016 жылы Астанадан Жүргеновтің атына көше берілді. «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген, берілгелі тұрған көшенің өзі бас жоспар бойынша бұзылып кетпекші екен. Осы жұмыспен сол кездегі сенатор Мұрат Бақтиярұлы мен руханиятшыл азамат, жерлесіміз Бауыржан Омаров айналысып, Жүргенов есімі қала орталығынан ұзындығы үш шақырым болатын әдемі, түзу көшені иеленді.

2016 жылдың 26 қыркүйегінде Еуразия ұлттық университетінде үлкен ғылыми конференция өтті. Осы конференцияға келген тәжік ғалымы Тәжікстанның мемлекет болып шығуына Жүргеновтің зор еңбек жасағанын тебіреніп айтты. Міне, біз Алаш арыстары деп тізім ішінде атап кетіп жүрген Темірбек Жүргеновтің осылайша бір емес, екі мемлекеттің қалыптасуына еңбегі сіңгенін білдік.

Осы конференция алдында сол күні көрсетілетін деректі фильм жасау керек болды. Осыған байланысты журналист жерлесіміз Нұрлан Соңғыбайұлы тынбай еңбектенді. Ол Темірбектің Ұзынағашта тұратын туған қарындасы Зағипаны тапты. Мәскеуде тұратын кинорежиссер Али Хамраев деген кісіден «Хабар» тележурналистері арқылы интервью алдырды. Хамраев сонда: «800 жыл бұрын өткен Шыңғысханның ұрпағымыз деп мақтанасыңдар, 80 жыл бұрын өткен өзбек пен қазақтың ортақ тұлғасы Темірбек туралы бір көркем фильм жасай алмай жүргендерің ұят», – депті.

Неге екенін қайдам, конференцияда Еркін Рахышевтің он бес минуттық деректі фильмі көрсетілді, Нұрланның еңбегі елеусіз қалды.

Рахымжан Отарбаев жазған «Нарком Жүргенов» деп аталатын тарихи драма да көпке дейін қойылмады. Мен сол жайлы 2016 жылы Н.Бекежанов театрынан сұрағанымда ақша бөлінбеді деп жауап берді. Осыны облыстық әкімдікке жеткіздім. Тағы да аймақ басшысы әбжіл қимылдап, сол жылы өз театрымызда осы спектакль қойылды. Оған Отарбаев арнайы шақыртылды. 2019 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы жылы аясында да осы спектакльдің сахналануына тікелей атсалыстым.

Ал, 2018 жылы Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында тұлғаға арналған жазба ақындар мүшәйрасы мен көркем әңгімелер байқауы өтті. Қорытындысында «Ұлтын сүйген асыл ер» деген кітап жарық көрді. Мен сол кітапқа алғысөз жаздым.

Алдымыздағы сәуір айында облыс әкімінің қолдауымен, облыстық мәдениет және спорт басқармасының ұйымдастыруымен Жүргеновтің 125 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасы өткізілмек. Бұл мүшәйра қорытындысы да кітап болып жарық көреді. Осы жыр додасына қор атынан да бәйге тігіліп отыр.

Осылайша, Жүргеновке арналған мәдени, рухани шаралар бұқаралық сипат ала бастады.

ҚР Мәдениет министрлігінің ұсынысымен, ТҮРКСОЙ – түркі мәдениеті мен өнерін дамыту ұйымы сессиясының шешімімен 2023 жыл «Жүргенов жылы» болып бекітілген болатын. Осы атаулы жыл аясында 150-ден астам республикалық іс-шара белгіленген.  Күні ертең, яғни, 15 наурызда Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында Жүргенов жылының шымылдығы ашылады. Осы театрдың салынатын орнын қадамдап өлшеп, іргесін қалаған да Жүргеновтің өзі болатын. Бұл форумға алты мемлекеттің мәдениет министрі қатысады деп күтілуде. Демек, бұл – Жүргенов тұлғасы мен түркі дүниесіндегі тарихи роліне қатысты тағы көп мәселе шешімін табатын күн.

Біздегі мақсат –  алдағы кезеңде Алаштың анасы атанған Сыр бойының бас қаласы Қызылордадан Темірбек Жүргеновтің ескерткішін көтеру. Темірбек тұлғасы ұрпақтың ұлттық рухын асыра түседі, елшілдік сезімін арттырады деп сенеміз…

Сөйлеп кетсе жұрағаттың көзі, мұрағаттың өзі Сәпен ағамыз осылай дейді.

Шамамызша жалпы көпке Жүргенов жайын біз де білдірейік.

Темірбек Жүргенов 1898 жылы Жалағаш ауданының бұрынғы Жаңаталап, қазіргі өз атымен аталатын Т.Жүргенов ауылында дүниеге келген.

Әкесі Қара деген кісі Ырғыз бен Сырдың аралығын жайлаған қалың елге белгілі, билік құрған, өз заманының талабын ғана емес, келер күннің де аужайын аңғара білген көзіқарақты жан болған. Осындай дәулетті, беделді отбасында тәрбиеленген Темірбек ұлттың жаны – сөз бен саз мәдениетін ана сүті, ата қанымен бойына сіңірген өрен еді.

Жас Темірбек Сыр бойының белгілі ағартушы-ақыны Тұрмағанбет Ізтілеуұлы мен Аламесек орыс-қазақ мектебінде сабақ берген, қазақ тарихындағы алғашқы орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздіктің авторы Досмұхаммед Букиннен дәріс алған. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», Темірбек Қараұлының ұлт көшбасшысы дәрежесіне жетуіне осы бір ілімі терең екі ұстаздың еңбегі ерен.

Тұрмағанбет шайыр шарапатымен жас шәкірт бірнеше шығыс тілін меңгеріп, шығыс мәдениетінің жауһарларымен танысса, Досмұхамбет арқылы Еуропа мәдениетін, әдебиетін, тілін, орыс қоғамындағы озық революцияшыл идеяларды терең игерген. Осыдан соң Жүргенов санасында шығыстық және еуропалық дүниетаным қалыптасып, көзқарас эволюциясындағы сол бір ерекшелік соңыра оның мәдени құрылысқа, ағарту саласына байланысты мәселелерге терең мән беруіне алып келген.

Темірбек жалындаған жастығын қазақ халқының мүддесіне қызмет етуге арнады. 

1917 жылы Уфа жер шаруашылығы училищесіне түсіп, 1918 жылы «Қазақ мұңы» газеті редакциялық алқасының құрамына енеді. 1923 жылы Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің құқық факультетінде оқиды. Студент кезінен қоғамдық өмірге белсене араласып, жастардың әлеуметтік қозғалыстарына қатысады.

Ол Қазақ АССР-інің Түркістан Республикасындағы толық өкілетті өкілі, 1926 жылы Ташкенттің Қазақ педагогикалық институтының директоры болып тағайындалады. Институтқа академик В.Бартольд, профессор С.Малов секілді атақты ғалымдарды Мәскеуден арнайы шақыртып, жұмысын жандандырады. «Саяси экономия» және «Құқықтану» пәндері бойынша оқу құралдарын қазақ тіліне аударады. Қазақ термелерінің жинағын құрастыруға атсалысады. 1929-1930 жылдары Тәжікстанның Қаржы комиссары, 1930-1933 жылдары Өзбекстанның Халық ағарту комиссары, ал, 1933-1937 жылдары Қазақстанның Халық ағарту комиссары қызметтерін атқарады. Халық ағарту комиссариаты жұмысына С.Сейфуллин, С.Аспандияров, Қ.Жұбанов, Ғ.Мүсірепов, Ә.Тәжібаев сияқты қайраткер-қаламгерлерді тартып, оларды мемлекет ісіне араластырады.

Ұлттық мәдениет пен өнер саласы мамандарын даярлауға баса көңіл бөліп, қазақ жастарының Ресей оқу орындарында білім алуына көмек көрсетеді. М.Әуезов, Ж.Шанин, Ә.Қастеев, т.б. өнер майталмандарының шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасайды.

1938 жылы Халық ағарту комиссары болып тұрған кезінде елде жүрген ұстазы Тұрмағанбет шайырды Алматыға шақыртып, арнайы қаламақы тағайындап, Фердоусидің атақты «Шахнамасын» қазақ тіліне аудартады.

Жүргенов екі тілде бірдей жазған алғашқы қайраткер-қаламгерлеріміздің бірі болған. Қайраткердің қазақ тілінің түсініктілігі, мәдениеттілігі, тазалығы туралы ойлары, әсіресе терминологияға қатысты ұсыныс-пікірлері қазір де маңызды.

Біз осы мәселені бүгінгі күні де қайта-қайта қозғап, бір түйінге келе алмай жүрміз. Шындығында Жүргеновтің құнды пікірлері әрбірімізге әлі күнге жеткен жоқ. Сәпен аға жоғарыдағы айтқан әңгімесінің арасында «Жүргеновтің Өзбекстандағы және өз мұрағаттарымыздағы оқу-ағартуға, тілге байланысты еңбектері қозғалмай жатыр» деген еді.

Жүргенов әдебиетшілерді, зиялы қауымды қазақ әдеби тілінің бұзылып, көпшілікке түсініксіз жаргонға айналуынан сақтандырып отырған. «Қазақ тіліндегі терминология мәселелері», «Қазақ әдеби тіліндегі келеңсіз жағдайлар» атты мақалалар жазып, өткен ғасырдың 20-жылдары А.Байтұрсынов бастаған термин жасаудың ғылыми принциптерінен ауытқымауды, яғни, термин сөздерді метаморфалау, морфологиялық және синтаксистік тәсілмен қазақтың төл сөздері мен ұғымдарынан жасау әдісін жалғастыруды, сонымен бірге аударуға келмейтін, қазақша барабар мағынасы жоқ халықаралық аталымдарды өзгеріссіз алуды ұсынған.

Қазіргі кезде біз термин былай тұрсын, төл сөзімізден, қағымыздан жеріп барамыз-ау деп күдіктенем, кейде. Көпке қалай өкпелерсің, сахна мен баспасөздің құлағында отырғандардың өзі тұрақты тіркестерді бұзып айтады, «сен алу керексің», «сен жазу керексің» деген жаргонға жаппай көшіп алдық. Жарайды, бұл – басқа тақырып.

Жүргеновтің ана тілімізге деген сүйіспеншілігі оның қарағандылық музыка зерттеушісі Орловқа айтқан атақты сөзінен-ақ анық көрінеді.

Жүргенов өз кабинетінде мәжіліс өткізіп жатады. Шамамен алғанда отыз шақты кісі, наркомның өзі де, басқалар да қазақ тілінде сөйлейді. Сонда Орлов Жүргеновке: «Бізге түсінікті болу үшін қазақша сөйлемеуіңізді сұраймын», – деп талап қояды.Осы сәтте Жүргеновтің көздері от шашып кетсе керек, жұрттың бәрі бүкшиіп, тым-тырыс бола қалды. «Сіз қайда отырсыз, Орлов жолдас!» Егер Қазақстанда жұмыс істегіңіз келсе, республиканың мемлекеттік тілін білуге міндеттісіз! Сіз қазақ әндерін де орыс тілінде зерттемекшісіз бе?» – деп Жүргенов Орловты тұқыртып тастайды.

Е-е деген, қазіргілер бірлі-жарым басқа ұлттың өкілі отырса, орысша сайрап береді. «Бәрімізге түсінікті тілде сөйлейін», – деп онысын мәдениеттілікке жатқызып жалпақтайды. Шіркін, бүгінгі әр жиналыстың алдында лед-экраннан сол кездегі Жүргенов пен Орловтың диалогын бір көрсетіп қойса ғой! Жақсы, мұны да басқа тақырып дейік…

Жүргенов Орловты ғана емес, тоталитарлық жүйенің тотыдай таранып тұрған шағында республиканың бірінші басшысы Голощекинді де қатты сынға алған.

Темірбек Жүргеновтің: «Қазақстанға керегі –  7-10 жылдық мектеп жүйесін құру, ал, сіз «қазақ тек хат таныса болады» дейсіз. Жоқ! Бізге үлкен білім ордалары қажет! Алда істейтін міндетіміз – қалың жұрттың ішінен шыққан білім қайраткерлерін, өз кадрларымызды дайындауымыз қажет», – деп Голощекинге айтқан сөзі архивтерде сақталған.

Әңгіме басында айтқан 10 жылдық білім берудің күні бүгінге дейін үзілмеген желісі міне, осы сөзден тарқатылады.

Кеңестік идеологияның шовинистік пиғылы мен ұлттық үстемдік құру саясатын ұстанғаны белгілі. Осы жолда қызыл үкімет патша заманынан қалған түсінік бұратана халықтарды езгіде ұстауды, оның рухын көтеретін зиялы ұлдарын барынша бұғаулауды науқанға айналдырды. Жаптым жала, жақтым күйемен халқын сүйген елшіл ерлерді ату, асу, айдау қасіретіне ұшыратты.

Жүз жылда қайталанбайтын қайсар тұлға, қаһарман қайраткер, аса дарынды ұлт перзенті Темірбек Жүргенов дәл осындай оспадар саясаттың құрбаны болды. 

Алайда, көкте күн, жерде қазақ халқы тұрғанда Темірбек Жүргенов есімі жасай береді.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

*Сурет ашық дереккөзден алынды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<