Табиғат берген талантымен танылып, сыңғырлаған сазды үнімен талайды тамсандырған әншілеріміз қаншама?! Сырдың саңлақ әншісі, ән падишасы атанған Роза Бағланованың дара болмысын үлгі тұтып, ізінен ерген дарынды әншілердің бірі – Күлән Қалымбетова.
Ол бала кезінен-ақ ән-жырға әуес болды. Әлі есінде, туған жері Бекарыстан би ауылының орталығында үлкен радио болатын. Сол радиодан күн сайын Ермек Серкебаев, Ришат Абдуллин, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова ән шырқайтын. Бала Күләнға әсіресе, Роза Бағланованың орындауындағы әндер ерекше ұнайтын. «Ақ маңдайлым», «Ақ сұңқарым», «Сен ғана» сияқты әндері жанына жақын болғаны сондай, лезде жаттап алады. Сосын мектептегі түрлі мәдени шараларда орындайды.
– Көрші үйдегі менен бір-екі жас кіші Балапан Жұбаева да ән салғанды жақсы көретін. Қазір елге танымал, атақты әнші. Ауылдың көп баласымен бірге сусыған шегеқұмды кешіп, каналдағы суды жағалап ойнайтынбыз. Әдемі орамалдар, неше түрлі шүберектерден безендіріп, сахна жасап, ән айтушы едік. Роза, Бибігүл апаларымыз сияқты белгілі әншілердің әндерін орындаймыз. Алғашқыда жоғарғы ноталарға даусымыз жетпейтін, бірте-бірте жап-жақсы орындайтын болдық. Мектеп сахнасында әндерімізді ауылдың үлкен-кішісі тыңдап, риясыз алғыстарын жаудыратын. Осы кезден бастап мені «әнші болсам» деген арман алға жетеледі, – дейді Күлән апай.
Мектеп бітіргеннен кейін ол 1973 жылы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педучилищеге оқуға түсті. Оқуды бітірген соң облыстық филармонияға жолдамамен келіп, алғашқы бір-екі жылда әртүрлі мәдени үгіт бригадасында еңбек етіп жүрді. Көп ұзамай Қызылорда педагогикалық институтының музыка бөліміне оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен бітірді.
Иә, әнші болу үшін адамға ең алдымен талант керек. Онсыз қанша білім алғаныңмен пайдасы жоқ. Ал Күлән Қалымбетова – табиғат өзі қабілет берген талант иесі. Нәзік те биязы болмысы, жібектей есілген көркем мінезі қазақ қызының қадірін таныта түссе, сызылта салған әні тыңдаушыларын еріксіз баурап алады. Расында, әншінің репертуарындағы «Сәулем-ай», «Дедімай-ау» «Керім-ау айдай» сияқты халық әндерімен бірге, «Іңкәрім-ай», «Қайықта», «Ақ бантик» секілді танымал композиторлардың әндері – адам жанын ерекше тебірентетін сыршыл да сазды туындылар. Әсіресе, Ә.Бейсеуов, І.Жақанов, Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев, К.Дүйсекеев сынды белгілі композиторлардың әндері әншінің табиғатымен қапысыз үйлесім табатын. Қазір міне, 44 жылдан бері облыстық филармония қабырғасында еңбек етіп келеді. Әрбір концертте өнеріне тәнті болған көрермен құшақ-құшақ гүл ұсынып, зор қошеметін білдіріп жатады. Шын мәнісінде, өнер адамының бақыты осы емес пе?!
Бақыт демекші, әнші 1982 жылы Жалағаш ауданына кезекті бір өнер сапарымен барғанда осы ауданның мәдениет саласында еңбек ететін Сұлтанбек Нұрмаханов есімді азаматпен танысып, көп ұзамай шаңырақ көтереді. Қазір міне, қырық жылға таяу уақыт өтті, олар әлі күнге өнер саласында қатар келеді. Облыстық филармонияда ұзақ жылдан бері дыбыс режиссері болып еңбек етіп келе жатқан Сұлтанбек Нұрмаханов осыдан бірер жыл бұрын «Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ шығармашылық бірлестігінің «Мәдениет майталманы» медалін иеленді. Олар қандай бір жетістікке жетсе де, отбасындағы татулықтың, әріптестер арасындағы сыйластықтың нәтижесі деп бағалайды.
Әншінің сахналық киімдері де ұлттық нақыштағы өзіндік ерекшелігімен көз тартады. Оның себебі, қызы Ләйланың дизайнерлік шеберлігі. Расында, ол әншінің әрбір сахналық киімдерінің болмысына сай әрі көркем әзірленуіне көп көмек береді. Бүгінде ол осы салада еңбек етеді.
– Күлән апай, егер әнші болмағанда кім болар едіңіз? – деген сұрағыма бір күліп алды да «Мен өзімді басқа салада елестете алмаймын. Сондықтан бәрібір әнші болатын едім» – деп жауап берді.
Ән әлемінде өзіндік биігін бағындырып, көпшіліктің сүйікті әншісіне айналған Күлән Қалымбетова 1992 жылы Ш.Қалдаяқов атындағы ән конкурсының ең алғашқы лауреаты атанды. Әнші 1993-1994 жылдары Алматы қаласында өткен «Қарқара» жәрмеңкесіне қатысып, өнер көрсетті. Сонымен бірге көрші Өзбекстанның Бұқара, Самарқан, Науаи қалаларында, Тәжікстан мен Қырғызстан елдерінде болып, түркі жұртына да талантымен танылды. Мәдениет пен өнер саласындағы елеулі еңбегі үшін 1998 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі» құрметті атағын алды. Ал 2002 жылы жылдың қорытындысымен «Халықтың сүйікті әншісі» жүлдесіне ие болса, 2008 жылы облыс әкімінің стипендианты атанды. Сонымен қатар, «Қызылорда облысына – 70 жыл», «Қызылорда қаласына – 190 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды.
Сыр халқының сүйікті әншісі Күлән Қалымбетова ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне осындай елеулі еңбегімен келіп отыр.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<