Көнеден жеткен киелі мұра

1386

0

«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы аясында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі (Ақмешіт филиалы) мен «Qyzylorda» телеарнасының бірлескен «Құнды жәдігер» жобасы бойынша Сыр бойында өмір сүрген атақты діни қайраткерлер Ер Сейітпенбет әулие (ХVІІІ-ХІХ ғғ.), Тапал ахун (Нұрмұхаммед) Қадірұлы (1848-1921 жж.), Садық ахун Қодарұлы (1860-1937 жж.) пайдаланған құнды дүниелері зерттелді.

Көнеден жеткен киелі мұра

Ер Сейітпенбет әулие Алаш жұртында зор абыройға ие болған тарихи тұлғалардың бірі саналады. ХVІІІ ғасырда қасиетті Түркістан қаласында дүниеге келеді. Әкесі Әзірет Сұлтан кесенесінде діни қызметкер болыпты. Жас кезінде Сейітпенбет әулие Орта Азиядағы Хиуа, Бұхара қалаларындағы медреселерде білім алып, онан соң өзінің білімін жетілдіру үшін араб-парсы елдерінде Бағдат, Шам қалаларын аралаған.  Шөмекей руының Дөсек, Бекет, Қалам билер өздеріне пір етіп көтергеннен кейін Түркістаннан Сыр өңіріне көшіп келеді.

Жоба барысында ұрпақтарының қолында сақталған Ер Сейітпенбеттің мөрі табылды. Мөрдегі арабша жазуды түркітанушы-ғалым Серікбай Қосанов тәржімалап, «Сайд Мухаммед бин Қожажан» деп жазылғаны анықталды. Мөр күмістен жүзік тәрізді етіп жасалған. Саусақ сиятын жерінің диаметрі – 2 см, мөрдің диаметрі – 2,2 см. Құнды дүние әулиенің тікелей ұрпағы Якуб ағамызда сақталған. Оның айтуынша, жәдігер ХІХ ғасырда қасиетті Мекке қаласында арнайы жасалған екен. Осыған дейін құнды жәдігер ешқандай ғылыми айналымға енбеген. 

Көнеден жеткен киелі мұра

Әулиеге тиесілі тағы бір киелі дүние – қара қазан. Жергілікті халықтың жадында сақталған деректерге сүйенсек қазанды ХVІІІ-ХІХ ғасырларда Ер Сейітпенбет әулиенің өзі қолданған екен. Қазан ас пісіруге арналып, төрт құлақты етіп жасалған. Қазанның биіктігі – 35 см, ернеуінің диаметрі – 71 см. Қазан киелілігі туралы ел аузында көптеген аңыз-әфсаналар сақталған.

Жоба аясында ХІХ-ХХ ғасырларда Сыр өңіріне белгілі діни қайраткер Тапал ахунның (Нұрмұхаммед) мұрасы зерттелді. Ахун Хорезмде діни білім алып, елге (Шіркейлі ауылы) оралғаннан кейін екі мешіт салдырған. Мешіттегі шәкірттеріне орыс тілін қоса оқытқан. Сыр бойындағы ислам ағартушыларының ішіндегі ірі тұлғалардың бірі саналады.

Ел ішінде сақталған әңгімелердің бірінде 1916 жылы Ресей империясына қарсы Торғай даласындағы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде қазақтар бастаған соғыстың әділдігін дәлелдеп, пәтуа бекітуге                 Амангелді Иманов өзінің сенімді серіктерінің бірі Омар Шипинді Тапал ахунның батасын алу үшін Торғайдан Сырға жібереді. Тапал ахун: «Бұл соғыс – әділ соғыс» деп батасын береді. Осының өзі оның өз заманында қандай ірі тұлға болғанын білдіреді.

Көнеден жеткен киелі мұра

Қазіргі уақытта Тапал ахунның 40-қа жуық сирек кездесетін кітабы сақталған. Солардың ішінде екі кітаптың жалпы мазмұны зерттелді. Біріншісі, «Ахтари-Кабир» сөздігі 1899 жылы Қазан қаласындағы Императорлық университеттің типо-литографиясында басылып, жарық көрген. Автордың айтуынша, сөздік 1545 жылы Кутахиа қаласында жазылып біткен. Арабтың 40 мың сөзі түркі тіліне аударылған. «Ахтари-Кабир» сөздігі алғаш рет 1826 жылы Стамбулдағы баспаханада кітап етіп басылған. Одан кейін Түркияның басқа қалаларында, Мысырда, Иранда, Ресейде басылып,  лингвистика  бойынша көне түркі тілдік танымдағы маңызға ие болған. Кітаптың авторы Ахтари Муслихиддин Мұстафа ибн Шамсиди Ахмад – түркіден шыққан атақты фақиһ (Ислам құқығының білгірі) және лингвист ғалым, дінтанушы. Ғалым 1496 жылы Осман империясындағы Афион-Қарахисар деген жерінде туған, сондықтан ол кісіні кейде Қарахисари деп те атаған. Өмірінің ақырына дейін Кутахиа қаласындағы медреседе мударистік қызмет атқарып, Осман сұлтаны Ғажайып Сүлейменнің жоғары бағалаған ғұламаларының қатарында болған.

Екінші кітап «Фатауа Аламгияр» деп аталады. Ислам әлемінде кітаптың Әл-Фатауа әл-Аламгирия немесе Әл-Фатауа әл-Индия деген қосымша атауы бар. Еңбек шариғат заңдары, жалпы этика, әскери стратегия, экономикалық саясат, әділеттілік пен жазаға негізделген жинақ болып табылады. Сонымен бірге хадистер қамтылған, соның ішінде  Сахих әл-Бухари, Сахих Муслим, Сунан Әбу Дәуіт және Жәми әт-Тирмизиден қалған хадистер енгізілген. Кітап  Мысырдағы «Маймана» баспасынан жарық көрген. Зерттеулер нәтижесінде Моғол империясының 6-шы падишахы атақты Мұхаммед Мұхиуддин Аурангзеб Аламгир зор ислам заңдарын  жетік білетін  500 сарапшыны жинап, кітаптың құрастырылуына ықпал жасағаны белгілі болды. Алғашында еңбектің көлемі түрлі тілдерге аударылып 30 том, қазіргі  басылымдарда 6 том болып басылып шыққан. Зерттеушілер 1658-1707 жылдар аралығында билік жүргізген Аурангзеб өте бай әрі қуатты елдің падишасы бола тұра, тым қарапайымдылығымен ерекшеленген және әлемдік сәулет өнерінің інжу-маржаны Тәж-Махалды салдырған Шах Жахан мен Мумтаз-махалдың үшінші перзенті деген деректер келтіреді. Еңбек бүкіл Моғол империясында сот құқығының негізі ретінде маңызды рөл атқарып, кейін Үндістанды отарлаған ағылшындар тарапынан «Мұхаммедтің заңы» деп аталған.

Сыр бойындағы Садық ахун Қодарұлының (1860-1937 жж.) мұрасы зерттелді. Садықты 14-15 жасында Тапал ахунға шәкірт етіп береді. Кейіннен Садық Сыр бойындағы діни адамдардың ұстазы атанған Қармақшы жеріндегі Ораз ахун Бекетайұлынан дәріс алып, өзінің алғырлығы арқасында ұстазы мен замандастарын таңғалдырады.

Садық Көкілташ (Көкалташ) медресесіне түсіп, онда төрт жыл оқып «ахун» дәрежесін алады және медресені бітірді деген шатырхатты қоса алып келеді.

Садық ахун медресе жанындағы Иранның дәрігерлік мектебінде де оқып, діни білімімен қатар Әбу Ғали Ибн Сина ілімдерін оқыған. Ұстаздары: «Садық, сенен үлкен дәрігер шығады, Иран, Франция елдеріне барып оқуыңды жалғастыр» деген ақыл-кеңестерін береді. Бұл ұсынысты әуелде құп алғанымен, өзін бүкіл ел күтіп отырғанын ескеріп, Сыр бойына қайтып оралады. 1900 жылдары Қармақшы ауданындағы «Иіркөл» маңына көшіп келіп, ел дәулеттілерінің көмегімен мешіт салып, сонда ұстаздық етеді. Бұл кезде де бала оқытумен бірге емшілікпен айналысады. Ол мешіт – «Садық ахун» мешіті деп аталады. Бүгінде орны бар. Ел аузында Садық ахунның атақты академик Қаныш Сәтбаевты емдегені туралы деректер сақталған. 

Cадық ахунның жеке қорында сақталып, кейін ұрпақтары Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейіне өткізген заттарының ішінде екі кітаптың жалпы мазмұны аударылды. Аударуға ислам ғылымдарының докторы Мәлік Төлебай, Қармақшы ауданы, Жаңақала ауылының имамы Ербол Тағыбергенұлы жәрдемдесті. Кітаптың аты – «Уафа, у-Альуафа, Биахбари Дарильмустафа» қазақшасы – Мәдина қаласы туралы толық ақпарат. Авторы – Абул Хасан ибн Абдуллах әл-Самғуди.  Зерттеулер нәтижесінде Абул Хасан әл-Самғудидің Мысырдағы Самғуд елді-мекенінде 1440 жылы дүниеге келіп, 1505 жылы Мәдина қаласында дүниеден өткенін, 50-ден астам ғылыми кітапшаның авторы, көбінесе тарихи шығармаларды жазғаны анықталды. Кітапта Ислам діні орнамас бұрын және Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) заманынан автордың өзіне дейінгі  Мәдина қаласындағы  тарихи оқиғалар, мешіттер, жолдар, түрлі мекендер жазылған. Кітаптың көлемі 145 бет.

Екінші кітап Құран тәпсірдің жалпы мазмұны аударылып, авторы ислам әлемінде «ибн Араби» немесе «Шейх әл-Акбар (Ұлы ұстаз)» атағын алған суфистік бағыттағы ұлы ғұламалардың бірі Мухиддин Әбу Абдуллах Мұхаммед ибн Әли әл-Андалуси (1165-1240 жж.) екені анықталды. Осман елінде жарық көрген кітаптың көлемі 484 бет.

Экспедиция барысында Садық ахун ұрпақтарының қолында сақталған дүниелері ағаш аса, дәрі үккіш туралы да толыққанды деректер алынды.

Қорыта айтқанда, музей қызметкерлерінің зерттеу-зерделеу жұмыстарының нәтижесінде алдағы уақытта ХVІІІ-ХХ ғасырларда Сыр өңірінде  ұмытыла бастаған қаншама тұлғаларымыз туралы тарихи құнды мәліметтер жинақталып, олардан қалған киелі жәдігерлер музей қорын толықтырады деген сенімдеміз.

Асхат САЙЛАУ,

облыстық музейдің ғылыми хатшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<