Көкжиегі кең көркем туынды

1451

0

Ұстаз – ұлы есім, ұлағатты мамандық. Алаш ардақтысы Мағжанның «Алты Алаштың баласы бас қосқанда, төр – ұстаздыкі», орыстың әйгілі педагогі Ушинскийдің «Ұстаздық – күн астындағы ең ұлы мамандық» деуі осы кәсіп иелеріне берілген абыройлы, мәртебелі баға екендігі сөзсіз.

75 жыл! 43-оқу жылы! Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап келе жатқан техника ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Иманбайұлы Қошқаровтың биыл 43-оқу жылы! Иә, тарих өлшемімен алып қарасақ аз ғана уақыт болып көрінер. Ал «Он жылдығыңды ойласаң – мал бақ, жүз жылдығыңды ойласаң – ағаш ек, мыңжылдығыңды ойласаң – ұрпақ тәрбиеле» деген ескіден қалған есті сөздің биігінен қарар болсақ, мың жылға татырлық ғұмыр.

Адам ұрпағымен ғұмырлы. Ұстаз да солай, өзі тәрбиелеген шәкірттері арқылы қадірі артып, құрметке бөленеді. Ұлағатты ұстаздан тәлім алған ұрпақ өз ұстазын ұмытпайды, қашанда оған ілтипатпен, ізетпен қарайды. Біздің бү­гінгі әңгімеміздің кейіпкері Серікбай Иманбайұлы да – өз бақытын ұстаздықтан тапқан, білім мен ғылым саласындағы еңбегі арқылы абыройға бөленген жан.

Қолымызға қалам алуға себеп болған биыл мерейлі жасқа келген ағамыздың «Жерұйық» атты кітабы. Әдетте, кемел жаста аға буыннан күтетініміз ғибрат, өсиет сөздер, өмірден көрген-білген естелік, ғұмыр­баяндық кітаптар. Ал «Жер­ұйықтың» орны бөлек! Кітапқа автордың көркем әңгімелері, күнделіктері еніпті.

Әңгіме – қиын жанр. Қиын­дығы – жазушы оқырманға айтар ойын тарының қауызына сыйғызғандай аз сөзбен, көркем тіл, көрнекті оймен бере алуы тиіс. Кең көсіліп, тереңнен тартуға, «ұзаққа шабуға» жанр талаптары жібере қоймайды. Кейіпкерлері де санаулы, сюжет шағын, ширыққан тартыс та көбіне көріне бермейді. Сөйте тұра тақырып, идея нақты, оқырманның «қолына таяқ ұстатқандай» болуы тиіс. Осының барлығы, айналып келгенде суреткерлік шеберлікті талап етеді. «Жерұйыққа» енген әңгімелерге осы талап биігінен қарадық. Кітап «Өзгеру» атты әңгімемен ашылыпты. Әңгіме бұған дейін көрінгеннің барлығын баса бермейтін, әсіресе көркем дүниеге барынша ыж­да­ғаттылықпен қарайтын республикалық «Жұлдыз» жур­налында, өзіміздің «Сыр бо­йында» жарық көрген екен.

Өзгеру! Біз ойлаған қоғамның не за­манның өзгеруі емес екен. Адамның, адам ойының, адам пиғылының өзгеруі. Жалпы көркем шы­ғарма үшін өмірлік тәжіри­бенің алар орны ерекше. Автор дүниетанымы, өмірден көрген-білгені шығарманың өн­бойынан көрінуі – заңды құбылыс. «Өз­геруде» осы нәрсе анық көрінеді.

Әңгіме шынайы, сюжет шағын, шым-шытырық оқиға да жоқ, кейіпкерлері оқыр­­манның күнде жанында жүргендей әсер етеді, таныс, жақын адамдар. Бұл – айналып келгенде, қаламгер еңбегі.  

Әңгіменің басты кейіпкері Ахмет – өз ісінің білгірі, іскер ұйымдастырушы, білікті басшы. Қызуқандылығы өзіне жарасады, жастық қайрат­тың, жігердің көрінісі. Әділет­сіз­дікке, бейбастыққа төзе алмауы да осы қызуқанды қасиетінен. Жаны таза, жүрегі нәзік. Қысылғанға қол ұшын созуға дайын. Ал Жекен іштарлығы басым, «бір бармағын ішіне бүккен», аяқтан шалуға, жамандық жасауға дайын.

Автор – кейіпкер сомдауда шебер. Әр қаһарманының ішкі дүниесін түрлі көркемдік әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып ашады. Психоанализ мықты. Әңгіменің өнбойындағы диалог, монолог, ішкі монолог (хат жазу) сәтті пайдаланылған.

«…Жекен өзінен өзі сөйлеп кетті. «Мені ішімнен жегі аямай жеп жатыр. Үңгіп жатыр. Мені аяқ бастырмайды. Бұрынғыша жүре бер дейді. Өзгерме дейді. Өзгерсең өлесің дейді. Ал мен өмір сүргім келеді. Жұрт қатарлы. Жан-жағыма қараймын. Өз-өзімен тату өмір сүріп жатқандарға қызығамын. Бірақ қаныма сіңген үйреншікті әдетім босатпайды. Енді не істейін?! Әбден шаршадым, мүлде болдырдым-ау!». Бұл – Жекеннің ішкі ойы. Өзімен, өзінің ішкі әлемімен тартыс. Қанына сіңген көре­алмау­шылықтан құтылар жол іздейді. Жандүниесін тазарт­қысы, арын аршығысы келеді. Жанын жегідей жеген де – осы қасиеті.

Автор ішкі монологті сәтті пайдаланған. Әдетте, көркем шығармаларда тартыс екі адамның, екі көзқарастың, екі қоғамның, бітіспес екі дүниетанымның арасына құрылады. Ал «Өзгерудегі» негізгі тартыс бас кейіпкер Жекеннің жандүниесінде болып жатыр. Оған себеп – жамандыққа жақсылықпен жауап қайтарған Ахметтің адамгершілік болмысы. Өзі аяғынан тартып, іштей бақ­талас болып, қайтсем шалып құлатам деп жүрген Ахмет Жекеннің денсаулығы күрт нашарлағанда көмекке келді. Жекен күтпеген Ахметтің осы қасиеті оны ойландыра бастайды. Бірақ қанында бар қасиет өзгеруге, адамгершілік жолына түсуге бірден мүмкіндік бере қоймайды.

Әңгіме Жекеннің хатымен түйінделген: «Ахмет інім! Өмірімде мен оңды іс атқармаппын. Осыны кеше ғана Берік досыммен сөйлескенде білдім. «Өлімнен ұят күшті депті». Сол ұяттан өлгім де келеді, Ахмет. Бірақ өлімге өзімді қия алмадым. Әлсіз екенмін.

…Мені осы жарық дүниеде аман алып қалған – Берік досым мен сен, Ахмет, сенің өнегелі жолың мен ісің. Мен саған опасыздық жасадым. Содан да саған қарай алмаймын, көзбе-көз сенімен сөйлесуге менде бет жоқ…».

Әңгіменің оқырманға айтары – «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген қазақы пәлсапа. Ұлттық мінезден сусындаған авторлық мұрат оқырманын ойландырмай қоймайды. 

Кітапқа енген «Тал мен адам» мысал-әңгімесінің де айтары көп. Жанрлық табиғаты да өзгеше. Өмірді шыншылдықпен суреттеуде, идеяны астарлап жеткізуде мысал жанрынан асқан көркемдік құралды табу қиын. Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан тұрмысқа етжақын суреттер ұласа келеді. Әртүрлі аңдар, әртүрлі адамдар кейпінен хабар беріп, ишара тұжырым жасалады. Адамдардың мінезі, өмір ағысы, тағдыр сабағы, заман қабағына қатысты көптеген жайттарды мысал арқылы суреттеуге болады. Жанр табиғатындағы осындай ерекшеліктерді ескерген болуы керек қаламгер «Тал мен адам» мысал-әңгімесін диалогқа құрған. Екеуінің сөйлесуі арқылы өмірлік маңызды сұраққа жауап бергендей.

«Е-е, шіркін-ай, адамдыкі осы ғой!.. Алдымен ойлайтыны – өз қамы. Бізге оны Алла бұйыртпапты. Соған шүкір. Әйтпесе күнәға батар ем. Маған күш-қуат беретін – тірі жанға жасаған қызметім…». Ағашқа осылай тіл бітіру арқылы үлкен философиялық түйін жасайды автор. Адам бойындағы менмендік, көреалмаушылық, көзбояушылық сияқты қа­сиет­терді сын садағына алады. Адамдар арасында мейірім­діліктің, ізгіліктің азайып бара жатқандығына күйінеді. Сондықтан да талға: «Адам болмағаныма қуанамын. Олар қанағатсыз, тойымы төмен. Дүние тек солар үшін жаралған деп ойлайды» деген сөз салу арқылы адамзат баласын қанағатшылдыққа, мейірімділікке, ізгілікке шақырады.

Әрине, шағын мақалада кітапқа енген барлық әңгіме­лерге талдау жасап, ой-пікір білдіру мүмкін емес. Қаламгердің қай шығармасын алып қарасақ та, шығарма мұраты ізгілік, мейірімділік, қанағат пен сыйластық, парық пен парасат, азаматтық болмыс мәселесіне келіп тіреледі. Бұл, айналып келгенде, суреткерлік дүниетанымның, ұстанымның көрінісі болса керек.

Кітапқа енген «Күнде­ліктер» де назар аудартпай қоймайды.   Өнер адамдары мен ғалымдардың, саяхатшылар мен мемлекет басқарған қоғам қайраткерлерінің күнделік жазуы – әдеби үдерісте бұрыннан бар үрдіс. Күнделік – өмірлік тәжірибе мен көзқарастың, таным мен көңіл-күй сезімдерінің нәтижесінде өмірге келетін жанр. Көбіне күнделікте автордың өз өмірі немесе өмір сүрген қоғамы, оның ойы мен қиялы, дүниетанымы мен философиясы баяндалады. Мемуарлық жанрдың бір түрі ретінде күнделік – жазушының, ғалым не саяхатшының өз көзімен көріп-білген жайларын есте сақтау үшін жазылатын шығарма. Күнделікке тән қасиет – деректің, шынайылықтың басым болуында. Мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиеттанушы ғалым М.Жолдасбеков күнделік туралы: «Елдің, халықтың тарихы болатыны секілді әрбір кісінің де тарихы болады. Ол әрбір сәттен, сағаттан, күннен, тәуліктен, аптадан, айдан, жылдан тұрады. Сөйтіп бүкіл өміртіршілігің сенің өміршежіреңді құрайды. Басыңнан өткен әрбір күнді, әрбір оқиғаны түгел есте сақтау мүмкін емес. Есте сақтаудың жалғыз жолы – күнделік жазу» дейді.

Серікбай Иманбайұлы күн­деліктерінің де маңызы мен мәні ерекше, құнды дүниелер деп айтар едік. Әр сәт, әр күн, әр кездесу Серікбай аға назарынан тыс қалмайды. Университет, облыс өміріндегі өзі куә болған жайлардың барлығы қағазға түскен. Әр жазбаның айтары бар.

Жалпы ұстаздық пен қаламгерлік егіз ұғымдай көрінеді, кейде. Екеуінің де нысаны адам, мақсаты – ұрпақ тәрбиесі. Сол арқылы ұлтты тәрбиелеу. Біз оқыған «Жерұйық» – осы сөзіміздің дәлелі.

P.S: Сырдың сары күзі. Серікбай Иманбайұлы өзіне ғана жарасымды қалпымен оқу ғимаратына қарай келеді. Ой құшағында. Мүмкін, өзін күтіп отырған шәкірттеріне айтар ойын саралап келер… Әлде өмірге келетін тағы бір көркем дүниенің әсерінде ме екен?!

Ғабит ТҰЯҚБАЕВ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<